ТҮРКІ ЛЕКСИКОЛОГИЯСЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Мағрипа Қайнарбайқызы ЕСКЕЕВА
филология ғылымдарының докторы,  Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ның профессоры

Адамзат тілі үнемі жетіліп, дамып отыратын құбылыс болғандықтан әрі зерттеудің бағыт-бағдарының жаңаруына, зерттеу парадигмасы мүмкіндіктерінің артуына байланысты тілдік жүйені әр қырынан зерттеу үздіксіз жүргізіліп отыруды қажет етеді.Қазіргі таңда түркі тілдерін зерттеу түркі дүниесінің басты рухани құндылығы, жалпытүркілік ынтымақтастықты арттырудың басты тетігі тұрғысынан қарастырылуда. Бұл түркі тілдерін диахрониялық және синхрониялық тұрғыдан жан-жақты зерттеудің өзектілігін сипаттайды. Лингвистикалық түркітанудағымаңызды мәселелердің шешімінің табылуы ең алдымен қазіргі түркі тілдерінің лексикалық қорының толық жинақталуымен байланысты. Сондықтан түркілексикасының синхрониялық қалып-күйін компаративтік негізде саралап, түркі тілдерінің салыстырмалы-синхронды лексикалық корпусын сомдау; интеграциялық және дифференциациялық лингвоиндикаторларды мүмкіндігінше толық көрсету лингвистикалық түркітанудың негізгі міндеттерінің бірі.

Қазіргі түркі халықтарының мәдени-рухани құндылықтары мен ұлттық рухы ежелгі жалпытүркі әлемінің рухани құндылықтарынан бастау алатындықтан ұрпақ бойына ұлттық рухты сіңіріп, жалпытүркілік ұлттық сананың берік қалыптасуын қамтамасыз ету түркілік тектілден тараған ана тілдерінің тарихи даму жолын саралай білу деңгейіне байланысты. Ұзақ жылдар бойы басқа мәдениеттің ықпалында болып, суперэтностықтұтастығына нұқсан келген түркі халықтарының тілін зерттеуге қатысты әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер ХХІ ғасыр түркі лингвистикасының үлесінде. Түркі лексикологиясының заманауи проблематикасы диахрониялық, синхрониялық зерттеулерді де, ғылыми-теориялық және қолданбалы-практикалық бағыттағы мәселелерді де қамтиды:

Түркі жазба ескерткіштері тілін зерттеу мәселесі. Түркі жазба мұралары жыл өткен сайын деректанымдық құндылығы арта түсетін түркі мәдениетінің көрсеткіші болып табылады. Өркениет ұғымының ғылыми-теориялық тұжырымдамасын белгілі бір этностық топтардың жалпыадамзат мәдениетіндегі сүбелі үлесімен сипатталатын граммотологиялық білім жүйесінің қалыптасуы, тарихи шежіресінің, әдеби мұраларының хатқа түсуі, өз дәуіріне сай ғылыми нәтижелер мен өнер туындыларының, мемлекеттік-құқықтық құрылымының болуы, гуманизмге негізделген дүиетанымдық ұстанымдарының қалыптасуы сияқты рухани-мәдени және материалдық құндылықтар кешені құрайды. Тарихи-мәдени хронологиялық тұрғыдан алғанда ерте ортағасырлар кезеңіне жататын көне түркі жазба мұраларын зерттеу – ҮІ-ІХ ғасыр түркілерінің этномәдени болмысы мен рухани құндылықтарының мән-мазмұнын түсінуге жол ашады. Сондай-ақ Орхон, Енисей, Талас ескерткіштері терең тамырлы түркілердің әлі толық ашылмаған сақтарға дейінгі, сақ дәуіріндегі «мәдени-лингвистикалық субстраттары» мен қазіргі түркі мәдениетін сабақтастырушы алтын көпір қызметін атқарады[1, 7-15].

ХІ-ХҮІ ғасыр түркі әдеби тілін, ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы ескі түркі тілдерін құрылымдық, антропоөзектік тұрғыдан жан-жақты зерделеу, орта ғасыр түркілері тілі мен қазіргі түркі тілдерін салыстыра талдап, ортақ рухани бастаулар мен жекелеген түркі халықтарына тән дара руханияттың жігін ажырату түркі тіл білімінің күн тәртібінен түспек емес. Себебі, түркі өркениетінің ірі мұралары – әлемдік тарихи-граммотологиялық жүйеде өз орны бар түркі руникасымен ҮІ-ІХ ғасырларда хатқа түскен, түркілердің ортақ әдеби тілінде жазылған Орхон, Енисей, Талас-Шу т.б. жазба ескерткіштері, ХІ-ХҮІ ғасырларда көне ұйғыр, көне латын, араб т.б. әліпби жүйелерімен жазылған орта ғасыр түркі мұралары, қазіргі түркі халықтары тілдерінің ыдырауына сәйкес дербес тілдік ерекшеліктердін қалыптасу барысын көрсететін ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырдағы жазбалары тілі зерттеу парадигмаларының жетілуі мен ғылыми технологияның мүмкіндіктері артқан сайын қайта зерттеуді қажет етеді.

Тұран тілдік одағы концепциясы. Түркі тілдерін лингвоконтактологиялық бағытта зерттеуде ерекше назар аударарлық мәселелердің бірі – түркі тілдерімен тығыз ықпалдастықта болған иран, сино-тибет, орал т.б. тілдердің құрылымындағы ұқсас белгілерге кешенді-компаративті зерттеулер жүргізу. Бұл дәстүрлі алтай тіл бірлестігі аясындағы (түркі-монғол, тұңғыс-маньчжур, корей-жапон) тілдермен ғана шектелмей Орталық Азиядағы түркі-монғол, тұңғыс-маньчжур, иран, сино-тибет, орал т.б. тілдерді қамтитын тұран тілдік одағы концепциясын дамытудың өзектілігін айқындап отыр. Тұран тілдік одағының қалыптасуында өзара ықпалдастықтағы түркі, иран, монғол, сино-тибет, орал тілдерінің, кейбір басқа да тілдік семьядағы тілдердің даму үдерісіндегі ішкі, сыртқы факторлардың күрделі кешені; оның ішінде қарым-қатынастағы тілдер дамуындағы бастапқы генетикалық белгілер мен бастапқы типологиялық ұқсастықтар; олардың дамуындағы этно-мәдени, шаруашылық-экономикалық, әлеуметтік-саяси жағдай; дамудың тереңгі қабатындағы субстратты және жағары қабаттағы адстратты катализаторлар маңызды роль атқарады [2,13-14].

Қазіргі тіл білімінде тілдік одақ белгілі бір географиялық кеңістік шегінде ұзаққа созылған тығыз қарым-қатынас пен конвергентті дамудың нәтижесінде құрылымдық, семантикалық, функционалдық ұқсас белгілердің белгілі бір сандық өлшемімен сипатталатын ареалды-тарихи тілдік бірлестіктің ерекше типі ретінде қарастырылады. Тілдік одақтың сөйлесім және дискурстық аспектісі тілдік одақ құрамындағы тілдердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға байланысты қалыптасқан тығыз қарым-қатынас талабынан туындаған қостілдік немесе көптілдік жағдаятындағы ерекше модель болып табылады.

Түркі тілдеріне өз жүйесінде, тілдік одақтар деңгейінде жүргізілген компаративті-контрастивті зерттеулер түркілік тектілдің эволюциялық дамуын, макротоптар мен микротоптарға ыдырау процесін, жекелеген тілдердің қалыптасу жолын шамалауға мүмкіндік беретін жүйелі заңдылықтармен қатар кейбір сирек кездесетін, негізгі заңдылықтарға қайшы құбылыстарды да анықтап отыр. Мұндай құбылыстардың кездесуінің бірнеше факторларын көрсетуге болады: адамзат тілінің (дыбыстық тілдің) қалыптасу кезеңінен сақталған реликт белгілер; архиформалар мен архисемалардың даму үдерісіндегі кері процестер; субстраттар; конвергенциялық дамудың нәтижесі; кірме элементтердің тілдің төл табиғатына бейімделіп, сіңісіп кетуі т.б. Басқа жүйедегі субстраттар тектілдік жүйеде сақталғанымен одан тараған кейінгі тілдерде белгілі бір себептерге байланысты қолданылмай қалуы мүмкін, ол белгінің сол тектілмен тығыз қарым-қатынаста болған келесі бір тілдік жүйедегі тектілде сақталмай содан тараған тілдердің біреуінде ғана сақталуы да мүмкін. Бұл тілдің генеалогиялық жіктемесіне байланысты жаңсақ пікірлердің туындауына себепкер болды. «Тұран тілдік одағы» теориясының ғылыми-методологиялық ұстанымдары ХХІ ғасырдағы лингвистикалық түркітануға жаңа мүмкіндіктер беруде, әлі толыққанды шешімін таппай келе жатқан түркі тілдерінің шынайы глоттогенеалогиялық және глоттохронологиялық сипаттамасын жасаудың теориялық-әдістемелік негіздерін тереңдете түсуге ықпал етеді.Бұл Тұран тілдік одағы концепциясы аясындағы зерттеулерді де кешенді түрде дамытудың өзектілігін сипаттайды.

Түркі тілдерініңсалыстырмалы-синхронды лексикологиялық корпусын сомдау мәселесі. Қазіргі түркітілдерінің синхрониялық қалып-күйін деңгейлік жүйе бойынша компаративтік негізде саралап, түркі тілдерінің жүйелі салыстырмалы-синхронды корпусын сомдау; интеграциялық және дифференциациялық лингвоиндикаторларды толық қамтитын түркі тілдері грамматикалық құрылымының бірізді моделін түзу лингвистикалық түркітанудың негізгі міндеттерінің бірі. Бұл міндетті орындау диахрониялық зерттеулерге негізделеді. «Толқын теориясы» бойынша тілдегі әрбір жаңа құбылыс белгілі бір орталықтан тарап, бірте-бірте басылатын толқындарға ұқсайды, әрбір диалектінің дамып, туыс тілге қосылуы толқындар тәрізді бір-бірімен ұласуының нәтижесі. Туыс тілдер арасында оларды жақындастыратын буын-белгілер пайда болады, туыс тілдераралық диалектілер арқылы бір-бірінен байланысын үзбейді. Сондықтан түркі тілдерін салыстырмалы-диахронды тұрғыдан зерттеу мәселесі де үздіксіз жалғасуы қажет.

Шағын санды түркі этностарының тілі мен диалектілерін құжаттау және түркі тіл біліміндегі далалық лингвистиканы дамыту мәселесі. Әрбір түркі тілі, әрбір түркі диалектісі – жалпытүркілік құндылық. Ал тілдің өлуі немесе тілдегі ассимиляциялық құбылыстар этностың жоғалуына тікелей ықпал етеді. Түрлі сыртқы факторларға, тарихи-қоғамдық жағдаятқа байланысты тілдің қолданыс аясының тарылуы немесе мүлдем жойылып кетуі де табиғи заңдылықтар қатарынан орын алады. Түркі тілдерінің ішінде де жоғалу алдында тұрған, аз ғана тілдік топ қолданатын шағын этностардың тілдері бар. Олардың қатарында сары ұйғыр, салар, қарайым, құмық, ноғай, шор, халадж т.б. тілдерді атауға болады. Сондықтан қазіргі түркі тілдерінің ішіндегі қолданыс аясы тым шағын тілдерді зерттеп, жойылып бара жатқан, ассимиляцияға ұшыраған этностар тілдерінің статикалық қалып-күйін саралау, лингвоэкологиялық талдаулар жүргізу, сол тілдер бойынша эмпирикалық материалдарды мүмкіндігінше толық жинақтап құжаттау, “шағын санды түркі этностары тілдері лексикасының электронды қорын” жасау да лингвистикалық түркітанудың басты міндеттеріне жатады. Бұл экспедициялар ұйымдастырумен тікелей байланысты жүзеге асатындықтан түркі тіл біліміндегі далалық лингвистиканы дамытумен мәселесімен ұштасады.

Түркі лексикографиясы. Түркі тілдерінің функционалдық әлеуетін арттырудың, түркі лексикалық қорын жинақтаудың, түркі тілдерінің тілдері экологиялық ахуалын жақсартудың, жойылып бара жатқан шағын этнос тілдерін сақтап қалудың тетігі; түркі тілдерінің экологиялық ахуалын жақсартудың, жаңа ұғымдарды атауда төл лексиканы мейілінше сарқа пайдаланудың, кірме элементтерді қабылдауды біріздендірудің, түркі тілдеріне ортақ терминологиялық жүйе қалыптастырудың, түркі халықтары тілдері арасындағы алшақтықты өсірмеудің материалдық базасы ретінде түркі лексикографиясын теориялық және практикалық тұрғыдан жан-жақты дамыту қажет. Әлемдік лексикографияның соңғы жетістіктерін пайдалана отырып, түркі тілдерінің екітілді, көптілді сөздіктерін, тарихи, этимологиялық, фразеологиялық, паремиологиялық сөздіктерін түзу – заман талабы.

Тарихи жағдайға байланысты бір негізден тараған түркі халықтарында әртүрлі әлеуметтік-экономикалық, демографиялық және тілдік жағдаяттар қалыптасты. Осыған орай қарым-қатынас үдерістерінің әлеуметтік шарттары мен әлеуметтік-мәдени факторлары, этникалық үдерістердің тілдік салдары, әрбір этносқа тән ұлттық-мәдени дүниетанымның өзіндік ерекшеліктері қалыптасты. Жекелеген түркі тілдері даму барысында өзге тілдермен ықпалдастыққа түсіп, лексикалық қорын кірме сөздер арқылы жаңартып, байытып отырады. Бұл түркі тілдерінің барлық деңгейлеріндегі алшақтықтардың ұлғаюына алып келді. Жалпы тілдегі сөздік қорды толықтай жинап алудың аса күрделілігі жайлы академик Ә.Қайдар: «Кез келген тілдің сөз байлығын, сөздік қорын түгел де толық көрсету алыстағы армандай қиын дүние, тіпі ол мүмкін емес. Өйткені тіл байлығы шегі жоқ теңіздей мол дүние. Ол күн санап жаңарып, толығып, жаңаланып отыратын организм іспетті. Екіншіден, тіл қазынасын түгел қамтуға мүмкіншілік беретін әмбебап лексикографиялық сөздік түркітануда әлі дүниеге келген жоқ. Бүгінгі таңда сөз қазынасын түгел болмаса да біршама толық қамтуға мүмкіншілік беретін жол біреу-ақ: салалық сөздіктерді жасау», — деп ой түйеді[3,119]. Түркі тілдері лексикалық қорын мүмкіндігінше толық жинақтау, жүйелеу, әр тілдегі тарихи қабаттарды саралап, кірме сөздерді қабылдау ерекшеліктерін анықтау түркі тіл білімінің лексикография саласына тікелей қатысты өзекті мәселе болып табылады.

Түркі тілдері терминжасам жүйесін біріздендіру мәселесі. Жалпы лексикалық байлықтың үлкен бір саласын ғылыми-техникалық терминдер құрайды. Зерттеушілердің көрсетуі бойынша, қазақ тіліндегі терминдердің жалпы саны орыс және интернационалдық терминдер мен қазақ тілі негізінде жасалған терминдерді қоса есептегенде, қазақ тілінің байырғы, яғни төл сөздерінің санынан асып барады, яғни терминдер төлтума өз сөздерімізден көп. Жер бетінде ауыс-түйісі жоқ тіл кездеспейді, бірақ заңды түрдегі ауыс-түйістің де белгілі шегі болуы қажет. Егер басқа тілден енген сөздер белгілі бір мөлшерден көбейе бастаса, онда тілдің табиғатына, табиғи түрде дамуына нұқсан келеді. Өйткені әр тілдің өзіндік фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, семантикалық даму заңдылықтары бар және ол заңдылықтар түгел сақталған жағдайда ғана тіл өз қасиетін сақтап қалады. Ал сыртқы әсер күшейген сайын тіл өз еркінен айрыла бастайды. Ғылым мен техниканың дамуына, қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық өзгерістерге байланысты тілімізге еніп жатқан терминдер ағымын тоқтату мүмкін емес.Тек оларды түркі тілдерінің ішкі заңдылығына бейімдеп енгізу ғана тіл табиғатының бұзылмауына ықпал етеді. «Терминологиялық лексиканы өз бетімен жіберу деген сөз – тілді ұлттық қасиеттен жұрдай етумен пара-пар»[3,120]. Сондықтан түркі тілдеріндегі терминологиялық жүйені біріздендіру біріншіден, түркі тілдерінің төл заңдылықтарының сақталуына, түркілік табиғатының бұзылмауына кепілдік берсе, екіншіден, түркі халықтары тілдері арасындағы алшақтықтың одан әрі дамымауына ықпал етеді. Бұл мәселе де түркі тілдері лексикалық қорын жинақтап, жүйелеп, жан-жақты лексикографиялық ізденістер жүргізумен ұштасады.

Түркі лингвофольклористикасын дамыту мәселесі. Түрлі тарихи жағдайлар мен жартылай көшпелі өмір салтына байланысты жазба дәстүрі бірнеше мәрте үзіліп жалғасқан түркі халықтары тарихи шежіресінің жазба мұралары ҮІ ғасырдан басталады. ХХ ғасырдың соңғы жылдарына дейін түркілердің жалпы тарихы мен жалпы мәдениеті ҮІ ғасырдан әрі тереңдетілмеді, сақтар, үйсіндер мен қаңлылар, қыпшақтар мен ғұндар, көк түріктер тарихы бір арнаға тоғыстырылып, қазіргі түркі халықтарының арғы тарихымен біртұтас сабақтастықта қарастырылмады. Көне түркі дәуірінен бұрынғы мәдениет Еуразия аймағындағы ірі миграциялық үдерістердің көлеңкесінде қалды. Түркілердің жазу дәстүрі біздің заманымызға дейінгі сақ дәуірінен басталғанын дәйектейтін археологиялық деректер де табылуда. Өкінішке орай ежелгі дәуірдің көлемді жазбалары бізге жетпей отыр. Сондықтан түркі мәдениетінің ежелгі замандардан басталатын мәдени-рухани дамуын сипаттайтын дерек көздерінің бірегейі – ауыз әдебиеті үлгілері. «Ауыз әдебиеті үлгілері деп аталатын сала «тіл әлеміндегі» ең бір ауқымды да информативті байлыққа жатады»[3,26]. Бұл түркі халықтарының аңыз әңгімелері мен ертегілерін, тұрмыс-салт жырларын, батырлық эпостары мен лирикалық дастандарын, жұмбақтары мен жаңылтпаштарын, мақал-мәтелдерін, халық әндерінің мәтінін т.б. лингвистикалық тұрғыдан жан-жақты зерттеудің маңызын айқындап, түркі лингвофольклористикасын жаңа бағытта жандандырудың өзектілігін көрсетеді.

Заман талабынан туындап отырған түркі лексикологиясының өзекті мәселелері түркі өркениетінің жалпыадамзаттық өркениеттен алар орнын көрсетуге; түркітілдес елдер арасындағы өзара ынтымақтастық пен ықпалдастықты арттыруға; жалпытүркілік рухани және тарихи құндылықтарды бағалайтын ұрпақ қалыптастыруға қызмет етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *