Айткүл ДОСЫБАЕВА
филология ғылымдарының кандидаты Шымкент/Қазақстан
«Ақиқат» журналы редакциялық алғысөзінде «Жалпы қазақ әдебиетінің сыны мен журналистикасын, содан соң филологиясын Құлбек Ергөбексіз еш көз алдыңа елестете алмайсың…»(№1,2013 ж.)-деп жазды. Батыл басылымның танып айтқан байсалды сөзі! Әріде жарық көрген «Арыстар мен Ағыстар» (2002-2005 ж.) аталатын 6 кітаптан бас құраған (өзі томдық деп атамапты) сын еңбегі талданып, бағасын алғанын білмейді екенбіз. Соңғы жылдары сайыпқыран әдебиет сыншысы «Өлеңсөз»(2012), «Қарасөз»(2013), «Сарасөз»(2013), «Дарасөз»(2015) аталатын әрқайсысы қазақ әдебиетінің бір жанры поэтикасын қарастыратын қомақты-қомақты (әрқайсысы 35-37 баспа табақтан) еңбектері жарық көрді. Жазушылар одағында жылма-жыл өтіп жататын әдеби жыл қорытындысында сыншының аталған кітаптары әңгіме бола қоймайды. Әдетте, сын жоқ, әдебиет қайтіп өседі?-деп байбалам салып жатамыз. Еңбегі еленіп мерзімді баспасөз бетінде жетістігі, кемшілігі кеңінен талданып жатпаса сыншы да қайдан, қашанғы белсенділік таныта берсін?! Сын жанрында маман тұрақтамайтын себебі де осыдан шығар? Кім білсін? Айтылған еңбектері өз алдына, сыншы, ғалымның соңғы жылдары «ТҮРІКСТАН жинағы» (2010 – 2016 ж.)бір есіммен аталатын көлемді-көлемді 7 кітабы жарық көрді. Олар да елеусіз өтіп барады. Бүгін біз көрнекті әдебиет сыншысы, қазақпен қатар түрік халықтарына кеңінен танымал, бірсыпыра түрік тілдеріне кітаптары аударылып үлгерген әдебиетші Құлбек Ергөбектің «Түрікстан жинағы» аталатын жеті кітаптан тұратын еңбегі жайында аз-кем пікір айтсақ деп ойлаймыз.
Жеті томдық (өзі томдық деп қарамапты) жинақтың атының өзі ішіне сыр бүгіп жатқандай. Біз әуелде түрлік формасына қарап «Түркістан жинағы» деп оқығанбыз. Сыншы соңғы жиырма жылда денсаулығына байланысты туған жері Түркістанға қоныс аударғаны белгілі. Түркістан қаласында туған еңбектерін осылай «Түркістан жинағы» деп атаған екен ғой деп ойлағанбыз. Сөйтсек, тіпті басқаша, Түркістан емес, ТҮРІКСТАН жинағы! Осы атаудың сырына үңілгенбіз. Оны жинақтың біріне алғысөз жазып «батасын» берген өзбек жазушысы Насыр Фазыловтан таптық. ХІХ ғасырда басталып, ХХ ғасыр басына дейін Түркістан генерал губернаторлығы ұйымдастыруымен жүйелі «Туркестанские ведомости», «Туркестанский сборник» аталатын 500 томға жақын жинақ бар. Бірсыпыра уақыт генерал губернатор Кауфман басшылық жасаған. Отар елдің бодан елді зерттеп, білуі үшін жасалған шара. Бірақ, ғылым үшін керемет олжа. Совет өкіметінің билікке келуіне байланысты тоқтады. Россия бұл кезде бұрын Түркістан аталған өлкені түгел алып болған еді. Сосын қажеті болмаған шығар. Әдебиетші ғалым намысқа тырысып, Патшалық Россия «Түркістан жинағын» жарыққа шығарғанда мен неге азат елдің азат ойлы қаламгері «Түрікстан жинағын» шығара алмаймын?-деген болуы керек. Оның үстіне Түркістан сөзінің түбірі «түрік». «стан» парсыша жұрнақ. «Түріктер астанасы» болып шығады. Арыда парсы Орыстың бұрмалауымен түрікстан – түркістан аталып кеткен. Ол орыстың «станицасына» да келеді Бұған қоса айтарымыз ХХ ғасырдың басында «Түркістан республикасы» құрылып, аз уақыт өмір сүргені тарихтан мәлім. Табиғатында әдебиет сыншысы, Б.Кенжебаевтың тәрбиесін алған түрколог ғалым «Түрікстан жинағы» атауына тоқтағанда осы жайларды ескерсе керек. Демек, қазақша аты түрік дүниесі жинағы. Мақсаты ескіні жаңғырту, қатені жөндеу, дәстүрді жаңа уақытта жақсы арнада жалғау деп білеміз. Өзі де бір тілшімен сұхбатында осы ыңғайда сөйлеген еді. Қалай болғанда да «Түрікстан жинағы» атап жеті кітап шығару – үлкен еңбек. Бір адамның қасиетті атаумен жүз баспа табақтан астам еңбек беруі, қалай болғанда да, елерлік әдеби құбылыс!
Жеті кітапта әдебиетші түрколог шынында да Ш.Айтматов айтқандай, «…бір қазақ әдебиетімен шектеліп қалмай, Орталық Азияның әдебиетінің арбитры» болып сөйлейді. Қазақтармен қатар өзбек Ғ.Ғұлам, А.Яқубов, Н.Фазылов, қырғыз Т.Сыдықбеков, Ш.Айтматов,А.Акматалиев, татар Ғ.Тоқай, Х.Ю.Миңнеғұлов, башқұрт Ақмолла, А.З.Вәлиди, З.Бикбулатова, алтай Ш.Енчинов, саха М.К.Амосов (Қазақстанда Батыс және Солтүстік облыстарын басқарған қайраткер), түрік Фатьма Сөнмез, шор Л.Арбачакова… өзгелер жайында сөйлейді. Түркиеге, Сахаға, Еділ бойына сапарлап, алған әсерлерін сафари жанрында сипаттап жазады. Сапар саздары барған елін, аралап көрген жерін желе баяндап өте шығу емес. Түрік елдеріне саяхат жазбалары байырғы тұтас түріктік кезеңдерге дейін оқыған еңбектері арқылы барып, оны бүгінгі тарыдай шашырап кеткен түрік жұрағатымен салыстырып тарихи-филологиялық аспектіде, әйтпесе тарих, тіл тарихы, әдебиетті мидай араластырып түркологиялық пайымдармен байытып жазады. Одан түрік халықтарының өткен тарихын да, бүгінгі тағдырын да табасыз. Бір ерекшелігі М.Кәрім айтқандай, башқұрттар жайында айтқанда башқұрт тарихшысы, әйтпесе әдебиетшісі, А.Яқубов айтқандай өзбектер тағдырынан сөз қозғағанда сырт бақылаушы сияқты емес, өзбек әдебиетінің маман сыншысы сияқты дәлелмен айтады, қызықты деректермен дәйектеп жазады. Содан да шығар, алғысөз жазған түрік жұртының көрнекті ғалым түркологтары Қ.Ергөбектің «Түрікстан жинағының» әр кітабын әдеби құбылысқа балайды. Құлбекті өз әдебиеттерінің тарихты, әдебиетті әділ таразылайтын, біліп талдайтын түріктанушы зерттеушісіне санайды.
Жинақтың бірінші кітабына Н.К.Зейбек («Түркістаннан Түрікстанға!»), үшінші кітабына Өзбекстанның халық жазушысы, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Н.Фазылов, төртінші кітабына саха академигі Н.И.Васильев («Воин тюркологии»), бесінші кітабына қырғыз профессоры Ж.Бакашова («Алгысөз»), алтыншы кітабына башқұрт профессоры М.Х.Идельбаев («Төрки донъяһының рухи Мәккәһе…»), жетінші кітабына Ресей Федерациясы Думасының депутаты, башқұрттың халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Г.А.Юнусова («Халык улы, ил ағаһы, киң коласлы ғалим, күп кырлы талант эйәһе») арнайы алғысөз жазыпты. Көріп отырмыз, қазақ, өзбек, қырғыз, орыс, татар, башқұрт сияқты алғысөз әр тілде. Басында алғысөзді қазақша аударып бере бастапты да, кейін ойланып қай тілде жазылса, сол тілде беташар ретінде жариялап отырыпты. Әрине, түбі бір түрік халқы дегенімізбен кейбір түрік тілі бүгінгі оқырманға түсініксіздеу болады. Әзірге алғысөздер қай тілде жазылса да оқып түсінуге болады. Әр алуан тілде жазылған алғысөз жинаққа ажар-көрік беріп тұрғандай. Әрі көңілге сенімділік ұялатады. Алғысөз көбіне шолу түрінде жазылады екен. Онда авторды таныстырудан бастап нақты жинақты талдауға дейін бар. Олардың қазақ ғалымын мақтаған сөздерін оқып мақтанышты сезімге бөленесің.
Алғысөздердің түпнұсқа тілінде жазылуы жөн бе? Жеті кітаптан тұратын жинақтағы материалдар алуан тілде. Кейде олар қазақша түпнұсқасымен қатар аударма нұсқасы қатар беріліп отырады. Осындай кездері қайталауға орын беріп алады. Мақсатты қайталау. Дегенде, қайталаудың аты – қайталау. Маңызды мақсатпен жинақталған кітапта автордың қайталауға ұшырамағаны абзал-ақ. Осыдан пікір сабақтасақ «Түрікстан жинағы» көп тілді кітап. Түрік текті халықтар әуел баста біртұтас тайпадан басталып тұтас ұлт болып өсіп, кейін түрлі ұлт, не ұлысқа айналып кеткені тарихтан мәлім. Содан да бүгін түрік халықтары көп тілді. Ұзын саны 200 миллионнан асып жығылады. Еуразия құрылығының көп бөлігін мекендейтін түрік ұлт-ұлыстары төрткүл дүниенің қай түкпірінде де кездеседі. Соңғы кездері татар профессоры Ә.Каримуллин, қазақ тпрофессоры Ә.Ахметов, жазушы Ж.Бейсенбайұлы өз еңбектерінде Америкалық үндістердің арғы тегі де түрік екенін дәлелдеп бағуда. Олардың көбі тілін жоғалтқан. Жалпы түрік тілдері (оның ішінде қазақ тілі де бар) келешекте сақтала ма, жоқ па? Ол да мәлімсіз. Міне, осындай түрік тілінің майда бұтақтары өліп, ұлыс жойылып, ұлт мәңгүрттеніп бара жатқан уақытта мұндай жинақтағы материалдың қай тілде жазылса, сол тілде берілуі, әйтпесе аудармасы қоса берілуі – қызықты шықса керек. Жинақтағы Қ.Ергөбектің бұл тәжірибесі де бүгінгі әдеби орта үшін тосын, жаңалық.
Жинақтың басты тақырыптары қандай?
Тақырып – егер орайымен табылса, шырайы кіріп жазылса талант тағдырына айналады. Абай тақырыбы – М.Әуезовтің тағдырына айналды. «Абай жолы» — талай әдебиетшінің тағдырына айналды. Жалпы Қ.Ергөбек сын кітаптары тақырыптық тұтастық танытады. Мейлі алты кітаптық «Арыстар мен Ағыстар» болсын, немес «Өлеңсөз», «Қарасөз», «Сарасөз», «Дарсөз» болсын, бірі қазақ поэзиясы, келесісі қазақ прозасы, балалар әдебиеті, әдебиет тану мен сын, деректі әдебиет секілді, әрқайсысы бір жанрды талдап шығар еді. Ол кітапқа әрі тақырыптық тұтастық, әрі жанрлық жүйелілік сыйлар еді. Содан бар еңбектің тұтас сипаты қалыптасар еді. Жеті томдық «Түрікстан жинағын» жалпы алсақ, түрік халықтары тарихы, тағдыры туралы деуге болар. Ондай жағдайда жеті томдық жинақ тұтасып шыға келеді. Ол жалпы алғанда. Жекелеп алсақ, жинақтың тақырыбы — әралуан. Түрік ұлт-ұлыстары туралы мәлімет те, олардың тарихы да, әдебиеті де бар жинақта. Бір әдебиетті алсақ, қазақ әдебиетінен бастап өзбек, қырғыз, алтай, татар, башқұрт, шуаш, шор болып жалғасады. Бірақ, жеті томдық жинақ бір әдебиет туралы ғана емес. Алуан мәселе қамтылады. Жинақ әр алуан тақырыпты. Жинақтың 1-ші кітабын ғана алып қарайық. «Түркістан және Елбасы», «Түркістан бағы», «Ұлы ұстаз, ғалым Бейсембай Кенжебайұлы және басқалар туралы жазбалар», «Түркология тарланы» (Ә.Нәжіп), «Көшбасшы» (З.Ахметов), «Министрдің қабылдауында» (Ш.Елеукенов), «Кісілікке бергісіз кішілік» (Ә.Жұмабаев), «Алашорда ақиқатын алғаш айтқан ғалым» (К.Нұрпейісов), «Абырой болар шын ғалым аты…» (С.Қасқабасов), «мазаң жүрек, маздаған жыр…» (С.Мәуленов), «Шоқауыз…» (С.Адамбеков), «Мейірімсіз қара жер, сөзіме менің қарашы…» (Айтбай ақын), «Түрік дүниесіне танымал Түркістани» (Р.Сейтметов), «Аға» (Ө.Айтбайұлы), «Армысыз, Сағат аға?!» (С.Әшімбаев жайлы үштаған), «Сырбаз болмыс» (С.Абдрахманов), «Шымырлап ойға тараған…» (Ж.Дәдебаев), «Бекзат» (Б.Байтанаев), «Сұмдық дарынды еді» (Е.Айнабеков), «Ханның қамқа тоны» (М.Жолдасбеков), «Бармасаң, келмесең жат боласың» (Ш.Мұртаза), «Кісілігіңізден айналайын, Әбіш аға!» (Ә.Кекілбайұлы), «Қимас қазына қайда екен?» (Ә.Қайдариға хат), «Қазақ елі» — бейнелеу өнерінің табысы», «Шор альбомы» (Арбачаков), «Қайсар қазақ» (О.Сыздықов), «Байлдыр аға жайлы баян» (С.Жолдабаев), «Түркістанға байланған тағдыр» (Қ.Сарыбаев), «Өмірлік міндетім — өлең жазу..» (Қ.Сарыбаев), «Түркістандық Өмірбай ақын.»(Ө.Сәуірбаев), «Шыңғыс шыңы» (Ш.Айтматов), «Таным сабақтары» (Қ.Нұрмаханов), «Сұлтандары соңына музейлер қалдырып өткен елде…» (Түркияға сапар), «Тамыры терең туыстық» (Өзбек – қазақ байланысы), «Халық қазынасын қастерлеп…» (сұхбат), «әл-Фараби есімі әлсіреп кеткен жоқ па?» (сұхбат), «Қасіреттен қасиет туғызар музей» (музейтану), «Түрік қызы – Түркістанның құрметті азаматы» (Ф.Сөнмез), «Түрік қызының Түркістан атынан тартуы» (Ф.Сөнмез), «Қазақстанда тұңғыш түркология кітапхана-музей ашылмақ» (сұхбат), «Түріктік тұтастыққа ұмтыламын…» (сұхбат).
Түріктік тарихтан алашшыл тарихшы ғалымға (К.Нұрпейісов) дейін, жеке музейдің жасалуынан қаласы тұтас музейге айналған Түркияға дейін, музей мәселелерінен музейлік жеке экспонаттың табылып, зерттелуіне (М.Жолдасбеков) шейін, археологиялық ландшафтан Сығанаққа (С.Жолдасбаев) ұластырып, түрік әлемінен жер бетінен жойылып бара жатқан Шорға шейін, тәуелсіздік аламыз деп араласудан қалған қазақ-қырғыз жайы (Ш.Мұртаза көтерген мәселеге орай), түркология тұлғасы (Ә.Нәжіп) тағдырынан оның қазақ ғалымдары алып келіп қолды еткен жеке кітапханасына дейін (Ә.Қайдариге хат), әлемдік әдебиеттен шоң Шыңғыс Айтматовқа дейін, оның шығармаларын алғаш қазақ тіліне қотарған (аударған) сыншы Қ.Нұрмахановқа шейін, қазақ әдебиеттану ғылымын түріктік бастауға сүйреген Б.Кенжебаевтан Кенжебаевқа Түркістанда ашылмақ кітапхана-музейге дейін, өзін тәрбиелеген С.Әшімбаевқа шейін, ұстаз тұтқан Ә.Кекілбайұлының қайырымдылығы, Түркістанды туған отаным деп қабылдайтын түрік қызы (Ф.Сөнмез) туралы қамтылған мақалалар. Аяғында «Түріктік тұтастыққа ұмтыламын»-деп тілшіге ізгі ниетін, шығармашылық мақсатын сыр етіп айту, ой бөлісу.
Бұл бір жағынан түрколог ғалымның алымдылығын, жазар дүниесінің ауқымдылығының айғағы. Жинақтың бір кітабы ғана. Ойланып көрейікші, қамтылмаған мәселе бар ма? Бар шығар. Дегенде, ғалымның қамтыған тақырыптары көңіл тоғайтады. Түріктік ауқым, тақырыптық әралуандық, жазушылық жанрлық шеберлік, тың форма табу… бәрі де бар жинақта.
Жинақта дегенде 1-ші кітапты ғана сөз етіп, біреуіне ғана тоқталып отырмыз. Осындай тағы алты кітап, бәрі қосылып жеті жинақ.Олардың әрқайсысында тақырыпты игеру, форма тауып жазу, материалды игеріп талдау табиғатынан туатын ерекшелік, осының бәрін ойша шолғанда «таң қалдыра» (Г.Бельгер) білетін Ергөбек қаламынан қызықты туған қыруар еңбекке тап боламыз. Сөйтеміз де «…Ергөбековті Ергөбеовтей бақайшағына дейін жіліктей шағып, жіліктей зерттеп, жіліктей түсіндіру үшін тағы бір Ергөбеков керектігіне» (Ә.Кекілбайұлы) көз жеткізіп «таңқалып, тамсанамыз» (Ә.Кекілбайұлы) Жеті кітаптық жинақтың жанрлық сипаты, жазылу ерекшелігі жайында не айта аламыз?
Қ.Ергөбек әуелден түрлі тақырыптағы мақалалардың басын зорлап иіп, кітапқа айналдыра беретін автордан емес (Р.Нұрғалиев). Әр кітабы тақырыбы жөнінен тұтас, әр кітабы бір жанр аясына топтастырылған дүниелер. Бірінші жинақ түрлі мақалалардан бас құрапты. Екінші жинақта «Құбылып соққан замана желі-ай..» (С.Мұқанов), «Халық даналығы мен азамат ғалым тазалығының үйлесімі (Б.Кенжебаев), «Жыр толағай» (Ә.Тәжібаев), «Дүние шіркін, дүркін-дүркін, өтеді бір күн…» (М.Қаратаев), үшінші кітапта «Қайран, қазақ қыздары» (шындығында түріктік қыз тұлғалар), «Ағалар тағдырын еске алсақ (тұтас С.Мұқанов жайы), «Құрдастарыма хат, немесе қазақ әдебиетінің бір буыны тағдыры» (Ж.Шаштайұлынан С.Мәметке дейін), төртінші кітапта «Алыс көкжиектерді аңсаймын», «Тау мен Даланы туыстырған» (Ш.Айтматов циклы), бесінші кітапта «Әдебиет зерттеушілерінің пірі» (Б.Кенжебаев), жетінші кітапта «Кітаби ақындар» тұтас тақырыпта туған бағалы дүниелер.
Аталған тарауларды тақырыптық тұтастығына, талдау табиғатына қарап жеке-жеке монография деп қарауға болады. Ғылыми, ғылыми-публицистік мәнерде жазылған монография. Көбісі ешқайда жарияланбаған тың дүниелер. Әлі жеке кітап та болып басылар. Қай монографиясы да тың дерегімен, жаңаша пайымдауы, танымдық мәнімен озық тұр. Оған дау жоқ. Бірақ, Құлбек советтік кезең әдебиетшілері сияқты С.Мұқанов, Б.Кенжебаев, М.Қаратаев, С.Қирабаев, тіпті Шыңғыс Айтматовты әсіре көтермелеп, иделизация жасап алатынын байқамайтын сыңайлы. Зерттеу объктісін жанындай жақсы көреді. Дұрыс-ақ. Жақсы көрген тұлғаларды мадақ дәрежесіне дейін көтермелеудің қажеті қанша? Жөні талдау емес пе? Талдау сәтінде тұлғаның жетістігі айтылып, кемшілігі айқын көрініп жатпас па? Талдау Қ.Ергөбектің сыншылық, әдебиетшілік мәнері. Дегенде, әдебиеттің айтулы тұлғаларының шығармасын талдағанда беделге басын июшілік байқалады. С.Мұқанов ірі тұлға. Бірақ, С.Мұқановтың поэмаларын талдағанда (30-шы жылдар поэзиясы) тың деректерді қатыстырып отыратынына қарамастан, әдебиеттің асыл мүлкі деуге бола қоймас. Отызыншы жылдары туған ол поэмалардың көбі бүгінде жетістік болып танылмайды. ХХ ғасырдың отызыншы жылдары туған поэзия табысы деп М.Жұмабаев, І.Жансүгіров туындыларын ғана айта алсақ керек. Егер кезінде профессор Т.Нұртазиннен бастап бірсыпыра әдебиетшілер С.Мұқановтың поэзиясын (оның ішінде поэмаларын) сыпыра мақтаған болса, ол кеңестік саясаттың ықпалы. Ол жерде ешқандай эстетикалық талғамның ролі жоқ. Біржақты кетіп қалады дегенде осындай сәтті айтамыз. Дегенде, бұл монографиялар жеке кітапқа сұранып тұрған бағалы дүниелер.
Енді, бірде материалдар «Өлеңтану», «Өнертану», «Әдебиеттану», «Тұлғатану», «Түріктану» сияқты тарауларға жүйеленіп беріледі. Бұл да «Түрікстан жинағына» тақырыптық, жанрлық тұтастық беретін бағалы сипат. Сыншы, ғалым бірінде айтпаған ойын екіншісінде айтады, бір ойды екінші мақалада жалғап алып кете барады. Аяғында бәрі жинақтала келе тұтас дүниеге айналады. Тұтас дүниенің оқырманына сыйлар танымдық қуаты да, эстетикалық ләззаты да мол болады.
Бір тақырыпта туған жеті жинақ. Айтуға ғана оңай. Түрік халықтары тұлғалары, тұлға тудырған заманынан озық туған (бүгінге жеткен) өміршең туындысын жаңа уақытқа сай жаңаша талдап сөз сабақтау оңай емес. «Түрікстан жинағы» аталатын 7 кітапта түрік халықтарының тарих толқынынан сүрінбей «құйрық, жалын сүзіп» шыққан жүйріктерін (Ш.Айтматов, М.Кәрім, А.Яқубов, Ә.Кекілбайұлы секілді), арғы-бергі тарихи кезеңде тіршілік кешкен ойшыл тұлғаларын, сұрыпталып шыққан әр дәуір туындыларын іріктеп алып, өз уақытымен, қанаттастарымен салыстыра саралау, бүгінгі талаппен қарап талдау жасау — бүгінгі таңдағы көрнекті қазақ әдебиетшісінің үлкен табысы. Өзге замандастарында кездесе бермейтін сұрапыл бейнет, содан туған ерекше еңбек шоғыры, сыншы ғалымның ғана емес, қазақ әдебиетінің еселі табысы дерлік. Ең бастысы бір қазақ тарихы, әдебиеті, тілімен шектелу жоқ, күллі түрік дүниесін түгел қамтып сөйлеу, оларды өзара сабақтастырып жүйелі талдау еңбектері. Өз атымен атасақ түркология ғылымындағы табыс.
«Түрікстан жинағының» әр томына алғысөз жазған бір-бір түрік жұртының бетке ұстар ғалымдары, жазушылары бағалары да осындай пікірге бастайды. Қазақ ғалымы еңбегін шолу түрінде сөз ете отырып, мақтаулы шығармашылық портретін жасайды. Ол алғысөздер (даңқты алты қаламгердің алғысөзі) бір арнаға құяды, бір түйінге келеді: «Құлбек Ергөбек заманымыздың ірі түркологы!»
Өзін де, сөзін де сыйлайтын Шерхан Мұртаза ол жайында: «Сіз адал жүрек, ақ ниет, елге деген шынайы жанашырлықпен қай мәселеге де азаматтық парыз тұрғысынан қарайтын көрнекті әдебиет сыншысы, ғалым, жазушы, педагог ретінде Алаштың көшбастар серкелері қатарынан теңдессіз орныңызды таптыңыз» — деп жазған еді.
Сөз басында «Ақиқат» журналы айтқан бағалауға қайта оралсақ, бүгінгі қазақ журналистикасы, әдебиеті, филологиясын ғана емес, тұтас түркология ғылымын талантты ғалым Құлбек Ергөбексіз елестетуге болмайды. Оның еңбектерінің бүгінгі күні орыс, түрік, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, саха өзге де тілдерге аударылып жарияланып, кітап болып басылуы біздің сөзімізге бұлжымас дәлел. Ол бүгінгі таңдағы түркологияға еселей-еселей үлес қосып келе жатқан жалпы түріктік тұлға!