Сөздіктердің түрлері

Сөздіктердің түрлері

Сөздік

Сөздіктердің түрлері өте көп, шартты түрде оларды лингвистиқалық, филологиялық және анықтама сипатындағы энциклопедиялық Сөздіктер деп бөледі. Энциклопедиялық сөздіктерде белгілі бір салаға қатысты ұғым, дерек, зат, құбылыстар сипатталса, лингвистикалық Сөздіктер әліпбилік тәртіппен белгілі бір тілдің лексикасы мен фразеологиясын түсіндіруді мақсат тұтады. Мұндай сөздіктер әдеби тілдің әбден қалыптасып, халықтың тіл мәдениеті кемелденген тұста, сөз байлығын нормалық тұрғыдан сипаттау қажеттілігі туындаған жағдайда жасалады. Лингвистикалық сөздіктердің бірнеше түрлері бар: екі тілді не көп тілді аударма сөздіктер, т.б. Аударма сөздіктер бір тілдегі сөздерді басқа тілдің балама сөздерімен беріп, ұлттар арасында сөз алмасу үрдісін, өзара қарым-қатынас жасауды дамытса, түсіндірме сөздіктер сөздердің лексика-грамматикалық сипатын, экспрессивті-эмоционалды бояуын танытып, маңызды ақпараттық дереккөзін сақтаған рухани қазына ретінде қабылданады (қараныз Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі).

Көп елдерде ұлттық тілдің түсіндірме сөздіктерін жасау мемлекеттің тіл саясатының негізгі бөлігі ретінде арнайы мемлекеттік бағдарламаларға енеді. Синонимдер сөздігі сөздің экспрессивті-стилистикикалық реңі мен мағынасын сол сөзге мағынасы жағынан жуық келетін басқа бір сөзбен түсіндіріп, синонимдік шоғыр жиынтығын құрайды. Омонимдер сөздік тұлғасы бір, мағыналары әр түрлі сөздерді, ал антонимдер сөздігі мағыналары қарама-қарсы сөздерді қамтиды. Фразеологиялық сөздіктер тілдегі тұрақты тіркестердің (идиомдар, фразеологизмдер) мағынасын түсіндіріп, стилистик. сипатын айқындайды. Этимологиялық сөздіктер жеке сөздердің тарихын, шығу төркінін ашады. Орфографиялық сөздік сөздердің дұрыс жазылуын, ал орфоэпиялық сөздік дұрыс айтылуын көрсетеді (қараңыз Қазақ тілінің орфографиялық сөздіктері; Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздіктері). Терминологиялық сөздіктер жеке ғылым салаларына байланысты терминдерді түсіндіреді, олардың түрлері кәсіп салаларына қарай ұдайы толығып отырады.

Лингвоелтану сөздігі белгілі бір тілде сөйлеушілердің ұлттық ерекшеліктерін сипаттайды. Топонимикалық сөздіктер жер-су аттарын түсіндіруге, қаламгер тілінің сөздігі оның шығармаларының көркемдігін, ұлттық тіл байлығын қолдану ерекшелігін тануға арналған. Мұнан басқа да диалектологиялық, ономастикалық, паронимдік, жиілік, жаңа атаулар, т.б. сөздік түрлері бар. Техниканың дамуына байланысты сөздік түзудің компьютерлік технологиясы жасала бастады. Компакт-дискімен таратылатын немесе компьютерлік жүйенің серверлерінде орналастырылған түрлі электрондық сөздіктер бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *