Капасова Асем Саулебековна,
Ақмола облысы Жақсы ауданы
«Дән» балабақшасының тәрбиешісі
Тіл қай ұлтта, қай елде болмасын қастерлі де құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен дарып қалыптасқандықтан, «ана» деген ардақты атпен «ана тілі» деп атаймыз. Біздің ана тіліміз — қазақ тілі. Қазақ тілі — ғажап тіл, сан ғасырлық тарихы бар тіл. Ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес асыл мұра. Егемендігіміздің арқасында еңсесін тіктеп, күретамырын тереңнен бойлаған төл тіл. Халқымыздың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев: «…Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы – ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат еш нәрсе болмасқа тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең, тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ», – деп тіл жайында терең толғанған екен кезінде. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда мемлекеттік тіл туралы оңды қоғамдық көзқарас қалыптасып отыр. Тіпті Отанымызда өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдерінің де мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшынысы күннен-күнге арта түсуде.
Мемлекеттік тілді білу — парыз, өзге тілдерді үйрену — құқық. «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін» дегендей, көп тіл білетін адамның көп нәрсеге қол жеткізетіні, басқаларға қарағанда қалаған жерінде жұмыс істеуіне де мүмкіндігі мол екені, қай елге барса да алдынан жарық жағылып тұратыны белгілі. Бүгінгі технология және жаһандану заманында көптілді меңгеру жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Көптілді меңгеру деген ұғым — қазақ дүниетанымында бұрыннан бар түсінік. Кезінде халқымыздың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген аталы сөзі дәл бүгінгі дамыған дәуірімізге сәйкес айтылғандай. Тарихи деректерге жүгінсек, әлемде Аристотелден кейін екінші аға ұстаз аталған ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз өз өмірінде 70-ке жуық ұлттың тілін жетік білгендіктен, артына мәңгі өшпес мол рухани құнды мұра қалдырып кеткендігі анық. Көптілді меңгерген адам әуелі өз тілінде ой қорытып, туған халқына өнеге болып, өзге жұртпен бәсекеде ырықты орынды иеленіп, сан мәдениетті санасына салып сараптай алса, онда ол өз өмірін қалайда мағыналы өткізетін айтулы тұлға болып жетілері анық. Көптілділік біздің қоғам үшін 2006 жылғы Елбасының «Тілдердің үштұғырлылығы» – «Триединство языков» — «Trinity of languages» тұжырымдамасынан бастау алғаны мәлім. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Үш тілді меңгеру – біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады. Қазақстанды әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек», — деген болатын. Ендеше, Қазақстанның білім беру жүйесінде үштілді оқыту мәселелерінің көтерілуі заман талабынан туындап отырғаны айқын.
Тілдердің үш тұғырлылығы идеясына Елбасы нақты анықтамасын да береді: қазақ тілі мемлекеттік дәрежесінде мемлекет өмірінің бар саласында «бүкіл қоғамымызды біріктіруші» қызметін атқарса, орыс тілі ұлттар арасындағы қарым-қатынастарға қызмет етеді, ал ағылшын тілі әлемдік экономикаға, әлемдік қауымдастыққа кірігуімізге қызмет етеді. Осыдан артық қандай нақтылы анықтама керек?!
Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Ата Заңында мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп, сонымен қатар орыс тілін ресми тіл ретінде бекітті. Оның негізгі мақсаты ретінде ұлтаралық тұтастықты сақтау, қоғамның тілдік ортасын дисфункцияға ұшыратпау болған еді. Сондықтан да орыс тілі достық пен бейбітшіліктің, этносаралық қарым-қатынас тілі мәртебесіне ие болды. Қазірдің өзінде жаһандану үрдісі етек алған заманда халықаралық байланыс құралы және халықаралық экономика, халықаралық білім беру тілі – ағылшын тілін білмей әлеуметтік-экономикалық кеңістікке ену мүмкін емес. Жеке тұлға қаласа да, қаламаса да, қабылдап, не қабылдамаса да жаһандану бас тартып кете алмайтын біздің әлеуметтік шындығымыз. Ол бұқаралық ақпарат құралдарының кең мағынада тарихи даму процесімен шартталған. Ең басты әлемдік коммуникациялық кеңістік – Интернетте барлық ақпараттың 80% ағылшын тілінде ұсынылады. Қазіргі қоғамда адамдардың тек ана тілін білуімен шектеліп қана қоймаған қостілділік (билингвизм), тіпті көптілділік (полилингвизм) феномені кеңінен таралуда.
Бұл жаһандық үрдістен біздің еліміз де тыс қалған жоқ. Елбасының көрегенді саясатына орай Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басым бағыттардың бірі — қазақстандықтардың кемінде үш тілді меңгеруі. Сонымен бірге, Елбасымыз «Үш тілді меңгеру, білу – бұл жаһандық әлемге жолдама деген сөз. Бұл адамның өмірдегі табыстылық, жетістік принципі.
Жаһандық әлемде біздің балаларымыз «Планета азаматы» болады. Бүгінгі күрделі әлемде біздің балаларымыз өздерін «судағы балықтай» сезінуі керек, біз соған жағдай жасап жатырмыз…» дей отырып, 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу, ал 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиістігін атап көрсеткен болатын.Сондықтан қазіргі таңда мектептерде шет тілін бастауыш сыныптардан, тіпті балабақшадан бастап оқыту енгізілуде. Себебі, ағылшын тіліне ерте жастан оқытудың тілді жақсы әрі еркін меңгеруге тигізер әсері мол. Көпжылдық зерттеу көрсеткендей, ағылшын тіліне ерте жастан оқыту балалардың жалпы және тілдік дамуын реттейді, балаларды өзге ұлт мәдениетін білуге және құрметтеуге үйретеді. Ғалымдардың зерттеулері көрсеткендей, үлкен адамға қарағанда кішкентай бала ағылшын тілін тез меңгереді. Дегенмен, сол көптілділік іргетасы ана тілден қалануы керек. Мысалы, жапондар секілді. Олар баласын қашан жапон тілінде дұрыс сөйлей білгенше өз тілінде оқытып, үйретіп, содан кейін ғана барып басқа тілді білуге ден қоя бастайтын көрінеді. Өркениетті елдердің осындай озық дәстүрлерінен неге үйренбеске? Ана тілінде дыбыстарды дұрыс айтпай, дұрыс сөйлемеген баланың бойына патриоттық сезімді ұялата білеміз бе? «Өз тілін сезбеген бала — ана сүтін татпаған жетіммен тең» деп көрнекі жазушы Бауыржан Момышұлы айтқандай, ертеңгі күні жетімдерге тап болып қалмаймыз ба? Қазіргі заманғы мектептердің басты мақсаттарының бірі өсіп келе жатқан ұрпақты жан-жақты, жаһандану құндылықтарына бейімдеу, балалар мен жеткіншектердің көрші елдер мәдениетінің өкілдерімен дүниежүзілік кеңістікте өзара әрекет жасасуына деген шеберліктерін қалыптастыру. Тәрбиеші мен балалардың алдында тұрған басты мақсаты – Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім стандарттары талаптары деңгейінде үш тілде білім меңгерген, өз елінің тарихы мен салт-дәстүрін білетін, көптілді коммуникативтік құзырлықтары қалыптасқан, өзін-өзі дамытуға және өзін-өзі жетілдіруге талпынатын тұлғаны дамыту.
Ұлы Абай атамыз «балаға мінез үш алуан адамнан жұғады, бірінші ата-анасынан, екінші ұстазынан, үшінші құрбысынан» — деген екен. Әрбір қазақ баласы өз отбасында ана тілінде сөйлеуге дағдыланса, одан тәлім – тәрбие алатын бала да үйренеді емес пе. Сондықтан, баланың өз ана тілінде еркін сөйлеп, ойын анық жеткізуді осы кезден бастап қолға алсақ, оның болашақ өміріне қажетті дағдылардың бастамасына жол ашқанымыз.
Ағылшын тілі — әлемдік бизнес тілі, мемлекеттік тіл – ұлт тілі. Мемлекеттік тілде сөйлеу — әрбір Қазақстан азаматының борышы. Әлемдік ғаламдандырудың өткізгіші, ғаламдандыру тілі болып танылған ағылшын тілін білу — ағылшын тілді елдермен тиімді байланысқа түскен әлемдік деңгейде өз орнын ала бастаған Қазақстан үшін аса маңызды.
Тіл мәселесі адам, қоғам өміріндегі ерекше орны бар аса күрделі де маңызды құбылыс. Мемлекеттік тілді, шетел тілін білмей, дүниежүзілік экономика кеңестігін, білім, ақпарат көздерін жете меңгеруге қол жеткізе алмаймыз. Сондай-ақ жаңа технологияны жете меңгермей, тілдерді де игеру жедел әрі тиімді бола қоймайды. Қазіргі жалпы білім беретін мекемелердің көпшілігінде сабақ жаңа технологияны іске асыру арқылы, оның механизмдерін тілді менгеруде дұрыс қолдану арқылы өтеді. Бұл- тіл мамандарының ізденісі, дегенмен әлі де болса, бұл бағытты жетілдіру қажет екендігі сөзсіз. Осы мақсатта, «Балақай» балабақшасында КМҚК 2014-2017 жылдар аралығында «Үштілділік -мектеп жасына дейінгі балаларға ерте жастан бастап жан – жақты мәдениетті тәрбие беру құралы» тақырыбындағы тәжірибелік-эксперименттік жұмыс бағдарламасы бойынша жұмыс жасай бастады. Ағылшын тілі ІІ кіші сәбилер тобынан бастап еңгізілді.
Тәрбиешілердің күнделікті ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттері, ертеңгіліктер үштілде өтеді. Үштілдік-ойын ретінде болғандықтан балаларға өте қызықты болады. Балалар келесі сабақты асыға күтеді. Үштілдік сабақ балалардың ой-өрісін, қиялдарын,сөздік қорларын, тапқырлықты, ізденімпаздықты, зейінділіктерін дамытады. Ойын түрлері көп, соның ішінде үштілдік сабақтарда мынадай ойын түрлері қолданады: ойын-жаттығу, сергіту-ойындары, дидактикалық мақсаттағы ойындар, сөздік ойындар жәнеде ағылшын тілінде тақпақтар, жұмбақтар, музыка сабақтарында ағылшын тілі мамандарының көмегімен өлеңдер жаттауда. Осы ойындар балалардың коммуникативтік құзыреттіліктерін дамытуда үлесі зор болып табылады.
«Тілі бірдің-тілегі бір», «Тіл тағдыры-ел тағдыры» екендігін жадымызда ұстай отырып, ел бірлігінің негізі- тіл бірлігіне қол жеткізу жолында қызмет ету парыз. Ендеше жас ұрпақтың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін, өзге тілдерді оқып білуге деген қызығулары мен ұмтылыстарын арттыру арқылы олардың Отанға деген махаббаттарын оятып, өз тағдырын ел тағдырымен мәңгілікке байланыстыратын ұрпақ болып қалыптасуына қол жеткізу- басты міндетіміз.
Үш тілде оқыту заман талабы. Үштілділік – Қазақстан жастарының парасатты әлеуметінің даму факторы.
Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерінде үш тілді білім беру моделін енгізудің өзектілігі мынада:
бүгінгі қазақстандық қоғамда көптілді, көп мәдениетті тұлғаға деген сұраныстың артуы;
ұлттық мектеп бітірушілерді жалпы қазақстандық және әлемдік білім және ақпарат кеңістігіне кіріктірудегі мәселелерді шешу қажеттілігі;
болашақ ұрпақты қазақстандық патриотизмге, ұлтаралық қатынас мәдениетіне тәрбиелеудің өзекті мәселеге айналуы;
аз ұлт өкілдерінің этникалық ерекшеліктерін сақтаумен бірге олардың жалпы қазақстандық экономикалық, әлеуметтік-мәдени үрдістерге толыққанды қосылуына жағдай жасау;
мектеп бітірушілерінің коммуникативтік және ақпараттық құзырлықтарының жеткілікті деңгейіне қол жеткізу;
Оны жүзеге асыру мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында базалық пәндер циклында шетел тілінен сағаттар санын арттыру және оқудың типтік бағдарламаларында өзгерістер енгізу арқылы жүргізіліп жатыр, әсіресе, пәнді үш тілде оқытатын педагогикалық кадрларды дайындауға байланысты.
Осыған орай, облысымыздағы техникалық және кәсіптік білім беру саласында алғашқылардың бірі болып Көкшетау гуманитарлық колледжінде «Бастауыш білім беру» және «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандықтары бойынша «Дүниетану» және «Қоршаған орта» пәндерін үш тілде оқытатын педагог кадрларды дайындау қолға алынды. Атап айтсақ:
Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде ағылшын тілін оқытатын мамандар даярлау мақсатында «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша таңдау пәні ретінде «Бастапқы шетел тілін үйрету мұғалімі» пәндері енгізіліп, оқытылуда. Таңдау пәні бойынша студенттер тәжірибеден өтіп, машықтануда; -2017 жылдан бастап бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін енгізуге байланысты бастауыш білім беру жүйесінде ағылшын тілін оқытатын мамандар даярлау қажеттілігінен колледжде «Бастауыш білім беру» мамандығының «Информатика пәнінен бастауыш білім беру мұғалімі» біліктілігі бойынша таңдау пәні ретінде «Бастауыш мектептегі шетел тілі» пәні белгіленді; -«Бастауыш білім беру мұғалімі» біліктілігі бойынша таңдау пәні ретінде «Шетел тілі практикумы» және «Шетел тілін оқыту әдістемесі» пәндері белгіленді. Бұл бағытта да жұмыстар атқарылуда. Таңдау пәні бойынша студенттер базалық мектептерде машықтануда.
2016-2017оқу жылынан бастап «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша қазақ тілінде оқитын топтарда «Қоршаған ортаны орыс және ағылшын тілінде оқыту әдістемесі» және «Бастауыш білім беру» мамандығы «Бастауыш білім беру» біліктілігі бойынша «Дүниетануды орыс және ағылшын тілінде оқыту әдістемесі» факультатив сабақтары енгізілді.
Бұл факультатив сабақтары студенттерге жаратылыстану ғылымдары негізінен орыс және ағылшын тілінде теориялық білім берумен қоса болашақ мамандардың практикалық іс-әрекетін дамытып, оқытудың негіздері мен әдістерін игертуге негізделген. Бұл қадам «Дүние тану» және «Қоршаған орта» пәндерін қазақ, орыс және ағылшын тілінде жүргізе алатын үш тілді маман даярлауға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта кіріктіре оқыту тәсілін үздіксіз қолдану арқылы студенттің тек пәнді қазақ тілінде меңгеріп қана қоймай, ағылшын және орыс тілдерінде меңгеруіне қол жеткіземіз. Нақтырақ айтсақ, кіріктіре оқыту студенттің жан-жақты дамуына және тілдік құзыреттілігін қалыптастыруға септігін тигізеді.
Көптілді білім беруді іске асыру үш тілде оқытуға байланысты кадрмен қамтамасыз ету сияқты бірқатар проблемаларды шешуді талап етеді, соның ішінде жаратылыстану-математика циклдерінің пәндерін (физика, биология, география, математика, химия, информатика) ағылшын тілдерінде оқытатын мамандардың жетіспеушілігі. Осы проблеманы шешу мақсатында аталған пәндердің оқытушыларын колледж ішіндегі тіл үйрету курстарында оқыту жоспарлануда.
Сонымен көпұлтты Қазақстан жағдайында «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасы қоғамдық өзара келісімді нығайтатын маңызды фактор. Тілдердің үштұғырлығы идеясы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін құруға және дамытуға бағытталған ұлттық идеологияның бөлігі болып табылады.
Қазақстан үшін үштұғырлы тіл – елдік бәсекеге қабілеттілікке ұмтылудың бірінші баспалдағы. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады.
Қорыта айтқанда, қазақ, орыс, ағылшын тілін меңгеру балаларға мектепте оқығанда, келешекте бәсекеге қабылетті маман ретінде жақсы табыстарға қол жеткізу үшін ықпалды және іскер адамдармен қарым-қатынас орната алу, қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажет. Сондықтан,өмір тәжірибесі өзі көрсетіп отырғандай, басқа тілді меңгеру кез келген тұлғаның биіктен көрінуіне шексіз мүмкіндіктер берері сөзсіз деп ойлаймын.
Өзекті мәселелерді жүзеге асыру үшін басты мақсатымызды анықтап алдық. Ол — Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім стандарттары талаптары деңгейінде үш тілде білім меңгерген, көптілді коммуникативтік құзырлылықтары қалыптасқан, көп мәдениетті, рухани-адамгершілік қасиеттері дамыған тұлғаны тәрбиелеу.