Бесік жыры — тұрмыс-салт жырларының көне түрінің бірі.
Әлемде Бесік жырын айтпайтын халық жоқ. Халық педагогикасының мәйегіне айналған бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным—сенімінің, дүниетанымының көрінісі бар. Бесік жырын барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Әлем халықтарының бесік жырлары әр елде әр түрлі аталғанымен, атқаратын міндеті, мазмұн байлығы, поэтикалық құрылымы мен саз-әуені жағынан үндесіп жатады. Бесік жырының басты қызметі — бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру. Бесік жыры баланың сәби кезінде, яғни 1 — 5 жас аралығында, бала жанына жағымды әуенмен айтылады, әуен-сазсыз бесік жырының мәні де, сәні де келмейді. Қазақ бесік жырының үлгілерін алғаш Ә.Диваев хатқа түсіріп, 1905 ж. жариялаған. Содан бері там-тұмдап жиналып келе жатқанымен, халық жырларының асыл үлгілері әлі де толық хатқа түсе қойған жоқ.
Бесік жырларын мазмұны мен поэтикалық құрылымына қарай дәстүрлі бесік жырлары және суырып салма бесік жырлары деп екі топқа бөлуге болады. Дәстүрлі бесік жырлары ел арасында ежелден айтылып, әбден қалыпқа түскен, барлық жерлерде мазмұн желісі мен әуені өзгертілмей орындалатын жырлар. Олар: “Әлди, әлди ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем!” деген ана мейіріміне толы өлең жолдарымен басталып, баланы жұбататын, алдандырып тәтті ұйқыға батыратын шумақтарға ұласады. Сонымен қатар ана:
- “…Айыр қалпақ киісіп,
- Ақырып жауға тиісіп,
- Батыр болар ма екенсің!
- Бармақтары майысып,
- Ою-өрнек ойысып,
- Ұста болар ма екенсің!
- Таңдайларың тақылдап,
- Шешен болар ма екенсің!
- …Құрығыңды майырып,
- Түнде жылқы қайырып,
- Қызмет қылар ма екенсің?!
- Қолымыздан іс алып,
- Бақытымызға жан балам,
Бізді бағар ма екенсің?!” деп баласының болашағын, ел мүддесін, өз арман-мұратымен астастыра жырға қосады.
Ал суырып салма бесік жырларында айтушы жанрлық түрді пайдалана отырып, кезеңдік жағдайларды, өзінің ішкі мұң-сырын өлеңге қосады. Мәселен, Г.Н. Потанин хатқа түсірген бесік жырының бір үлгісінде: “Таудан Тоғас түскен жоқ, Секемен тары піскен жоқ. Тоғас түссе етекке, Қой жүреді жетекке. Жылама, бөпем, жылама” деп жарты құрсақ жатақтар өмірінің ауыр тірлігі суреттелді. Сырлы сөз бен сазды әуен астасып келетін бесік жыры халық педагогикасының бастау бұлағы ғана емес, қазақ әйелінің жан дүниесін танытатын, кезеңдік ел тұрмысынан мол мағлұмат беретін шалқары кең жанр. Оның осы мүмкіншілігін кейінгі жазба әдебиет өкілдері мен сазгерлер де кеңінен пайдаланып келеді.
Ауыз әдебиетінің жанры
Қазақтың музыкалық-поэтикалық фольклорындағы тұрмыс-салт әндерінің арасында кең тараған. Бесік жыры екі түрлі міндет атқарады:
- сәбиді жұбату және оның болашағына деген ата-аналық тілегін білдіреді;
- ананың балаға деген мейірі, махаббаты, ой-арманы, ізгі ниеті, халықтың ақыл өсиеттері айқын керінеді.
Бесік жырына халықтық сипат, дәстүрлі идеапизация, оптимизм тән. Өлеңі 7-8, кейде 11 буынды әнтүрінде құрылады. Әуезов бесік жырын арнайы зерттемеген. Ташкент қаласында шыққан «Жас қайрат» журналының 1924 ж. 3-4-сандарында жарияланған «Халық әдебиеті туралы» деген мақаласында
«халықтардың арасында ауыздан ауызға көшіп, бірден бірге қалып айтылып жүрген: өлең, жыр, ертек, мақал, жаңылтпаш, айырым бесік жырлары, діндар өлеңдер, үлгілі әңгімелер… басқа да, осылар сияқты сездердің бірсыпырасы халық әдебиетіне жатады» |
деп, бесік жырын халық ауыз өдебиетінің жанры ретінде атаған. Жазушының басқа ауыз әдебиетіне арналған еңбектерінде кездеспейді.
«Абай жолы» эпопеясында:
- Қорқытпа менің баламды,
- Гулей соққан ақ боран.
- Балам әже қойнында,
- Келе алмайсың сен бұған, —
деп басталатын бесік жырын енгізіп, Әуезов халық даналығынан туған фольклорлық мұраны пайдаланудың тамаша үлгісін керсеткен («Абай аға» тарауы).