ТҮРКІСТАНДА ТҮРІКТАНУ МУЗЕЙІ

Жанар СӘРСЕН
филология магистрі Б.Кенжебаев атындағы Түріктану музейінің қызметкері Түркістан/Қазақстан

Биыл Түркістан ТҮРКСОЙ ықпалымен «Түрік халықтарының мәдени астанасы» болып жарияланды. ТҮРКСОЙ түрік халықтарының ЮНЕСКО-сы. Түркие Республикасы ХХ ғасырдың 90-шы жылдарынан өз тәуелсіздігін алған түрік мемлекеттерімен ынтымақтаса отырып құрылған ұйым. Сәтті бағдар.ТҮРКСОИ мақсаты – түрік халықтарының өзара мәдени ықпалдастығын арттыру. Мәдени интеграция. Оны бірсыпыра уақыттан бері, кезінде екі мәрте Қазақстан Мәдениетін басқарған Д.Қ.Қасейінов жетелеп келеді. Биылғы Наурыз айында түрік ұлт-ұлыстары Түркістанға ағылмақ. Түркістанды тамашалайды. Түркістаннан тағылым алады. Дүние түріктері Баба қаламыз деп ерекше қастерлейтін Түркістанға олар перзенттік сағынышпен келеді. Ресми делегация, жеке талап… бәрі де жыл бойы Түркістанды бетке алып сапарлайды. Сонда Түркістаннан нендей мәдениет ошағын көреді? Баба қала бабында ма?-деген сұрақтар туады.

Әрине, алдымен ауызға Қожа Ахмет Ясауй кесенесі, онда экспозицияланған музей алынбақ. Олай болатын реті де бар. Өйткені, ХІҮ ғасырда салынған зәулім мавзолей тек қазақтың ғана емес, күллі түріктің, қала берді адамзаттың ғажап құндылығы. Ол ЮНЕСКО ұйымы бойынша қорғалады. Одан өзге туристер алдына не тарта аламыз?

Өңірдің тарихын екі-үш белдеумен көрсететін «Түркістан тарихы музейі», «Нәзір Төреқұлов музейі», «Сұлтанбек Қожанов музейі», «Саттар Ерубаев музейі», «Нұртас Оңдасынов музейі»… Иә, Түркістанда бірсыпыра музей бар. Соның бірі – «Бейсембай Кенжебайұлының түріктану музейі» аталады. Мақаламызда оқырманға осы музей жайында мәлімет бергіміз келеді.

Музей әдетте қайраткерлік тұлғаға арналады. Б.Кенжебайұлы – тұлға. Тұлға болғанда да 1904-1987 жылдар арасында еліміздің әлеуметтік өмірімен мидай араласқан, қоғамды өз қолымен құрысқан, қайда жүрсе де тағдырын қазақ ұлтымен сабақтастырған, ұлт мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білген ұлтшыл қайраткер тұлға! Қазақ ұлты тағдыры ғана емес, азаматтық тарихымызды, руханият тарихын арғы түріктік тегімізге тарта жасақтаған – жалпы түріктік тұлға. Музей, міне осындай ұлы тұлғаға арналып жасақталған. Музей қалай құрылды?

Мұражай емес, музей аталу, онда да «Бейсембай Кенжебайұлының түріктану музейі» атау… бәрі де тосын. Бұл тосындықтың сырын профессор Құлбек Ергөбектен ғана сұрап білеміз. Өйткені, ұстазы Бейсембай Кенжебайұлына Түркістанда музей ашу идеясын баспасөзде («Жас алаш») көтерген де, музей ғимаратын соқтырған да, тұлға өмірін егжей-тегжейлі зерттеп жазған, мақала, кітаптарын алдына жайып қойып музейдің тақырыптық-экспозициялық жоспарын жасаған да, тарихи, әдеби, мемориальдық бұйым-тайым (экспонат) жинап, дизайнерлер таңдап, жоспар бойынша экспозиция жасақтаған, жасақтатқан да – профессор Құлбек Ергөбек! Ұстазға шәкірттің соншама беріле қызмет істеуі, музей жасауы тарихта кемде-кем. Бұл орайда, Қ.Ергөбектің ұстазы Б.Кенжебайұлына музей жасауы түркістандықтар үшін тіпті күллі түрік дүниесі үшін кеніш олжа, жас өркен үшін өскелең өнеге. Неге күллі түрік дүниесіне? Неге десеңіз, мұндай түріктану музейі дүние жүзінде – тұңғыш рет Түркістанда ғана жасалып отыр. Елімізге келген түріктанушы ғалымдарға құлақ түрсеңіз, «Лебіздер кітабына» ден қойсаңыз бұл — әлі күнге дүние-ғаламда дара! Әзірге түрік дүниесінде бұдан өзге түріктану музейі жасалған жоқ!

Қ.Ергөбек: «Бейсекеңе бала болған адаммын. Оншақты жыл бір шаңырақтың астында тұрдық. Бар архивін, түгел кітапханасын, қолжазбасын, тіпті тұрған үйін маған аманат етті. ҚР Орталық мемлекеттік архивінде 1634 жеке қордың да ресми иесі менмін. 1987 жылы Бейсекеңді соңғы сапарға ел-жұрт болып шығарып салдық. 1992 жылы Қ.А.Ясауй халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылуына байланысты Түркістанға қоныс аудардым. Сабақ береміз. Кітап жоқ. Б.Кенжебайұлының маған аманаттап кеткен кітапханасын шып-шырғысын шығармай Түркістанға алып келдім. Сол кезде қазақ түркологиясы басында тұрған Б.Кенжебайұлының «Түрік қағанатынан бүгінге дейін», «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті», «Тымпи», «Асау жүрек» секілді кітаптарын қайта бастырып үлгерген едім. Университет президентімен (М.Жұрынұлы) келісіп «Профессор Б.Кенжебайұлының кабинетін» аштым. Кабинет – кітахана! Қолжазбалары үйде сақталды. Әуелгіде кабинетке кітап әкеліп, тапсырып санын көбейткен профессор әріптестер кейін басқа өңірге қызмет ауыстыруына байланысты кітаптарын қайтарып алып кетті. Осындай-осындай сапырылыстың әсерінен Сізге өтірік, маған шын — әлгі кабинеттен кітаптар қолды бола бастады. ХҚТУ президенті болып 2003 жылы С.Ж.Пірәлиев келді. Бірінші орынбасары Мен. Әуелгіде Б.Кенжебайұлының кітапхана-музейін ашайын деп ойладым. «Жас алаш» газетіне сұхбат бердім.* Артынан айныдым. Кітапханасының бір мәнісі табылар, алдымен әкедей болған әзіз ұстазға арнап музей жасақтайын деп ойладым. Музей болғанда да түркологиялық, яки түріктану музейін ашу ойына берілдім. Өйткені, біздің арғы тегіміз – түрік, олай болса түрікті зерттеу музейі – түріктану болады дә. Сондықтан музейдің маңдайшасына (логотип) «Бейсембай Кенжебайұлының түріктану музейі» деп қазақша, түрікше екі тілде есімін жазып маңдайшаға ілдік… Экспозициясын жасақтауды бала кезден досым, талантты дизайнер Аманжол Найманбайға ұсындым… Өзім Москвада музейдің оқуын оқығанмын. Суретші дизайнерлердің жасақтаған экспозициясы ұнамай талай ренжіскен, тіпті кетіскен кездеріміз де болды. Күн жүрдім, түнемеге қона жаттық. Әйтеуір аяулы ұстаз музейін жасақтап, аштық. Музей бұдан сегіз жыл бұрын ашылып, өз жұмысын бастаған. Ашылу рәсімі кезінде Дүниежүзі тюркологиялық қоғамының төрағасы, атақты қараймтанушы, академик Кеңесбай Мұса (Москва), академик Ә.Қайдари, Ө.Айтбайұлы, О.Смағұлұлы, А.Ювалы (Кайсери), В.Я.Бутанаев (Абакан) сынды тұлғалар болған. Сан себеппен рәсімдеу кейінге қала берді. Экспозицияны жаңғыртып 2016 жылы қайыра көрерменге ұсындық. Музейдің тұсауын көрнекті түріктанушы Мырзатай Жолдасбеков, татардың көрнекті ғалымы, академик Хатип Жүсіпұлы Миңнеғұлов кесті. Тұсау кесер рәсімге де, университетте екі жылда бір рет дүниежүзілік түріктану конгресіне өтеді. Оған жер дүниеден түріктанушы оқымыстылар келеді. Айтулы оқымыстылардың ортақ байламы — бұл дүние жүзіндегі тұңғыш түріктану музейі…»-дейді.

Республикалық «Ана тілі» газеті, «Мәдени мұра» журналы «Б.Кенжебайұлының түріктану музейінің» 2016 жылы 5-6 мамыр күндері ресми ашылу салтанатын жан-жақты етіп жазды.[1] Бірақ, музей экспозициясының ішіне кіріп жазбады. Олай ету ол кезде мүмкін де емес еді. Біз осы олқылықтың орнын толтырсақ.

Музейге кіре берісте профессор Бейсембай Кенжебайұлының мүсіні тұр. Үмбетұлының соққан мүсіні. Мүсін фоны қазақ халқына, тіпті одан арғы түріктік кезеңдерге тән – жаугершілік, жауынгерлік өр рух бейнеленген. Жер шарын көтеріп тұрған алып тасбақа көрермен қиялын ауыз әдебиетіндегі әпсанаға алып кетеді. Мына бір мәңгілік өмір үшін күресіп жүрген Қорқыт баба болар, сірә. Осылай тарихи көркем композиция кісінің қиялын бағзы тарихымызға қарай бастап ала жөнеледі. Композиция философиясы — Б.Кенжебайұлы азаматтық тарихымызды, рухани тарихымызды «Түрік қағанаты» кезеңдеріне дейін ілгерілеткен ұлы ғалым! Байырғы баба түріктік рухани құндылықтарымыз Б.Кенжебайұлы арқылы қазынамызға кеніш олжа болып қосылды! Осындай оймауыт ойлар айтып (фонда) Б.Кенжебайұлының портреттік мүсіні сөйлеп қоя бергендей болады.

Экспозиция осылай басталады. Іргеден көрнекті ғалымның балалық, жастық шағы сабақталады. 1904 жылы әкесі Орынбор – Ташкент темір жолының Түркістан бөлігін салып жатқан жұмысшы отбасында дүниеге келген Б.Кенжебайұлының өмір тарихы бүгінгі Ордабасы, Арыс, Отырар, Түркістан, Ташкент, Москва, Орынбор, Қызылорда, Алматы қалаларымен тығыз байланысты. Бөген, Темірлан, Арыста балалық шағының ізі бар. Ауылдың малын баққан бақташы бала осы жолмен батрақтықтан қашып Ташкент кеткен. Күнкөріс қамы. Қала берді оқу іздеу. Ташкентте Тұрсынқожа малайы, шәй зауытының жалдамалы жұмысшысы, байдың атбегісі, дихан, қалып арқалап кірпіш құюшы. 1920 жылы көше баласы Ғ.Мұратбаевтың жетелеуімен Ташкенттегі №14 жетім балалар үйіне қабылданады. Балалар үйінде С.Оспанов (директор), Ә.Жүсіпов(тәрбиеші), З.Ғ.Имажанов(сабақ береді), И.Бушатский (шаруашылық басқарады). С.Қожанов, С.Сапарбеков, Н.Төреқұлов өзге де қайраткерлердің тәрбиесін көреді. А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы, Х.Досмұхамедұлын таниды, аздап әңгімелеседі. Балалар үйінде Н.Оңдасынов, Б.Шынарбаев, Б.Қасқырбаев, Б.Кеншімбаев, Құрманкүл секілді ұлдар мен қыздармен бірге тәрбиеленеді. Қ.Жандарбеков, Ү.Тұрдықұлова (кейін халық әртістері) ән үйретеді, биге баулиды. «Түркістан республикасында» өткен осы жастық шақ олар өскен ортамен тығыз байланыста жүйе-жүйесімен бірінші залда экспозицияланған. «Түркістан республикасының» сол кезгі үкімет үйінің суреті, республика қайраткерлерінің суреттері, ХХ ғасыр басында басылған «Ақ жол» сынды газет, «Шолпан» журналы, жарық көрген А.Байтұрсынұлы кітаптары, Б.Кенжебайұлы естелігінен үзінді экспозицияны дәйектеп, тартымды етіп ашып тұр.

Б.Кенжебайұлы алдымен журналист. Журналистік жолын Ташкентте №14 жетім балалар үйінде оқып жүріп «Жас қайрат» газеті, өзбек тілінде шығатын газеттеріне, Түркістан республикасы үні — «Ақ жолға» хабар-ошар, дүние тану, қоғам тану мақалаларынан бастаған, қолжазба газет, гектограф әдісімен өздері газет шығарудан журналистік жолы өріс алған ол бүгінгі «Жас алаш» газетінің 20-шы жылдардағы редактор орынбасары, редакторы, «Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы, «СССР Жоғарғы Советінің ведомствосының» қазақ бөлімінің редакторы, Павлодар облыстық «Кеңес туы», Оңтүстік өлкесінің «Оңтүстік қазақстан» газетінің негізін салушы, барша баспасөз жанрында жосыла жазған журналист. Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеген, баспасөз жанрларын байымдаған теоретик. Редакцияларда басшы бола жүріп, кейін ҚҰУ-де журналистика жанрлары, журналистік шеберлік пәндерінен сабақ берген ұстаз-журналист. 30-шы жылдары «Партиздаттың», 1941-15 жылдары «Қазмембірікбаспаның» бас редакторы – баспагер-журналист. Ленин, Сталин шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған коммунист-аудармашы-журналист.[2]

1920 жылдардан бастап 30-шы жылдары, тіпті 40-шы жылдары ол негізінен журналистика саласында жемісті еңбек етті. Демек, тұлғаның музейінде ілкіалды экспозицияда Б.Кенжебайұлының өмір жолын журналист ретінде экспозициялауымыз керек. Алғашқы экспозицияда жарық дүниеге келген сәтінен журналист болып қалыптасуына дейінгі аралық кеңінен көрсетіледі.Экспозиция тың материалдармен жабдықталған.

Б.Кенжебайұлы 1922-25 жылдары Москвада Күншығыс еңбекшілерінің И.В.Сталин атындағы коммунистік университетінде оқыйды. В.И.Ленинді көру, И.В.Сталинді, Троцкий, Н.Бухарин, А.Луначарскийді тыңдайды. Қазақ қайраткерлерінен С.Қожанов,Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, С.Сапарбеков арнайы келіп кездесу өткізеді. Ж.Арыстанов, Ө.Тұрманжанов, Т.Айтматов (Ш.Айтматовтың әкесі), Вильданов (башқұрт), С.Сағдиева (татар) Москвадағы Шығыс халықтарының кіндік баспасын басқаратын білімпаз Нәзір Төреқұловпен жиі кездеседі. Нәзір ағалары оларға жассынбай тапсырма береді. Тапсырған мақал-мәтелдерін жинайды, аудармаларын аударады, қалам ұштайды, жетім балалар сөйтіп қаражат табады. Университетте көп ұлтты түрік балаларына тек қазақ тілі жүріп, ол пәннен Мағжан Жұмабайұлы сабақ береді. Ұлы ақын бала Бейсембайды жазу ісіне тәрбиелейді. Үйінде жиі болады. Оқу бітірген өркен бағыттамамен қазақтың сол кезгі астанасы Орынборға келеді. Келсе жастар газеті редакциясы Қызылордағы көшіп кетіпті. (Астана көшкен.) Қызылордаға келеді. И.Игенов, А.Елшібеков, Ә.Қошмағамбетов бір бөлмеде отырып жастар газетінде қызмет істейді. «Еңбекші қазақ» газетіне ауысып М.Дулатұлымен, Т.Рысқұловпен қызметтес болады. Қазақстан үкімет басшылығымен аз-аздап араласа бастайды.

Алғашқы экспозицияның жалғасы осылай бағыт алады. Москвадағы университет үйі, «Жас алаш», «Еңбекші қазақ» газеттерінің көне араб қаріпті сандары, бір бөлмеде отырып жұмыс істеген М.Дулатұлы фото портреті, жары М.Мұхамеджановамен түскен сурет, олар үйленген кезде тұтынуға алынған құмыра… бәрі де тұлғаның 20-30 жылдардағы өмірін елестеткендей.

30-шы жылдары нақақтан атылып кеткен Ш.Құдайбердіұлы, Ж.Аймауытұлы сияқты қазақ ақындарының А.С.Пушкин шығармаларынан жасаған аудармаларын жинақ етіп шығарады. Қайсарлық. Павлодар облыстық «Кеңес туы», Оңтүстік Қазақстан өлкелік «Оңтүстік Қазақстан» газетінің негізін қалайды. Қазақстанды жайлаған аштық жайында жазады, қазақ тілі жойылады деп «Еңбекші қазақ» газеті бетінде әсіре интернационализмге салынған Қ.Басымұлы, С.Аманжолұлы сияқты тілшілерді қатты сынайды. Экспозицияда газет көшірмелері.

Айтылған жалынды жастың журналистік, баспагерлік бастау жолы оны қалыптастыруға сеп болған ортасымен кезекті экспозицияда жан-жақты ашып көрсетілген. Фото материалдар, бейнелеу өнері туындысы, кітап мұқабасы, газеттік мақала көшірмелері ұсынықты пайдаланылған.

Б.Кенжебайұлы ғалым.Абай – Б.Кенжебайұлының басты тақырыбының бірі. 1925 ж. тақырыпта алғашқы мақаласын жазған ол кейін өзі бірнеше мақала, М.Әуезовпен бірге қазақша, орысша екі кітап жазып бастырды. Ендеше, ендігі экспозицияны ұлы Абай портретінің бастап тұруы оң шешім. Орыстың ұлы жазушысы Алексей Толстой, тамаша әдебиетші Виктор Шкловский оның москвалық үзеңгі достары. Олардың суреті музейден орын алуы заңды. 40-шы жылдары Қазақстанға Баспаның бас редакторы болып оралған Б.Кенжебайұлы Қазақстанның бірінші басшысы Н.А.Скворцовтың «жарыққа шығармаңдар»-деген тапсырмасына қарамай «Абай» романын (эпопеяның алғашқы кітабы) жарыққа шығарып жібергені мәлім. Осыған орай «Абай» романы фотокелбеті, жанына М.Әуезовтің «Бейсембайға! Кітаптың дүниеге шығуына еткен еңбегің мен достық, інілік көңіліңді айырықша сүйсініп бағалаған жүрекпен сыйлаймын. Мұхтар. 31/ҮІІІ-42.» -деген қолтаңбасы қойылуы – экспозицияны мейлінше ашып тұрады. Асау жүректі ақын Сұлтанмахмұт өмірі мен әдеби мұрасын зерттеуге Б.Кенжебайұлы жарты ғұмырын арнағаны белгілі. Экспозицияда ақын шығармаларының әр жылдарғы басылымы. Жинаған, мәтіндік сүзгіден өткізген, академиялық өмірбаянын түзген, сол жолда өз ортасымен айтысқан-тартысқан, 1953 жылы партиядан шығарылып, Каз МУ-дан М.Әуезовпен бірге қызметтен қуылған, үй түрмесінде отырған, сотқа, айдауға, бәлкім атуға дайындаған әрекеттер ғасыр қасіреті ретінде көрініс тапқан. Б.Кенжебайұлының кескіні (портреті), кейбір жазбалары бәрі өткен ХХ ғасырдың қасіретін нақты заттай айғақтап тұр.

Б.Кенжебайұлы – қазақ түріктануы басында тұрған тұлға. 1933, 1941 жылдары хандық дәуірді (ХҮ-ХҮІІІ ғ.), 1955,56,59 жылдары – руханият арнасын байырғы түріктік (Ү-ҮІІІ ғ.) кезеңдерден тарту жайында қиямет мәселе көтеріп, КСРО деңгейінде рухани төңкеріс жасаған тұлға. Ендігі экспозицияның беталысы осы жайларды айғақтайды. әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте «Қазақ әдебиеті» кафедрасын меңгере жүріп профессордың қазақ түріктануының өр басына шығу тарихы. «Қазақ әдебиеті тарихын зерттеу мектебін» қалыптастыру жолы. «Әдебиет тарихын зерттеушілердің піріне»(М.Жолдасбеков) айналу сыры экспозицияда жан-жақты ашылады.

Музей экспозициясында Томсен, В.Радлов, И.Бичурин, С.Е. Малов, Катанов, Ф.Ахундов, Мұстафа Камал, Ә.Диваев, А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Ә.Марғұлан сынды әлемдік түркологияда айтулы іс тындырған ғалымдардың портреттері (майлы бояу). Бірі швед, бірі неміс, бірі орыс, хакас, башқұрт, түрік қазақ дегендей, аталған түріктанушылар қазақ ғалымы Б.Кенжебайұлы кезінде еңбектерін оқып сусындаған, ыждағаттай оқып түркологияға ынталанған, кейбірін ұстаз тұтқан, қайсыбірімен жақын араласқан тұлғалар.Олар жайында Б.Кенжебайұлы өз жазбаларында айтып, еске алып, еңбегін пайдаланып отырғаны мәлім. Олардың еңбектерін Б.Кенжебайұлын түріктануға бастаған рухани қайнар деп атауға болар еді.

Музей экспозициясында жер — жерде төбе көрсететін М.Әуезов, Ә.Марғұлан, М.Богданова, В.Сидельников, Ә.Нәжіп(москвалықтар), Ә.Тәжібаев, І.Кеңесбаев, А.Тоқомбаев, Қ.Артықбаев (қырғыз), М.Ғайнуллин (татар), Ф.Харисов (башқұрт) пікірлері – кезінде Кенжебайұлының тағдыр тәлкегін аяусыз көре жүріп қазақ ұлты руханияты үшін қаншалық зор еңбек еткенінің куәсі. Бағалау пікірлер тарихи тұлғаның кандидаттық, докторлық диссертация қорғауына байланысты, «С.Торайғыровтың өмірі мен творчествосы», «Журналист Мұхамеджан Сералин», «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары», «Жиырмасыншы жылдардағы қазақ совет әдебиеті», «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері», «Түрік қағанатынан бүгінге дейін…», «Тымпи», «Асау жүрек» еңбектеріне және аса көрнекті түріктанушы ғалымның 50, 60, 70, 80 жылдық мерейтойына байланысты экспозицияланған.

Тұлға өмірі Б.Кенжебайұлының әдеби мектебіне барып ұласады. Ә.Қайдари, Р.Бердібай, З.Ахметов, Т.Кәкішев, Т.Қожакеев, Ә.Кекілбайұлы, Р.Нұрғалиұлы, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, А.Қыраубаева, Ш.Ыбыраев, Ә.Керімов, Ж.Дәдебаев, З.Бисенғали, Қ.Ергөбек тарихи тұлғаның шәкірттері. Оларға кезінде Б.Кенжебайұлы жол көрсетіп, жетекшілік жасаған, еңбектеріне бағалау пікірін ақ-адалынан айтумен өткен. Бір ғана мысал З.Ахметовті досы, көрнекті түріктанушы С.Е.Маловқа айтып Ленинград аспирантурасына орналастырып, кандидаттық диссертация қорғағанша өз жанынан қаражатпен демеп, қорғайтын сәтінде ұшып барып, жебеген екен. «Ұстазын бауырынан өнген перзентінен зият көрген»(Қ.Ергөбек) тарихи тұлғаның образын ашу үшін шәкірттеріне сіңірген еңбегі түрлі «бұйым-тайыммен» (Ө.Жәнібек) деректі экспозицияланғанын айтар едік. Сол секілді музей экспозициясынан шәкірттерінің ұстазы жайында үзіле айтқан үздік пікірлері де орын тепкені тұтастыққа бастап тұр.Бір-ер ғана мысал: «Туған әдебиетіміздің терең тамырларына алғаш батыл барлау жасап, оның көзін ашқан, сөйтіп әрі көрегендік, әрі көсемдік көрсеткен кісі әдебиет тарихының білгірі, біразымыздың ұстазымыз Бейсембай Кенжебайұлы..» (М.Жолдасбеков), «Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ көркем сөзі мен ойының өрлеуіне, қазақ азаматы санасының қалыптасуы мен дамуына қадірлі Бейсекеңдей Бейсембай Кенжебайұлындай еңбек сіңірген азамат кемде-кем. Ол социализм дәуірлеп тұрған өткен кездің өзінде дехалқымыз бен мәдениетіміздің тарихын тереңінен қозғап, оның әлеуметтік-философиялық салиқалылығын жан-жақты талдап бере алды. Ғалым ретінде, ұстаз ретінде де кейінгі кезеңдегі рухани гүлдеуімізге мұрындық бола білді.

Азат елдің азат ойының дәуірлеу тұсында Бейсекеңе ұлт болып тағзым етуіміз әбден заңды» (Ә.Кекілбайұлы)

Бірін-бірі толықтырып, Кенжебайұлы қадірін жете біліп, бағасын дәл беріп, жеткізе бағалауымен асыратын қосанжарласқан екі пікір – екі байлам музейде арнайы экспозиция құрып, тұтас қабырғада ілулі тұр. Шынына келгенде Б.Кенжебайұлына арнап музей ашудың өзі «Бейсекеңе ұлт болып тағзым етуіміздің» (Ә.Кекілбайұлы) жанды көрінісі!

Иә, сонымен 2016 жылдың 5-6 мамыры күндері Түркістанда «Бейсембай Кенжебайұлының түріктану музейінің» ресми тұсауы кесілді. [3] Ғалымның шәкірті, еліміздің көрнекті түріктанушы ғалымы, қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ұстазы жайында тебіреніп кеңінен көсілді. Көсілген кең сөздің кемел түйіні: «Егер біздің ұстазымыз Бейсембай Кенжебайұлы болмағанда, ол кісі кешегі тоталитарлық қысым жүйеден ықпай біз – түрікпіз, біздің азаматтық тарихымыз, біздің рухани тарихымыз байырғы түріктік кезеңдерден басталады деп бастама көтермегенде, қаншама зәбір көре жүрсе де қайтпай, қайыспай көтерген мәселесін күн көзіне шығармағанда қазақ түркологиясы бүгінгі биігіне жете алмайтын еді. Мен өзім осындай болжампаз көреген адамның шәкірті болғаным үшін өзімді бақытты сезінемін. Жалпы түркологтар, оның ішінде шәкірттері Бейсекеңе шексіз қарыздармыз. Талантты ғалым Құлбек бүгін Бейсекеңе Түркістанда музей ашып, біздің қарызымызды сәл де болса жеңілдетіп отыр! Бейсекең бұрын өзінің ғылымымен қызмет етсе халқына, ендігі жерде мына музейімен де қызмет ете беретін болады!»

Одан кейін сөз алған татар ғалымы, академик Х.Ю.Миңнеғұлов: «Тәуелсіздіктің қадірін Түркістанда адым сайын біліп келемін. Тәуелсіздіктің тағы бір жемісі – көрнекті түрколог Бейсембай Кенжебаевичқа ашылған мына музей. Бейсембай Кенжебаевич менің ұстазым Мөхмет Ғайнуллинмен дос болған. Оның үстіне жамағаты Минкамал Мұхамедияровна Орынборлық татар қызы екен. Ол бәрімізге ортақ көне түрік мәдениетін бүгінгі түрік халықтары руханиятына жалғап алып келу үшін күрескен күрескер тұлға. Осындай жетелі ойымен Бейсембай Кенжебаевич қазақ қана емес, бүгінгі түрік халықтарына ортақ ұл, бәрімізге ортақ ұстаз. Мына музейінің ашылу салтанаты ТҮРКСОИ аясында өтіп отыр. Музей ашу оңай емес. Ұстазына осындай музей ашқан Құлбектен өзге қазақты, қазақты қойып, татар, башқұрт, шуаш… дегендей бүгінгі түрік халықтарында ешкімді білмеймін. Бұл – үлкен мемлекеттік іс. Құлбектің ұстазына осындай музей ашуы бәрімізге үлгі!

Салтанатқа қатысушы башқұрт ғалымы, профессор М.Х.Идельбаев: «Музейге Бейсембай Кенжебаевичтің докторлық диссертациясының авторефератын әкеліп тапсырдым. Сақтаудайын сақтап келе жатыр едім. Біздің аға буын Харсиовпен дос болған. Хат жазысып тұрған. Ол кісі біздің ұстазымыз. Біз ғылым жолында Б.Кенжебаевичті ұстаз тұтамыз. Қазақ М.Мағауин, қарақалпақ К.Мәмбетов және мен ХҮ-ХҮІІІ ғасырдағы түрік халықтарына ортақ әдебиетті зерттегенде Б.Кенжебаевтың еңбектерін ұдайы басшылыққа алып отырдық. Б.Кенжебаев түрік халықтарының әдебиеті тарихын ортақ етіп зерттеген үлкен ғалым. Түрік халықтарына ортақ ұлы түрколог ғалым. Досым Құлбек Ергөбектің ұстазына түркологиялық музей ашуы бәрімізге өнеге. Өмірден өткен ұстазын қайта «тірілту», ісін кейінгі ұрпаққа насихаттап, ілгері оздыру! Ортақ ұстазымызға, ұлы түркологқа Түркістанда музей ашылғаны – елдіктің көрінісі. Толқып тұрмын, қуанып тұрмын!»

Қырғыз ғалымы, академик А.А.Акматалиев: «Құлбек досымның арқасында Бейсембай Кенжебаевты көзі тірі кезінде көргенмін. Әңгімелескенмін. Біздің Чікемнің – Шыңғыс Айтматовтың атасымен (әкесімен) дос болған. Төреқұл Айтматовпен Москвада КУТВ-да бірге оқыған. Музейге Төреқұл Айтматовтың суретін, өзге де материалдар ала келдік. Соның бірі мына «Советтік Кыргызстан» газеті. Біздің үлкен оқымыстымыз Қашқынбай Артықбаев 1966 жылы, 9 июль күнгі номерінде: «Қазақ әдебиетшілері қазақ әдебиеті тарихын ХҮІІІ ғасырдан емес, одан бұрынғы кезеңдерден басталатындығы жөнінде мәселе көтеріп жатыр.

… қазақ оқымыстысы, профессор Бейсембай Кенжебайұлының «жоғарыда аталған жазу-сызулар, жазба әдебиет нұсқаларын, әдеби шығармаларды әзірбайжан мен түрікмен де, қырғыз бен қарақалпақ та, қазақ пен өзбек те өз әдебиетіміз деп иелік етуіне, әдебиет тарихына кіргізуге хақысы бар. Солай етуге міндетті де» («Қазақ әдебиеті» 1966, 18 март)-деген пікіріне қосылуға, қуаттауға тиістіміз. Расында да мұндай ортақ көріністер орыс, беларус, украин әдебиеттерінде де кездеседі екен ғой» -деп жазыпты. Бұл — әрі қуғын көріп жүрген қазақтың чоң оқымыстысын қырғыз адабиятшыларының қолдауы, әрі Бейсембай Кенжебаевтың осы пікірінен кейін біз де әдебиетіміздің тарихын Түрік қағанаты кезеңдерінен бермен қарай бастап келеміз. ОЛай болса Бейсембай Кенжебаев бізге де ортақ ұлы оқымысты дә. Біз Төреқұл атамызға музей аша алмадық, Құлбек досым Бейсембай атасына музей ашып отыр. Қуанып тұрамын. Үлкен оқымысты болуы үстіне ұстазына музей ашып күллі түрік жұртына өнеге шашып отыр! Шәкірт болса Құлбектей болсын.»

Өзбектің халық жазушысы, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Насыр Фазылов: «Біз Адыл Яқубов екеуміз мына Құлектің қолқалауымен Бейсембай Кенжебаев ағайымыздың үйінде болғанбыз. Өзімен әбден әңгімелескенбіз. Балалық шағы Ташкенде өткен. Көрмегені жоқ қой, бейшараның. Ойлы, үлкен оқымысты еді. Біздің Фитрат, Чулпон, Аблани секілді 1937-38 жылдары атылып кеткен ұлтшылдардың көзін көрген екен. Классигіміз Айбекпен дос болыпты. Арнайы мақала жазыпты. Тамаша суретшіміз Орал Таңсықбаевпен, біздің Натан Маллаевпен қимас дос еді. Натан Маллаевич екеуі Өзбекстанда ғылымталап қазақ балаларын қорғатты. Өзбекстанда шәкірттері көп еді. Ана жылы «Ақ жол» газетін іздеп Ташкенге келді. Шәкірттері қаумалап, біз келіп ағамызды құшақтай көрісіп құрсан сұхбат құрдық.Бізден «Ескі әдебиет нұсқалары» аталатын 20-шы жылдары жарық көрген кітапты сұратып алды. Түрік халықтары әдебиетін ортақ зерттейтін білімпазға бүгін Түркістанда түркологиялық музей ашу – бізді ойландырып отыр. Дадасына музей ашқан Құлбек үкәмызға (іні) жүдә құрсанмын, қарағым!»

РФ Думасының депутаты, башқұрт халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: «Мұндай ұлы іс біздің Құлбек досымыздың ғана қолынан келеді. Біз мақтанышымыз Мұстай Кәрімге әлі дұрыс музей аша алмай отырмыз ғой. Бір жағы тәуелсіздіктің арқасы шығар. Тамаша музей. Құттықтаймын. Ақын болған соң сезімімді өлеңмен жеткізейін. (Ол музейді жасақтаушы Құлбек Ергөбекке арнаған өлеңін башқұрт тілінде оқыды)» [4]

Халықаралық ғылыми конференция аясында өткен музей презентациясына түрік дүниесінен келіп қатысқан қоғам қайраткерлері, үлкен түрколог, ақын-жазушылардың пікірі сол күні міне, осылай өрістеді. Біз оларды теле таспаға жазып алдық. Енді бүгін ТҮРКСОИ аясында «Түркістан — түрік халықтарының 2017 жылғы Мәдени астанасы»-болып жариялануына байланысты музей күллі түрік дүниесінен арнайы келетін қонақтарға есігін ашады, қызметін көрсетеді. Күллі Түрік дүниесінен ат сабылтып арнайы келетін қонақтарға аса көрнекті ғалым «Бейсембай Кенжебайұлының түріктану музейін» ұялмай, мақтанышпен көрсетуге болады. Түрік дүниесінен келген мәдениет жанашырлары, түріктанушылар түрік халықтары мәдениет тарихын ортақ мақамда, ғылыми жүйеде экспозициялаған «Бейсембай Кенжебайұлының түріктану музейінен» көрер бұйым-тайымы, көңіліне тоқыр тарихы, алар әсері аз болмас деп ойлаймыз. Хош келіңіздер, түрік бауырлар!

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *