Кудайбергенова Бакыт Мукатаевна,
Ақмола облысы Бурабай ауданы Щучинск қаласы МКҚК «Ақбота» бөбекжайы қазақ тілі мұғалімі
Ана тіліңді біл, орыс тілін де және басқа тілдерді де біл, игер. Көп тілді меңгеру – мәдениеттіліктің белгісі, ғылым биігіне көтерілудің жолы, азаматтық саналылықтың, естіліктің, парасаттылықтың белгісі.
Құдайберген Жұбанов.
Бүгінгі күні біздің алдымызда елбасының үштұғырлы тіл саясатының аясында шетел тілін үйренуге және оның қолданылуына қатысты өзекті де келелі мәселе тұр. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»,-деп ақын жырлағандай, өз тілінде еркін сөйлеп, өз тілін құрметтейтін тұлғаны баулысақ, сонымен қатар, өзге тілді қадірлейтін көпмәдениетті тұлғаны да баулитынымызға көз жеткіземіз.
Бүгінгі білім беру жүйесі көп өзгерістерге ұшыраған заманда көп тілді меңгертуге аса назар аударылып, жан-жақты жол ашылған. «Келешекке кемел біліммен»,-деп елбасы Н.Ә.Назарбаев ұстаным еткендей, келешекке терең біліммен қадам басып, әлемдік білім кеңістігінің құпияларына үңіліп, қоғамға бейім, өз қабілетін таныта алатын, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген құзіретті тұлғаны қалыптастыру басты мақсаттардың бірегейі болып отыр.
Үштілді оқыту – заман талабы. Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі. «Үштұғырлы тіл» туралы идеяны мемлекет басшысы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етті. Ал 2007 жылғы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты халыққа Жолдауында “Тілдердің үштұғырлығы” атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды. Елбасымыздың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Халқына Жолдауында: «Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар — қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі» деген салиқалы үндеуінде айтқандай, әлемдік кеңістікке енуде ағылшын тілінің маңызы зор. «Ағылшын тілі — әлемдік бизнес тілі, оны меңгеру – жастарға әлем танудың кілті болмақ. Ағылшын тілін білу біздің жастарға шексіз мүмкіндіктер ашады. Ол – жаһанданудың кепілі. Ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүние жүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек» деді.
Осы орайда құрылған «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» басты мақсаты: қазақ тілінің мәртебесін көтеру; мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу; ағылшын тілін меңгерту; орыс тілін жетік білу; әр ұлттың тілдерін дамыту, оларды сақтап қалуға мүмкіндік жасау; тілдер гармониясының бірлігіне жол ашу.
«Жеті түрлі білім біл, жеті жұрттың тілін біл» деген дана сөздегі үлкен ойдың өзектілігі бүгінгі таңда ерекше сезілуде. Елбасының ұсынған «2050 бағдарламасына» сәйкес әр қазақстандық өз ана тілімен қатар мемлекеттік тілде сөйлеуге міндетті.
Кез келген халықтың ұлттық қазынасы тілінен оның ұлттық дәстүрінің, сана-сезімінің, ойлау тәсілінің, мінез-құлқы белгілері көрініс табады. Ал тілді, тіл мәдениетін игеру — баланың сәби шағынан іске аса бастайтын, біртіндеп жетілетін үрдіс. Бөбекжайда тіл оқытудың қай түрін алсақ та, ол оқыту, үйрету үрдісінің бүкіл жүйесін қамтиды.
Балалардың тіл үйренуге қызығушылығын арттыру, тіл мәдениетін жетілдіру, сөздік қорларын үнемі молайтып, бекіту өмірлік маңызға ие болып отыр. Осыған орай, біздің түйінді мәселеміз: халықтық құндылықтар арқылы балалардың тілін дамыта отырып қазақ тілін үйретумен қатар, орыс және ағылшын тілдерін бірге үйрету болып отыр. Осы түйінді мәселені жүзеге асыруда алдымызға мынадай мақсат-міндеттерді қоямыз:
Балалардың жалпы сөйлеу тілін дамыту;
Үш тілге тән төл дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету;
Сөз тіркесі және қысқа сөйлемдер арқылы өз ойын жеткізуге дағдыландыру;
Сурет бойынша шағын әңгіме құрастыруға жетелеу;
Шағын өлең шумақтарын, мақал-мәтелдер жаттату арқылы сөздік қорларын молайту;
Түрлі іс-шаралар ұйымдастыру арқылы мемлекеттік тілімізге және шет тілдеріне деген қызығушылықтарын арттыру;
Халықтық құндылықтарды таныта отырып, қазақ тіліне деген сүйіспеншілікке баулу;
Өзге ұлт өкілдері балалары арасында өтілетін байқауларға қатыстыру арқылы шығармашылыққа баулу.
Мектепке дейінгі ұйымдарда қазақ тілін оқыту барысында орыс тілі, ағылшын тілі пәндерін бірлікте алу мұғалімнің шеберлігіне байланысты жүргізіліп жүр. Бұл жерде өтіліп отырған бағдарламаға сай үш пәнді бірлікте ала отырып, пәнаралық байланысты жүзеге асыруға болады. Қазіргі оқыту технологиясында түрлі шығармашылық бағыттағы тапсырмалар бере отырып, балаларды ізденіске жетелейміз, жеке тұлғаның әрекетін дамытуды мақсат етудеміз. Балалардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттыру, тіл мәдениетін жетілдіру, сөздік қорларын үнемі молайтып, бекіту өмірлік маңызға ие. Өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйретуде олардың ішкі әлемін, олардың өздеріне ғана тән көркем мәдениеті, қызығушылық, қабылдау, ойлау жүйесі, айту, есту, қайталау дағдыларын ескеруіміз керек.
«Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесе – бұл сүйініш, ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесе – бұл күйініш»,- деп Халел Досмұхаметов айтқандай, біз әрбір өзге ұлт баласының өз ана тілімен қатар мемлекеттік тілді меңгеріп өсуі үшін тиімді әдістер мен тәсілдерді қолдана отырып, тіл дамыту жұмыстарын мейлінше ұтымды жүргізуге тырысамыз. Ең басты мақсатымыз: жаңа технологиялық әдістерді қолдана отырып, балаларға сапалы да терең білім беру, олардың ойлау дағдылары мен есте сақтау қабілеттерін жетілдіре отырып, қазақ тілінде еркін сөйлеу дәрежесіне көтеру арқылы мемлекеттік тілімізді сүюге баулу болып табылады. Бөбекжайдағы тәрбиелеу-оқыту жұмысында балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын дамыту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдану, әрі оны күнделікті іс-әрекет кезіндегі тілдік қарым-қатынаста қолдана білуге дағдыландыру ісіне ерекше мән берілген.
Біз өзіміздің тәжірибемізде тіл дамыту жұмыстарының нәтижесі ретінде мынадай шаралар жүргіземіз:
-Қазақстан Республикасында тұратын халықтар күніне орай дәстүрлі түрде өткізілетін тіл апталығы мен тіл кештері;
-ашық ұйымдастырылған оқу қызметтері;
-танымдық шаралар;
-өзге ұлт өкілдерімен өткізілетін аудандық және облыстық «Балғын шақ» байқаулары;
ертегі қойылымдары;
-мемлекеттік мерекелерге ұйымдастырылатын әдеби монтаждар;
-ұйымдастырылған оқу қызметтеріндегі ойындар, сергіту сәттері, мақал-мәтелдер, жұмбақтарды үйрету.
Мектеп жасына дейінгі кезеңдегі балалармен сөздік жұмысын жүргізу ісі — тіл дамытудың негізгі бір міндеттері болғандықтан, балалардың сөздік қорларын дамыту ісінде балалармен сөздік жұмысын үш тілде жүргізе отырып, сөздік қорларын дамытамыз; жаңа сөздерді меңгертеміз; үйренген сөздерін тиянақтап, анықтап, әрі байытып отырамыз.
Осы аталған міндеттерді мұғалім үнемі сөздік жұмысын жүргізуде басшылыққа алып отыруы тиіс. Сонымен қатар, тіл үйрету кезінде балалардың сөздік қорын дамытуда олардың жас ерекшелігін ескере отырып, әдіс-тәсілдерді таңдау қажеттілігі туындайды. Оқу қызметін өткізгенде бірінші орынға ойын және ойын түрлері қойылады, өйткені тіл үйренудегі ең басты міндет ойын арқылы балалардың сөйлеу тілін жетілдіру. Әр оқу қызметі сайын тақырыпқа сай көрнекі құралдар, түрлі суреттер, кестелер арқылы көркемдеп отырсақ, балалардың сөздік қоры біршама толығады деген сенімдеміз.
Төменде келтірілген әдіс-тәсілдерді әрбір ұйымдастырылған оқу қызметтерінде тақырыптардың ыңғайына қарай қолданамыз:
Қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі пәндерін оқытқан кезде қолданылған аудиокітаптар балалардың тілге деген қызығушылығын арттырады, зейін қойып тыңдауға, әр тілге тән дыбыстарды дұрыс айту дағдылары қалыптасады және ауызекі сөйлеу тілдері дамиды.
«Сөйлейтін кітаптар» арқылы кітап бетіндегі оқу қызметіне қажетті сөздерді, шағын сөйлемдерді қайталап айту арқылы сұраққа дұрыс жауап беруге үйренеді.
3.Үнтаспаны пайдалану арқылы аңдардың, құстардың, табиғат құбылыстарының т.б. дыбыстарды ажырата білуге мүмкіндік бар.
Өтілетін оқу қызметінің мазмұнына сай келетін арнайы әуендерді ойнату арқылы оқу қызметін түрлендіруге болады.
Балаларды түрлі байқауларға қатыстыру және әр тілде өлең шумақтарын жатқа оқыту да тіл үйренуге деген қызығушылықты оятады, отбасының да ықыласын тіл үйренуге аударуға көп көмегін тигізеді.
Балалардың ақыл-ойы мен қабілеттерін дамытудың бірден-бір жолы – өзара тілдік қарым-қатынас. Ал тілдік қарым-қатынастағы адам мәдениеті ойын арқылы дамиды, демек балалық шақтан бастап, қартайған кезге дейін адамды ойын жетелеп отырады. Осы аталған әдістердің барлығын бүлдіршіндерге ойын түрінде жеткізгендіктен, ойын оқыту мен тәрбиелеудегі ең басты элемент болып саналады. Дидактикалық ойындар — баланың ынтасын сабаққа аударуға, көңіл қойғызуға, қабылдауын жеңілдетуге, білімді толық игеруге көмектеседі, оқу қызметіне эмоциялық бояу береді.
«Ойын – күнделікті бала еңбегі, болашақ өмірінің бастамасы. Ойын үстінде баланың ертеңгі өмірге деген қабілеті байқалады»,- деген екен К.А.Покровский. Дидактикалық ойынның түрі болып заттық дидактикалық ойын – бұл ойын әртүрлі ойыншықтармен және әртүрлі ойын материалдарымен ұйымдастырылады. «Сөз ойла» ойынының мақсаты: өткен сабақтағы сөздерді қайталау, бекіту. Шарты: текшедегі суреттер арқылы сөз тіркестерін құрастыру. «Сөйлейтін моншақтар» ойынының мақсаты: берілген тақырып бойынша заттарды қасиеттеріне қарай ажырата білу. Шарты: суреттерден моншақ жасау ( жіпке тереді). «Ойнайық та, ойлайық, ойлайық та сөйлейік» ойынының барысы: шеңбердегі суреттерді таңдау арқылы сөйлем құрастырып, байланыстырып сөйлеу. «Жыл мезгілдері» дидактикалық ойынының мақсаты: есте сақтау қабілеттерін дамыту, сөздік қорларын молайту. Ойынның шарты: тақырыпқа сай түрлі-түсті суреттерді қиып жапсыру. «Әңгімелеп бер» дидактикалық ойынында тақырыпқа байланысты байланыстырып сөйлеуді дамыту мақсаты жүзеге асырылады. Ойынның шарты: балаларға тірек сызбалар таратылып беріледі. Олар тақырыпқа сай суреттерді байланыстырып сөйлем құрастырулары қажет. Сонымен қатар мектепке дейінгі жастағы балаларға тіл үйретуде әдебиет жанрларын қолдана отырып балалардың тілдерін дамытуға болады. Ұсынылатын ойын түрлері: «Көршімді іздеймін», «Адасқан сөздерді орнына қою», «Берілген сөздер бойынша мақал құрастыру», «Ребусты шешу». Мысалы, мақал құрастыруға берілетін сөздер ата, ағаш, бала, жапырақ. Мақал: «Ата – ағаш, бала – жапырақ», «Бала тілі — бал». Балаларға мақалдардың мағынасын түсіндіру қажет.
Біз өзіміздің мақсаттарымызға жету үшін ұйымдастырылған оқу қызметтерінің тақырыбына қарай құрастыру және жапсыру сияқты жұмыс түрлерін енгізіп отырамыз. Бұлай басқа пәнді кіріктіру арқылы берілген тапсырмалар балалардың қызығушылығын арттырып, жаңа сөздерді меңгеріп, естерінде жақсы сақтауға мүмкіндік береді.
Осыдан шығатын нәтиже:
— әр бала өздігінен жұмыс істеуге дағдыланады; — баланың жеке қабілеті анықталады; — балалар бір–бірлерінен қалмауға тырысады; — әр бала өз деңгейімен бағаланады; -балалардың сөздік қоры дамиды; -балалардың тілдері жетіледі; -өзіне таныс емес тілді үйренеді; -көпмәдениетті тұлға қалыптасады.
Бүлдіршіндердің тіл меңгеру қабілеттерінің ашылуы үшін біз: -білімімізді ұдайы жетілдіреміз; -бала қабілеті мен біліміне сеніммен қараймыз;
-баланы ақпарат, жаңалықпен қамтамасыз етіп отырамыз; -ата-аналармен тығыз байланыс орнатамыз;
-баланы өмірге бейімдеуде дәл, дұрыс бағыт беріп, жеке ерекшелігіне көңіл бөлеміз. Сондай-ақ, ақпараттық технологияны: электрондық оқулықтар, презентациялар, ойын т.б түрлері балалардың қызығушылығын оятып, қосымша деректерді тиімді қолдануға түрткі болды.
Қорытындылай келе айтарымыз, «Тәрбие мен білім егіз» дегендей, тәрбиелей отырып білім беру баршамыздың алдымызда тұрған міндет болмақ. Тәрбие адамзат баласының ортаға қалыптасуына, өзін-өзі реттеуіне, рухани жан-дүниесінің өсуіне тікелей ықпал етеді. «Қазақтың өз ұлттық қасиеттерін қайта қалыптастыруына қамқорлық жасау — менің перзенттік те, президенттік те парызым» деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұлттық тәрбиенің маңызын баса айтады. Біз де осы ұлы мақсатты іске асыру үшін ұлттық тәрбиені айқындап, білім беру мен тәрбие жұмыстарының ұлттық ерекшеліктерін бала бойына сіңіріп, көпмәдениетті тұлғаны қалыптастырамыз.