Ежелгі Үнді философиясының даму кезеңдері, онтологиясы және гносеологиясы

Ежелгі Үнді философиясының даму кезеңдері, онтологиясы және гносеологиясы

 

Ведалар б.д.д II-мыңжылдықтың екінші жартысында — I-мыңжылдықтың бас кезінде қалыптасып, бастапқыда ауызша таралды. (Жазу өнері Үндіде б.д.д  I-мыңжылдықтың ортасында ғана пайда болды, яғни көптеген ғасырлар бойына Ведалар ауызша түрде тіршілік етіп, ғасырдан-ғасырға беріліп отырды).

Үнділік философия ведалық мифологияның негізінде туып, Қасиетті Кітаптарда — Ведаларда жазылды.

Белгілі дерек көздеріне сүйене отырып, Ежелгі Үнді философиясын негізгі үш кезеңге бөлу қабылданған:

1)     б.д.д XV — б.д.д VI ғ.ғ. аралығы- ведалық кезең; 

2)     б.д.д VI — б.д.д  II-эпикалық кезең; 

3)     б.д.д II — біздің дәуіріміздің VII ғ.ғ. аралығы-сутралық кезең.

Ежелгі Үнді философиясындағы екінші (эпикалық) кезеңнің (б.д.д VI-II ғ.ғ.)  әйгілі поэзиялық деректері «Махабхарата» және «Рамаяна» эпостарында сол дәуірдің көптеген философиялық мәселелері қарастырылады.

Ежелгі Үнді философиясының кезеңдері сутралық кезеңмен (б.д.д II — б.д VII ғ.ғ.) — жеке мәселелерді қарастыратын нақты тақырыпқа арналған қысқа философиялық трактаттар кезеңімен аяқталады.

         Ежелгі Үнді гносеологиясының (таным туралы ілімінің) ерекшелігі — заттар мен құбылыстардың сыртқы, көрінетін белгілерін (европалық таным түрінің сипатын) емес, сананың нәрселер-құбылыстар дүниесімен қатынасы барысындағы процестерін зерттеу. Осыған байланысты үнді философиясында сана үш түрге жіктеледі: «пракрити» — материалды сана; «пуруша» — таза сана (әлем және адамдар пайда болған бастапқы энергия); «майя» — түстер, елестер.

         Үнді философиясында жан екі бастамадан тұрады:

1)     атман;

2)     манас.

Атман — Брахманнан адам бойына берілетін бөлшек, ұшқын. Атман бірінші, тұрақты, мәңгі.

Манас — өмір барысында қалыптасатын адам жаны. Манас адам тәртібі мен әрекетіне, тәжірибесіне, тағдырына байланысты жоғарылап, жетіледі немесе төмендеп, нашарлауы да мүмкін.

Сансара — жанның тән мен космостық  Брахман (Құдай) арасындағы тоқтаусыз, мәңгілік қозғалысы.

Карма — адамнаң келесі өмірде қандай бейнеде туылуы осы өмірдегі іс-әрекетіне байланыстылығы. Адам өмірлік сынақтар арқылы өз жанын жетілдіріп, жоғары адамшылық дамуға — мокшаға жетуге ұмтылуы тиіс. (Бұл мақсат жолында жан ондаған, жүздеген өмірлер сүруі мүмкін).

Мокша — карма тоқтайтын, жан эволюциясы, космостық Брахман мен жердегі тіршілік арасындағы үздіксіз қозғалыс аяқталатын адамшылық жетілудің жоғарғы шыңы. Мокшаға жету кез келген жанның мақсаты. Мокшаға жеткен жандар шексіз өмірлер тізбегінен босап, махатмаға — Ұлы жандарға айналады.

Ахимса — жер бетіндегі тіршілік формаларының (адамның, жануарлардың және табиғаттың) өзара байланыстылығы, біртұтастығы. Ахимсаның басты қағидасы — «Кіші бауырларға, тірі табиғатқа қиянат жасамау».

Ведалар

 

Ведалар (сөзбе-сөз «білім» деген мағынада) — б.д.д.  XV ғасырларда Орта Азия, Еділ жағалауы, Ираннан Үндіге көшпелі тайпалар-арийлер келіп қоныстанғаннан кейінгі кезеңнен жеткен тарихи-мәдени ескерткіш — діни-философиялық трактаттар жиынтығы. Бұл күнге жеткен Ведалардың 4 түрі:

1)     Ригведа.

2)     Самаведа.

3)     Яджурведа.

4)     Атхарваведа.

Ведалар мынадай бөлімдерден тұрады:

1)     «самхиталар»  —  «киелі жазбалар», діни гимндер;

2)     «брахмандар»  —  абыздар (брахмандар)  шығарған ғұрыптарды баяндау, сипаттау;

3)     «араньяки»  —  «орман тақуаларының кітабы»; 

4)     «упанишадтар»  — 1. сөзбе-сөз: «ұстаздың аяқ жағында отыру»  2. «құпия, асыл білім».

Упанишадтар Ведалардың философиялық түсініктемелер берілетін маңызды бөлімі.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *