Дизартрия

                          

 

Лекцияның мақсаты:

 

Студенттерге дизартрия ауруы жайында теориялық білім бере отырып, аурудың бірнеше түрлерінің ерекшелігімен таныстыру. Оның мектеп жасына дейінгі балаларда пайда болу себебімен, ауруды болдырмаудың жолдарын түсіндіріп, ауруға шалдыққан балалармен жұмыс жүргізудің әдістерін үйрету.

 

Лекцияның жоспары:

 

  1. Дизартрия ауруына жалпы сипаттама.
  2. Дизартрияның түрлері.
  3. Дизартрияға шалдыққан балаларды тексеру.
  4. Түзету жұмысының негізгі бағыты.

 

Лекцияға керекті құралдар: Дизартрия ауруына шалдыққан балалардың суреті.

 

Лекцияның барысы:

 

Дизартрия дегеніміз сөйлеу мүшелерінің инервациясының жеткіліксіздігіне байланысты сөйлеу тілі дыбыстардың айтылу кемістіктері.

Дизартрия гректің артрон – мүшелену және бөлшек, дис – бұзылу сөздерінен шыққан. Анықтап айқын сөйлеудің бұзылуы деген мағынаны білдіреді.

Дизартрияның басты көріністеріне сөйлеу тілі дыбыстардың бұзылуы, дауыстың пайда болуындағы кемістіктері, сонымен бірге сөйлеу шапшаңдығындағы, сарынындағы өзгерістер жатады.

Аталған кемістіктер орталық немесе шеткі нерв жүйелерінің зақымдануының түрліше қисындасып жинақталуына, кемістіктердің ауырлығына, ақаулықтың пайда болған уақытына байланысты дәрежеде көрінеді.

Клиникалық, психологиялық және логопедиялық тексерудің нәтижесі дизартриясы бар балалар сөйлеу тілінің, психикасының қимылдарының бұзылулары жағынан әр алуан екенін көрсетті.

Дизартрияның шығу себебі баланың құрсақтағы және жас кезіндегі жетіліп келе жатқан миына әртүрлі келеңсіз жәйттердің тигізетін зиянының нәтижесінде орталық нерв жүйесінің органикалық зақымдануының әсерінен болады. Бұл көбінесе толғақ қызуының келеңсіз жағдайларына мүмкіндік жасайтын ұзаққа созылған қатты инфекцияның оттектің жетіспеушілігінің, екіқабат кезіндегі токсикоздық және басқа да бірқатар жәйттердің нәтижесінде құрсақтағы зақымданудан болады. Бұндай жағдайлардың көбіне бала туылған кезде асфиксия пайда болады және шала туады.

Дизартрия резус – фактордың қосылмаушылығынан пайда болуы мүмкін. Өмірінің алғашқы кездеріндегі  нерв жүйесінің инфекциялық ауруға шалдығуының әсерінен де дизартрияға шалдығуы сирек кездессе, сал ауруына шалдыққан балаларда жиі кездеседі. Е.М.Мастюкованың берген мәліметі бойынша сал ауруына шалдыққан балалардың 65 – 85 – і дизартрия болады екен.

 

                                Дизартрияның түрлері.

Сопақша ми дизартриясы. Сопақша ми дизартриясы артқы ми құрамына кіретін сопақша мидың қабынуы немесе ісіну ауруларына шалдыққан кезде байқалады. Сонымен сопақша миға орналасқан бас сүйек пен миға қатысты қимылдатушы тіл асты, тіл жұтқыншақ кейде үш жақты, кезбе нервтерінің маңызды бөліктері (ядролар) бұзылады.

Сопақша ми дизартриясы жұтқыншақ, көмекейдің, тілдің, жұмсақ таңдайдың бұлшық еттерінің сал болып немесе әлсізденіп қалуымен сипатталады. Бұл сияқты ақаулығы бар баланың қою және сұйық тамақты жұтуы мен шайнауы қиындайды. Дауыс жұмсақ таңдайдың дұрыс жетілмеуінің себебінен әлсізденіп ыңылдап естіледі. Сөйлеу тілінде ұяң дыбыстар айтылмайды. Жұмсақ таңдайдың әлсізденуінің салдарынан іштен шығатын ауаның ағыны мұрын жолы арқылы еркін өтеді де, айтылатын барлық дыбыстар мұрыннан ыңылдап естілетін  болады.

Дизартрияға шалдыққан балаларда тілдің және жұтқыншақтың бұлшық еттерінің күш – қуатының әлсірейтіні байқалады және міңгірлеп өте түсініксіз, көмескі сөйлейді. Сопақша ми дизартриясына шалдыққан баланың бет әлпеті келіссіз келеді.

Ми қыртысы асты дизартриясы.  Ми қыртысы асты дизартриясы бас ми қыртысының астындағы тораптардың зақымдануынан пайда болады. Ми қыртысы дизартриясы бұлшық еттер күш – қуатының ширығуының әсер етуінен және гиперкинезімен сипатталады.

Гиперкинез дегеніміз баланың бақылауынсыз сөйлеу тілі мүшелеріндегі және мимикалық бұлшық еттерінің еріксіз күшпен қимылдауы. Бұндай қимылдар тыныш тұрған жағдайда байқалады, бірақ бұл қимылдар сөйлеген кезде күшейеді. Бала ойнау барысында, жақындарымен немесе көңіл – күйінің басқа жағдайда әсерленіп тұрғандағы әңгімелесі кезінде жеке дыбыстарды, сөздерді және қысқа сөйлемдерді дұрыс айтуы мүмкін, бірақ артынша сол дыбыстардың біреуінде айта алмай қалатын жағдайға ұшырайды. Сөйлеу мүшелері құрысады, тілі тартылады, дауысы үзілмелі болады. Кейде еріксіз айқайлап дыбыстардың көмейді бұзып – жарып шығатыны байқалады. Балалар сөзді, сөйлемді жылдамдатып тез – тез сөйлейді немесе керісінше сөздерін бөліп – бөліп айтады. Сонымен қатар, дауысының күші мен саздылығы бұзылады.

Ми қыртысы асты дизартриясының ерекшелігі сөйлеу тілінің шапшаңдығы, ырғағы, сарыны, сарыны жағынан ұйқастығының бұзылуымен сипатталады. Кейде ми қыртысы асты дизартриясы бар балалардың сөйлеу тіліндегі ақаулықтарының асқынып кетуінің салдарынан есту қабілетінің нашарлауына әкеп соғады.

Мишық дизартрисы. Қысқа қайырылатын келте сөздермен, кейде жеке дыбыстардың шаңқылдап қатты естілуімен сипатталады. Мишық дизартриясы балаларда сирек кездеседі.

Ми қыртысы дизартриясы. Дизартрияның басқа түрлеріне ұқсас болып келеді. Ми қыртысы дизартриясында сөйлеу мүшелерінің дыбыстардың айтылу кезіндегі еркін қозғалу бұзылады. Ми қыртысы дизартриясында дыбыстардың айтылуындағы көріністер алалияға ұқсастығы бар, себебі ең алдымен сөздің буындық – дыбыстық айтылуы бұзылады. Балалардың дыбыстарды жеке тұрғанда анық айтуға қабілеті бар, ал сөйлегенде сөздердің құрамындағы сол дыбыстардың орындарын шатастырады. Әсіресе тіркесіп келетін дауыссыз дыбыстардың қатары бұзылып, жылдамдатып тез сөйлегенде тұтықпаға ұқсап кекештеніп қалады.

Ми қыртысы дизартриясының алалиядан айырмашылығы сөйлеу тілінің лексико –грамматикалық құрылысының дамуында бұзылатындығы байқалмайды. Ми қыртысы дизартриясын дсилалиядан айыруға болады. Бұндай балалар сөйлеген кезде бір дыбыстан екінші дыбысқа өтуі қиындайды.

Жалған сопақша ми.  Бұл балаларда жиі кездесетін ақаулықтың бір түрі. Жалған сопақша ми дизартриясы баланың жас кезіндегі, ананың босанып жатқан уақытта немесе құрсақтағы энцефалит, құрсақ зақымы, ісік, тағы да басқа ауруларға шалдығуының салдарынан мидың органикалық зақымдануының нәтижесінен пайда болады. Жалған сопақша ми сал болып қалуының нәтижесінде баланың жалпы сөйлеу тілінің қозғаушы мүшелері бұзылады. Нәресте нашар емеді, шашалады, қақалады, нашар жұтады. Аузынан сілекей ағып, беттің бұлшық еттері бұзылады.

Жалған сопақша ми дизартриясының жеңіл, орташа, ауыр түрі болып үшке бөлінеді.

  1. Жалған сопақша мидың жеңіл дәрежесі сөлеу тілі мүшелерінің қозғалыс қимылында өрескел бұзылуларының болмайтындығымен сипатталады. Сөйлеу тілі мүшелерінде кездесетін кемістік баланың тілі мен еріндері салбырап жай қимылдайды және бағытын дұрыс ұстай алмайды. Баланың сирек шашалатындығынан оның шайнап және жұтына алмайтындығы білінбейді. Сөйлеу тілі мүшелеріндегі күрделі ж, ш, р, ц, ч дыбыстарының айтылуында жиі қиналады. Дизартрияның жеңіл дәрежесінде балалардың көпшілігі дыбыстық талдауда біраз қиындықтарды көреді. Кейбір өзгешеліктерді балаларды өте мұқият тексергенде ғана анықтауға болады, оның өзі көзге түсетіндей сипат бермейді.
  2. Жалған сопақша ми дизартриясының орташа дәрежесіндегі балалардың көптеген топтары бар. Бұл кемістіктің ерекшелігі беттің бұлшық еттері қимылдамайды. Бала ұртын ауаға толтырып бұртита алмайды, еріндерін алға созып немесе жымқырып қыса алмайды. Тілі нашар қимылдайды. Бала тілінің ұшын жоғары көтере алмайды, оңға, солға бұра алмайды. Бұрынғы қалпында ұстап тұра алмайды. Бір қимылдан екінші қимылға ауысу едәуір қиын. Жұмсақ таңдай нашар қимылдайды, дауысы ыңылдап естіледі. Шайнауы мен жұтуы қиын.

Баланың сөйлеу тілі өте түсініксіз, көмескі жай естіледі. Еріндерінің нашар қимылдауының салдарынан  сөйлеу тілінде дауысты дыбыстар дұрыс айтылмайды. Ауыздан шығатын ауа ағыны нашар сезіледі. Нәтижесінде жалған сопақша ми дизартриясына шалдыққан балалардың сөйлеу тілінің түсініксіз болатындығы соншалық, олардың тіпті сөйлеуге де құлқы болмайды. Сөйлеу тілінің жетілуінің кешігуіне байланысты бұндай жағдайда баланың адамдармен қатынас тілінің тәжірибесі өте кем болады. Бұндай балалар жалпы білім беру мектебінде үлгеріп оқи алмайтындықтан, сөйлеу тілі қатты бұзылған балаларға арнайы мектеп ашылған.

  1. Жалған сопақша ми дизартриясының анартрия деп аталатын ең ауыр үшінші дәрежесі бұлшық еттерінің қатты зақымдануы мен сөйлеу тілі мүшелерінің мүлдем жұмыс істемейтіндігімен сипатталады. Анартрияға шалдыққан баланың бет – түрі өлі бейнеге ұқсас болады. Астыңғы иегі салбырап, аузы әрқашан ашық жүреді. Тілі ауыздың ішінде жалпағынан созылып, қимылсыз жатады. Еріндері болар – болмас қимылдап, шайнауы мен жұтуы қиындайды. Сөйлеу тілі мүлдем жоқ, кейде жекелеген бір дыбыстарға ұқсаған үн шығарады.

Ақыл – ойы жақсы жетілген анартриялық балалар да сөйлеу тілі қатты бұзылған арнайы мектептерде оқи алады, сонымен бірге арнайы логопедиялық тәсілдердің жәрдемінің арқасында жазуға дағдылануды және жалпы білім беретін мектептің оқыту бағдарламасын ойдағыдай меңгереді. Жалған сопақша ми дизартриясына шалдыққан балалардың барлығына тән қасиет сөздің құрамындағы дыбыстарды айтылуында алмастырғанымен буындардың реттік санын және екпінін сақтайды. Қағида бойынша олар екі – үш буындық сөздерді айтуды меңгереді, ал төрт буындық сөзді жалпылама үстірт қана қайталайды.

Баланың сөйлеу тілін сөздің құрамында қосарланып келген дауыссыз дыбыстардың айтылуы қиындық туғызады. Бала бұндай сөздерді айтқанда бір дауыссыз ( алтын – атын ) немесе екі дауыссыз да ( семсер – сер ) түсіп қалады. Сөйлеу тілі мүшелерінің қозғалуының қиындығынан айтылуында бір буыннан екіншісіне өткен кезде сол буынға ұйқастырып буынның тұлғасын өзгертіп айтатын жағдайлар да кездеседі.

 

  Студенттердің оқытушымен бірге орындайтын жұмысы (СООЖ):

  1. Дизартрияға шалдыққан балалармен жұмыс түрін атап, оның бала үшін тиімділігін дәлелдеу.
  2. Дизартрияға шалдыққан баламен үйдегі жүргізілетін жұмыс түрін талдау.
  3. Сөйлеу мүшелерінің  қозғалуын тексеру үшін, оның құрылысының ерекшеліктерін және ақаулықтың анатомиялық сипатын талқылау.

 

 

Студенттердің өздігінен орындайтын жұмысы (СӨЖ):

  1. Балаларда болатын дизартрия түрлерінің ерекшеліктері жайында конспект жасау.
  2. Дизартрияға шалдыққан баланың сөйлеу тілінің дамуына, артикуляцияның бұзылуының ықпалын қалай түсіндіруге болады деген сұраққа жауап іздеу.
  3. Дизартриямен ауыратын балаларға логопедиялық жәрдемнің түрлерін атау.
  4. Дизартрия ауруына жүргізген ТМД елдеріндегі ғалымдардың зерттеулері жайында мәлімет жинау.

 

 

Қолданылатын әдебиеттер:

  1. Лубовский В.И . Некоторые актуальные проблемы советской дефектологии. // Дефектология, 1997, № 5, 7
  2. Зайцева Г.Л Современные научные подходы к образованию детей с недостатками слуха: основные идеи и перспективы // Дефектология, 5 С 52 – 70

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *