Жүсіп Сұлтанхан Аққұлұлы — әлихантанушы—ғалым, халықаралық журналист. 1962 жылы Түркістан қаласында туған. 1990 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың филология факультетін бітірген. Ауғанстанда әскери борышын өтеген. Алматыда өрт сөндіру қызметінде, Политехникалық институттың зертханасында, Ақтауда кәсіптік-техникалық училищеде жұмыс істеген. 1990-1995 жылдары ҚР ҰҒА М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, 1995-1996 жылдары Өнер академиясында кафедра меңгерушісі, аға ғылыми қызметкер, 1995 жылдан Прагадағы «Азаттық» радиосының тілшісі. 1997-2001 жылдары осы радионың Астанадағы тілшілер қосынының басшысы, 2001 жылдан Прагадағы қызметкері. 1991- 1994 жылдары ол Ресей мұрағаттарынан Ә.Бөкейханға қатысты мол мұра тапты. 1995 жылы зерттеутті Ә.Бөкейханның «Таңдамалысын» құрастырып, бастыртты. Баспасөзде қазақ және орыс тілдерінде зерттеулер жазды. Осы жылы Алашкөшбасшысының шығармашылығы мен қайраткерлік еңбегі бойынша кандидаттық диссертация қорғады. Ғылыми жұмысының толық мәтіні «Жұлдыз» журналында 1996 жылы жарияланды.