ҚАЗАҚ ӨЛЕҢІНДЕГІ «КӨГ» ҰЙҚАСТЫҢ ТАРИХЫНАН

Тоты Иманқызы КӨШЕНОВА
филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Қазақ филологиясы және журналистика кафедрасы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ түрік университеті
Түркістан/Қазақстан

Абайтану – қазақ әдебиеттану ғылымының, әдебиет тарихының үлкен бір саласы. Абайтану кемеңгер ақынның өмірі мен шығармашылық өнері, философиялық, қоғамдық, эстетикалық көзқарастары, қазақ поэзиясындағы өлең жүйесін, ақындық тілді дамытудағы үлесі, музыкалық мұрасы жайлы сан-салалы зерттеу еңбектерді қамтитыны анық. Өйткені Абайдың шығармашылық мұрасы — қазақ әдебиеті тарихының кіндік тұтқасы, халқымыздың рухани-мәдени өмірінің шарайнасы, сан буын ұрпағымызға таптырмас, таусылмас қазына. Осы мұраны игеру, оның творчествосын зерттеу — өткендегі рухани байлық көзін пайдаланудағы ең негізгі мәселелердің бірі екендігі даусыз.

Абай дәстүрі, оның ақындық мектебі – ғасырға жуық зерттелгенімен, оның қазақ өлең жүйесін дамыту дәстүрлері әлі де зерттеуді қажет ететін маңызды мәселелердің бірі. Өйткені Абайды танытушы М.Әуезов кезінде ұлы ақынның нәр алған бұлақтарын былайша таратып айтқан болатын: «Мұның біріншісі – қазақ халқының есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы, халықтың ауызша әдебиет қоры, ақын Абай осы қордан көп нәр алып, сол арқылы өз өлеңін көп көркейтті.

Екінші бір қол артқан қазынасы — араб, парсы, түрік тіліндегі шығыстың көркем классик поэзиясы.

Үшінші үлкен өнер, мол азық алған зор саласы – орыс халқының мәдениеті және сол арқылы Европа мәдениеті» [1, 270].

Ғалымның бұл пікіріне қоса айтарымыз тек Абай поэзиясы ғана емес, жалпы қазақ әдебиеті мен мәдениеті ғасырлар бойы Шығыстан сусындап, солармен сарындас болып келе жатыр. Бұл пікірді академик З.Ахметов те өзінің «Қазақ әдебиеті тарихындағы» «Қазақ әдебиетінің Шығыс әдебиетімен байланысы» деп аталатын тарауын жазғанда ұлтымыздың әдебиеті – күллі Шығыс мәдениетінің бөлшегі екенін, одан үнемі нәр алып тұрғанын айтып өткен. Демек, мұнан қазақ әдебиеті мен мәдениеті ғасырлар бойы Шығыстан сусындап, соларға үн қосып келе жатқанын аңғарамыз.

М.Әуезов айтып өткендей, расында Абай Шығыстың көркем классик поэзиясынан сусындады. Оның өлең құрылысындағы тың жаңалықты шығыс әдебиеті қорына қол артқан кезде мол тапқандығын байқаймыз. Мұны белгілі абайтанушы ғалым М.Мырзахметұлының мына бір ойлы пікірімен нақтылай түскенді жөн деп тауып отырмыз: «Білімдіден шыққан сөз» деген өлеңінде 44 жастағы ақын балаң кезіндегі еліктеу дәрежесінде бір соғып, тастап кеткен түрки ғаруз уәзіндегі ұйқас түріне назар аударады. Сегіз шумақ өлеңнің барлық жолдары жеті буынға құрылып, бірінші шумақтан басқа шумақ атаулының бәрі де «а-а-а-б» тәрізді көне түрік поэзиясының ұйқасымен беріледі. Сегіз шумақ өлеңнің әр шумағының ең соңғы өлең жолдары түп-түгел бірыңғай ұйқас сөзбен, яғни, шумақаралық желілі ұйқаспен үйлестірілген ғажап тың өлең өрнегін көз алдыңа әкеледі.

…Бір ғажабы, осы өлеңдегі түрге ұқсас өлең өрнегі сонау орта ғасырдағы түрік халықтарының аузынан жазып алған М.Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде үзік ретінде келтірілген өлеңдер тобында бір рет қана кездесіп қоймай, әр жерде-ақ бірнеше рет қайталанып отыруы мұның тұрақты форма екендігін айғақтайды. Арғы жағы біздің заманымызға дейінгі кезеңде туып таралған Тұран патшасы Афрасиаб (Ер Тоңа Алып Дулухан Ү-ҮІғ.) туралы жоқтау өлеңі де осы өлең кестесін көз алдымызға келтіргендей… Бұдан Абайдың есте жоқ ертедегі халық санасында тебіндеп барып, көктемей қалған, қаулай өніп барып кідіріп қалған, бірақ түбінде бір дүбір салар өлең өрнегіндегі үлгілерді іздестіріп, зерттеу арқылы ақындықтың дарқан қуатымен жандандырып, жаңадан тірілтіп, қатарға қосып жібергендей құдіретін анық сезінеміз, — дей келіп, өте көне дәуір поэзиясындағы ескі түрік өлең өрнегінің үлгісін қайта жаңарту арқылы мүлде жаңа сипаттағы өлең өрнегін тудыра алған» [2, 181-182], — дейді. Бұған қоса аталмыш пішіннің тек М.Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде ғана емес, сонымен қатар А.Ясауидің «Диуани хикметінде» де кездесетінін ғалым Р.Сыздықова өзінің «Ясауи хикметтерінің тілі» [3] атты іргелі зерттеу еңбегінде кездесетінін айтып өткен. Автор хикметтердің буындық жүйесіне, ұйқас суретіне, шумақ түрлеріне талдау жасай отырып, хикметтердің бір шумағында «ішкі» (бір шумақтың алғашқы үш жолындағы) және «желілік» (бір шумақты тұтастырып, бір желіге байлап тұратын төртінші тармақтағы ұйқас) ұйқас түрлерінің кездесетіні жайлы тұжырымды дәлелдермен берген. Мұның өзі Ясауи қолданған өлең өлшемінің төл түркілік негізден тамыр тартуының белгісі іспетті. Филология ғылымдарының кандидаты А.Әбдірәсілқызы «Қожа Ахмет Йассауидің ақындық әлемі» [4, 168] атты еңбегінде. «…Біздіңше, аты сырттан таңылған бұл өлең түрінің заты таза түркілік екеніне оның ұйқас суретінің көне түркі өлеңдерімен сәйкестігі ғана емес, белгілі бір қалыптармен, қағидалармен шектелмегендігі де дәлел бола алады. Басқаша айтқанда, зерттеушілер парсы поэтикасының терминімен «мураббағ» атаған (бәлкім, кездейсоқ атаған- А. Ә.) бұл өлең түрі дәстүрлі түркілік төрттік өлең аясында дамыған ұлттық әдебиетіміздің төл пішіні болып табылады. Парсылық мураббағ — түбірімен басқа құбылыс…

Ендігі назарды мураббағпен сырттай ұқсас, Йасауи хикметтерінің құрылысымен барынша сәйкес төрттіктер – тәрбиғ пен шарқыға аударамыз» — дей келіп, — …Түрік жазба әдебиетінде сыртқы құрылымы жөнінен Йасауи хикметтерімен толығымен сәйкес келетін «шарқы» атты өлең түрі кездеседі. Ұйқас ерекшелігіне орай шарқы бірнеше топқа бөлінеді. Солардың ішінде хикметтермен үйлесетіні — чапраш (аралас ұйкасты), шарқы (абаб вввб гггб) және накарат (қайталама-редиф ұйқасты) шарқы… …Йасауи хикметтерімен құрылысы жөнінен сәйкестігімен назар аудартатын ендігі бір құбылыстар — түрік ауыз әдебиеті үлгілеріне тән дастан, кошма, шарқы өлендері. Дастаңдардың көлемі 5-7 шумақтан басталып, 100 шумаққа дейін жетеді. Ұйқас үлгісі — абаб вввб гггб, яғни кошма өлеңдермен сәйкес келеді» — дейді. [4, 171].

Түрік әдебиеттануындағы «кошма» атты өлең түрі 11 буынды абвб гггб дддб ұйқасымен жазылатындығы белгілі. Бұл үлгі бірқатар түркі халықтарының әдебиетінде кездеседі. «Осы өлең үлгісін белсенді түрде қолданған Анадолы ашық ақындар әдебиеті XIII ғасырдағы Юнус Эмре шығармашылығынан бастау алады. Көрнекті түркітанушы Ф.Көпрүлү ашық ақындар шығармашылығын тікелей Йасауимен байланыстырады. Ашықтар әдебиетінің қалыптасуына сопылық поэзия тікелей әсер етті. Ал түркі сопылық поэзиясының бастауында Қожа Ахмет Йасауидің тұрғаны белгілі жайт. Анадолы, Кавказ, Еділ бойы түркілерінің Х-ХІ ғасырларда Сыр өңірінен — Йасауи өмір сүріп, шығармашылық із қалдырған өлкеден кеткенін, атажұртта орныққан әдеби-мәдени істерді жаңа жерде жаңғыртқанын ескерсек, бірдей өлең үлгісін пайдаланған Йасауи хикметтері мен ашық ақындар өлендері бірдей дәстүрден бастау алған деуге негіз бар. Демек, абаб вввб ұйқасымен жазылатын түрік әдебиетінде «кошма» аталған өлең түрінің төл әдебиетімізде де ежелден орныққан болуы, бәлкім басқа атаумен берілуі немесе қара өлең секілді халық өлеңдерінің түрі ретінде қолданыста жүрген болуы ықтимал» [4, 172-173] – деген ой білдірсе, ғалым М.Мырзахметұлы өз еңбегінде бұл өрнектің бастауында Тұран патшасы Афрасиабты (Ер Тоңа) жоқтау өлеңі тұрғандығын айтып өткен.

Енді осы өрнектің тек М.Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде ғана емес екендігін жоғарыда айтып өттік. Енді осыларға тоқталсақ.
Бірінші М.Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінен үзінді келтіреміз:

Қар, боз кәмұғ эрушді, 7 а
Тағләр сууі ақішді, 7 а
Көкшін бүліт өрүшді, 7 а
Қәйғұқ болуб окрішүр. 7 б
Ұрді бүліт інграшу, 7 в
Ақті ақін мунгрәшу, 7 в
Қалді бүдүн танглашу, 7 в
Көкрәр тәкі мәңгрәшур. 7 б
Қақләр кәмұғ көләрді, 7 г
Тағләр баши іләрді, 7 г
Ажүн тані йілірді, 7 г
Туту чәчәк жәркәшур. 7 б
Енді А.Ясауидің хикметтерінен үзінді келтірсек:
Он секкіз мың ғаламға 7 а
Хайран болған ғашықлар. 7 б
Табмай мағшуқ сұрағын, 7 в
Сарсаң болған ғашықлар. 7 б
Һәр дем башы үргүліб, 7 г
Көзі халққа телміріб, 7 г
һу-һу тию чур күліб, 7 г
Кирйан болған ғашықлар. 7 б
Күйіб-йаныб күл болған, 7 д
Ишқыда бұлбұл болған, 7 д
Кімні көрсә, құл болған, 7 д
Мардан болған ғашықлар. 7 б

Осы өрнек өз жалғасын тапты ма? – деген негізгі мәселеге көшейік. Әрине, мұны алдымен қазақ әдебиетінің классигі Абай поэзиясынан қарастырамыз.

Білімдіден шыққан сөз 7 а
Талаптыға болсын кез. 7 а
Нұрын, сырын көруге 7 а
Көкірегінде болсын көз. 7 б
Жүрегі – айна, көңлі – ояу, 7 в
Сөз тыңдамас ол баяу. 7 в
Өз өнері тұр таяу 7 в
Ұқпасын ба сөзді тез. 7 б
Сөзге жуық келер ме? 7 г
Әбілет басқан елер ме? 7 г
Түзу сөзге сенер ме? 7 г
Түзелмесін білген ез? 7 б

Енді ғалым М.Мырзахметұлы «түбінде бір дүбір салар өлең өрнегі» деп айтқанда, ойы ұшқыр ғалым нені меңзеді екен дегенде Абайдан кейінгі қазақ өлеңінің шын шебері атанған Мағжан поэзиясын назарға алған болса керек деген пікір туады. Өйткені Мағжан Жұмабаев — ұлы Абайдың дәстүрін қазақ әдебиеті тарихында берік орнықтырушы және дамытушылардың бірі болғандығы бүгінде қазақ әдебиеттану ғылымында дәлелденді. Оған көптеген өлеңдері дәлел. Мәселен, Мағжан Абайдың сегіз тармақты шумақ өрнегін қазақ әдебиетінде түр болып қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Бір ғана өлең (Сегіз аяқ) айналасындағы ізденіс аясына, ақындық эксперимент ізіне зер салсақ, көп мәселеге көзіміз жетер еді. С.Мұқанов өзінің еңбегінде: «Ақындық жағына келгенде, Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетіне түрлер енгізу ретінде, Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ» [5, 13] — деген болатын. Бұл заңғарды заманында тану, тани отырып талант құдіретін мойындаудың, өнер жолындағы тайғақсыз адалдықтың үлгісі екендігіне ешкімнің де шүбә келтірмесі хақ. Абайдың өлең өрнегі Мағжан үшін үлкен үлгі болды.

А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Әуезов, С. Мұқанов т.б. әдебиетіміздің маңдай алды қайраткерлері тарапынан жоғары бағаны 25-30 жасында алып үлгерген Мағжан бұл жетістіктерге өзіне дейінгі поэзия маржандарын теру, сөз өнерін қорыту негізінде, өлеңдерін ұлы Абайдың үлгілеріне салу, дәстүр жалғасын дамыту негізінде жетті. Ұлы дәстүрді жаңарта жалғастырады. Тамыры тереңде жатқан ұлы ақынның өлең үлгісіне өз өлеңін сала білді. Мәселен, ақынның 8 тармақты шумақпен өрген «Толқындап ойнап» өлеңі өзіндік бір белгісі бар туынды екендігімен ерекшеленеді.

Жас балапан жүрегім, 7 а
Десе де табам керегін, 7 а
Көріп теңіз тереңін, 7 а
Қайғыға батты тұнжырап.
7 б
Алтын үміт үзілді… 7 в
Тәтті қиял бұзылды… 7 в
Көкке тіктім көзімді, 7 в
Жұлдыздардан жол сұрап.
7 б

Көріп отырғанымыздай, Мағжан мұнда бір жағынан Абайдың 8 тармақпен өрген туындысын, екінші жағынан «Білімдіден шыққан сөз» өлеңінің ұйқасын алып отыр. Жоғарыдағы өлең өрнектеріне қарай отырып, көне үлгінің шын шеберлердің қолына түскенде соны өрнек болып шыға келетініне көзімізді жеткіздік. Алдыңғы ұрпақ жасаған рухани мәдениетті келер ұрпақтың иеленіп, мұраға берік болуы табиғи заңдылық. Екінші түрде айтқанда, дәстүрге сүйенбей, дәстүр дамымайды. Дәстүрдің үзілуі — ұлттық мәдениеттің жұтаңдауына әкеліп соғады. Алдыңғы ұрпақтың бай мұрасына терең бойлай, ондағы өміршең элементтерді сұрыптай келе, оны өз бойындағы талантымен қоса білімінің қайнар бұлағында қорыту, одан шыққан ойлы өлеңді соны өрнекпен беру әрбір қаламгердің еншісіне тие бермейтін ұлы бақыт.

Бірақ, тыңға түрен салғандай ұлы ақынның өлең құрылысындағы бұл өрнек Абайдың жаңашылдығы емес,төл топырағымызда бар өрнек еді дегенде Ұлы ақынды «қазақ өлеңінің реформаторы» деген аттан төмендетіп алмаймыз ба? — деген сұрақ тууы мүмкін. Бірақ бұл ой ортақтастығы мен өлең өрнегіндегі сабақтастықтар Абайды аласартпайды. Қайта ол жай — Абайдың ақындық нәр, қор алған тектері, іздену өрісі, жалпы ойшылдық, ақындық диапазоны кен болғанын көрсетеді. Мысалы, Грузияның атақты классигі Шота Руставилидің идеялық, поэзиялық, философиялық негіз қорларын айтқанда, барлық зерттеушілер оның араб, иран мәдениетінен және орта ғасырлардағы батыстық мәдениеттен екі жақты үлгі-өнегелер алғанын жасырмайды, ашып айтады. Тіпті, оны Руставилидің өз заманынан бойы озған ерекше қасиеті деп айтады. Өз тұсындағы дүние жүзілік мәдениетке кең құлаш жайып, еркін пайдаланғанын мақтан етеді. Сол сияқты ұлы Абайдың да шығыстык классиктерден өз үлесін ойып алғандығын көреміз.

Зерттеуші Қ.Өмірәлиевтің «көг» деген атау берген бұл ұйқастың қазақ әдебиеті тарихында 20-жылдардан соңғы жалғастығы туралы зерттеу келешектің ісі дегіміз келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *