Археологиялық барлау

Кез-келген археологиялық ескерткіштер белгілі бір уақыт аралығында өмір сүрген адамдардың еңбек әрекетінде жасалған, сол дәуірдің жәдігері болып табылады. Археологиялық ескерткіштерді зерттеу барлау жұмыстары-нан басталады. Археологиялық барлаудың негізгі мақсаты жергілікті жердің, облыстың, елдің археологиялық картасын жасау. Жүргізілген барлау жұмыстары кезінде әртүрлі ескерткіштер ашылып, олардың орналасқан жері, таралу аймағы анықталады, ескерткіштердің тарихи-топографиялық құрылымы, ерекшеліктері байқалып, оларға қатысты деректер жиналады.

Зерттеушілердін, алдына қойған мақсаттарына байланысты барлау жұмыстары әртүрлі бағытта жүргізіліп, нақтылы ғылыми мәселелерді қамтуы мүмкін. Мәселен, белгілі бір археологиялық ескерткіштердің тарихи-топографиялық құрылымын, олардың таралу аймақтарын анықтау; жекелеген ауданның, облыстың, немесе тарихи-географиялық аймақтың археологиялық картасын жасау, ескерткіштердің жинағын дайындау; жаңа құрылыстар, суландыру жүйелері салынатын, газ-мұнай өндіріп жатқан  жерлерде барлау жүргізіп ескерткіштерін анықтау, т.б.

 Археологиялық барлау — іздеу және барлау жұмыстары болып екіге бөлінеді.

Іздеу кезінде бұрын ғылымға белгісіз болып келген ескерткіштер    ашылып,    олардың   тарихи-топографиялық  құрылымы сырттай зерттеліп, ескерткіштің үстінде (жердің бетінде) жатқан заттар жиналады. Іздеу кезінде ешқандай қазба жұмыстарына рұқсат етілмейді. Барлаушыға берілген рұқсат қағазында (лицензияда) іздеу кезіндегі оның құқы мен міндеттері көрсетілген.

Барлау кезінде зерттеуші бұрын іздеу жүргізілген аудандағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра отырып жекелеген ескерткіштер, не ескерткіштер тобына қатысты жан-жақты деректер жинап, олардың тарихи-топографиялық құрылымын толықтырып, болашақта қазба жүргізілетін бөліктерін анықтап, олардың көлемін белгілейді. Барлау кезінде шағын көлемді қазба жүргізуге рұқсат етіледі. Сонымен қатар, барлау барысында жаңа аудандар зерттеліп, сол аймақтың археологиялық картасы толықтырылуы мүмкін, не ескерткіштердің жинағына керекті деректер алынады. Барлау жұмыстары рұқсат қағазы (лицензия) бойынша жүргізіледі.

Археологиялық іздеу және барлау жұмыстары барысында алынған деректерге сүйене отырып ескерткіштер туралы қорытынды пікір айтуға болмайды. Археологиялық ескерткіштер туралы жан-жақты негізделген тұжырымдарды оларда жүргізілген қазба жұмыстары барысында алынған деректерге сүйене отырып жасауға болады.

Ескерткіштерде барлау жүргізген кезде іске асырылатын жұмыстардың бірі олардың жобасы мен кесіндісін түсіру. Жобада ескерткіштің тарихи-топографиялық құрылымы, оның жекелеген бөліктерінің қазіргі сақталу деңгейі, бұзылған жердің көрінісі, көлемі, ескерткіштің жекелеген бөліктерінде орналасқан үлкенді-кішілі құрылыстар, олардың көлемдері көрсетіледі.

Барлауға даярлық. Болашақта жүргізілетін барлаудың нәтижелі болуы оған даярлық кезінде іске асырылатын жұмыстардың сапалы әрі тыңғылықты орындалуына байланысты екенін әрқашан есте сақтаған жөн. Барлауға дайындық кезінде атқарылатын жұмыстардың ауқымы кен және олардың кез-келгеніне үлкен жауапкершілікпен қарап, дер кезінде орындалуын қадағалап отыру керек. Барлауға даярлык жұмыстарын жүйелі түрде әрі бір-бірімен  байланыстыра отырып  іске асыру керек, олар:  біріншіден, барлау жүргізілетін жердің және оған іргелес орналасқан аудандардың ескі және жаңа үлгідегі карталарын    іздестіруден    бастау    керек,    карталардың масштабы 1:50 000;   1:100 000, 1:200 000; 1:500 000, 1:1 000 000   болғаны   дұрыс,   жақсы   карта   жұмыстың   табысты болуының кепілі; екіншіден, барлау жүргізілетін ауданда бұрын    зерттеу   жүргізген    археологиялық,    геологиялық  экспедициялар   мен   өлкетанулық   жұмыстардың   ғылыми есептерімен танысып, қоймаларда және музейлерде сақталған заттарды көріп, ашылған ескерткіштердің орнын картаға белгілеу керек; үшіншіден, аудандық, облыстық, республикалық  музейлерде,   ескерткіштерді   корғау  қоғамдарында (мекемелерінде) бар деректерді пайдалана отырып есепке алынған, ғылымға белгілі ескерткіштердің картасын жасау керек; төртіншіден, барлау жүргізілетін жерде орналасқаны (бұрын есепке алынған, ғылымға белгілі) ескерткіштердің тарихи-топографиялық    құрылымы,    ерекшеліктері,    одан табылған   заттар   туралы   деректерді   жинастыру   керек, бесіншіден,    барлау    жүргізілетін    жер   туралы   тарихи; өлкетану, географиялық әдебиеттермен танысып, олардан: тарихи оқиғалар болған жерлер, киелі орындар, көмбелер, ежелгі   суландыру   жүйелері,   егістіктер,   су   қоймалары,  кұдықтар, кәріздер, өткелдер, асулар, үңгірлер, қалқа мен апандар, кен орындары, керуен жолдары туралы мәліметтер жинастыру    керек;    алтыншыдан,    барлау    жүргізілетін аудандарға қатысты тарихи жазба деректерінің мәліметтерін жинап, оларда аты аталған жерлерді, ескерткіштерді картаға белгілеу керек; жетіншіден, барлау жүргізілетін аудан, облыс, не тарихи-географиялық ауданда калыптасып, өмір сүрген археологиялық мәдениеттер туралы әдебиет-термен танысып, олардың таралу аймағын, өзіндік ерекшеліктерін ажырата білу керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *