ТҮРКІ ТІЛДЕРІНІҢ ТАРИХЫН ТҮРКІЛЕРДІҢ ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫМЕН САБАҚТАСТЫРА ҚАРАСТЫРУДЫҢ МАҢЫЗЫ


САҒИДОЛДА ГҮЛҒАЙША
филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ның профессоры, (Қазақстан, Астана қ.)

Тіл әрқашан белгілі бір этностың генеалогиясымен, азаматтық тарихымен, қоғамдық даму дәуірімен, материалдық және рухани мәдениетімен, шаруашылық-кәсіп түрлерімен, салт-сана, әдет-ғұрпымен тікелей байланыста дамиды. Түркі тілдері де ұзақ жылдар бойы дамып, жетіліп, өзара және өзге жүйедегі тілдермен ұдайы қарым-қатынаста бола отырып, өзіндік ерекшеліктерімен қалыптасты. Әрбір тілдің даму, қалыптасу жолы да, өзара туыстық деңгейі де әр түрлі болып келеді. ДейтұрғанменҚаратеңіз, Қырым және Кавказдан басталып, батысында Волганың орта сағасы, Орталық Азия және Ауғанстан территориялары арқылы Сібірге және Моңғолияға ұласатын, онан әрі шығыста Тибетке дейін жалғасып жатқан Орталық Еуразияның әртүрлі регионында тарихи сан алуан жағдайларды басынан өткерсе де, қазіргі түркі халықтары ата-бабадан мирастыққа қалдырылған тілдік өзек пен ортақ мәдениетті сақтап отырғанымен ерекшеленеді.

Қиыр Шығыстан Жерорта теңізі мен Үнді мұхитына дейінгі кең-байтақ өлкені мекендеп отырған түркі тектес халықтардың тілдерінде ортақ түркілік грамматикалық құрылым-құрылыстың сыртында, жалпытүркілік ортақ лексикалық қордың, көне морфологиялық тұлғалардың сақталып қалуы бүгінгі түркілер арасындағы мәдениетаралық қарым-қатынасты жеңілдетеді, тіптен чуваш пен сахалардан басқалары бірінің тілін бірі толық түсінісе алатындай дәрежеде деуге болады. Әйтседе әр түркі халқының этникалық қалыптасу тарихының белестерінде ортақ тұстардың болуына қарамастан, оларды өзгеден даралап тұратын өзіндік этномәдени ерекшеліктердің қалыптасу жолдары басқаша, яғни дербес этникалық қауымдастық ретіндегі болмыстары өзгеше, соған сай тілдері де дербес тіл ретінде даралық сипатқа ие.

Халықтың этникалық қалыптасу тарихы мен сол халық сөйлейтін тілдің тарихы өзектесіп, бірге өріледі десек, түркі тілдерінің тарихын түркілердің ру-тайпа, ұлыс, ұлт, халық болып қалыптасқан этникалық тарихымен сабақтастыра біртұтас құарастырудың маңызы ерекше. Себебі «этнос – өздерін өздері сияқты (аналогиялық) басқа адамдар ұжымдарына қарсы қоятын, табиғи жолмен қалыптасқан берік адамдар ұжымы және бұл комплементарлық сезімталдықпен анықталады, тарихи уақыт бойында белгілі бір заңдылықпен өзгеріп отыратын өздеріне ғана тән стереотипті мінез-құлықтармен ерекшеленеді»1, 540. Мұнда «этнос пен этнос тілі тарихи бір мезгілде, бір географиялық ортада және белгілі бір әлеуметтік жағдайда қалыптасатынын ескерсек, тілдік факторлар этностың халық болғанға дейінгі және онан кейінгі тарихын айқындауға қажет»2, 52, ал тарихи факторлар тілдердің тектестігін, тарихи өзара байланысын, қарым-қатынасын, бір-бірімен араласуын, бір-біріне тигізген ықпал-әсерін анықтауға қажет дереккөз қызметін атқара алатынымен құнды.

Түркілердің этникалық қалыптасу тарихы мен тілдерінің тарихы аралық сабақтастық ең алдымен «тілдік атажұрт, атамекен»туралы ғылыми түсінікке, яғни этнос (ру, тайпа, ұлыс, ұлт, халық) және оның тілі ең алғаш пайда болған тарихи-географиялық ортасы туралы ұғымға жетелейді.

Түркілердің түпкі мекені, тарихи ата-жұрты алтаистикалық және түркологиялық бағыттағы зерттеулерде «алтайлық атамекен, атажұрт» ұғымымен ұштастырылады. Алтай макротілдік тобын құрайтын түркі, моңғол, тұңғыс-маньчжур және корей, жапон тілдерінде сөйлейтін халықтардың түпкі мекені саналатын Орталық-Азия үстіртінің солтүстік-батыс бөлігі, Алтай таулары мен Хянган таулы қыратының солтүстік бөлігі арасындағы территория түркілердің де ата жұрты саналады. Кіші Азия, Кавказ, Қыпшақ даласы, тіптен Шығыс Түркістаннан ары қарай кететін аса ауқымды географиялық ареалды ескерместен, арғытүркілердің атажұртын Ордос үстіртінен (Қытайдағы) Саян-Алтайға дейінгі аралықпен шектеудің дұрыс еместігі жайлы пікірлер де жеткілікті. Мәселен А.Б. Долгопольский: «Алтай тілдерінде сөйлейтін халықтар бағзы бір замандарда Алдыңғы Азияға жақын, атап айтқанда Орта Азияда өмір сүрді. Алтай тілдерінің ең көнелері (түркі тілдері) афанасьев және андронов мәдениетіндегі еуропеоидтық тұрғындар толқынымен бірге Оңтүстік Сібір және Монголия далаларын шарпыды, кейіннен олар монголоидтық типтегі жергілікті тұрғындардың тіліне айналды»3, 56 дейді. Ал М.З. Закиев түркологияда түркілердің ата жұрты ретінде оннан астам аймақ көрсетілетінін айтады4, 74: 1) Алтай, 2) Қытайдың солтүстік және солтүстік-батысы, 3) Тянь-Шань таулары, 4) Алдыңғы Азия, 5) Батыс Азия, 6) Орталық Азия, 7) Солтүстік – батыс Сібір, 8) Байкал көлі жағалауы, 9) Ертіс пен Оралдың арасы, 10) Еділ-Жайық бойы, 11) Шығыс Еуропа». С.Е. Малов: «б.э. дейінгі 5 ғасыр бойы түркілер негізінен қазіргі таралған территорияларында өмір сүрді. Еуропада түркілер мекен еткен ең көне жерлер ретінде Дунай өзенін, Еділдің төменгі және орта сағасын, Орал бойын көрсетуге болады»  дейді5, 5; 6, 192. Қалай болғанда да қазіргі түркілердің ата бабалары б.з.д. III жылдықтарынан бастап Еуразияның далалық алқабын мекендегені, жоғарыдағы өңірлерде өмір сүрген сан алуан халықтармен тығыз қарым-қатынаста бола отырып, этникалық қалыптасудың ру-тайпалық, ұлыстық, ұлттық, халықтық сатыларын басынан кешіргені анық. Мұны қазіргі түркі тілдерінің таралу ареалының Еуразия құрлығында батыстан-шығысқа қарай үзіліссіз жалғасып жатқаны да көрсетеді:

Оңтүстік Кавказ және Алдыңғы Азия (оңтүстік-батыс түркі тілдері түрік, әзірбайжан тілдерінің кең таралған өңірі);

Солтүстік Кавказ және Шығыс Еуропа (солтүстік-батыс түркі тілдерінің, атап айтқанда, құмық, қарашай-балқар, ноғай, қырым-татарлары тілі, гағауыз, қарайым, татар, башқұрт, чуваш тілдерінің таралған өңірі);

Орталық Азия (оңтүстік-шығыс түркі тілдері  түркімен, өзбек, ұйғыр, қарақалпақ, қазақ, қырғыз);
Батыс Сібір (солтүстік-шығыс түркі тілдері  алтай, шор, хакас, тува, тофалар, якут т.б.) Түркологиялық бағыттағы зерттеулерде қазіргі түркі тілдерінің қалыптасуы түркі халықтарының этникалық қалыптасуына ықпал еткен көптеген күрделі тарихи көші-қондармен тығыз сабақтастырылып, арғытүркілік (прототүрк) субстраттың этникалық тарихы тұрғындардың екі түрлі тобының синтезіне қатысты өзектеледі7, 39-47:

Еділ бойы, Қазақстан, Алтай және Жоғарғы Енисей өлкелері тұрғындарының тарихи тектестігімен сабақтастырылатын б.з.д. 3-2 мың жылдықтарда Еділден батысқа қарай, сондай-ақ шығыс және оңтүстік бағыттарда ғасырлар бойы үзіліссіз жалғасқан көштердің нәтижесінде қалыптасқан этникалық тарих;

Ішкіазиялықтардың шығу тегімен ұштастырылатын Енисейдің шығысындағы далалы алқапта кейіннен пайда болған этникалық тарих. Осы екі топтың екі жарым мыңжылдықтар бойы үздіксіз жалғасқан өзара тығыз байланыстары, тарихи қарым-қатынастары, бір-бірімен алма-кезек тоғысулары этникалық біртұтастануға (консолидация) жетеледі, нәтижесінде түркітілдес этникалық ортақтық қалыптасты. Осы ортақтықтан б.з. II мыңжылдықтарында қазіргі түркі халықтары бөлініп шықты.

Түркілік лингвоареалдың аса ауқымдылығы мен үзіліссіздігін түркі ру-тайпаларының ерте кездерден-ақ Орталық Азияның кіндігінен, яғни «түркілік атажұрттан» жан-жаққа тарамдала жайылуымен, атап айтқанда, оғурлар мен қыпшақтардың қазіргі Украинаның батысынан Қазақстанға дейін созылатын, солтүстіктігінде Орал тауларымен, оңтүстігінде Кавказ тауларымен және Қара теңіз, Каспий (Хазар) теңіздерімен шектесетін орманды далаға қарай кетуі, тіптен Мысырға дейін жетуі; өзге түркі тайпаларының батысқа, Еуропаның түпкір-түпкіріне тереңдеуі; ұйғырлардың оңтүстікке, Шығыс Түркістанға, ал оғыздардың оңтүстік-батысқа, Иран, Анадолы жеріне және Балкан түбегіне қоныс аударуы, сондай-ақ түркілердің өздері орын тепкен Еуразия мен Африка құрлықтарында атқарған маңызды тарихи-геосаяси рөлдерімен байланыстыруға болады 8, 108.

Түркілердің аса ауқымды географиялық ареалда лингвоэтникалық тұрғыдан біртұтастануына олар кешкен көшпелі өмір салтының, олар құрған мемлекеттердің құрылымдық негіздерінің өміршеңділігі де белгілі дәрежеде ықпал етті деуге болады.

Көп ғасырлар бойы Азия далаларында құрылған мемлекеттердің мемлекеттік-құрылымдық тұғырын көшпелі өмір салты құрады. Б.з.д. I мың жылдықтарынан басталған мемлекеттіліктің көшпелі типі Еуразия құрлығында XVII ғасырларға дейін басым болып келді.

Біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының ортасы мен екінші жартысында түркі тілі тайпалар Орта Азиямен қазіргі Қазақстан аумағында, Оңтүстік Сібірде, төменгі Поволжьемен Солтүстік Кавказда Түрікқағанаты, Шығыс торік қағанаты, Батыс торік қағанаты, Түргеш қағанаты, Ұйғыр қағанаты тәрізді ірі мемлекеттерді құрғаны, Енисей қырғыздарының, қарлұқтардың, қимақтар, оғыздардың да мемлекеттік жүйедегі бірлестіктері болғандығы тарихтан белгілі 9, 18. Тарихи мәліметтер бойынша VI-VIIІ ғасырлар  түркілердің тарих сахнасында ерекше із қалдырған кезеңі болды. Бұл кезеңде Орталық Азияда Түркі қағанаттары бой көтерді. 552 жылы құрылған Түркі қағанаты 603 жылы Батыс және Шығыс болып екіге бөлініп кетті. Батыс Түрк қағанатының (603-658) құрамына қазіргі Орта Азия, Қазахстан және Шығыс Түркістан территориялары, ал Шығыс Түрк қағанаты құрамына Монголия, солтүстік Қытай және оңтүстік Сібір өлкелері кірді. 658 жылы шығыс түркілерінің жаулауымен Батыс Түрк қағанатының құлады. 698 жылы түргеш тайпалық одағының көсемі Үшелік жаңа түрк мемлекетін  Түргеш қағанатын құрады (698-745 жж.).

VIII ғ. басында басталған ұйғыр тайпаларының бірігуі процесі 742-756 жылдары аяқталады. Ұйғырлар конфедерациясының күшеюі нәтижесінде 745 жылы Ұйғыр қағанаты құрылады. 745 жылы құрылып, 840 жылы құлаған Ұйғыр қағанаты феодалдық мемлекет болды. Алтайдан Маньчжурияға, оңтүстікте Говь шөліне дейінгі ұлан-ғайыр территорияда үстемдік құрған Ұйғыр қағанаты құрамына ұйғырлар мен телес тайпаларының сыртында, қарлұқ, қырғыз, татар, басмал, кидан, чики, т.б. бағындырылған тайпалар енді. Қарабалғасун (Харбалгас) немесе Орду-Балық деп аталған астанасының іргесін Орхон өзенінің сол жағалауында қалаған ұйғырлар көшпелілер тарихында манихей дінін қабылдаған бірден-бір тайпа болып қалды10, 47.Ұйғырлар IV-V ғасырларда теле тайпалары одағы құрамына кіреді. Жужандар кезінде он ұйғырлар солтүстікке, ал тоғыз ұйғырлар оңтүстікке қарай ойысады. Ұйғыр тайпаларының бірігу процесі тюркюттар кезінен (VIII ғ. басында) басталып, 742-756 жылдары аяқталады. Басмал, шығыс қарлұқ, телес тайпаларынан және ұйғырлардың өздерінен құралған ұйғыр конфедерациясының билік басында тоғыз-оғыздартұрады. С.В. Киселев тоғыз-оғыз тайпалық одағы атауын ұйғырлардың «сегіз оғыз» – найман тайпалық тобына келіп қосылуымен, ujγur/ ujγïr этнонимін түркінің ujmaq «бірігу, ұю» сөздерімен байланыстырады11, 137.

IX ғ. 20 жылдары басталып 840 жылға дейін жалғасқан Ұйғыр қағанаты құрамындағы енисей қырғыздарының көтерілісі қағанаттың құлап, оның құрамындағы ұйғырлардың жан-жаққа бытырай қашуымен аяқталады. Құрамындағы тайпалардың өзара қақтығыстарының, мемлекет ішіндегі саяси жікшілдіктің, қатты жұттың әсерінен әлсіреген Ұйғыр қағанаты енисей қырғыздарына қарсы тойтарыс бере алмайды. Қытай дереккөздері бойынша Ажо деп аталатын қырғыз қағаны бастаған жүз мың қол әскер 840 жылы Орду-балықты басып алады12, 75.

VII-IХғ. қырғыздардың (qïrqïz/qïrq az) тарихи-әлеуметтік өмірін сипаттай келіп, А.Бернштам қырғыздардың жүз мың қолының ұйғырларды (ойхорларды) талқандауы туралы Н.Я. Бичурин пікіріне жүгінеді: «ру басы Гюйлу Мохэ (Кюлюг-бага-тархан телес тайпасының эдіз руынан), хагастармен (қырғыздармен) бірігіп, жүз мың атты әскермен хойхулардың (ұйғырдың) қаласына (Орду-балык) шабуыл жасап, Гюйлофуді (Кюлюг-бега, Курабира) өлтіріп, оның қонысын өртеп жіберді. Хойху ұрпақтары жан-жаққа бытырап тарап кетті»13, 169.Енисей қырғыздарынан жеңіліс тапқан ұйғырлар оңтүстікке, оңтүстік-батысқа, батысқа қарай қашады.Бұғу Цзун бастаған ұйғырлардың бір тобы Тұрфан ойпатына жетіп, онда өздерінің князьдығын құрады. Олар Тұрфан оазисінде егін шаруашылығымен шұғылданатын жергілікті халықпен араласып, біртіндеп отырықшылыққа бет бұрады. Қытай тарихшылары Ұйғыр қағанаты құлағаннан кейін оның құрамында болған тайпалардың негізінде 847-849 жылдары Шығыс Тянь-Шань алқабында және Ганьчжоу, Ляньчжоу (қазіргі Ганьсу) өңірлерінде дербес хандықтар пайда болғанын, Ганьсудағы хандық ХІ ғ. 30 жылдары (1036 ж.) таңғұттардың шапқыншылығынан құлағанын, ал ХІІІ ғ. алғашқы онжылдығына дейін 400 жыл бойы дербес өмір сүрген Турфандағы мемлекет моңғол шапқыншылығынан кейін (1209-1369 жж.) моңғолдардың вассалына айналғанын айтады14.

Орталық Азия және Оңтүстік Сібірде үстемдік еткен Қырғыз қағанатының іргесі 840 жылы қаланып, 80 жылдай өмір сүрген Қырғыз қағанаты 920 жылдары құлайды. Қағанаттың құлауына байланысты қырғыздар Орталық Азиядағы Монголия территориясын жоғалтқанымен, өздерінің екі бірдей таралу ареалын, 1) Енисейдің жоғары және орта сағасын; 2) Алтайды және Ертіс бойын сақтап қалады. Бұдан кейінгі тарихи көштер барысында қырғыздар екіге айрылып, енисей қырғыздары мен Тянь-Шань қырғыздарының этникалық жаңа тарихының қалыптасуы басталады13, 171.

V-VIII ғасырларда Еуропаға келген түркі тектес көшпелі бұлғарлар Балканда Дунай бұлғарлары, Еділ – Кам өзендері бойында Еділ бұлғарлары мемлекеттерін құрды.

VII ғ. екінші жартысында (658) ыдырай бастаған Батыс-түрік қағанатынан іргесін ажыратып, Солтүстік Кавказда құрылған Хазар қағанаты X ғасырларға дейін өмір сүрген (650-969 жылдар аралығында) ортаазиялық ірі мемлекет болды. IX ғасырдың екінші жартысында хазарлардан ығысқан печенектер Қаратеңіздің солтүстігін ала орнықты және олар Византия мен Көнеорыс мемлекеттеріне қауіп төндірген үлкен күш саналды15; 16.

XI ғасырда оңтүстік орыс далаларында печенектерді араб-парсы дереккөздерінде қыпшақтар, Еуропа және Византия дерекөздерінде кумандар, орыс дерек көздерінде половцы деп аталған түркі тайпалары алмастырды17; 18.

VIII-IX ғ. қазіргі Солтүстік-шығыс Қазақстан территориясында құрылған қимақ-қыпшақ тайпалық одағы екі ғасыр бойына өмір сүріп, IX ғ. Орталық Азияда шығыстан батысқа қарай жөңкіле көшкен көш барысында ыдырады. Оның құрамында болған қыпшақтар ғана кейіннен өз мемлекетін құра алды. Қыпшақтар қоныстанған Алтайдан Дунайға дейінгі ұланғайыр атырап Дешті-Қыпшақ деген атпен тарихта қалды. Қыпшақтар XIII ғ. моңғолдардан жеңіліс тауып, Моңғол империясының батысында құрылған Алтын орданың құрамына кірді. Алтын Орда мемлекетінің этникалық құрамы негізінен түркі тайпаларынан құралды19.

XIVғ. аяғында Орта Азияда Ақсақ Темір империясын құрды20. Ақсақ Темірдің Алтын Орданы жаулауы салдарынан Алтын Орда батыс (Ақорда Еділ және Дон өзендері арасында) және шығыс (Көкорда) қанатқа бөлініп кетті. XV-XVI ғ. Ақ орда Қазан, Астрахан, Қырым хандықтарына, Көкорда 1440 жылы Ноғай ордасы (қазіргі батыс Қазақстан жерінде) және Өзбек хандығына ыдырады. Алтын ордаға ислам дінін енгізген орданың ең соңғы хан Өзбектің атымен аталған Өзбек хандығы 1428 жылы Сырдария бойында құрылды. Өзбек ұлысының ханы Әбілқайыр сұлтанның саясатына көңілі толмаған Жәнібек пен Керей сұлтандар 1458 жылы Сырдарияның жағалауынан Моғолстан билеушісі Есенбұғаға қарасты Жетісу өңіріне қоныс аударып, 1465 жылы Қазақ хандығын құрды. Ал Әбілқайырдың немересі Мухаммед Шейбани 1499 жылы оңтүстіктегі Мавераннахрға жорыққа аттанып, Ақсақ Темірден соң іштей бытырап, әлсіреген Тимуридтер мемлекетін жаулап, 1500 жылы Бұхар хандығын құрады және өзінің Сығанақтағы астанасын Бұхараға көшіреді. Шейбанимен бірге кеткен көшпелі Дешті-қыпшақ тайпалары жергілікті отырықшы тұрғындар  құрлұқтармен (сарттармен) тығыз араласып, оларға сіңіп кетті. Жаңадан құрылған ұлыстың тұрғындары жеңіске жаткен билеуші топтың атымен «өзбек» деп аталды21, 542.


Ал б.з. V ғ. «шығыстан батысқа бағытталған Ұлы көштен» басталған түркітілдес халықтардың Алдыңғы Азияға (Кавказдың теріскейі, Әзірбайжан, Анадолы жері) ендеуі VIII-X ғасырларда ары қарай жалғасып, XI ғ. оғыз тайпаларының (селжуктар) осы территорияларды жаулауына ұласты. XI-XIV ғасырларда оғыздар мен татарлардың Кавказдың шығысына жасаған жорықтарының нәтижесінде Кавказдың теріскейі түркіленеді22, 89. XIII-XVI ғ. осман түркілері Еуропа, Кіші Азия, Африканы жаулап, Осман Империясын құрады22, 98.

XVI-XVIII ғ. алдымен Орыс мемлекеті, кейіннен Петр І патшаның реформасынан соң Ресей Империясы бұрынғы Алтын Орда территориясында пайда болған Қазан, Астрахан, Қырым, Ноғай Ордасы тәрізді хандықтардың, кейіннен XIXғ. Орта Азияны, Хоқан хандықтарының, Шығыс Кавказдағы бірнеше Әзірбайжан хандықтарының жерін өзіне қосып алады. Сөйтіп, ХХғ. басында Осман империясы мен Хиуа хандығы (1512-1920), ал ХХғ. 20 жылдардан кейін бір ғана Түркия дербес түркі мемлекеті болып қалды.

ХХғ. 90-жылдары КСРО-ның тарауына байланысты оның құрамында болған 5 бірдей түркітілдес мемлекеттер егемендікке қол жеткізді, соның нәтижесінде қазіргі дүниежүзінің геосаяси картасында 6 бірдей тәуелсіз түркітілдес мемлекеттер сап түзеді: Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан.

Түркілердің адам санына қатысты өсімі тұрғысынан алғанда Түркия бірінші орында болатын болса, таралу аймағы жағынан Ресей территориясы ең көлемдісі саналады.2002 жылғы Бүкілресейлік санақ бойынша Ресейде 25 түркітілдес халықтар өмір сүреді.

Жаһандану процесі және түркілердің басқа халықтармен бірігуі оларды тарихи ареалдарының шет-шекарасынан шығуға жетеледі. Бүгінде түркілер Еуразия, Солтүстік Америка, Австралия құрлықтарындағы сан алуан мемлекеттер құрамында, Орта Азия, Кавказ, Жерорта теңізі, Оңтүстік және Шығыс Еуропадан Ресейдің Қиыр Шығысына дейінгі территорияда өмір сүріп жатыр. Қытайда, Америкада, Таяу шығыс және Батыс Еуропа мемлекеттерінде таралған шағын санды түркі этностары жаһандану процесіне тойтарыс бере алмай біртіндеп жойылу үстінде.

Діни наным-сенімі тұрғысынан алғанда түркілер ерте замандардан Көк Тәңіріне табынып келді. Қазіргі кезде түркі халықтарының діндері әртүрлі. Олардың басым көпшілігі ислам дінін (мұсылман-сүнниттер), тывалар мен сары ұйғырлар будда дінін, чуваштар, гағауыздар және якуттер христиан дінін, қараймдар иудаизмді (караизм) ұстанады.

Түркі тілдерінің саны ғылыми әдебиеттерде әр түрлі көрсетіледі. Мәселен, КСРО ҒА тарапынан 1966 жылы жарық көрген ұжымдық монографияда 23 тірі түркі тілі, ал А.А. Реформатскийдің 1967 жылғы «Тілтануға кіріспесінде» түркі тілдерінен 25 тірі, 7 өлі тіл ретінде көрсетіледі23, 98. 1997 жылы жарық көрген «Әлем тілдері: Түркі тілдері» сериясы бойынша 39 тірі және 15 өлі түркі тілдері бар деп саналады.

Мемлекеттік-территориялық құрылым тұрғысынаналғанда қазіргі кезде 6 тәуелсіз түркі республикалары бар. Ал ұлттық автономиялар саны  13: ҚХР-да  1: Шынжан-Ұйғыр автономиялық районы (қазақтар, ұйғырлар, тывалар); Ресей федерациясында  10: Тыва Республикасы; Чуваш Республиксы; Башқұртстан Республикасы; Татарстан Республикасы; Саха Республикасы (Якутия); Қарашай-Черкес Республикасы (қарашайлар, ноғайлар); Алтай Республикасы (алтайлар, қазақтар); Дағыстан Республикасы (құмықтар, ноғайлар, әзірбайжандар); Кабардин-Балқар Республикасы (балқарлар, татарлар, түріктер); Хакасия Республикасы); Молдавияда  1: Гагаузия; Өзбекстанда  1: ҚарақалпақРеспубликасы (қарақалпақтар, қазақтар, өзбектер)

Тәуелсіз түркітілдес мемлекеттердегі тұрғындардың жалпы санына шаққанда түркітілдес халықтардың саны Әзірбайжанда 90%, Қазақстанда 73 % (2010ж. санақ бойынша), Қырғызстанда 85 % (2009ж. санақ бойынша), Түркияда (78% 2013ж.), Түркіменстанда 85 %, Өзбекстанда 80 % (2013ж) пайыздық көрсеткішті құрайды.

Қорыта айтқанда, түркітектес этникалық топтардың және олар мекендеген жерлердің мемлекеттік тұрғыдан ресми түрде біріктірілуі әр түркі халқының дербес этнос ретінде нығаюына, тілінің тұрақты қалыпқа түсіп жүйеленуіне игі ықпал еткені даусыз. Алайда кез келген жаңа этностың, оның тілінің қалыптасуы бірнеше ғасырды қамтитын даму үдерістерінің нәтижесі болғандықтан, жүз жыл ішінде жаңа бір халықтың, оның тілінің пайда болуы этноэволюциялық, глоттоэволюциялық заңдылықтар мен ұстанымдарға сәйкес келе бермейді. Соған орай әр түркі халқының және оның тілінің қалыптасуына негіз болған этноғенездік, глоттогенездік процестер де көне замандардан бастау алатыны анық.

Белгілі бір қауым өкілдерінің гендері мен морфологиялық белгілері, жалпы антропологиялық тұрпаты (антропометриялық, серологиялық, одонтологиялық, дерматоглификалық, краниологиялық, палеонтропологиялық негізде) халықтың этникалық тарихынан, басқа қауымдармен байланысынан, мәдени-тарихи кезеңдердегі орын ауыстыруынан, кәсіби бейімділігінен т.б. сипаттарынан белгі беретіні, яғни халықтың этникалық генезисін анықтап бере алатындығы сияқты тіл де сол тілде сөйлеуші этностың қалыптасу тарихы, этностық құрамы, тарихи-мәдени байланыстары, дүниетанымы, салт-дәстүрі, наным-сенімі, кәсібі, географиялық ортасы тәрізді этносқа қатысты көптеген мәселелерден хабар бере алады.

Тілдің этнос болмысын айқындаудағы қызметі жайлы академик Ә.Қайдар «Этнос туралы кейбір деректер бүгінгі ұрпаққа археологиялық қазбалар мен сәулет кесенелері, тас мүсіндер мен қашалып жасалған тас ескерткіштер арқылы жетуі мүмкін. Бірақ бұларлың бәрі – этнос басып өткен өмірдің мың бір елесі ғана. Этностың шынайы бейнесі, болмысы оның тілінде ғана, тілі арқылы ұрпақ жадында сақталады. Этнос туралы осыншама мол деректер мен мағлұматтарды тек тіл ғана өз бойына сыйғызып, сары майдай сақтап, шашпай-төкпей ұрпағына жалғастыра алады. Осы қасиетіне байланысты тіл феноменін – «тіл әлемін» этностың өзін танып-білудің қайнар көзі, біліктіліктің кәусар бұлағы десек, артық айтқандық емес. Бұл ұғымның ауқымына тілдің барлық қасиеті сыйып тұрғандай: этностың дүниеге келуіне ұйтқы болған да – тіл, рухани-мәдени өмірінің өзегі де, өзін-өзі танып-білудің өлшемі де  сол тіл. Сонымен, «тіл әлемі» дегеніміз – этнос болмысына қатысты мыңдаған, тіпті миллиондаған мағыналық бірліктердің жиынтығы, синтезі»24, 11 деп атап көрсетеді. Түркілердің этникалық қалыптасу барысында басынан кешірген тарихи оқиғалар легі, яғни тарихи факторларолардың тілдерінің даму эволюциясын дәуірлеуде, түркі тілдерін классификациялауда, түркі тілдерінің өзара байланысын және өзге тілдермен қарым-қатынасын айқындауда, олардың арасындағы ортақтықтар мен әр тілдің өзді өзіне тән ерекшеліктерді анықтауда ескерілетіні даусыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *