Оқу мен жазуды үйренудегі қиындықтарды жеңу әдістемелері.
Мектептегі үлгермеушілік ішкі және сыртқы әсерлерге, соның ішінде психиканың жеке жүйелерінің жеткілікті түрде жетілмеуіне негізделген. Бұл деген сөз бала өте төмен интеллектіге ие немесе оның құрдастарына қарағанда қабілеті нашар дегенді білдірмейді. Аталмыш құбылыстың себебі бас миының дамуындағы жеке дара ерекшеліктерге байланысты.
Бас миының жетілу жолдары, яғни психиканың қалыптасуы дамудың гетерохрондылығы яки жекелеген құрылымдар жетілуінің әр алуан қарқынына байланысты. Бас миы дамуының бұл ерекшелігі мектеп қабырғасын аттайын деп жүрген балалардың психикалық процестердің түрліше жетілу деңгейлеріне ие болуына алып келеді. Сондықтан, балаға қойылатын педагогикалық талап-тардың оның мүмкіндіктеріне сәйкестігін ескеру керек.
Қазіргі таңда практикалық тәжірибе негізінде минималды ми дисфунк-цияларының салдарынан туындайтын түрлі науқастарға шалдыққан төмен-дегідей балалар топтарын ажыратуға болады:
1. Дыбыстарды нашар қабылдайтын балалар. Бұл дегеніміз бала нашар естиді деген сөз емес, ол кәнігі өмірлік қызметке жеткілікті қалыпты есту қабілетіне ие. Мұндай ауытқушылық тек қана бала сауатын ашып, жазуды меңгеруге ықылас қойғанда айқын білінеді. Дүйім жұртқа мәлім, дыбыс түрлі биіктіктегі тондар мен жарты тондардың үйлесімділігі болып табылады. Сөйлеу ағынында дыбыстар бір-біріне әсер етіп, үндесіп кетіп жатады. Сондықтан, дыбысты дұрыс қабылдау үшін оның барлық бояуларын анық аулай білу керек. Дыбыстарды нашар қабылдайтын балалардың бұған әлі жетпейді. Нәтижесінде қабылданған дыбыстар санаға сол күйінде сіңіп, үйреніп жатқан түсініктермен сәйкес келмейді және дұрыс жазылмайды. Мұндай балалар ауызша диктантты жаза алмайды, әйткенмен кітаптан жап-жақсы-ақ көшіреді.
2. Балалардың екінші тобы – сөйлеу қызметі бұзылған балалар. Мұндай балаларға айналадағылар оншалықты байқай бермейтін артикуляцияның кішігірім өзгерістері тән. Сөйлеу ағынында бала барлық дыбыстарды жеткізе біледі және оны тыңдап тұрған адам оларды дұрыс қабылдайды, бірақ анық емес артикуляцияның салдарынан жеке дыбыстар баланың санасында арала-сып, шашырап кетеді. Артикуляцияның мұндай ауытқушылықтарын артику-ляциялық аппарат талшықтарының гипо және гипертонусы тудырады.
3. Түсінік аппараты бұзылған балалар. Бұл қандай да бір себептерге байланысты (нашар жады, шағын өмірлік тәжірибе, психологиялық науқасқа шалдығу, отбасылық қарым-қатынастың жеткіліксіздігі және т.б.) баланың түсінік аппаратының жұпыны болуын білдіреді. Мұндай балалар өздері оқып және жазып жатқан сөздердің мән-мағынасын түсіне алмайды, яғни сөздер олар үшін жәй ғана мәнсіз әріптердің терімі болып қалады. Әлбетте, ондай бала өзі оқыған мәтінін қайта айтып бере алмайды, әрі сөздер мағынасын түсінбеуіне байланысты жазуда қателіктер жібереді.
4. Тағы бір топты тіршіліктің кеңістік құрылымы туралы түсінігі қалыптаспаған балалар құрайды. Адам әлемінің кеңістік ұйымдасуы үш негізгі туындыдан тұрады: 1) шынайы кеңістік; 2) құрылымы бойынша шынайы кеңістікке ұқсас адамның ішкі әлемінің кеңістігі; 3) квазикеңістік, яғни адамзат өндірген белгілер мен символдардың тәртіптілігі. Шынайы өмірде кеңістіктің соңғы түріне ешқандай нәрсе ұқсас емес, сол себептен ол ең күрделісі. Баланың кеңістік факторы бұзылған деп айтып жатқанда, оның нақ осы квазикеңістікті қабылдауы бұзылған деп ұғынуға болады. Бұған шалдыққан бала әріп, сандар т.б. белгілер мен символдардың кезектілігін қабылдай алмайды. Хатта бұл бос орындар қалдыру немесе әріптерді жүйесіз қайталау, тасымалдарды дұрыс қоймау, сөйлемдер арасын шекарамен бөлмеу және т.б. сол сияқты қателіктер жіберу түрінде көрініс табады.
Оқыту процесі кезінде балалардың осындай даму ерекшеліктерін ескеріп, сәйкесінше нақтылы оқыту әдістемелерін қолдану керек.