Лекцияның мақсаты: Сөйлеу тілі бұзылған баланың сөйлеу қабілетінің өздігінен белгілі бір бағытпен дамуын, сөйлеу кемістіктерінің адамның жеке басының қалыптасуына, психикасының дамуына тигізетін ықпалын анықтауға үйрету.
Лекцияның жоспары:
- Логопедияны оқыту әдіетемесінің мақсаты мен
міндеттері.
- Тіл кемістіктерінің ерекшеліктеріне байланысты
қолданылатын түзету әдістері мен амалдары.
Лекцияның барысы:
Логопедия дегеніміз — сөйлеу тілі кемістіктерін, оның бұзылу себептерін, болдырмау жолдарын, сонымен бірге осындай кемістіктерді әртүрлі жолдармен түзетіп жоюдың тәсілдерін зерттейтін ғылым.
Логопедия — логос (сөз және пайдео) тәрбиелеймін, үйретемін деген грек сөздерінің түбірінен алынған. Логопедия арнайы педагогиканың бір саласы болып есептелінеді. Логопедияның зерттеу обьектісі — сөйлеу тілінің бұзылуынан зардап шеккен адам.
Қазіргі логопедия мектеп жасына дейінгі, мектептегі логопедия және жеткіншектер, мен ересектер логопедиясы деген бөлімдерден тұрады.
Логопедияның мақсаты мен міндеттері.
Логопедияның негізгі мақсаты сөйлеу тілі бұзылған баланы оқытуды, тәрбиелеуді және қайта тәрбиелеуді, сонымен қатар сөйлеу тілінің кемістіктерінен алдын – ала сактандыру жолдарын ғылыми негізде жете зерттеу болып табылады.
Логопедия ғылымының анықтамасына сүйене отырып, мынадай міндеттерді белгілеуге болады:
- Әртүрлі тіл кемістіктеріндегі сөйлеу тілі қызметінің дамуын зерттеу.
- Сөйлеу тілі бұзылуының таралуын, оның симтоматикалық белгілерін анықтау.
- Сөйлеу тілі бұзылған баланың сөйлеу қабілетінің өздігінен белгілі бір бағытпен дамуын, сөйлеу кемістіктерінің адамның жеке басының қалыптасуына, психикасының дамуына тигізетін ықпалын анықтау.
- Әртүрлі ақаулары бар балалардың сөйлеу тілінің қалыптасу ерекшеліктері мен кездесетін тіл кемістіктерін зерттеу.
- Сөйлеу тілі бұзылуының себептерін, белгілерін, құрылымын, механизмдерін анықтау.
- Сөйлеу тілінің кемістіктерін анықтайтын, ажырататын педагогикалық тәсілдерді жетілдіру, дамыту.
- Сөйлеу тілі кемістіктерін жүйелеу.
8 . Тіл кемістіктерінің ерекшеліктеріне байланысты қолданылатын түзету әдістері мен амалдарын жетілдеру.
- Қазақ тіліне тән дыбыстардың артикуляциялық ерекшеліктерін және түзету тәсілдерін анықтау.
- Сөйлеу тілі кемістіктерінен алдын – ала сақтандыру тәсілдерін толық жетілдіру.
- Логопедиялық жәрдемді ұйымдастыру мәселесін жете зерттеу.
Көрсетілген міндеттерден логопедияның теориялық және практикалық бағыттылығы анықталады. Өзімізге белгілі біздің тіліміз екі міндетті атқарады.
Біріншісі адам мен адамды — өзара қатыстыру, байланыстыру құралы ретінде қолданылса, екіншісі айтайын деген ойларын бір – біріне жеткізіп түсіну үшін қолданылады.
Тілдің сөйлегенде бұзылып, дыбыстың дұрыс қолданылмауы адамның әлеуметтік белсенділігіне, жеке басының қызметіне, сонымен қатар психикалық дамуына әсерін тигізу мүмкін. Күрделі тіл мүкістері немесе тұтықпа сияқты кемістіктер мектепте баланың оқу үлгерімінің төмендеуіне себебін тигізсе, өскенде мамандық таңдауына әсер етіп, қиындық туғызады.
Біздің тіліміз ойлаумен тығыз байланысты. Баланың тілін дамытумен бірге біз оның ойын да дамытамыз. Адамның ойлауы тек тіл аркылы ғана туып және де сол арқылы қолданылады. Олай болса баланың дұрыс сөйлеуі ойының дамуы үшін де үлкен маңызы бар. Сөз қорының аздығы, тілдің толық жетілмеуі ақыл – ойдың дамуын төмендететін нышаны болады.
Тіл кемістігі көбінесе мектеп жасына дейінгі балаларда кездеседі. Егер осы кемістіктер дәл уақытында жойылмаса олар барған сайын ұлғайып нығаяды да, баланың дұрыс жетілуіне кесірін тигізеді.
Студенттердің оқытушымен бірге орындайтын жұмысы (СОӨЖ):
- Логопедия ғылымының міндеттерін талдау.
- Тіл мүкістігі бар, балалармен жүргізілетін жұмыс кезінде қолданылатын әдіс — тәсілдер жайында пікір алмасу.
Студенттердің өздігінен орындайтын жұмысы (СӨЖ):
- Тіл кемістігін түзетуге арналған сабақ жоспарын жасау;
- Тәрбиешінің шығармашылықпен жұмыс істеуіне қандай жағдай керектігі туралы пікір сайысқа дайындалу.
Қолданылатын әдебиеттер:
- Усова А.П. Обучение в детском саду.- М., 1981
- Астапов В.М. Введение в дефектологию с основами нейро – и патопсихологии М., 1991
- Блюмина М.Г. Распрастраненность, этиология и некоторые особенности клинических проявлений сложных дефектов. // Дефектология, 1989, №3//