Сөздің айтылуы бар да, жазылуы бар. Әдетте мынадай көзқарас кездеседі: шын тіл-жазылған тіл, яғни сөзді қатесіз жазу, жазылуындай етіп оқу.
Дұрысы, жазудан гөрі айту әлдеқайда маңызды. Басқаны айтпағанда, әрбір адам алдымен сөйлеуді үйренеді де, содан соң жазуға көшеді. Олай болатыны, сөздің өмір сүру формасы— дыбыс. Әріп-сол дыбысқа берілген шартты таңба. Бір ғана дыбысты әр түрлі (мәселен, д, d, т.б.) өрнектей беруге болады.
Әріп пен дыбысты шатастыруға әсте болмайды. Әріп кейде жеке дыбысқа сәйкес келсе (мәселен, о, ө, ү, ұ), кейде бір әріп (мәселен, ю,я) бірнеше дыбыстың қосындысын (йұу, йүу, йа) өрнектейді. Керісінше, кейбір әріптердің (ь, ъ) дыбыстық мәні жоқ.
Фонема (гр.phonema-дыбыс)- сөздер мен морфемаларды құрастырып, оларды бір-бірінен мағына және форма жағынан айыруға септігі бар тілдің тілдің ең кішкене функциялық бөлшегі.
Тілде, әдетте, біз ойлағаннан әлдеқайда көп әртүрлі дыбыстар бар, олар әрбір жеке тілде сөздердің мағыналары мен формаларын ажырата алатындай санаулы ғана дыбыстар типіне топтастырылады. Мәселен, ат, ет, от, өт деген сөздерде біздің түсінігімізше бір-ақ «т» дыбысы бар.
Шынтуайтқа келгенде, дауысты дыбыстардың әсерімен ол бірде жуан(ат, от), бірде жіңішке(ет, өт), бірде еріндік(от,өт), бірде езулік(ат, ет) болып, біршама ауытқу, ерекшеліктермен немесе әртүрлі реңмен айтылады да, қызметіне қарай бір-ақ фонема деп танылады. Бір дыбыстың айтылуындағы мұндай ауытқу, рең тіл білімінде аллофон(гр.allos-басқа)деп аталады. Сондықтан сөз дыбыстан емес, фонемедан құралады десе де болады.
Фонема, сондай-ақ морфема туралы ілімнің алғаш(1870) негізін салған-орыс және поляк тілін зерттеуші И.А.Бодуэн де Куртенэ. Фонеманың көршілес келген әр түрлі фонемалардың тигізген әсеріне пайда болған реңкі к о м б и н а т о р л ы р е ң к деп аталады. Тіл білімінде фонема туралы мәселенің өзіне тән тарихы бар.Фонема туралы ілім орыс лингвистикасында өткен ғасырдын жетпісінші жылдарында пайда болған.Фонема теориясының алғаш негізін қалаған лингвист – орыс ғалымы и. Бодуен де Куртанэ (1845-1929). Оның ғылыми – зерттеу жұмыстарының әр дәуірінде фнема туралы түсінік өзгеріп отырды.Мысалы, Бодуан де Куртанэ алғашында фонеманы этимология – морфологиялық құбылыс деп қараса,кейінгі кездерде фонемаға психологиялық анықтама береді.Бодуен де Куртенэнің фонема туралы ілімін ары қарай дамытқан оның шәкірті акад. Л.В. Щерба болды.Л.В. Щерба сөздер және формаларды ажырататын реңкі фонема деп атайды.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1.Әріп пен дыбыстың қандай айырмашылығы бар? Олардың өзара қарым-қатынасы жайлы не айтуға болады?
2.Фонема дегеніміз не?
3.Фонема және морфема туралы ілімнің негізін салушы кім?
4.Фонеманың көршілес келген әр түрлі фонемалардың тигізген әсеріне пайда болған реңкі қалай аталады?
Әдебиеттер:
1.С.Мырзабеков. Қазақ тілі фонетикасы.- А.,2004.
2.Х. Досмұхамедов. Аламан. –А., 1994.
3.Аханов К. Тіл білімінің негіздері. -А.,1973,1977,1993, 2002.
4.Кеңесбаев І, Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі.- А.,1962.
5.Байтұрсынов А. Шығармалары. Үшінші бөлім. -А., 1989.
6.Кеңесбаев І., Мұсабаев Г. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика.- А., 1975.