Жаңа Заман философиясы

Жаңа Заман философиясы деп XVII, XVIII және XIX ғасырларды қамтитын дәуір. Шартты түрде жаңа тарихтың басы деп 1640 жылғы ағылшын буржуазиялық революциясын — капиталистік немесе буржуазиялық қатынастардың, индустриалды өркениеттің бастауы болған құбылысты алады. Үш ғасыр бұрын адамзат ежелгі дүниемен қоштасып (антика және орта ғасырлар), «адам — ғаламдағы ең мінсіз тіршілік иесі, зволюцияның тәжі, демек — дүниенің қожасы» деп сенген жаңа рухани пікірді бекіткен философия болды.

 Рационализм мен эмперизм

         Рационализм (лат. Ratio — «разум») — болмыс пен танымның негізі ақыл-ой деп сенетін философиялық бағыт. Рационализм 3 түрге жіктеледі:

1)     онтологиялық;

2)     гносеологиялық;

3)     этикалық рационализм.

Онтологиялық рационализм бойынша болмыс негізінде ақылды бастама жатыр, яғни болмыс о бастан ақылды.

         Осынысымен рационализм — идеализмге ұқсап кеткенімен (мысалы, Платонның «таза идеялары»), басты айырмашылығы материяның (болмысты) идеяға қарағандағы біріншілігін және материяның (болмыстың) өзінде ақыл барын (болуын) мойындауында. Сондықтан, болмыстың қисындылығы мен ақылды ұйымдастырылғандығына сенетін материалистер (Демокрит, Эпикур, т.б.) — рационалистер.

         Гносеологиялық рационализмнің басты идеясы — «дүниені танып білетін бірден-бір құрал — адам ақыл-ойы» деген тұжырымда. Сондықтан гносеологиялық рационалистер бір жағынан ортағасырлық теология мен схоластикаға қарсы шықса, екінші жағынан эмпиристерге оппонент болды. «Білім — күш» девизін ұстанатын эмпиристер таным негізінде сезімдік тәжірибе жатыр деп сенді («Сезімде болмаған нәрсе — ақылда болуы мүмкін емес»).

         Рационалистердің эмпиристерге қарсы қоятын дәлелдері:

1)     ақыл сүзгісінен өткізілмеген сезім немесе тәжірибе танымға негіз бола алмайды;

2)     ақыл сезім мен тәжірибенің қатысынсыз-ақ өздігінен жаңа білім мен жаңалық аша алады, ол жаңалықтар кейіннен тәжірибе түрінде дәлелденуі мүмкін.

         «Моральдық — этикалық нормалар мен тәртіп негізінде ақыл-ой жатыр» деген түсінік этикалық рационализм деп аталады.

 

 Декарт философиясы

 

         Рационализмнің негізін қалаушы — француз философы, ғалым-математик Рене Декарт (1596-1650жж.) деп саналады.

         Декарттың философиядағы үлесі мынадай:

1)     дүниені танудағы ақыл-ойдың рөлін негіздеді;

2)     субстанция, оның атрибуттары мен модустары туралы ілімді ұсынды;

3)     философиядағы материализм мен идеализм бағыттарын келісімге келтіруге тырысып, дуализм теориясын негіздеді;

4)     танымның ғылыми әдісі және «туа біткен» идеялар теориясын ұсынды.

Болмыс пен таным негізінде ақыл-ой жатқанын Декарт былай дәлелдеді:

1)     дүниеде адамға түсініксіз заттар мен құбылыстар көп (мысалы: Құдай деген бар ма? Оның қажеті қандай? Әлемнің шеті-шегі бар ма? т.б.);

2)     есесіне кез келген құбылыс пен затқа күмәндануға болады (дүние шынымен тіршілік ете ме? Күн шығып тұрғаны рас па? т.б.);

3)     түсініксіз, анық емес заттармен, құбылыстармен салыстырғанда күмәндану нақты қасиет, шын процесс және дәлелді қажет етпейді;

4)     күмәндану — ойдың қасиеті, демек, күмәндана отырып адам ойлайды;

5)     шын тіршілік ететін адам ғана ойлай алады;

6)     ойлау — ақылдың жұмысы болғандықтан, болмыс пен тану негізінде ақыл ғана жата алады.

         Осыған байланысты Декарт: «Мен ойлаймын (күмәнданамын), демек, мен тіршілік етемін» афоризмінің авторына айналды.

         Болмыс мәселесін зерттеу барысында Декарт болмыс мәнін сипаттайтын базалық, негіз болатын ұғымды табуға талпынды. Өз ізденістері нәтижесінде Декарт субстанция ұғымын тұжырымдады.

         Субстанция — өз тіршілігі үшін өзінен басқаны қажетсінбейтіннің бәрі. Ондай қасиетке (өз тіршілігі үшін өзінен басқаны қажетсінбеу) тек субстанция ғана ие және ондай субстанция Құдай ғана бола алады. Құдай мәңгі, құдіретті, жойылмайды және барлық нәрсенің себебі мен өзегі.

         Құдай өзі Субстанция, өзі Жаратушы болғандықтан субстанциялардан құралған дүниені жаратты. Құдай жаратқан субстанциялар да (жеке заттар, идеялар) субстанциялық басты қасиетке ие — тіршілік ету үшін өзінен басқаны қажет етпейді. Алайда бір-біріне қатысты алғанда өзіне-өзі жетімді (жеткілікті) болғанмен Құдайға қатысты алғанда олардың бәрі екінші және оған тәуелді (өйткені оларды жасаған Құдай).

         Жаратылған субстанцияларды Декарт екі текке жіктейді:

1)     материалды (заттар);

2)     рухани (идеялар).

         Сонымен қоса олардың әрқайсысының тек өздеріне ғана тиесілі қасиеттері (атрибуттары) болатынын атап көрсетеді:

         дәйектілік — материалды заттардікі, ойлау — рухани идеялардікі.

         Осылайша, барлық материалды субстанциялардың бәріне тән қасиет дәйектілік (ұзындығына, еніне, биіктігіне, тереңдігіне қарай) және олар сансыз көп рет (шексіздікке дейін) бөліне береді.

         Рухани субстанцияларға ойлау қасиеті тән және олар, керісінше, бөлінбейді.

         Материалды және рухани субстанциялардың басты қасиеттерінен (атрибуттарынан) тарайтын басқа да қасиеттері модустар деп аталады. Мысалы, дәйектіліктің модустары — форма, қозғалыс, кеңістіктегі жағдай, т.б.; ойлаудың модустары — сезімдер, тілектер, түйсіктер, т.б.

         Адам, Декарт пікірінше, екі — материалды (тәндік-дәйекті) және рухани (ойлаушы) субстанциялардан құралған.

         Адам — өз бойына екі бірдей субстанцияны (әрі материалды, әрі рухани) қатар біріктіретін тіршілік иесі, сондықтан ол табиғаттан жоғары көтеріле алады.

         Декарт туа біткен идеялар теориясын ұсынды: таным және дедукция арқылы алынатын білімдермен қатар, ешбір дәлелді қажет етпейтін ерекше, туа біткен идеялар болады. Ол ақиқаттар (аксиомалар) о бастан айқын және шын, олар Құдай ақылы мен адам ақылында әрдайым болған және болатын, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын білімдер. Ол білімдер екі түрде:

1)     ұғымдар;

2)     пікірлер түрінде беріледі.

Туа біткен ұғымдарға жататындар: «Құдай» бар; «сан» бар; «ерік»; «тән»; «жан»; «құрылым», т.б.

Туа біткен пікірлер: «бүтін өз бөлшектерінен үлкен»; «жоқтан ештеңе пайда болмайды»; «бір мезгілде болу және болмау мүмкін емес», т.б.

Декарт практикалық танымды жақтады.

Декарт ойынша таным мақсаттары мынадай болуы тиіс:

1)     адамның қоршаған дүние туралы білімдерін кеңейту және тереңдету;

2)     ол білімдерді адам мүддесі үшін табиғатты барынша пайдалануға қолдану;

3)     адамды жетілдіруге және тәрбиелеуге бағыттау.

4)     түпкі мақсат — адамның табиғатқа үстемдігіне пайдалану.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *