Созылмалы обструкциялы өкпе ауруы

Бүгінгі таңда кең тараған аурулардың бірі – орысша «ХОБЛ» деп аталатын, ал қазақша созылмалы обструкциялы өкпе ауруы (СОӨА) барша халыққа танымал. Бұл аурумен үлкен кісілер ауырғанда көбіне жүректің ишемиялық сырқаттары және артериялық гипертензия, созылмалы гастрит сияқты аурулар қатар жүріп, олар бірін-бірі асқындырып, науқастың жағдайын мүлдем қиындатады, тіпті оны емдеу де нәтиже бермеуі мүмкін.

Созылмалы обструкциялы өкпе ауруы (СОӨА) – бастапқыда шырышты қабат, кейіннен үдеріс үдеген сайын бронхтардың тереңірек қабаттары мен перибронхиалды дәнекер тінін зақымдайтын, өкпе жолдардың созылмалы қабынуы. Шаң бөлшектері немесе түтін, шылым түтіні, ауаның ластануынан болатын тыныс алу жолдары өткізгіштігінің азаюымен, қабынумен байланысты. Онымен көбіне үлкен жастағы ер кісілер ауырады. Созылмалы бронхитпен аурушаңдық адам өмірінің алтыншы және жетінші онжылдығында артады, ал бұл аурудан өлімге алып келуі сегізінші онжылдықта байқалады.

Өкпенің созылмалы обструкциялық ауруының негізгі белгілері: 

— жөтел;

— қақырық тастау;

— ентігу;

 — қатты тыныс пен сырылдардың естілуі.

Созылмалы бронхит біртіндеп дамиды және кеш анықталады, себебі ұзақ уақыт бойы науқасты аз мазалауы мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша, СОӨА тыныс алу бұлшық еттерін әлсіретіп, кеуде жасушасының регидтілігі мен өкпе тінінің серпінділігін кемітеді екен. Созылмалы обструктивтік өкпе ауруымен ауырған науқастың жасы ұлғайған сайын өкпе серпінділігі де төмендейді және тыныс алу шапшаңдығы тежеліп, ағзаның көлемін ұлғайтады, өкпенің рецепторлық аппараты, инервациялық мүмкіндігі өзгереді.

Сонымен қатар адамның есте сақтау, есту, көру, жүріп-тұру қабілеті кеміп, көңілі жабыраңқы болып, торығушылық күйге түседі. Бүйрек, бауыр, жүрек қан-тамырынан өзгерістер байқалады.

Өкінішке қарай өкпенің  созылмалы бітелуімен ауыратындардың 90 %-ның негізгі себебі темекі шегу мен насыбай қолданудан болады. Ал оған біздің дем алып жүрген ауамыздың таза еместігін қоссаңыз, қаншалықты өкпеге зиян екенін көруге болады. Сонымен қатар темекі мен насыбай басқа да ауруларды тудырады. Мәселен, ас қорытуды қиындатып, асқазанда жара пайда болады, ерін, тіл және өңеш обырына жол ашады, тыныс алу жолдарын созылмалы қабынуға алып келеді. Тісті сарғайтады, ауызды сасытады, жөтел мен қақырық пайда болады.

Темекі туралы Англия королі І Яков былай деген: «Көзге көріксіз, миға жағымсыз, өкпеге қауіпті, қоқыс тастайтын шұңқырдай сасық иіс шығаратын әдет».  Бір өкініштісі бұл жаман әдетке әуес жасөспірімдер көп. Осы тұста «Темекі құмарлар қанша түтінді ішіне тартады?» деген сұрақ іштей қойылуы мүмкін. Зерттеушілердің ақпаратына сүйенсек, орташа темекі құмар адам бір күнде 200 рет түтінді ішіне тартады, ал бір айда 6000 рет, бір жылда 72000 рет және одан да көп тартатындар 2000000-ға дейін түтінді ішіне тартады. Адамның ішінде осылай түтін лық толса, ішкі ағзалардың жағдайы айтпаса да түсінікті болар. Нәтижесінде темекі тартпайтындарға қарағанда, темекіге тәуелділер арасында 22%-дан аса адамдар түрлі ауруларға тез шалдығады. Сонымен қатар олардың орташа өмір сүру уақыты қысқара түседі

Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/layfstayl/Zdorove/62667/

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *