ТҮРКІ ТІЛДЕРІНДЕГІ АРАБИЗМДЕРДІҢ ГРАММАТИКАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ

Ұлбала АЛЖАНБАЕВА
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Алматы, Қазақстан,
Ulbala_77@mail.ru

Түркі әлемінде шығыс тілдері мен мәдениеттеріне деген қызығушылық қай кезде де болғаны анық және қазіргі кезеңге дейін бәсеңдеген емес. Оның бір дәлелі түркі әлемі мен шығыс арасындағы мәдени-тілдік қарым-қатынас. Бұл мәселені зерттеу әлі де жалғасын таба бермек.

Тiлдiк қарым-қатынас әртүрлi жағдайларда бола бередi. Құрылысы жағынан бiрдей туысқан тiлдер немесе құрылысы басқа өзге тiлдер арасында да тiлдiк қарым-қатынас орнауы мүмкiн.

Тiлдер қарым-қатынасы кезiндегi маңызды процесс — әдебиеттерде дәстүр бойынша кiрме сөздер деп аталатын бөтен тiлдiк элементтердiң бiр-бiрiне енуi. Әртүрлi тiлдердегi бұл құбылысты зерттеудiң жеткiлiктi ұзақ тарихы бар, алайда кiрме сөздердiң болмысын түсiнуде және олардың типтерiн топтауда әлi де бiрауыздылық жоқ.

Сөз ауысу сөйлеу мәдениетi, тiлдiк норма мәселелерi қатарынан маңызды орын алады. Бiр тiлден екiншi тiлге енген кiрме сөздердi әдетте екi топқа бөледi. Бiрiншiсi — ассимиляцияға ұшыраған сөздер, екiншiсi — ассимиляцияға ұшырамаған сөздер. Бiрiншi топты атауда «кiрме сөздер» (заимствование) деген термин қолданылса, екiншi топты «шетелдiк сөздер» (иностранные слова) деп атау орын алған.

Басқа тiлдерден енген кiрме сөздер тiлдiң лексикалық қорын толықтырудағы ең өнiмдi жол, бiрақ олардың қарқыны өзгерiп отырады.

Кiрме сөздер тек тiлшi мамандарды ғана қызықтырып қоймайды. Кiрме сөздерге деген терең қызығушылықты тудыратын бiрқатар аспектiлердi атауға болады. Тiл бiлiмi мәселесiне тiкелей қатысы жоқ тарихи-мәдени мәселелердi зерттеудегi кiрме сөздердiң маңызы зор.

Кiрме сөздер тарихшы үшiн халықтардың өткен өмiрдегi мәдениетiн, экономикасын, тарихының кейбiр жақтарын толық әрi тереңiрек ашып көрсететiн құнды материал. Олар бiр халықтың екiншi бiр халықпен қарым-қатынасы қандай болғанын анықтауға мүмкiндiк бередi.

Шартты түрде культурологиялық аспект деп аталған бұл аспектiден басқа тiлдiк аспект те бар. Бұл аспектiде кiрме сөздер мәселесiнiң маңызды деп саналатынының басты себебi — оның тiлдiң сөздiк қорын байыту арқылы тiлдi жетiлдiрудiң басты тетiгi деп саналуында. Кiрме сөздер- тiл құрылысын әрi қарай дамытушы факторлардың бiрi.

Әрбiр нақты тiлдiң лексикасы сол тiлде сөйлеушi халықтың өмiр салтының тiкелей көрсеткiшi. Халықтың шаруашылық, экономикалық, ғылыми және мәдени өмiрiн және олардың дамуын көрсете алмайтын грамматика мен фонетикадан оның басты айырмашылығы осында.

Түркі тілдеріне енген арабизмдер өте көп зерттелді. Бұл тақырыпқа қалам тартқан ғалымдар жетерлік. Алайда көп еңбектерде сөздердің мағыналық жағына көңіл бөлініп, грамматикалық тұрғыдан көп талдау жасалмайды. Кірме сөздердің о бастағы түбірін, ол түбірден тараған түбірлес сөздерді, олардың мағынасын, өзгерістерін білмейінше ол сөздердің этимологиясын толық ашу мүмкін емес және сол сөз алынған тілдің де қарапайым грамматикалық ережелерін білу көптік етпес еді.

Дүние жүзiндегi тiлдер грамматикалық құрылысы жағынан алуан түрлi болып келедi. Соған сай әр түрлi тiлдердегi сөздердiң морфологиялық құрамы да түрлi-түрлi болады.

Қоғам тарихы мен тiлдiң грамматикалық құрылысы арасында тiкелей байланыс жоқ. Тек тiлдiң грамматикалық құрылысын бүтiндей алғанда оның тiл иелерi-халық тарихымен жалпы байланысын байқауға болады: халықтың саяси, экономикалық өмiрi неғұрлым белсендi, шапшаң дамыған болса, соғұрлым оның мәдениетi бай болады, ал тiлiнiң грамматикалық құрылысы дамыған болып келедi.

Тiлдiң грамматикалық құрылысы адам ойының жетiлуiне тiкелей байланысты болады. Мысалы, екiлiк түрдiң жойылуы адамдардың ойлау қабiлетiнiң жоғарылағандығын, нақтыдан жалпылауға көше алғандығын көрсетедi. Экономикасы мен мәдениетi артта қалған кейбiр халықтарда сан категориясына байланысты грамматикалық формалар көптеп кездеседi. Сондай-ақ етiстiк саласында да грамматикалық формалардың көптiгi байқалады.

Тiлдiң грамматикалық құрылысының дамуы негiзiнен iшкi факторлар әсерiмен болады. Әдетте бiр грамматикалық категорияның өзгерiсi тiзбектеле барып, грамматикалық жүйенiң басқа элементтерiне де тиедi.

Тiлдiң грамматикалық құрылысының iшкi ерекшелiгi деп, оның басқа тiлдер ықпалына мүлдем дерлiк бой бермейтiндiгiн айтуға болады. Алайда кейде бұл жалпы заңдылық сыртқы оқиғалардың күштi әсерiнен бұзылуы мүмкiн. Екi халықтың ұзақ уақыт бойы етене араласуы кейде грамматикалық элементтердiң ауысуына әкелiп соғады.

Тiлдiк ауысулардың басқа тiл топтарынан, тiптi басқа семьяларынан да бола беретiндiгiн айта кету керек. Оның айқын мысалы- түрлi тiлдiк семьяларға жататын, бiрi флективтi, екiншiсi агглюнативтi тiлдер — араб тiлi мен түркi тiлдерi.

Кейде тарих себепшi болып, басқа тiлдiң сырттан әсер етуi грамматикалық жүйенiң бөтен тiлдiк элементтердiң бойына енуiне iшкi қарсылығын жеңiп кетедi.

Тiл бiлiмiнде тiлдiң грамматикалық құрылысының бөтен элементтердi қабылдауы жайлы талас көп. Шетел тiл бiлiмiнде В.Д.Уитней, А. Мейе, Э. Сепир грамматика жүйесi бөтен элементтер үшiн жабық деген пiкiр айтса, ал Г. Шухардт, А. Росетти оған керiсiнше пiкiр айтады.

В.А.Звегинцев ғалымдар көзқарастарының қарама-қайшылығын былай түсiндiредi: Бiрiншiден, грамматикалық элементтер әртүрлi болады. Сөз тудырушы жұрнақтар сияқты грамматикалық элементтер басқа элементтерге қарағанда басқа тiлге тезiрек өтедi.

Екiншiден, тiлдiк қарым-қатынас және грамматикалық ауысулар кезiнде тiлдiң құрылысы маңызды роль атқарады. Егер тiлдер құрылысы жағынан ұқсас болса өзара алмасу оңайлайды да, құрылысы жағынан әртүрлi болса қиындайды [1, 239-б].

К.М.Мұсаевтың пiкiрiнше тiлдiң грамматикалық жүйесiнiң басқа грамматикалық жүйеден элемент қабылдамайтыны жайында пiкiр негiзiнен морфологиялық типологиясы ортақ тiлдердi зерттеуге негiзделген. Шынында да тiлдiң морфологиялық жүйесi өте қалыпты және кiрме элементтердi қабылдай бермейдi. Дегенмен, белгiлi бiр жағдайда, типологиясы жағынан ұқсамайтын тiлдер қарым-қатынасы кезiнде, кейбiр морфологиялық элементтер басқа тiлге енуi мүмкiн[2, -б].

Араб тiлi грамматикалық қатынастары флексияның көмегi арқылы iске асатын синтетикалық тiлдер тобына жатады. Ендi араб тiлiнiң грамматикалық құрылысын қарастырып көрелiк.

Араб тілінде сөздің түбірі көбінесе үш кейде төрт немесе бес дауыссыз дыбыстан құралады. Ешқандай мағынаға ие емес. Егер осы дауыссыздарға дауыстылар қосатын болсақ, онда мағынасы бар негіз пайда болады. Мысалы, Ка-Та-Б(а) «ол жазды», Ки-Таа-Б(ун) «кiтап», КааТиБ(ун) «жазушы», маКТаБ(атун) «кітапхана» сөздерiнен бәрiне ортақ бiр түбiр КТБ-ны (жалпы мағынасы «жазу») бөлiп алуға болады. Араб сөздіктері ұя жүйесімен түзіледі, яғни бір түбірден тараған барлық сөздер, олардың қай әріптен басталғанына қарамастан, сол түбірдің астына жазылады. Яғни, туынды етістіктер, есімшелер, қимыл есімдері т.б.

Араб тіліндегі есім сөздердің 90 пайыздайы етістіктен жасалады. Араб тіліндегі есімше негізгі және ырықсыз болып екіге бөлінеді және әрқайсысының белгілі формасы бар. Негізгі есімше(дейсвительное причастие) фааъилун, ал ырықсыз есімше(страдательное причастие) мафъуулун формалары арқылы жасалады. Мұндағы фъл түбір сөздің орнындағы әріптер. Осы үш дауыссыздың орнына кез келген сөздің түбірін қоюға болады Бұл математикадағы а+b=c деген формулада осы әріптердің орнына кез келген санды қоюға болады дегенді білдіретіні сияқты формула.

Осы формалар арқылы жасалған сөздер түркі тілдеріне зат есім түрінде енген. Мысалы, ғалым сөзі. Бұл сөздің түбірі ълм, одан ъалима етістігі жасалады, мағынасы-білу, хабардар болу. Қазақ тілінде «айн» әрпінің баламасы жоқ болғандықтан «ъ» әрпімен беріп отырмыз, қазақ тілінде бұл дыбыспен енген сөздер не «ғ» әрпімен немесе «а,ә» әріптерімен жазылған. Бұл түбірден көптеген сөздер тарайды, алайда қазақ тіліне енгені: ғалым, ғұлама, мұғалім, мағлұм(мәлім), мағлұмат (фонетикалық варианты мәлімет), тағлым(тәлім), ғылым, әлем. Ал ғылым сөзі қазақ тілінде ғылым, білім, ілім деген үш түрлі мағынаға ие болып, мағынасын кеңейткен. Ал осы сөздердің грамматикалық формаларына жеке-жеке тоқталайы.

Ғалым-білу етістігінің негізгі есімше формасы бойынша жасалған. Сөзбе сөз аудармасы білуші. Заттанған түрі ғалым. Бұл сөздің көпше түрі ғұлама яғни ғалымдар. Кейде араб тіліндегі көпше түр қазақ тілінде жекеше түр ретінде қолданылып, сол сөзге қазақ тілінің көптік жалғауы жалғанып айтылатыны бар. Мысалы, ғұламалар, хабар сөзінің көпше түрі ақпар. Қазақ тілінде ақпараттар.

Мұғалім-оқыту, білім беру, нұсқау етістігінің негізгі есімше формасы бойынша жасалған. Сөзбе сөз аудармасы-оқытушы,білім беруші, нұсқаушы. Ал тағлым – білім беру, оқыту, ағарту мағыналы қимыл атауы. Ал ырықсыз есімшесі мағлұм-аудармасы білдірілген, яғни белгілі. Ал мағлұмат-ақпарат, белгілі болған нәрселердің жиынтығы деген мағынаға ие, тіпті қазақ тілінде нақты баламасы да жоқ. Ғылым, әлем сөздері формасы жағынан қимыл атаулары, арабша айтқанда масдарлар.

Халақа – жаратушы, жасаушы етістігінен таралған сөздерден қазақ тіліне енгені: халық, құлық, мақұлық, құлқы. Негізгі есімшеден жасалған Халық сөзі — Алланың бір атауы. Алайда мұнда жай қарапайым халық атауы да жаратушы деген сөзді білдірмейді. Өйткені олардың жазылуында айырмашылық бар. Жаратушы-хаалиқ, ал адамдар немесе жаралған деген сөзді білдіретін сөз халқ болып жазылады.

Құлық-мінез, табиғат, болмыс, көңіл-күй, әдеп, үлгі мағынасындағы қимыл атауы, ал құлқы — әдепті, адамгершілігі жоғары деген мағынаны білдіретін сын есім.

Мақұлық-ырықсыз есімше, яғни жаратушы емес жаратылушы, жаралған. Кейде адамдарды мақұлық десе ренжіп жатамыз, бірақ олар да осы Алла жаратқандардың қатарына жатады.

Лаъана(лағана)-қарғау, лағнет айту етістігінен енген сөз көп емес, олар: лағнет айту, лағнет( фонетикалық варианты нәлет) және малғұн. Әдетте өзге тілден етістік өте аз ауысады десек те, кейде ауысып жатады. Соның бір дәлелі лағнет айту. Малғұн, жоғарыда айтылғандай, ырықсыз есімше, мағынасы қарғалған, лағнеттелген.

Жанна(джанна)- 1) жасыру, жабу;2) есінен адасу етістігінен жасалған сөздерден енген сөздер: жан, жын, жаннат, мәжнүн. Қарап тұрсаңыз бір түбірден мағыналары мүлдем бір біріне ұқсамайтын сөздер өрбіген. Негізінен қазақ тілінде мағыналары көп өзгеріске ұшырамаған, тек жан сөзі араб тілінде аруақ, рух, дию деген мағынаны білдіреді. Ал қазақ тіліндегі жан(тіршілік иесінің жаны) мағынасы араб тілінде жанан деген сөзбен берілген.

Мәжнүн сөзі тағы да ырықсыз есімше-есінен адастырылған(есуас) деген мағынада[3, 239-б]. Әкбар, тәкаппар сөздерінің түбірі кабара «үлкен болу» етістігінен жасалған. Әкбар кабир «үлкен» сөзінің күшейтпелі шырайы. Мысалы, Аллаһу акбар. Ал тәкаппар сөзі такббара «өзін өзі зор тұту, көкірегін көтеру» етістігінен жасалған таккабур қимыл есімі[3, 674-б].

Қытай қазақтарының тілінде де араб тілінен енген сөздер жетерлік, кейде Қазақстандағы қазақтардың тілінде кездеспейтін немесе өте сирек қолданылатын сөздер де бар. Мысалы, мақбұл, мазлұм, мәттақым т.б. Бұл сөздердің барлығы есімше формасымен жасалған.

Кәкеш Қайыржанұлының сөздігінде мақбұл-жарамды дегенді білдіреді дейді де қасына «Ғазиздердің дұғасы мақбұл» деп мысал келтіреді. Араб тілінде бұл сөздің етістігі қабила, мағынасы қабылдау, мақұлдау. Ырықсыз есімшесі мақбул-қабыл етілген, мақұлданған, яғни» Ғазиздердің дұғасы қабыл болады».

Мәттақым сөзі(біздегі варианты мүттәйім) қу, айлакер, алатұяқ дегенді білдіреді екен. Ал араб тілінде бұл сөз иттаһама – кінәлау, айыптау етістігінен жасалған негізгі есімше муттаһим,, мағынасы айыптаушы, кінәлаушы. Қазақ тіліндегі қу, айлакер деген мағынасы осы түбірден туындаған ауһама- біреуге жалған ой ұялату етістігінен алынған болу керек[4, 330, 339-бб].

Қазақ тіліне қарағанда түрік тіліне араб сөздері өте көп енген. Мысалы, қатил, сакин. Қатил сөзі өлтіру, жанын алу, құрту, жою мағыналы қатала етістігінің негізгі есімшесі. Мағынасы кісі өлтіруші, жан алғыш. [5, 180-б]. Сакин сөзі тынышталу,баяулау,ұстамды болу мағыналы сакана етістігінің негізгі есімшесі. Мағынасы тыныш, баяу, ұстамды. «Ұрланған тағдыр» атты түрік фильмінің бір әйел кейіпкерінің аты Сакина. Қазақ тіліне ол кейіпкердің атын Сақина деп аударыпты. Аудармашы түрік тілінде «қ» әрпі жоқ болғандықтан сақина(жүзік) сөзі сакина деп айтылған болу керек деп ойлаған болар. Ал бұл сөз шын мәнінде сакина деп айтылады да, жазылады да. Бұл сакин сөзінің аналық тегі(женский род). Фильмдегі әйел өте көп сөйлейтін, тынымсыз болғандықтан автор юмормен кейіпкерін солай атаған болу керек. Араб тілінде аталық, аналық тектер болғандықтан сөздер де сол тектерде болады. Түркі тілдеріне енген аналық тектегі араб сөздерінің соңы « а, е» -ге аяқталады. Мысалы, Кәрім, Кәрима, Әмин, Әмина, мұғалім, мұғалима, медресе.

Қорыта келгенде айтарымыз түркі тілдеріне енген сөздердің көпшілігі зат есімге айналған қимыл есімдері, есімшелердің негізгі және ырықсыз формалары, сын есімнің шырайлары болып келеді.

Ал ұсыныс ретінде «Түркітану» мамандығында оқитын студенттер араб графикасы мен араб тілінің қарапайым ережелерін біліп, сөздіктен сөз түбірін және сол түбірден тараған сөздердің мағыналарын таба білсе, сөздердің этимологиясын білер еді, біліктіліктері артар еді. Араб графикасымен жазылған ортағасырлық түркі жазба ескерткіштерді оқи алар еді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *