Мырзатаева Гулсара Карпыковна,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ОҚО бойынша ПҚБАИ
«Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру» кафедрасының аға оқытушысы
Елбасының мақаласында: «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар. Мен көздеген жұмыс-тарымыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс»[1] деп, алдағы уақыттарда қол жеткізер жетістіктеріміздің бағыт-бағдарын айқындап беріп отыр. Енді сол мақсатқа жету үшін елдің ертеңгі тірегі – бүгінгі мектеп партасында отырған оқушыларға білім беріп, тура бағыт беру ұстаздардың міндеті болса, оқушыны мектеп партасына дейін жетелейтін, өмірдің алғашқы баспалдағына шығуға бағыт беріп, тура жол салып беретін бала өміріндегі ерекше тұлға – мектепке дейінгі мекеме тәрбиешілері, педагогтері.
Бүгінде ұстаз бен тәрбиеші қасиетті міндетін атқара жүріп, бүгінгі ақпараттық технология дамыған уақытта білім беруді одан әрі ізгілендіру, жеке тұлғаны өз бетімен ізденуге, жан-жақты жетілген, біліммен қаруланған көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты тұлғаны қалыптастыруда озық, жаңғыртылған әдістемелік жүйені меңгеруі керек. Сапаға жетелейтін, оны қадағалайтын түрлі тетіктер жеткілікті. Елбасының «Әлеуметтік — экономикалық жаңғырту — Қазақстан дамуының басты бағыты» атты[2] Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілгендей, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін еліміздегі жалпы орта мектептердің оқу-тәрбие үдерісіне енгізу қазіргі таңдағы білім беру саласындағы тырнақалды маңызды мәселелердің бірі болып табылғанымен, өткенде әлеуметтік желілерде кейбір әріптестерім «жалпы орта мектептердегі барлық үздіктерді теріп алып кетеді.
Оларда іріктелген оқушылар ғана оқиды» деген пікірлерін қалдырған екен. Осы орайда, Абай атамыздың «… ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз. Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген сөзі еріксіз еске түседі және «НЗ мектептеріндей болу қайда?» деп, жайбарқат жүре беруге тағы болмайды. Ия, келісемін, Қазақстанның барлық білім беру мектептерінде НЗ мектептеріндегідей жағдай жасалмаған шығар. Бірақ, қазіргі сол мектептерде жұмыс істеп, оқушыны білім нәрімен сусындатып жүрген ұлағатты ұстаздардың көпшілігі қарапайым ғана мектептерден білім алып, осындай дәрежеге жеткен жоқ па? Сол кісілерді оқытқан мұғалімдер «инновациялық технология» деген атауды қолданбай-ақ, білім берудің озық тәжірибесін өмірден алып-ақ үйретті, оқытты. Білім нәрімен солай сусындаған қанша оқушы бүгінде ел қызметінде жүргендер. Әрине, бүгінгі буынның да еңбегін жоққа шығара алмайсын. Тәуелсіздік алғаннан кейін білім кеңістігіне жол ашылды. Елбасының қолдауымен «Болашақ» бағдарламасы дайындалып, қаншама жастарымыз өзге мемлекеттердегі беделді оқу орындарынан білім алуына мүмкіндіктер берілді. Бүгінгі таңда үш тілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Сол қажеттілік бүгінгі таңда мектепке дейінгі ұйымдардан бастау алады. Бала ермексаз секілді, не үйретсең, не көрсетсең лезде үйреніп алуға әрекет жасайды. Сондықтан соңғы кездердегі жаңартылған бағдарлама негізінде мектепке дейінгі мекемелерде үш тілде оқыту, үйрету үдерісі жақсы жүргізіліп келеді.
Үш тілде оқыту – заман талабы десек, оны жүзеге асыру – ұстаздардың міндеті. Сондықтан да заманауи ұстаздарға тоқтаусыз ізденіс қажет. Ғалымдар туғаннан бастап 3 жасқа дейінгі кезеңді баланың дамуындағы маңызды кезең — ерте балалық шақ кезеңі, − деп атап көрсетті. Дүниеге келген алғашқы күндері мен айларында және ересек пен баланың өзара қарым-қатынасы қандай жағдайда, қалай қаланатын болса, баланың кейінгі өмірдегі қабілеті, мінезі, эмоциялық және денесінің даму жағдайы айтарлықтай дәрежеде соған тәуелді болмақ. Аталған мәселені көптеген отандық және шетелдік ғалымдар мен педагогтер, психологтар және басқалар зерттеу үстінде. Ерте жастағы балалармен жүргізілетін тәрбиелеу-оқыту үдерістеріндегі жұмыстар мынадай талаптарға жауап беруі тиіс:
әрбір баланы дамытуды мақсат ететін дамыта оқыту ұстанымдарына;
ерте жастағы баланың жас және даму ерекшеліктеріне сәйкес тәрбие салаларын кіріктіру ұстанымдарына;
баланы ерте жастан дамытуға тікелей ықпал ететін білім, білік және дағды (құзыреттілік) қалыптастыратын тәрбиелік, дамытушылық және оқыту мақсаттары мен міндеттерінің бірлігін қамтамасыз етуге;
жоспарланған шаралар мазмұны мен түрлері мектепке дейінгі педагогиканың баланы ерте жастан дамытудың жас және психологиялық, педагогикалық негіздеріне сәйкес құрылады.
Баланың денесі, ақыл-ойы, адамгершілік дамуының негізі қаланатын дәл осы туғаннан бастап үш жасқа дейінгі кезең ересектердің балаларға беретін тәрбиесі мен білімі мазмұнды және ол балаға тікелей әсер ететін болса, онда бала ағзасы барынша жылдам қарқынмен дамиды және оның жан-жақты дамыған жеке тұлғасы қалыптасады. Сондықтан да бұл жаста үштілділікті мектепке дейінгі мекемелерде қолданып, балаларға үйрету ең тиімді кезең. Нақ осы кезеңдегі ата-аналарымен, отбасының басқа мүшелерімен, балалармен және ересектермен әрекеттері бала дамуына ықпал етеді. Осы кезеңдегі баламен жұмыс істеу барысында үштілділікке оқыту әдісі негізінде сабақта берілетін тапсырмалар мен жұмыстар тілді дамыту бағытында жүреді.
Яғни, баланың тілдік, сөздік қорын молайтып, айтқан сөздерінің мағынасын түсіндірумен ғана шектелмейді, баланың тілдік дағдыларын дамытады. Бұл әдіс арқылы бірден екі мақсатқа жетуге болады: өзінің туған тілі арқылы үйренген сөз мағынасын түсіндіру және ағылшын, орыс тілдерін меңгеру арқылы ғылыми тіл дағдыларын дамыту. Мысалы, автомобильдің қасында тұрған ақ ит пен автомобильдің қасында тұрған қара иттің суреттерін көрсету. Немесе жеңіл және жүк автомобилі бейнеленген екі сурет, ал үшіншісінде – мысықтың суреті. Мұндай сабақта тапсырма жайдан күрделіге ауыса бастайды. Тәрбиеші сабақта бірнеше суретті қарастыруды ғана емес, сол сияқты олармен әрекетті ұсынады. Ол үшін сәйкесінше «ал», «саусағыңмен көрсет», «бер», «тап» сөздерін қолданады және сол сөздерді үш тілде айтуды сұрап, баланың сөздік қорын дамытады және әр түрлі нұсқалар бойынша іздеу үшін суреттердің орнын ауыстырады. Мұндай тапсырмаларды орындату барысында бала ойлануға, жауапты бірінші айтуға өзара бәсекелесіп, ілгері жылжуға қалыптасады.
Мектепке дейінгі мекемедегі балалармен жүргізілетін тәрбиелеу-оқыту үдерістеріндегі жұмыстар мынадай талаптарға жауап беруі тиіс:
әрбір баланы дамытуды мақсат ететін дамыта оқыту ұстанымдарына;
ерте жастағы баланың жас және даму ерекшеліктеріне сәйкес тәрбие салаларын кіріктіру ұстанымдарына;
баланы ерте жастан дамытуға тікелей ықпал ететін білім, білік және дағды (құзыреттілік) қалыптастыратын тәрбиелік, дамытушылық және оқыту мақсаттары мен міндеттерінің бірлігін қамтамасыз етуге;
жоспарланған шаралар мазмұны мен түрлері мектепке дейінгі педагогиканың баланы ерте жастан дамытудың жас және психологиялық, педагогикалық негіздеріне сәйкес құрылады.
Қорыта айтқанда, мектепке дейінгі мекеменің балаларымен жұмыс істеу барысында оларды көптілділікке үйрету кез келген тұлғаның жан-жақты дамыған болып қалыптасуына және болашақта Қазақстан Республикасының жан – жақты дамуына әсер етуі үшін қажетті құралдардың бірі, сонымен қатар, «модернизациялану», «жаһандану» үрдістерін қабылдаудың бірден-бір құралы болып табылады. Көптілділікті жеке тұлға қалыптастырудың негізі ретінде қарастырып, зияткер тұлға қалыптастыруды заманауи халықаралық деңгейде білім беру кеңістігіне шығатын дара жолдың зерттеу нысаны есебінде санау қажет.