Торебекова Эльмира Абсематовна,
Шилденова Тажикен Калымовна,
Жалмуханова Балауса Хоныспаевна
«Өрлеу»БАҰО АҚ филиалы Атырау ОБПҚБАИ кафедрасының аға оқытушылары
Тіл үйрету мен жұмыс тәртібін ұйымдастыру түрлері
Тіл үйрету іс-әрекетін ұйымдастырудың жетекші түрі — топпен жұмыс істеу болып табылады. Топтардың толымдылығы–8-12 адамнан артық емес.Тілдің үштұғырлығын дамыту бойынша ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттері 4-5 жастағы балаларға-аптасына 1 рет, ұзақтығы 20-25 минуттан, ал 5-6 жастағы балаларға-аптасына 2 рет, ұзақтығы 25-30 минуттан жүргізіледі. Тілдің үштұғырлығын дамыту бойынша ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттері барысында алынған білім барлық режимдік кезеңдердің үдерісінде күнделікті: сәлемдесу,киіндіріп шешіндіру,тамақ ішу,ұйқыға дайындық, ойындар мен серуендер барысында бекітіледі.
Тілдерді үйретуде балалардың сөздерді, дыбыстарды, сөйлемдерді дұрыс айтуы қалыптасады, сөздік қоры жинақталады, ана тіліндегі және басқа тілдегі сөзді түсіну мен қабылдау білігі және жеңіл диалог құруға қатысу білігі қалыптасады.
Тілдерді қатар үйретудің педагогикалық маңыздылығы мектеп жасына дейінгі балалардың заманауи қоғамдағы жалпы қолданылатын тілдердің негізін меңгеруінде. Тек қана ана тілі емес, сонымен қатар ұлтаралық қарым-қатынаста шет ел тілдерінің ауыз екі сөйлеуін меңгеру тұлғаның зияткерлік, эмоционалдық және адамгершілік дамуымен тығыз байланысты.
Тілдік дағдыларды дамытудың негізгі мазмұны мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиелеу мен оқыту бағдарламаларының «Қатынас» білім беру саласында анықталған. «Қатынас» білім беру саласының мақсаты үйретілетін тілдердің ауызша және ауызша емес құралдарымен қоршаған ортадағы адамдармен қарым-қатынас жасауға қабілетті мектеп жасына дейінгі көптілді тұлғаны тәрбиелеу болып табылады.
Ұйымдастырылыған оқу іс-әрекеттері бойынша қойылатын негізгі талаптар: жалпы уақыттың 5–10 минуты үш тілде жүргізілетін жалпы дамытушы лексикалық түрлерге (сергіту кезеңдері, санамақтар, дидактикалық ойындар, тілдік және фонетикалық дайындықтар, тақпақтар мен жаттаулар) бөлінеді.
Балаларға тілдердің үштұғырлығын үйрету әдіс-тәсілдері
Ағылшын тілін үйрету әдістерін таңдау барысында балалардың жас ерекшеліктері ескеріледі.
1.Ойын әдісі балаларды да, педагогтарды да қызықтырады. Ол қарапайымдылығымен тиімді: оқытушы тілді үйрету және жетілдіру бойынша сабақты ойын түрінде жүргізеді. Оның құндылығы – ол бір жастан бастап ауызекі сөйлеу тілін, дұрыс айтылуын дамытады.
2.Қарапайым математикалық әдіс үш жастан бастап математикалық түсініктерді қалыптастыруға икемді. Балаға сандық жүйені игерте отырып, сандар қатарын айта білуге, кері санауға үйрету әдісі тілдердің негізін қалауға мүмкіндік береді. Үйренген сөйлеу тілін өмірлік жағдайларда қолдана алатын болады. Ойыншықтармен сюжетті ойындар ойнату арқылы математикалық түсініктерін қалыптастыру-олардың логикалық ойлауын дамытуға ықпал етеді.
3.Демонстрациялау әдісі баланың көру арқылы есте сақтауын, суреттерді атай білуі, түрлі үлестірмелерді тани білуі қалыптасады. Көрген заттар туралы сөйлем құра отырып, байланыстырып сөйлеуге дағдыланады.
Жобалау әдісі белгілі бір тақырыпқа бағдарланады. Тілді үйретуші тақырып таңдауға көмектесе отырып, балалардың қызығушылығын арттыратын әртүрлі іс-әрекет түрлерін ұсынады. Балалар дербес орындауы үшін (немесе ата-аналарының көмегімен) тапсырмалар алады. Қорытынды сабақтың уақыты келгенде балалар жобаның тақырыбына ауқымды шығармашылық жұмыстарымен келеді.Олар өздерінің жинақтаған материалдарын жүйелеп, топтап, талдап, талқылауға ұсынады. Нәтижесінде өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетеді. Олардың презентациялық жұмыстарынан тілдерді игерулері мен оған деген қызығушылықтары айқын байқалады.
Жеке баламен жұмыс
Баланың заттық-дамытушы ортаның тілдік кеңістігіне енуі үшін:
таспа, диск және басқа да электрондық тасымалдағыштарда аудио-видео материалдар;
үстел үстінде–сөздіктер, ойындар, тіл үйретуші құралдар, кітаптар;
-тақырыпқа сәйкес рөлдік,лексикалық мазмұны бар сахналандырылған ойындар;
ертегілерді сахналау мен тақпақтарды мәнерлеп оқуда балалар өздерінің жетістіктерін көрсете алатын ертеңгіліктер, мерекелер қажет.
Жеке баланың тіл үйренуге икемділігі:
а) балалардың таныс емес тілде үлкендердің тіліне еліктеуі; б) көру, есту және әсем бейнелерді құруы.
в) оқу-дидактикалық ойындарды қолдануы; г) жұмбақтар айта білуі;
д) ертегілер мен шағын әдеби шығармаларды драмалауға қатысы.
Жеке баламен жұмыс жүргізудің ұстанымдары:
мадақтаудың түрлі құралдарын қолдану;
-бала бойында баланың тілдік қабілетін арттыратын педагог пен балалар арасындағы оң қарым-қатынастарды қалыптастыру;
-лексикалық тапсырмаларды арттыра отырып, күнделікті өмірде жинақталған сөздік қорын белсендіру;
-балалардың қысқа мерзімді есте сақтауын ескере отырып, өткен материалға қайта оралып, оны келесі қайталауларға енгізу;
-сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған дұрыс тілдік құрылымдарға үйрету;
-жұптық және топтық үйретулерге айрықша ықылас бөлу.
Осы ұстанымдар топта қолайлы психологиялық ахуал құруға және тілдік кедергілерді жоюға көмектеседі.
5-6 жастағы балалардың сөйлеу дағдысының қалыптасуы
Мектепке дейінгі ересек жастағы балалар ана тілін еркін меңгереді. Тілдің белсенді сөздік қоры 2500-3000 сөзді құрайды. Бұл балалардың үлкен тәжірибесімен (алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда), олардың зияткерлік қабілеттерінің дамуымен: көп бейнелі байланысын құру іскерлігімен, бар білімдерін жеңіл қолдану,жалпылай білу,қорытынды жасай білуімен байланысты.
Қарым-қатынас адамның көңіл күйі мен эмоционалдық күйін анықтау, өзінің ішкі дүниесін түсіну тәсілдерімен тілдің ұғымдарды меңгеруіне бағытталады. Бұл жастағы балалар үшін айналасындағы адамдардың тілдеріне сын көзбен бағалау қарым-қатынасы мен өз ойының нақтылығын қадағалау қабілеттерін дамыту тән.
Бұл жаста балалар сөздердің дыбысталуы мен мағынасына, оның дыбыстық түріне, тілдегі сөздердің тіркестері мен қабысуларына қызығушылықпен қарайды.
Әңгімелесушілердің назарын өздеріне аударуда мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың талпынысы өзінің тілін мәнерлі, бейнелі етудегі әрекеттерінен байқалады. Бұл жаста балалар тілдің дауыс ырғағының құралдарын қолданумен ғана емес, сонымен қатар,тілге тән эпитет,теңеу, метафора секілді мәнерлілік құралдарын меңгеруге қабілетті.
Мектепке дейінгі ересек жаста балалардың тілінде елеулі дербес ерекшеліктер білінеді.