Тұрмысқа шыққан әйелдің екіқабат болуы заңды. Бойға бала бітудің бірнеше белгілері бар. Олар – етеккірдің тоқтауы, емшек безінің толысуы, емізіктердің қатайып күңгірт тартуы. Екіқабат әйел етеккірдің тоқталған күнін жазып алуы тиіс, бұл кейін әйелдің босанатын мезгілін есептеп шығару үшін қажет.
Екіқабат кезде әлсіздік, ұйқышылдық, жүрек айну, кейде құсу, кіші дәреттің жиілеуі мүмкін. Бұдан қорықпаған жөн. Мұның бәрі дені сау екіқабат әйелдердің көпшілігіне тән. Оның үстіне, аталған өзгерістер онша ұзаққа созылмайды.
Әлбетте әйел баланы 280 күн көтереді. Жүкті әйелдің ішінің ұлғаюы алтыншы айдың аяғына таман белгілі болады. Дене салмағы да ұлғаяды. Әйел салмағы босануға таман 7-10 келі қосуы мүмкін.
Баланың денсаулығы мен күші жатырда жатқанда қалыптасады. Демек, болашақ баласының қамқоршы анасы ең алдымен, өзінің денсаулығын ойлауы қажет. Өйткені,баланың дұрыс өсуі мен дамуын қамтамасыз ететін ұрықтың қоректенуі және тынысы да ана ағзасы есебінен жүзеге асырылады. Сондықтан болашақ баланың дамуы және дені сау болуы үшін аяғы ауыр әйелдің режімі мен тамағы жақсы болуы тиіс.
Ұрық өзіне керекті қоректі бала жолдасынан алады. Бала жолдасы мен ұрықты өзара кіндік жалғастырады. Кіндіктің қан тамыры арқылы ағатын қанмен ұрыққа ананың денесінен қажет қоректердің бәрі ұрыққа келіп түседі. Ал ұрықтың бойындағы басы артық нәрселер бала жолдасы арқылы ананың көк тамыры арнасына түсіп, кейін ағзадан аластатылады.
Адам ағзасы үшін витаминдердің маңызы зор. Ағзаға витамин жетпесе, өмір сүрудің өзі қиын. Витамин грек тілінен аударғанда «өмір» деген мағынаны білдіреді. Ет пен сүтте, жеміс-жидек пен балықта, бауырда витамин көп болады.
Екіқабат әйелдің ағзасы ұрықтың қаңқасын қалыптастыруға жұмсалатын минералды тұздарды (фосфор, кальций, т.б.) көп қажет етеді. Ал бұлар жеміс-жидек пен сүт өнімдерінде көп болады. Әйелге темір тұздары аса қажет. Темір қанның қызыл түйіршігінің құрамына енеді және ағзаның оттегі тасымалдауына, пайдалы заттарды игеруіне қатысады.
Сөйтіп, екіқабат әйелдің ішетін тамағы мынадан тұрады:
Сүт – күніне жарты литр. Пісірген сүт, айранды ішуге, сүзбе жеуге болады.
Ет – аптасына екі-үш рет.
Балық – ағза балықты оңай игереді, сондықтан еттің орнына әлсін-әлсін балық жеген жөн.
Жұмыртқа – аптасына 5-6 жұмыртқа жетеді.
Жеміс-жидек – күнде жеген жөн. Онда көмірсу мен минералды тұздардың, витаминнің бай қоры бар.
Май – сары май, еріткен май, өсімдік майы. Бұлар басқа тамақпен бірге қолданылады. Сонымен бірге күн сайын сары май жаққан бір-екі үзім нан жеген жөн.
Нан – күніне 500 грамм. Қара нанды міндетті түрде жеу қажет. Онда ана мен баланың ағзасына қажет витаминдер бар.
Ащы, тұзды тағамдар жеуге, арақ-шарап ішуге болмайды.
Әйел мен баланың денсаулығына никотин өте зиян. Сондықтан аяғы ауыр әйел отырған бөлмеде шылым шегуге болмайды.
Жүкті әйелдің түрлі жұқпалы аурулардан сақтанғаны жөн. Оның арасында тұмау да бар. Өйткені адамдардың көбі тұмауды елемей, аяқ үстінде жүріп ауырады және үйде өз бетімен емделеді. Тұмаумен ауырған аяғы ауыр әйелдің төсекке жатып, дәрігердің шақыртуын күткен жөн.
Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/layfstayl/Zdorove/62748/