МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМНЫҢ ҮШТІЛДІК КӨПМӘДЕНИЕТТІ ТҰЛҒАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҚҰРАЛЫ

Ақболатова Ақтолқын Серікбайқызы,
Ақмола облысы Целиноград ауданы
Нұресіл ауылы.
«Болашақ» балабақшасының тәрбиешісі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көптілді білімді дамытуға назар аударып «Еліміздің маңызды құндылықтарының бірі және басты артықшылығы – көпұлттылық пен көптілділік» деп атап көрсеткені белгілі.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын жаңартуға сәйкес мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі құзыреттіліктерін дамытуға және терең білім беруге, соның ішінде тілді үйрету мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылады. 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі- мемлекеттік тіл, орыс тілі-ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі-жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деп атап көрсеткен болатын. Үш тілде оқыту-заман талабы. Негізгі мақсаты: бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру.

Көптілді білім беру – көпқырлы мәселе. Оның әр міндетін әр қырынан қарау әрбір тәрбиеші-ұстаздың алдында тұрған басты міндеттерінің бірі. Ұстаздың негізгі мақсаты – көптілді және көпмәдениетті құзыреттілікті игерген жеке тұлғаны тәрбиелеп, полимәдениетті тұлғаны қалыптастыруға атсалысу.

Біздің өміріміздің мәні де, салтанаты, махабаты, мәртебесі де – бала. Бала -біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі, келешегіміздің келбеті. Ол әр шаңырақтың шаттығы, қуанышы, баға жетпес бақыты. Сондықтан бала тәрбиесі – бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі. «Тәрбие басы – тал бесік» дегендей, баланың дұрыс өсуі, дұрыс тәлім-тәрбиеге бейімделуі алдымен отбасына, сонан соң балабақша мен мектептегі тәрбиеге байланысты.

Мәселен, біздің Целиноград ауданы, Воздвиженка ауылының «Болашақ» балабақшасында әртүрлі отбасынан, әртүрлі ұлттың балалары тәрбие алып жатыр. Аталған мекемеде полимәдени тәрбие тақырыбы маңызды орын алады. Баланың өй-өрісін дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлықтарының молаюына балабақшаның қызмекерлері барлық күш-жігерлерін жұмсауда. Кеше ғана аяғын аттап басқан жас сәбидің алғашқы рет қоғаммен араласуы балабақшадан басталады. Тіл арқылы балаға тәрбие беріледі. Тіл мәдениетін меңгеру – адамның сәби шағынан іске асатын, келе — келе біртіндеп жетіліп отыратын нәрсе. Олай болса, баланы сөйлеуге үйрету, тілін дамыту мәселесі біздің барлық сабақта жүзеге асырылады. Сөйлеу тілі мен сөздік қоры молая бастаған сайын бала айналадағы адамдармен, құрбылас балалармен белсенді түрде сөздік қарым — қатынас жасайды. Өмірдегі түрлі іс — әрекет жайын білуге құмарта түседі. Өзі түсінген түрлі жайттар туралы әңгімелейтін болады. Баланың өмірлік тәжірибесін дамыту, айналадағы дүниеден алған әсерін әрі қарай кеңейте отырып, бір арнаға түсіру балабақшада арнайы өтетін сабақ, ойын, еңбек процестерінде тәрбиеші-педагогтардың басшылығымен іске асады. Көптілділік ауызекі сөйлеу тілінің даму кезеңінде қалыптасады. Себебі бала отбасында бір тілде сөйлесе, балабақшада немесе аулада бірнеше тілдерді игеруі мүмкін. Мәселен, қазірөзге ұлт өкілдерінің қазақ тілді балабақшаларға өз балаларын беру жағдайы көп кездеседі. Біздің балабақшада қазақ, орыс және ағылшын тіл сабақтары жүргізіледі. Осы себепті бала мектепке дейінгі жасында-ақ бірнеше тілді қатар үйрене бастайды.

Көптілділік — заман талабы. Бір халықтың мәдениетін басқаларымен салыстыру арқылы ғана, әлем суретін әр алуан әрі тұтас көруге мүмкіндік беретін ұлттық мәдениеттің барлық ерекшеліктерін және құндылықтарын сезінуге болады. Көптілділік адамдардардың өзара түсінісуіне жол ашады және қоғамда да, өмірде де өзіндік орын алады. Сондықтан, мемлекеттік тілді және басқа тілдерді үйрену арқылы балалар мен жастардың әлем және ұлттық мәдениетті игерулеріне, өз халқы мен басқа Қазақстан халықтарының дәстүрлері мен мәдениетін зерттеуіне және қабылдауына жағдай жасау керек, яғни полимәдениетті тұлға қалыптастыру керек. Заман өзгерген сайын әдіс-тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып жатыр. Балалардың тілін дамытуды, қызықты үйрету үшін жаңа әдістер мен технологияларды өз тәжірибемізде қолдануға ізденеміз. Жаңа технологияны, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану білім сапасын арттырады сонымен қатар тілін дамыту, байланыстырып сөйлеу барысында балалардың жас ерекшелігін ескеру әдіс-тәсілдерді таңдаумен сай келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *