ҮШ ТІЛДІ МЕҢГЕРУ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ

Бекбосын Жансұлу Алмасқызы, Қарағанды қаласы, КМҚК «Алтын сақа» балабақшасы, тәрбиеші

Егеменді ел атанып, өз алдымызға дербес мемлекет болғаннан кейін жасөспірім буынға дұрыс тәрбие беру, олардың патриоттық сезімін ояту, елге қызмет етуге,мемлекеттің іргесін нығайтуға, тілдің дәрежесін көтеру біздің негізгі мақсатымыз. Сондықтан тіл тағдырына терең қарап, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге тілдерді үйретудегі талап, міндеттер қазіргі кезде балабақшаларымызда жақсы іске асырылуда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көптілді білімді дамытуға жіті назар аударып «…еліміздің маңызды құндылықтарының бірі және басты артықшылығы – көпұлттылық пен көптілділік» деп атап көрсеткені белгілі. Президент жүктеген тапсырмаларға сәйкес, Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени бағдарламасында, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында, 2020 жылға қарай «… барша қазақстандықтар қазақ тілін, орыс тілін 95% және 25% – ағылшын тілін меңгеруі тиіс» делінген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын кезеңмен іске асыруды қолға алуды ұсынды. «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» атап көрсетілді.

Білім беру саласына үш тілге үйретуді енгізу қазіргі кезеңде мектепке дейінгі ұйымдардың міндеттерінің бірі болып табылады. Сондықтан да, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын жаңартуға сәйкес мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі құзыреттіліктерін дамытуға және терең білім беруге, соның ішінде тілді үйрету мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылады. Осы орайда үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) бірдей оқытуды білдіретін көптілді оқыту бағдарламасының бірегейлігін атап өту керек. Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты «Қатынас» білім беру саласында мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің алдына қойылған міндет — тілдің негізгі құндылықтарын меңгерген, ана тілінде және өзге тілде әлеуметтік-мәдени қарым-қатынасқа дайын, сөздік және сөздік емес құралдардың көмегімен қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауға қабілетті көпмәдениетті жеке тұлғаны тәрбиелеу.

Қазіргі кезде балабақшаларда ағылшын тілі мектепке дейінгі ересек топтарда және ортаңғы топтарда жүргізіледі. Балалар осы тіл үйрену оқу іс-әрекеттеріне қызығушылықпен қатысады.

Ағылшын тіліне үйретудің негізгі мақсаттары:

Балалардың оқып жатқан шет тілінің, елінің мәдениет әлеміне енгізу, оны туған мәдениетімен байланыстырып салыстыру;

Шет тіліне деген қызығушылық, ол тілде сөйлеуге ынта таныту;

Ойлауды, зейінді, қабылдауды, ойды, сезімді, бейнелеуді және танымдық, тілдік қабілеттіліктерді дамыту.

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде жұмыстың барлық қалыптары қолданылады. Шет тіліне үйретуде ең басты тәсіл ойын болып табылады. Балабақшаның барлық мерекелерінде балалар өз алған білімдерін көрсетіп отырады, өлең, тақпақ қана айтып қоймай, ағылшын тілінде ертегілерден үзінді көрсетіп, бір-бірімен диалог жүргізеді.

Мектепке дейінгі ұйымдарда шет тілімен қатар, орыс тілін үйрену қажеттілігі заман талабынан қалысар емес. Балалар бағдарламада берілген тақырыптар мен тілдік материалдар көлемінде орыс тілінде оз ойын жеткізе білуді үйренеді. Орыс тілінде оқыту балалар тұлғасының барлық жағынан: олардың дүние танымының, ой-өрісінің, сезімі мен эмоциясының, адамгершілік және эстетикалық көз қарастарының, мінез бітістерінің өздігінен ары қарай білімін жетілдіруге деген қажеттіліктің дамуына себептесуі тиіс.

Мектепке дейінгі мекемелер, яғни балабақшалар үшін жарық көрген Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың негізгі ережелерін негізге ала отырып, балабақша педагогтеріне арналған әдістемелік құралдары бар.

Мемлекеттік мәртебе алған ана тіліміздің абыройын асқақтату, балабақша есігін ашқан әрбір балаға тіл үйретіп қана қоймай, қазақтың ұлттық құндылықтарымен қатар, барлық ұлттың салт-дәстүрлерін таныту, әр баланы отансүйгіш, елжанды жеке тұлға етіп қалыптастыру – қазіргі жаңа Қазақстанның балабақшаларының басты мақсаты. Үштұғырлы тіл өмірлік қажеттіліктен туындаған идея. Бүгінгі таңда, Қазақстан үшін үштұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылудағы бірінші баспалдағының айқын дәлелі.

Сонымен, әр білім беретін, балаларды тәрбиелейтін мекеменің басты міндеті — Қазақстанның жаңа азаматын тәрбиелеу болуы тиіс. Сондықтан кішкентай жасынан бастап, балабақшаға келген күндерінен бастап балалардың шетел және басқа тілдерге қызығушылықтарын арттырып, үштілділік арқылы тәрбиелеу керек.

Ұсынысым: Қазақстан кеңістігіндегі үштілділік бұл өтпелі кезеңнің талабы болып отыр. Егер осы үштілділік тиімді жұмыс істесін, үштілділік біздің мемлекетіміздің болашағына жұмыс істесін десек, онда үштілділікте басымдылық мемлекеттік тілге берілуі керек. Қалған екі тіл сол мемлекеттік тілмен таласпай, керісінше, сол мемлекеттік тілдің әрі қарай дамуына қызмет етуде құрал ретінде пайдаланылу керек. Қазіргі балабақшалардағы негізгі мәселелердің бірі мамандардың жетіспеушілігі болып отыр. Яғни, мектепке дейінгі ұйымдарға тіл мамандарын дайындау керек. Қазіргі балалар өте ақылды, алғыр. Олардың бұған шамасы жетеді. Білімдік база нақ балалық жаста қалыптасады. Ата – аналар өз балаларының қабілетіне, болашағына сенсе, олардың өмірде табысты болуын қаласа, үштілділік тұғырына түсіністікпен қарауы керек. Сенің балаң Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, барлық әлемде бәсекеге қабілетті боларын білсең, жақсы жұмысқа орналасып, бақ қуатты өмір кешетініне кәміл сенсең, одан артық не керек. Демек, «Тілі бірдің – тілегі бір», «Тіл тағдыры – ел тағдыры» екендігін жадымызда ұстай отырып, ел бірлігінің негізі – тіл бірлігіне қол жеткізу жолында қызмет ету қазақстандықтардың ортақ парызы. Ендеше жас ұрпақтың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін, өзге тілдерді оқып білуге деген қызығулары мен ұмтылыстарын арттыру арқылы олардың Отанға деген махаббаттарын оятып, өз тағдырын ел тағдырымен мәңгілікке байланыстыратын ұрпақ болып қалыптасуына қол жеткізу мақсатына өз үлесімнің бар екендігін мақтан тұтамын!.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *