Археологиялық барлау түрлері

Археологиялық барлау түрлері

 

1. Авиабарлау.

2. Аэросуртке түсіру.

3. Электробарлау және магнитобарлау.

4. Суасты барлауы.

 

 Авиабарлау. Археологиялық ескерткіштерді ұшақпен іздеп, суретке түсіру жұмыстары Еуропада XIX ғ. басталды, ал Қазақстандағы алғашқы авиабарлау жұмыстарын 1946 ж. С.П.Толстов   басқарған   Хорезм   археологогиялық-этнографиялық экспедициясы жүргізді. Осы экспедицияның ұшақ тобы Қуаңдария, Жаңадария, Икандария өзендері алқабында барлау жұмыстарын жүргізіп, қола, ерте темір ғасырлары мен ортағасырлар кезінен сақталған жүздеген археологиялық ескерткіштерді ашып, ғылыми айналымға енгізді (4-сурет).

XX ғ. екінші жартысында Қазақстанда орналаскан бірқатар археологиялық ескерткіштерде аэробарлау жұмыстары жүргізіліп, ұшақтан суреттері түсірілді. Соңғы жылдарда ауадан жүргізілетін барлау жұмыстарына ұшақтармен қатар әртүрлі ұшу аппараттары мен ауа толтырылған шарлар пайдалануда. 2002-2005 жылдар аралығында дельтапланның көмегімен Отырар, Түркістан оазисіндегі ортағасырлық елді мекендер, қалалар мен олардың суландыру жүйелері суретке түсіріліп, Қаратаудың оңтүстік-батыс беткейіндегі тауалды жазығында орналасқан ортағасырлық кәріздер жүйесі ашылды.

Авиабарлау    кезінде    жергілікті   жердің    бедеріне, өсімдік қабатына және топырағына көңіл аударылады.

Жердін  бедерін  зерттеу  оған  түскен  күн   сәулесіне  негізделген.   Көлбеу  түскен  күн  сәулесі  арқылы  жердің бетінде орналасқан археологиялық ескерткіштерді көлеңкесіне қарап анықтайды Мысалы, жүргізілгені далалық    жұмыстар    кезінде    зерттеуші    ортағасырлық қаланың жақсы сақталған орталық бөлігін ғана көріп, оның тарихи   бедері   бұзылып   кеткен   шаруашылық   аймағын байқамауы мүмкін, ал ұшақпен жүргізілген барлау кезінде ортағасырлық қаланың, бұзылып кеткен шаруашылық аймағының алып жатқан аумағын, ол арқылы қазылған канал, арық-атыздарды, егістік алқаптарын, қорғаныс жүйесін, оған келетін жолдарды және онымен байланысып жатқан  басқа да елді  мекендерді  көріп,  суретке түсіре алады.

Өсімдік қабатын зерттеу жер бедерінің бұзылған не бұзылмағанына, оның үстіне өскен өсімдіктердің биік не аласа, қалың не сирек болуына негізделген. Мысалы, астында құрылыс калдығы бар жерге өсімдік аз өседі және олар аласа болып келеді.

Топырақты зерттеу жер бетіндегі түрлі-түсті өзгерістерді байқауға негізделген (6-сурет). Топырақты зерттеу арқылы обаларды, қазылған арық, канал, кәріздерді және т.б. анықтауға болады.

Авиабарлау кезінде ашылған археологиялық ескерткіштер ұшақ (ұшу аппараттары) арқылы суретке түсіріледі.

Даладағы танымдық белгілердің арасындағы қашықтықтар әр түрлі болады, мысалы,  1:5000 масштабтағы карта үшін — 3,5 км-ден 22 км-ге дейін; 1:10 000 масштабтағы карта үшін — 1,5 км-ден 9 км-ге дейін.

Аэрофотосуреттерді дешифрлеу. Аэрофотосуреттерді дешифрлеу оларда бейнеленген объектілерді және жергілікті жердің контурын картаға түсіру үшін танып, айыра білуден тұрады. Өйткені, аэросуреттерде қажетсіз ұсақ-түйектер және картаға түсірілуге тиісті көптеген маңызды объектілер: өткелдер, көпірлер, құдықтар, байланыс желілері және т.б. көрінбей қалуы мүмкін. Оның үстіне, аэросуреттер бойынша ағаш түрлерін, жолдарды, батпақтың өтуге болатын тұстарын, құрылыстардың сипатын және т.б. анықтау тікелей қосымша зерттеуді қажет етеді.

Электробарлау.   Барлаудың   бұл  түрі   заттардың  ток өткізгіштік   қасиетіне   негізделген.   Табиғатта   кездесетін заттардың токқа қарсы үлестік   кедергісі   әртүрлі (кесте). Электробарлау  жұмыстарын     археологтың  бақылауымен маман геодезист жүргізеді.  Ол үшін барлау жүргізілетін жерге қағылған электродтардың арасына ток жіберіледі, сол жердің токқа қарсы үлестік кедергісі өлшенеді. Егер электродтардың арасындағы жердің топырағы біркелкі болса, онда оның    үлестік     кедергісі     сол    топырақтың үлестік     кедергісіне     тең болады. Мысалы, гранит болса 109-1011, ал ылғал әктас болса- 4 ×104 0 м/см-ге тең.

Электробарлау кезінде тұрақты және ауыспалы токты пайдаланады. Тұрақты токты пайдалану арқылы зерттеу жүргізіліп отырған жермен оның қойнауында жатқан құрылыстың, заттың токқа қарсы үлестік кедергісін салыстыра отырып, олардың қандай құрылыс материалынан (тас, күйдірілген кесек және т.б.) салынғанын      немесе қандай зат екенін анықтайды.

Ауыспалы  токты пайдалану кезінде, оның жер койнауына таралуы және   соның   әсерінен пайда болатын электро-магниттік өріс есепке алынған. Электромагниттік өріс көмегімен жердің астында жатқан объектілерді анықтауға болады.

Электробарлаудың нәтижелі  болуы, барлау жүргізілетін жерді     дұрыс таңдай білуге байланысты. Электробарлау арқылы жер астында жатқан әртүрлі құрылыстарды, жерлеу орындарын анықтауға болады.

Магнитобарлау.   Магнитобарлау   кезінде   қолданылатын   аспаптардың   көмегімен   жердің   магнит   өрісінің кернеулігін   өлшейді.   Магнитобарлауға   арналған   аспаптардың көмегімен магнит өрісінің кернеуі күшті (жоғары) археологиялық   ескерткіштерді,   заттарды  табуға   болады. Магнитобарлау аспаптарының көмегімен жердің қойнауында  жатқан  қыш,  ыдыс  күйдіретін  құмдандарды,  металл балқытуға арналған пештерді, жердің, еденнің от шалған бөліктерін,   қабырғаны,   еденді,   қазылған   ор,   шұңқырды және темір заттарды табуға болады.

Электробарлау мен магнитобарлау жүргізудің техникасы бір-біріне ұқсас. Осы екі барлаудың кез келген түрі жүргізілетін жер көлемі 0,5×0,5 не 1×1 м келетін шаршыларға бөлінеді де, шаршылардың қиылысқан нүктесінде анықтау жұмыстары жүргізіледі.

Суасты барлауы. Суасты барлауы мұхиттар мен теңіздердің деңгейі көтерілуіне байланысты су астында қалған қалаларды, елді мекендерді, жерлеу орындарын, көмбелерді, қасиетті орындарды, көлдердің астында қалған ескерткіштерді, теңізі өзен шайып кеткен ескерткіштердің орнын анықтау және қолдан салынған су коймаларының астында қалған ескерткіштерді зерттеу үшін қолданылады. Қазақстаңда су асты барлау жұмыстарын Каспий, Арал, Балқаш, Алакөл көлдерінде, Шардара, Шүлбі, Тасөткел, Қапшағай су қоймаларында жүргізуге болады. Сырдария өзенінің жағасындағы су шайып кеткен ортағасырлық қалалардың орнын суасты барлауының көмегімен табуға болады.

Суасты   барлауын   жүргізу   үшін   акваланг   (Эмиль Галиян   мен   Жак Ив Кусто   жасаған),   аквалангке   ұқсас кальян не наргиле, резеңке, ласт, компас, пышақ, сағат, тереңдік өлшеуіш, су өтпейтін корпусты фотоаппарат, скафандр, батисфера, эхолот және т.б. жабдықтар керек. Жеңіл жабдықтардың көмегімен саяз суда, түбінде шөгіндісі аз көлдерде, теңіз жағасында, жасанды су қоймаларында, жұмыс істеуге болады, ал үлкен тереңдіктегі (45 м-ге дейінгі) суасты барлау жұмыстары арнайы жабдықтардың көмегімен жүргізіледі.  Аквалангшы жабдықтары: ауа топтырылған баллон, костюм, пышақ, салмағы бар белдік, тереңдік өлшеуіші, сағат, маска, регулятор, ласты, жазу тақтасы және графитталған қалам. Тордың жанындағы жәшікке кронциркуль, балға, жиналмалы метр, сызғыш, теңгергіш және объекті белгісі салынған.

Барлауға   даярлық   жұмыстары    кезінде    зерттеуші суасты    барлауы    жүргізілетін    жерге    қатысты    аңыз-әңгімелерді  жинап,  тарихи-географиялық  әдебиеттермен, сол   ауданның  ұшақтан   түсірілген   суретімен   танысады. Ұшақтан   түсірілген   суретте   жағалауда  не   оған   іргелес жатқан судың саяз бөлігінен құрылыс қалдықтары байқалса, олардың алып жатқан көлемін анықтап, шегарасын белгілеу керек. Сонымен қатар, суасты барлауы жүргізілетін судың жағасынан, судан табылған археологиялық заттарға көңіл аудару қажет.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *