ҚАРАҚАЛПАҚ БАЛАЛАР ОЙЫНДАРЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫ (жанрлық құрамы және ерекшеліктері)

Сейдин Елсүйерұлы ӘМИРЛАН
Өзбекстан Ғылым академиясы Қарақалпақстан бөлімінің Қарақалпақ гуманитар пәндер ғылыми зерттеу институтының
аға ғылыми қызметкер-ізденуші
Нүкіс/Қарақалпақстан/Өзбекстан

Түркі әлемінде балалар ойындарын жинау, баспаға әзірлеу және оларды ғылыми айналысқа түсіру бағытында біршама жұмыстар атқарылды. Осының нәтижесінде қарақалпақ балалар ойындары да ғылыми зерттеу нысанына айналды. Қарақалпақ балалар ойындарын зерттеуге алғаш қол ұрған Г.Каган негізінен әрекетке құрылған ойын түрлері жөнінде мәліметтер жинады [5: 32]. Ұлттық ойындар бойынша жалпы шолу жасаған С.Мылтықбаевтың еңбегінде ішінара балалар ойындарына да назар аударылды және олардың мәтіндері мен халық арасындағы әртүрлі атауларына көңіл бөлінді [10: 94-99]. Ә.Айтниязовтың балаларға арналған қолданбасында аула ішінде ойналатын ойындар жайы сөз болды [1:60]. Қарақалпақ балалар ойындарының түрлері мен олардың ойналу ерекшеліктері П.Шылмановтың зерттеулерімен және де толықты [16:36]. Әрине, ұлттық балалар ойындары жөнінде басқа да жекелеген зерттеушілер ізденістер алып барған. Біз бұл жерде тек осы салада қызмет еткен тарау өкілдерінің еңбектеріне ғана сілтеме беріп отырмыз. Алайда аталмыш мәселеге орай қалам тартқан қайсы автор болса да балалар ойындарының ұйымдастырушылық құрылымы туралы пікір білдірмеген. Өйткені, Қарақалпақстандағы денетәрбия және спортты үгіт-насихаттау мақсатында жазылған зерттеулердің барлығында ойынның әрекетке қатысты тарапы ғана қарастырылып, оның басталуы, жүргізілуі және қорытындылануын белгілеп беретін вербаль тұстары назардан шетте қалған. Соның салдарынан балалар ойындары педагогикалық тұрғыдан ғана зерттеліп, оның фольклорлық сипатын ашушы белгілері ескерілмей қалды.

Қарақалпақ балалар ойындарының фольклорлық төркінін тану жұмыстары тек соңғы уақытта ғана жүзеге асырыла бастады. «Қарақалпақ фольклоры» жүзтомдығының баспадан шығуы, онда балалар ойындарының да қамтылуы, жоғарыда баяндалған олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік береді [7: 507-528]. Сонымен бірге, туысқан халықтардың фольклортану саласында жарық көрген жұмыстар да бұл мәселенің ғылыми негіздерін айқындауға септігін тигізбек. Біз балалар ойындарының ұйымдастырушылық құрылымын, оны әрекетке келтіруші вербаль бөліктерін саралауда Орталық Азия түркі халықтары фольклортанушылығында орындалған жұмыстарды тұғыр етіп аламыз.

Әдетте, әрбір ойын өз-өзінен басталмайды. Оны біреу ұйымдастырады және ойынның басталуына түрткі болады. Ойынның жүргізілуі де, өз қорытындысына жетуі де оның ұйымдастырушылық құрылымына байланысты. Осы жайды ескере келіп, балалар ойындарының композициялық тұтастығы және оның өлең сөзбен өрнектелуі жөнінде тұңғыш пікір білдірген зерттеуші – өзбек ғалымы Ғ.Жахонгиров болды. Ғалым, балалар ойындарының қозғаушысы болған ойынға шақыру, шек тастау, санамалау, ойынды қорытындылау сияқты фольклорлық құбылыстарға мән беріп, олардың мәтіндерінен бірнеше үлгілер ұсынады [4: 90-101]. Осы тақырыпты тереңдей зерттеген О.Сафаров еңбегінде бұл атаулардың ғылыми терминологиясы қалыптастырылды және олардың әрбірінің ойын құрылымын қамтамасыз етудегі қызметі, поэтикалық қырлары, жанрлық ерекшеліктері ашылды [12: 134-187]. Өзбек фольклоршыларының мұндай ізденістері қазақ фолькорында да өзінің сәтті жалғасын тауып, К.Матыжановтың зерттеулерімен байыды [9: 185]. Ал қарақалпақ фольклортану ғылымында бұл мәселе соңғы кездері ғана зерттеу нысанына айналып, дәстүрлі балалар ойындары құрылымына негіз болған шақырма, таңлама, санама, тарқалма сияқты поэтикалық үлгілер жанр сыпатында танылды.

Шақырма. Балалар басы құралып ойнау үшін өздері құралпы тең-құрбыларының үйлері тұсына келіп, ойынға байланысты өлеңдік үлгілерді, немесе әр баланың лақабын әндете айтып бірін-бірі шақырады. Түркі халықтарының кейбірінде ғана сақталған осы дәстүр қарақалпақтарда «шақырма» деген атаумен белгілі [14: 45]. Қарақалпақ тілінде осылай аталған бұл термин өзбек фольклорында «чорлама», қазақ тілінде «ойынға шақыру» деп қабыл етілген [12: 134-144; 18: 94-95]. Шақырмаларды ойынды ұйымдастырушылардың бірі болған шақырмашы (шақыру ісі міндеттелген бала) жалғыз жүріп-ақ, кейде ойынға жиылушылар топ болып жүріп те айтады. Оны жеткізуде шақырмашының дауыс толқыны да өзгеше шығады. Бұл жайында О.Сафаров: «… шақырмалардың айтылуы әртүрлі ерекшеліктерге ие: кейбіреулері жеке дауыспен жар салып айтуға лайықталған» деп жазады [12: 135]. Осындай белгілерді қарақалпақ балаларының шақырмаларынан да табамыз. Шақырмашы баланың:
Келиң-ҳо ойын баслаймыз,

Келтекти зыңғып таслаймыз,

Қақшып алып аспаннан,

Қарсыма-қарсы услаймыз, — деген шақырмасында кезектегі ойынның көп болып, топ болып ойналатыны, ол үшін қайсы жақтың болсын лақтырылған таяқшаны лезде іліп алып, бір-біріне қолма-қол ұзатуымен қызықтың басталатындығы, тамашаға асығу керектігі осылай көтеріңкі күйде жеткізіледі [7: 507]. Мұндағы «баслаймыз, таслаймыз, услаймыз» деген сөздер құр ұйқас үшін алынған емес, ол жолдар бала санасына тез әсер ететін ұраншыл рухпен айтылғанымен де маңызды.

Шақырмашы өз хабарын жайдан-жай айтып қоймайды, ойынға қатысушы құрбыларына қатаң талап та қоя біледі:
Келиң-ә ойын ойнаймыз,

Кешке шекем ойнаймыз,
Ким ойынға шықпаса,

Келмегенше қоймаймыз… [15: 2]. Балалар ойынға қатысу үшін алдымен үйінен рұқсат алуы керек, шаруаларын бітіріп шығуы тиіс. Бірақ, жиі ойын ұйымдастырғыш балалар теңдестерінің жағдайына қарамай, оларсыз ойынның қызық болмайтынын осылай ескертеді. Әсіресе, ер балалар үшін бұл заңды. Сондықтан олар ойынға әр уақытта да дайын тұруы керек. Біздің ойымызша, ойынға қай кезде де әзір болудың негізгі сыры, ертедегі әскери демократиялық қоғамда жас ұландардың да төтенше жаттығуларға қатыстырылып, жастайынан жауынгерлікке тартылуынан, олардың да міндеті көппенен бірдей болғандығынан туындаса керек.

Ойынға бірнеше жола шақырғанда келмеген балаларды әзілмен түйреп айту жолдары да бар. Тіпті намыстандырушы шақырмалар айтылады. К.Ісләмжанұлы (Матыжанов): «Мұндай шақырулардың балалар арасындағы тәсілдері көп-ақ. Олар өздері алдын ала келісілген түрлі белгілермен ысқырып, қақпаны қағып, тас лақтырып белгі берсе, кейде өздері қойған лақап аттарын атайды» деп пікір түйеді [18: 94]. Лақап айтылмаған жерлерде оларға «қорқақ» деген сөздің қолданылуының өзі де жеткілікті. Яки болмаса шақырма соңында:

…Ойнамаған омалар,

Орнында домалар, — деп олар үстінен күледі [7: 508]. Шақырудан нәтиже шықпаса, «Ойнамасаң ойын бақ, оймаңғыттың қойын бақ!», «Шықпасаң Шығайбайдың тоқалы бол!» деген тәрізді тәлкек етуші сөздер айтылып қалады. Шақырмаларда табиғи түрде бейпіл сөздер де аралас жүреді. Бұл ерекшелік бала табиғатына тән болып, кішкенелердің әрбір сөзді кезі келгенде тартынбай қолдана алатындығын көрсетеді.

Шақырма – ойынды ұйымдастыру құрылымындағы өз орнына ие жанр болса, шақырмашы – өз тапқырлығымен балалар ортасында белсенділік таныта білетін, халық ауызекі шығармашылығының әрі көне, әрі жаңаша жаңғырып келе жатқан дәстүрлі үлгілерін шынайы насихаттаушы.

Таңлама. Балалар қандай ойын ойнауы керек екендігін анықтап алу үшін өздері арасынан сайлаған ойынбасы алдына келеді. Ол келген балаларды екі топқа ажыратып, әрбір топтан өз жетекшісін шақырады да жерден ұсақ тас немесе шөпті ала сала арқасына жасырып тұрып, жасырылған заттың қайсы қолында екенін және қайсысын таңдайтынын ұйқасымды сөздермен сұрайды. Мұны қарақалпақ тілінде «таңлама» дейді [13: 4]. Орысша «жеребъёвка» деп аталатын бұл жанр өзбекше «чеклашмачоқ», қазақша «қаламақ» терминімен жүргізіледі [2: 110; 12: 140; 17: 6].

Жанрдың бір ерекшелігі, көптің қалауын яки таңдауын білмек мақсатында берілетін сұраулар әр халық балаларының өз дүниетанымына сай айтылады:

Қатырылған қант керек пе,

Қаптағы торақ керек пе?, — деген жолдар осының дәлелі [7: 509]. Осындағы «торақ» сөзі өзге халықтардың балаларына түсініксіз болуы мүмкін. Қарақалпақ тілінде «торақ» ұғымы екі түрлі затты білдірсе де, бұл жерде «малта» мағынасында қолданылып тұр [8: 344]. Қазақ балалар фольклорын зерттеуші К.Матыжанов осы сынды ерекшеліктерді ескере келіп: «Егіз жолдан ғана құралатын қаламақтардың құрылысы өте қарапайым болғанмен де, сол екі жол өлеңдегі заттық ұғымдардың мәнінен бала жанының талай сырын ұғуға болады. Біріншіден, баланың әрқашан күнделікті тұрмыста таныс, өз ұғымына жақын заттарды таңдайтыны көрінеді» деп, өз пікірін әрі қарай нақты мысалдармен баяндайды [9: 95].

Қарақалпақ фольклорында жанрдың төрт жолды үлгілері де кездеседі. Мұндай жағдайда ойынды басқарушы таңдауды балалардың өздеріне салып, олардан тек бір ойын атын атауы керектігін сұрайды:

Ой, ой, ойлаймыз,
Ой түбине бойлаймыз,
Қәне, қәне ойласың,

Қандай ойын ойнаймыз? [7: 510]. Ғ.Жахонгиров өзбек балалар фольклорында осылай ойын бастаудың төрт түрлі: ауызша, шек тастау, зат жасыру және билеп беру сияқты жолдарының бар екендігін алға тартады [4: 91]. Зерттеуші тарапынан келтірілген мысалдар қарақалпақ балалар ойындарының да кейбірінен кездеседі. Бірақ, мұндай кездерде ол ойын шарты есебінде қолданылады. Сондықтан оның негізгі қызметі көрінбей, жанрлық дербестігі жоғалады.

Қарақалпақ балалар ойындарының ұйымдастырушылық құрылымында белгілі орын иелейтін бұл жанр қазіргі күнге дейін дәстүрлі жолын жоғалтпай, жаңа заманға сай жетілдіріліп, әрдайым балалар талабын қанағаттандырып келе жатқан байырғы өлең үлгілерінің бірі.

Санама. Дүниежүзі халықтары фольклорындағы көпшілік ойындар ойын бастаушының балаларды санамалауымен басталады. Мұны тіпті бірі-бірінің тіліне түсінбейтін халықтың балалары да ұғып алып, сөз ырғағын сақтаған түрде өз ойындарында еркін қолданады. Осы жанр қарақалпақ және өзбек балалар ойындарында «санама» деп айтылса, қазақ фольклорында «санамақ» деген атауға ие [6: 100; 17: 6]. Түрікмен тілінде болса, «санавач» деп аталады [3: 8].

Қарақалпақ балалар фольклорында жанрдың үш түрі кең тараған: тылсымды, сюжетті, тізбекті. Тарихи қалыптасуы жағынан алып қарағанда жанрдың тылсымды түрінде сырт көзқарастан логикалық байланысқа ие емес сөздер мол болып көрінсе де, ол балалар үшін өте қызықты, әрі ұғымды:
Үме – үмек,

Үмме – дүмек,
Шалдыр-шулдыр
Шылдыр шүмек,
Ғалдыр-ғулдыр,
Ғәлбир-елек,

Дәнди шаш,
Шаш та –

Қаш! [7: 512]. Қарақалпақ халқының егіншілік тұрмысынан келіп шыққан бұл тарихи ұғымдар ғасырлар өтсе де балалар ойындарының негізгі өзегін осылай құрап келе жатыр.

Жанрдың атын белгілеуші оның санмен аралас келетін тізбекті түрі балалар ойындарының ұйымдастырушылық құрамында белсенді қызмет атқарады:
Бир тай,

Еки тай,
Үш тай,
Төрт тай,
Бес тай,
Алты тай,

Жети тай,
Сегиз тай,
Тоғыз тай,
Он тай,

Шонтай! [7: 512]. Соңғы сөз ойынның шешуші сәтін белгілейді. Сөз кімге қаратылса – сол ойыннан шығады, не орнында қалады. Әр сөз санамалап айтылып тұрғанда балалар демін ішіне тартып, соңы кімге келіп тірелетіндігін күтіп отырады, әрі соған сай санау бейімділігін қалыптастырады. Санамалаудағы тізбекті сөз құрау үлгісі аса қарапайым және бірсыдырғы қайталау болып табылса да, балалар оны жат көрмейді, керісінше одан эстетикалық әсер алады. Тегінде, жанрдың тартымдылығы және ойынның ұйымдастырылу құрылымына діңгек болуы да, оның ритмділігі мен дыбыстық үйлесімділік ұстанымына негізделгендігінде екені көрінеді.

Тарқалма. Балалар қаншалықты ойынға тоймаса да бәрібір үйге қайту жауапкершілігін сезініп, біреуі рұқсат сұрайды, біреулері ойынбасының ақтық сөзін күтеді. Ойын бітуден әркім-ақ тез тарқалу қажеттігін түсініп, осыған байланысты келіп шыққан дәстүрлі мәтіндерді айтып бастайды. Атынан мәлім болғанындай, бұл өлеңдер «тарқалма» деп айтылады [7: 513]. Орта Азия түркілері ішінде өзбектерде мұны «тарқалиш қўшиқлари» деп атап келмекте [12: 185]. Халық арасынан балалар репертуарына тиісті болған мұндай өлеңдердің ондаған үлгісі жазып алынды. Соның бірінде:

Ойын болар оя-оя,
Зор ойнадық тоя-тоя,
Ойынымыз ада болды,

Енди мәнзил – уя-уя, — деп айтылады [7: 514]. Тарқалмаларда балалар ойыннан алған өз әсерлерін бір-ақ шумаққа сыйғызып, көңілдері көтеріңкі күйде жылы ұялары – үйлеріне осылай әндете қайтады. Бұл – өз кезегінде, ойынның оясыз яки мақсатсыз болмағандығын көрсетеді және әр істің де шегі болуын еске түсіреді. Мұндай қорытындылаушы жыр шумақтары қарақалпақ халық поэзиясының әртүрлі жанрларында да жақсы сақталған. Осы бір дәстүр ізінің балалар ойындық фольклорынан да кездесуі, бағзы үрдістердің үзілмеуі деп білеміз.

Қорыта келгенде, балалардың әрекетке құрылған ойындарының ұйымдастырушылық құрылымын немесе ойын үдерісін басқарушы өлеңдер Орталық Азия түркілерінің фольклорында жалпылық сипатқа және ұлттық ерекшеліктеріне ие. Х.Рузметов осы төрт сатылы өлеңдік өрнектердің Хорезм балалар ойындарына да тән екендігін саралаумен бірге, оғыз типтік белгілерді сақтап қалған бұл орталыққа түрікмен және қарақалпақ балалар фольклорының өте күшті әсерінің болғандығын көрсетіп өтеді [11: 10, 14]. Ендеше, ежелден бір өркениет аясында өніп-өскен халықтар шығармашылығында орын алған бұл даралық нышандар өзіндік фольклорлық көркем құбылыс болып табылмақ. Дәстүрлі қарақалпақ балалар ойындарының ұйымдастырушылық құрылымында да осынау санғасырлық айшықтардың сарыны күні бүгінге дейін жалғасып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *