Болат Сағынбекұлы ҚОРҒАНБЕКОВ
филология ғылымдарының кандидаты
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті
Астана/Қазақстан
Сүйінбике – түркілер тарихындағы аса үлкен бетбұрысты кезеңде қиын жағдайдың құрбаны болған аяулы тұлға. Ол – ноғайдың атақты биі Жүсіптің қызы. Қазан хандығының тарихы жайлы сөз болғанда оның есімі әрдайым құрметпен еске алынады. Сүйінбикенің жылнамаларда көріне бастаған кезі — 1535 жыл. Ол бұл кезде, яғни Қазандағы уақытша үкіметтің басшысы Болат шырын мен Гауһаршадтың билігі тұсында саяси мақсаттан туған солардың қалауы бойынша және Мәскеу үкіметінің келісімімен Жан-Әлиге тұрмысқа шығады. Бірақ Сүйінбикенің өзі бұл некеге разы болмайды. Жан-Әли өзінің тәжірибесіздігіне байланысты Мәскеудің ықпалында болып, сол себепті Қазан билеушілерінің көңілінен шықпайды. Оған алыстағы қайын атасы, Сүйінбикенің әкесі Жүсіп те наразы болады. Ақыры 1535 жылы Болат Шырын мен Гауһаршад жасаған төңкеріс кезінде Жан-Әли мерт болып, Мәскеудің бітіспес жауы және Қазан халқы мен ақсүйектерінің де оппозициясы болған қырымдық династия өкілі Сафа-Керей Қазан билігіне шақырылады. Сөйтіп Сүйінбике Сафа-Керейге тұрмысқа шығады. Ол 1549 жылғы Сафа-Керейдің жұмбақ өліміне дейін өмірінің қиын да қызықты кезеңін осы ханмен бірге өткізеді.
Сафа-Керейден соң Қазан бектерінің Сүйінбикені Орыс үкіметіне тапсыруы түркілердің отаршылдыққа ұшырауының ең бастапқы себебі болды. Барлық түркі жұртының бодандық қамытын кию тарихының басында тұрған бұл оқиға әрдайым осы трагедиямен бірге ел есінде ұзақ сақталды. Сүйінбике туралы қайғылы өлең-жыр, аңыз-әңгімелер тек ноғайлар мен татарларда ғана емес өзге түркілер арасында да кең түрде тараған. Сүйінбике бейнесі сақталған халық шығармаларының ішіндегі ең көрнектісі – «Шора батыр» жыры. Ол – аңыз, ертегі үлгісіндегі де нұсқалары бар қаһармандық жыр. Шора батыр жөніндегі жыр Румыния, Түркия, Қырым, Қазан татарлары, ноғайлар, қарақалпақтар, башқұрттар, чуваштар, қырғыздар арасында да кең тараған.
«Шора батырдың» бас қаһарманның тарихи түп тұлғасы – орыс жылнамаларында аты кездесетін Чура (Чора/Чюра) Нарикович. Ол, шынында да, Қазан қаласын орыс басқыншыларынан қорғауда көп ерлік көрсеткен. Қазан хандығы үшін болған саяси күресте белсенді қызмет атқарып, ішкі саяси ахуалы шиеленісті күйде тұрған хандықтың жағдайын жақсартуға, бейбітшілік орнатуға үлкен еңбек сіңірген. Тарихи Шора Нәрікұлының Сүйінбикемен бір дәуірде, бір хандық үшін бірге қызмет еткенін жылнамалық деректер айғақтайды. Бұл екі әйгілі тұлғаның бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болғаны күмән туғызбайды. Демек Сүйінбикенің «Шора батыр» жырына кейіпкер болып енуі әбден заңды. Сүйінбикенің есімі жырдың Добружа (Румыниядағы татарлар тұратын жер) вариантында ғана айтылады. Онда сарай алдында жирен аты сүрініп, айдары көрініп қалған Шораны сол арқылы таныған сарай қыздарының бірі бұл хабарды Сүйінбикеге жеткізсе [1,98], екінші бір тұсында ханымның есімі Шораның досы Құлыншақ батырдың аузынан айтылады.
Сехери танъдан билинген,
Суйимбике сарайынынъ,
Къаршысына келгенде,
Джийрен аты суринген,
Нарик улы сенми эдинъ? [2,152], – дейді онда Құлыншақ Шора батырға. Ал ноғайлардың Ажи-Молла вариантында дәл осы жолдар «Сапы ханым бикединъ, Сарайынынъ карсы алдына келгенде» [3,77], – деп алмастырылған. Бұған қарап жырдың қырымтатар варианттарындағы Шораға бүктемелі қылыш сыйлайтын Сапы (кейде Сары) ханымның түптұлғасы Сүйінбике болу керек деп есептеген жөн. Шынында да, Сүйінбике қолы ашық, жомарт жан болған, ол үнемі қазандықтарға бағалы сыйлықтар жасап отырған [4,34]. Бірақ жырдың Бекмамбет Құлмамбет (қырымтатар) айтқан вариантында [5,57-72] Сары ханымның ұнамсыз әрекеті де бейнеленген. Мұнда Сары ханым Шорадан жүкті болып, кейіннен орыс еліне қашып кетеді, арада көп уақыт өткеннен кейін одан туған ұл орыстарды бастап келіп, әкесі Шораға қарсы ұрысқа шығады. Алайда бұны жырлаушылардың ескі сюжетті ұмытып қалуынан және жаңылыстыруынан деп білген дұрыс сияқты. М.Османов жариялаған ноғай нұсқасында [6] Шора жау қолынан олжа ретінде әкелген орыс қызымен көңілдес болып, ол бойына бала біткенде еліне қашып кететін. Бұл сарын басқа да бірнеше нұсқада бар. Бекмамбет Құлмамбет вариантындағы Сары ханым бейнесі ұмытылу, жаңылысу салдарынан осы айтылған нұсқалардағы орыс қызымен контаминацияға түскен. Бұған және де Сүйінбикенің басынан өткен қайғылы оқиға да себеп болуы мүмкін. Ол оқиға – оның ұлы Өтеміш-Керейдің зорлықпен шоқындырылып, Александр деген ат алғаны.
Жалпы алғанда, Сары ханым образында эпикалық жинақтау белгілерінің молдығы байқалады. «Шора батырдағы» Сүйінбике бейнесінің, эпизодтық көлемде көрінсе де, қайшылығы мол сипатымен ерекшеленуі сол тұстағы тарихи жағдайдың күрделілігінен туындаған. Ондағы қайшылықтар сырын түсіну үшін аталмыш жағдайдың мәніне тереңірек үңілу қажет.
Тарихи Шора мен Сүйінбике өмір сүрген кезеңде Қазанда пайда болған, бір-бірімен оппозициядағы екі партия хандықтың саяси өмірінде жетекші рөл атқарды. Оның бірі – бір қарағанда, Қазанның Мәскеуге бағынышты болуын көздейтіндей көрінетін Мәскеу (кейде «Орыс партиясы» деп аталады) партиясы, екіншісі – Ұлттық (кейде «Қырым партиясы») партия. Бұның екеуі де тарихшылар қойған шартты атау. Мәскеу партиясы көбінесе орыстардың әскери көмегіне сүйенді. Ұлттық партия ноғайларды көмекке жиі шақырды. Бірақ тереңірек үңілген адамға Мәскеу партиясын Қазанның орыс патшалығына бағынышты болуын тілеген, оның басшылары орыс патшасына адал қызмет еткен деген түсініктің қате екендігін аңғару қиын емес. Қазан тағдыры қыл үстінде тұрған қиын күндерде осы Мәскеу партиясындағылар батыл шешімдер қабылдап отырған.
Қазан хандығы үшін болған күрестерге және оған қатысушы басты тарихи тұлғаларға объективті баға беру өте қиын. Өйткені бұл күрес мемлекетаралық қана емес, осы тартысқа қатысушы әр мемлекеттің өз ішіндегі саяси, ресми, әлеуметтік топтардың да өзара және сыртқы мүдделестерімен сыбайластық қарым-қатынасы және қарсыластарымен күрделі тартысы болды. Сондықтан нақты бір оқиғаға немесе тұлғалар әркетіне деген оң, я болмаса теріс бағалаулар бүгін ғана емес, сол кездің өзінде-ақ, қат-қабат, сан салалы болатын.
Шора Нәрікұлын Қазандағы Орыс партиясының мүшесі болуға итермелеген нәрсе – оның ел тыныштығы мен бірлігін ойлаған биік мақсаты, асқақ арманы деп білеміз. Ал Мәскеу мемлекетінің Қазанды жаулап алу қаупі Шора өмір сүрген 1546 жылға дейін мүлдем байқалған жоқ. Демек ол кезде Орыс партиясының өкілдері орыс патшасымен достық қарым-қатынас жасауды қауіпті нәрсе деп санамауы әбден заңды. М.Худяковтың пайымдауынша, Қазанды жаулап алу саясаты Қаһарлы Иванның (ІV Иван) бастамасы емес, ол діни фанатизмнен тамыр тартқан еді. ІІІ Василийдің кезінде-ақ митрополит Данаил сол тұстағы көпшіліктің қиялына да кірмеген Қазанды басып алу пиғылын ақырын-ақырын дамытқан еді [7,116]. 1550-1551 жыл аралығындағы қыста бояр И.В.Шереметов, дяк Иван Михаилов және А.Ф.Адашев деген тегі белгісіз біреу Қазан хандығын бағындырудың жобасын жасап, осыған қатысты барлық мәселені талқылайды. Ал патша бұл кезде аталмыш жоспардан ешқандай хабарсыз болған. Олар Қаһарлы Иванның өзін кейінірек осы жоспарды орындауға мәжбүрлейді. Орыс мемлекеті жақтан ешқандай қауіп тумаған жағдайда Мәскеу партиясының Қазанда жершілдік саясатқа негізделген билік жүргізіп отырған Қырым билеушілерімен ғана күресуі қисынды іс болатын.
1546 жылы Шах-Әли Қазаннан бас сауғалап қашып шыққан соң, билік қайтадан қырымдықтардың қолына көшеді. 1546 жылдан кейін Сафа-Керей қайта хандық құрады да, 1549 жылы наурыз айында кенеттен қайтыс болады [8,82-83]. Бұл кезде Қырым хандары өзара билікке таласып, Қазандағы жағдайға көңіл аударуға мұршалары болмайды. Қырымнан Қазан тағына отыруы тиіс деп жіберілген Бөлек-Керей мерт болады да, екі жастағы Сафа-Керейдің мұрагері Өтеміш-Керей хан сайланады, мемлекетті уақытша басқарып тұрушы (регент) ретінде оның анасы Сүйінбике жарияланады. Үкімет негізінен қырымтатарлардан құралды да, оның басында Қошақ оғлан (Кучак кейде Кошак) болады [7,107-111].
ІV Иванның 1551 жылы көктемде Қазанды блокадаға алған жорығына Мәскеу партиясының белді мүшелері болған Шапқын (Чапкун Отучев) мен Борнаш мырзалар қатысады [9,164-165]. Демек 1551 жылдың өзінде де Орыс партиясының қайраткерлері Орыс үкіметінің (нақтырақ айтқанда, басқыншылық пиғылдағы шіркеу қызметкерлерінің) түпкі пиғылын біле қоймаған. Осы жылдың маусым айында блокададан әбден титықтаған қазандықтар жағдайдың қиындауын орыстармен бітімге келмейтін үкіметтен (қырымдықтардан) көреді де, оларға наразылық білдіреді. Бастарына төнген қауіпті сезген қырымдықтар бас сауғалауды жөн көреді. Бірақ бұл кезде барлық жолды орыс әскері жауып қойған болатын. Қаладан қашып шыққан саны жағынан мүлдем аз қырымдықтарды орыс әскері қырып салады. Қошақ бастаған бірнеше мырза тұтқындалып, Мәскеуге жөнелтіледі де, сонда өлім жазасына кесіледі [10,78]. Қазан билігі қайтадан Орыс мемлекетімен бейбітшілікті жақтаушылар қолына көшеді. Құдайқұл оғлан мен Болат шырынның баласы Нұралы шырын бастаған уақытша үкімет құрылады. Уақытша үкімет Шах-Әлиді хан сайлауға және Сүйінбике мен Өтеміш-керейді орыстардың қолына тапсыруға келісім береді [9,178-179]. Сүйінбикені ұлымен бірге орыстарға тапсыруы қазандықтардың Орыс мемлекетінен әлі де достық қарым-қатынас күткенін көрсетеді. Оның үстіне, бұл уақытша үкімет сол замандағы орыстар қаймығатын әлеуетті би Жүсіп тұрғанда оның қызы Сүйінбикеге ешкім жамандық жасай алмайды деп сенген болуы керек.
Сүйінбикені қазандықтардың қолынан алу жаулаушылық саясаттың негізін қалаушылардың өте әккі айласы еді. Сондықтан да А.Ф.Адашев жасаған жобада бұл мәселеге ерекше мән берілген. Қазандықтар үшін Сүйінбикені ұлыменен бірге орыстардың қолына тапсырулары өздерінің Қырым хандығымен, Ноғай Ордасымен байланыстарын үзумен бара-бар еді. Өйткені Өтеміш-Керей Қырым династиясының мұрагері болса, Сүйінбикенің өзі, атап өткеніміздей, ноғай биі Жүсіптің қызы болатын. Қазандықтардың осындай аса күрделі мәселені шешерде тек көршілес, күші артық мемлекетпен бірге тату, бейбіт өмір сүруді басты орынға қоя отырып, тәуекелге бел буғандары көрінеді.
Алайда қазандықтардың бұл үміті ақталмады. Олар қатты алданды. 1551 жылы 11 тамызда Сүйінбике мен Өтеміш-Керейді, Қошақ оғланның екі ұлын уақытша үкімет орыстарға табыс етеді. Осыдан соң-ақ Орыс үкіметінің саяси пиғылы күрт өзгереді және оны ашық түрде көрсете бастайды.
Шах-Әли басқарған үкімет аса қиын жағдайда қалады. Сүйінбикенің әкесі Жүсіп пен оның бауыры Ысмайылдың сын сағатта Қазанға көмектеспеуінің ақтап аларлық себептері мардымсыз екені де шындық. Олардың Қазанға көмек қолын созбауының ең басты себебі бірінің қызы, бірінің қарындасы Сүйінбикенің және жиендері Өтеміш-Керейдің тағдырына деген алаңдаушылығы болуы тиіс. Бірақ олардың да бұл үміттері ақталмады. Сүйінбике қайтыс болды да, Өтеміш-Керей шоқындырылды.
Сүйінбикені қайтаруын сұрап, Жүсіп те, Ысмайыл да патшаға бірнеше рет хат жазды. Бір қызығы, олар Сүйінбикені қайтаруды өтіне отырып, ұсақтыққа, дүниеқоңыздыққа салынып, мата, аң терілері сияқты дүние-мүлік те тіленеді. Алайда патша оларға дұрыс жауап қайтарған емес. Қазандықтардың да, ноғайлықтардың да қатты алданғаны Сүйінбике тағдырынан көрінеді.
Сүйінбикені қайтаруды талап еткен тарихи тұлғанын бірі – «Шора батырдың» қарақалпақ нұсқаларында аты аталатын Айдар мырза. Айдардың есімі Мәскеу патшаларының Ноғай Ордасы мырзаларымен жүргізген дипломатиялық жазбалар жинағында кездеседі. Айдар мырзаның ІV Иванға жазған хаты және орыс патшасының оған қайтарған жауабы сақталған. Айдар мырза бір хатында өзінің Асан мырзадан туылғанын, өз ағайындарының саны елу-алпыс екенін жазған [11,18-19]. Асан (орыс жазбаларында – Алсан) – Оқастың баласы, Мұса мен Жаңбыршының ағайыны [12,436]. Айдар мырза бұл хатында ІV Иваннан Сүйінбикені қайтаруын, Еділдің жоғарғы жағынан жайлау және көптеген бағалы сыйлықтар беруін сұрайды. Хатта Сүйінбикені «қарындасымыз» деуіне және оны қайтаруды сұрауына қарағанда Айдар мырза Жүсіптен жас жағынан кіші болғаны және онымен одақтас екендігі көрінеді. ІV Иван: «Біз де Жүсіп мырза үшін және сіздердің барлығыңыз үшін оны Шығалы ханға бермекшіміз» [12,26-27], – деп, дәл Жүсіпке қайтарғандай [12,310-311] мазмұнда жымысқы жауап береді. Ал Айдар мырзаның басқа тілектері мүлдем ескерусіз қалған.
Осы хаттан Айдардың өмірі Қазан хандығымен тығыз байланыста болғандығы айқын көрініп тұр. Өйткені ол сұраған Еділдің жоғарғы ағысы Қазан хандығына тиісті еді. Осы хатта ол: «Қазан болса бізбен жау болып келді. Ал менің ұлым Ақсақал мырза ақ патшаның жауымен соғысты, Қазанда өлді, ал сол Қазанды ақ патша алды» [11,18], – деп өзінің орыс патшасына достық ниетте екенін білдіріп жазған. Әрине, өзінің ұлы Ақсақал орыс үкіметінің адамы Жан-Әли немесе Шах-Әли, тіпті орыс партиясының өкілдері Қазан билігінде болған кезде, соларға қарсы жорықтарда өлген болса, Айдар мырза мұны хатында жазбаған болар еді, өйткені олай етудің Орыс үкіметіне жаулық болып саналатыны белгілі. Демек Ақсақал Ресеймен бітіспес жау Қырым династиясы билігіне қарсы жорықтардың бірінде мерт болған. Қазандағы Қырым династиясы Сүйінбике арқылы Ноғай Ордасымен (Жүсіппен) жақсы қарым-қатынаста болған. Ноғайлардың Қырым династиясына қарсы соғысы бір-ақ рет, Сафа-Керейдің 1546 жылы таққа қайта отыруынан кейін болған.
Бұл жағдай былай болған еді: 1546 жылдың қаңтарындағы төңкерістен кейін Қазаннан қашқан Сафа-Керей Сүйінбикемен бірге көмек сұрап Жүсіпке барады. Сафа-Керей Жүсіптің баласы Жүніске Қазанның тау жағының билігін беремін деген уәдемен ноғай әскеріне Жүністі бас етіп, өзімен Қазанға алып келеді. Соның арқасында, қайтадан билікке қол жеткізген Сафа Сүйінбике кейінірек (жаз айларында) Қазанға келісімен-ақ уәдесінен таяды. Осыған байланысты ноғайлар мен қырымдықтар және олардың одақтастарының арасында қақтығыс болған [12,454]. 1549 жылдың 25 сентябрінде орыс елшісі Иван Феодоровтен Мәскеуге келген хабарда былай делінеді: «Жүсіптің баласы Жүніс мырза өзін билікке алады деген үмітпен Қазанға барды. Ал қазандықтар оны Қазанға кіргізбеді және оның адамдарының көбін қырып жіберді, енді қазір, мәртебелім, мырзалар, жиналуда, күзде Қазан жерін жаулауға бармақшы» [12,169-170]. Жүсіптің одақтасы болған Айдар мырзаның ұлы Ақсақал, сөз жоқ, осындай қырымдықтармен қақтығыстың бірінде өлген. Қырымдықтармен оппозияцияда болған Шорамен Айдардың эпоста дос етіп көрсетілуі тегін емес. «Шора батырдың» қарақалпақ нұсқаларындағы Айдардың қой соңында жүрген аянышты кейпі ноғайлардың жоғарыда белгілі болғандай сәтсіздіктерін бейнелеген. Жырдың бір-бірінен шалғай аймақтардағы нұсқаларында аты аталуы, шынында да, тарихта Айдар мырза Шорамен қарым-қатынас жасаған болуы керек деген ойға жетелейді. Айдар мырзаның жоғарыдағы айтылған хаты 1552 жылдың бас кезінде жазылған сияқты, себебі орыс үкіметінің оған жауабы сол жылдың мамыр айында қайтарылған.
Сүйінбикенің күрделі тағдыры орыс отаршылдығының ең бастапқы әрі көрнекі нәтижесі ретінде ел есінде ұзақ сақталған. Сондай-ақ оның көптің қамын ойлаған жеке басының қасиеттері де халық жадынан берік орын алуына себеп болған. «Шора батырдың» қырымтатарлық нұсқасында оның «Сары ханым» деп аталуы әуел баста «саф» сөзінен шыққан сияқты. Бұған ноғай варианттарындағы рудименттер дәлел бола алады. Бұл образ Ажи-Молла айтқан вариантта «Сапы» делінсе, М.Османов жариялаған нұсқада «Сафа» деген есіммен аталады. Осыған сүйене отырып, мұны тарихтағы Сүйінбике ханымның лақап есімі болуы мүмкін деп есептеген дұрыс сияқты. Ясауия тариқатының айқын өкілі болған Құл-Шәріп молданың Сүйінбикеге айрықша қамқорлық жасауы да көп жайдан хабар берердей. Сүйінбике мен Құл-Шәріптің көзқарасы, ұстанымдары, дүниетанымы ортақ болғаны шүбәсіз. Осыларға қарағанда, Сүйінбикенің «саф-ханым», «сопы-ханым» аталуы ғажап емес. Сол себепті оның Құл-Шәріппен бір топта болған Шорамен де жақсы қарым-қатынаста болатыны шындық. «Шора батырдың» ноғай, қырымтатар нұсқаларында Сапы (Сары) ханымның басқа батырларға, тіпті Құлыншақ батырға бермеген бүктемелі қылышты Шораға сыйлауы да осыны білдіреді.
«Шора батырдың» М.Әлиакбарұлы жариялаған қазақ нұсқасында және халық аузындағы аңыздарда Шалгездің ұлы деп айтылатын Құлыншақтың образы Қазан тарихына қатысы бар Қошақ оғланды еске түсіреді. Осындай пікірді Ф.И.Урманчеев те айтады [13,102]. Құлыншақ есімі Қазан татарларының тілдік ерекшелігіне сай «Қолоншақ» болып дыбысталатыны белгілі. Ал түркі тілдеріндегі л, н дыбыстары сөйлеу кезінде түсіп қалуға бейім тұрады. Құлыншақ Ескішеһир (Түркия) аңыздық нұсқасында Қоншық болып өзгерген. Бұл есім жылдам айтылу сәтінде орыс адамына Қошшақ немесе Құлчақ болып естілуі ықтимал. Құлыншақтың жылнамаларда Кощак болып жазылуы сондықтан деп білеміз.
Жырдың Добружа вариантында Сүйінбике атының Құлыншақ аузынан айтылуы да тегін емес. Тарихта Сүйінбике билік құрған кезде Қошақтың оны қолданғандығын айтқан едік. «Қазан тарихының» авторы тіпті Қошақты ханымның көңілдесі ретінде көрсетіп, «Қошақ оғлан мен ханымның зинақорлық сүйіспеншілігі жөнінде» деген тарау арнаған [8,93-94]. М.Худяков бұл тараудың растығын жоққа шығарады. «Бұл хабарға сенбеуге негіз бар. Ондағы тарихи факті емес, бұның автордың таусылмас қиялының арқасында ойдан шығарылғандығын оңай көруге болады. Сүйінбике ханым өз көңілдесін билік құруға шақырды деп ойлау қиын. Бәрінен дұрысырағы, Өтемішті хандыққа нақ осы хан гвардиясы көтерген және билікті ханымнан Қошақтың өзі алған жоқ, қайта Сүйінбике ханымға ол ұсынған» [7,111], – дейді ол. Осы тұжырымның растығы күмәнсіз.
«Шора батырдағы» бас кейіпкерлердің басым бөлігінің тарихи түптұлғалары бар. Соның бірі – Сүйінбике зорлықпен қосылған Шығалы хан. Алайда біз түптұлғасы Сүйінбике деп есептеп отырған Сары ханым қырымтатар нұсқаларында Шығалының қызы деп көрсетіледі. Бұл – таза халық қиялының жемісі. Ал Шах-Әлидің ұрпағы болмағандығы тарихтан белгілі [7,164]. Бұл бейне тарихтағы Шах-Әли тұлғасы негізінде сомдалған. Оны халықтың сол заманның өзінде-ақ осылай атағаны білінеді. Өйткені орыс жылнамалары осы атқа сүйеніп, «Шигалей» деп жазады. М.Османов жариялаған ноғай вариантында Шығалы Қазанға келген Шораға жер беріп, қымбат киімдер сыйлайды. Қазанға ұлын іздеп келген Нәрікке көп мал беріп, Қырымға шығарып салады. Радлов жариялаған Қарасу-Базар вариантында Шығалы Шораны көрмей тұрып-ақ, оны Қазанға келе жатып атқан оғынан таниды. Бүйік-Хожалар вариантында Шора Шығалы ханымның (мұнда Шығалы Сары ханның қызы болып, екі кейіпкердің аттары алмастырылған) бас батыры болады. Мұның барлығы тарихтағы Шах-Әли мен Шораның жақын қарым-қатынасының эпостағы көрініс табуы болмақ. Шынында да, Шора Нәрікұлына тау жағындағы бағалы жерді Шах-Әли сыйлаған болуы мүмкін.
Шах-Әли – қайшылығы өте мол тарихи тұлға. Оның өз басына төнген қауіп-қатерге қарамастан, орыс патшасының дегенінен шықпағанын оған шын жүрегімен берілгендіктен деп есептеу бір жақты кеткендік болады. Оның өз әміршісінің тапсырмаларын екі етпей орындауы тағдыр мойнына жүктелген шырғалаңы мол, аса күрделі жағдайдың құлы болғанымен байланысты. Шах-Әлидің орыс патшасына «берілген тіл алғыштығын» ақтайтын тарихи себептері бар: оның патша тапсырмаларын мүлтіксіз атқаруы екі мемлекет арасындығы бейбітшіліктің кепілі болатын. Оның орыс патшасына көзсіз құлдық ұрмағанын да байқауға болады. Ол Қазан тағына 1551-1552 жылдары соңғы рет отырған кезінде ІV Иваннан хандықтың тау жағын қайтаруын үнемі сұраумен болған. 1552 жылы ол тақты орыс билеушісіне беруге «Мен – мұсылманмын, өз дініме қарсы шыққым келмейді» деп келіспеушілік білдіреді [10,81]. Сөйтіп өз басын да, бодан жұртын да дін үшін қатерге тігеді. Сенім мәселесіне келгенде өз басын өлімге де байлайды. Мұндай батылдық сол тұстағы қайраткерлердің көбінің қолынан келмеген. М.Худяковтың айтуынша, Рига бургомисрі Франц Ниенштель Шах-Әлиді ақылды адам деп мақтаған [7,164]. Шах-Әлидің «Шора батыр» жырына ұнамды кейіпкер болып енуінің жөні бар. Оған қоса, өмірде эпос қаһарманының түптұлғасымен достық қатынаста болған ол жырда ұнамсыз бейнеде көрінсе, сөз жоқ бұл нәрсе халықтың тарихи жадысы мен эпос арасында қайшылық туғызған болар еді.
Эпостағы Шығалының біз түптұлғасы Сүйінбике деп есептеп отырған Сары ханымның әкесі болып алмастырылуының да өзіндік себептері болса керек. Біздің ойымызша, бұлай болуының бірінші себебі Шах-Әли жас жағынан Сүйінбикенің әкесі қатарлы болуы керек. Екіншіден, орыстардың қолына тапсырылғанннан кейін Сүйінбикенің Шах-Әлиге зорлықпен қосылғанын білетін халық оны ханның әйелі етіп көрсеткісі келмеген, Сүйінбике өліміне себеп болған бұл қайғылы шындықты еске алғылары келмеген.
Сүйінбикені Шора Нәрікұлының ел басшысы ретінде құрметтегені де жырдан көрініс тапқан.
М.Османов вариантында жауға шапқалы тұрған Шора өзіне мынадай серт береді:
Қаракерім әкелші,
Ақта айырып мінейім.
Ақ кіреукем әкелші,
Шырайына бектер тыслап киейім.
Алдаспаным әкелші,
Аш беліме буайым.
Әлі де болса, алай күн,
Өзім шаба көрейім,
Шығылы ханның қызы үшін,
Сыға (Сафа) ханым өзі үшін.
Алар үшін болмаса,
Аллалап азан шақырған
Ақ мешіт өзі үшін [6,30].
«Шора батырдың» ұлттық нұсқаларында Сүйінбике (Сапы ханым) мен Шораның қатынасы негізгі үш түрлі эпизодта көрінеді. Біріншісі – сарай алдында аты сүрінген Шораның айдары көрініп, нөкер қыздардың оны танып қойып, ханымға айтқаны. Екіншісі – Сапы (Сары) ханымның Қазан батырларына сыйлық үлестіргені, Шораға жай ғана қалта бергені, батырдың оған өкпелеп қалтаны лақтырып тастағаны, бірақ кейіннен қалтада батырға нағыз лайықты сый бүктемелі қылыш бар екенін білген соң, ханымға шексіз риза болғаны. Үшіншісі – Сапы ханымның жаумен (нақтырақ айтқанда, өзінен жүкті болып, қашып кеткен орыс қызынан туған өз ұлымен) Шораның соғысын мұнарадан тамашалап тұрғаны. Бұлардың бәрінің де тарихи негіздері бар. Мәселен, алғашқы эпизодты алайық. Бұл эпизод тіпті жырдың тарихи негізі болған мекеннен барынша алыстап кеткен, әбден көркемдік өңдеуге түскен қарақалпақ нұсқаларында да бар. Эпизодтың сюжеттің өзге бөліктерімен себеп-салдарының байланысы жоқтығына, идеялық мәні елеусіздігіне қарамастан түрлі нұсқаларда сақталып қалуы оның тарихи негізінің барлығынан деп есептегеннен басқа сенімді дәлел жоқ. Шынында да, тарихта Қырым хандығының атақты биі Ақташы Әлі биді өлтіріп, Қырымнан Қазанға кетуге мәжбүр болған Шора мұндағы қырымдық династия билігі кезінде өзінің кім екенін әуелгі кезде танытқысы келмеген болуы керек. Қазанға келіп, жұмбақ жан ретінде жұртқа танылмай жүрген тарихи Шораны ең әуелі таныған Сүйінбике болуы ғажап емес. Біз талқылап отырған бірінші эпизодтың сюжеттегі басы артық деталь ретінде ұмытылып қалмауына елеулі оқиғалар қатарында жұрт есінде әбден бекіп қалуы кепіл болған.
Екінші эпизодтың Сүйінбике ханшаның жомарттығына қатысы барлығы жоғарыдағы әңгімелерден белгілі болды. Қолы ашықтығымен бірге сұлу, ақылды ханым өз заманындағы халықтың сүйіктісі болғаны кәміл. Үшінші эпизодтың да шындығы бар. Сүйінбике мұнарасының сол кезде болғаны, ханымның оған үнемі шығып тұрғаны да тархи мәнбелерде аз кездеспейді. Осы айтылғандарды қорытындылай келе, «Шора батыр» жырындағы Сүйінбике бейнесінің (Сапы ханым) жырлаушылар мен айтушылардың еркінен тыс сақталғаны, оның өзге сюжеттік бөліктерімен себеп-салдарлық байланысы әлсіз бола тұра, ұмытылмағаны олардың тарихи негізінің барлығынан және ол негіздің Қазан тарихында елеулі болғандығынан деп білу керек.
Сүйінбике жайында жоқтау сипатындағы бәйіттер (татар әдеби-фольклорлық жанры) көп болған. Алайда олардың көбі сақталмаған. Татарстанда шығатын «Сөембикә» журналында жарияланған «Сүйімбике бәйітінде» («Сөембикә бәете») де тарихи мағлұматтар мол сақталған. Бәйіт:
Мең дә биш йөз унбиштә бу дөньяга килгәнмен, Ата-ана дәүләтен китмәс диеп белгәнмен [14], – деп басталады. Кейіпкердің өз атынан баяндалатын бәйітте өзін Қазан мырзаларының Орыс үкіметіне қалай тапсырғаны, Сапагерейдің қабіріне барып қоштасқаны, өзін патшаның Шах-Әлиге әйелдікке бергені, Шах-Әлидің Қазанды жаулаған орыс әскерімен бірге барып, өзін жау қолына тапсырған мырзаларды жазалағаны, ұлының шоқындырылып, соңынан қаза болғаны айтылады. Мәліметтеріндегі хронологиялық нақтылық, олардың тарихи деректермен өте сәйкестігі, дәріптеу, әсірелеу сияқты көркем шарттылықтардың байқалмайтыны бұл бәйіттің фольклорлық айналымға түсе қоймағанын көрсетеді. Алайда оның тілінен тым бергі дәуірдің туындысы емес екені де аңғарылады. Бәйіттің белгісіз авторының ауызекі әңгімелермен бірге тарихи еңбектерден де хабары барлығы анық көрінеді.
Сүйінбике тағдыры – тұтас түркінің шерлі дастаны. Қарақалпақ фольклорында Сүйінбикенің аты аталатын қосық (қарақалпақ фольклорының жанры) сақталған. Онда:
Таслап кетип Хорезмдей ӯатанды,
Жайықта бабмыз Ноғай атанды.
Тахт өлтирди Сүйинбийке апаңды,
Дәӯраныңның бәри әрман, Қарақалпақ [15], –
деп жырланады. «Тақ өлтірді Сүйінбике апаңды» деген жолда ханшайымның билік таласының құрбаны болғаны айқын таңбаланып тұр. Және халықтың өз бастарына түскен трагедияны Сүйінбике тағдырымен тікелей байланыстырғаны да оп-оңай көрінеді. Дүйім түркі жұрты Сүйінбикеге осылай қараған. Оның бейнесі тіпті орыс фольклорында да бар.
Сүйінбике ханшайымның фольклорлық бейнесінен оның тарихи түптұлғасының адами асыл қасиеттерімен де, жеке басындағы тауқыметінің халық қайғысымен астасып кетуімен де ел жүрегінен терең орын алғанын танимыз. Сол себепті оның фольклорлық образы тарихи шындықты және халық арман-аңсарын мол жинақтаған ерекшелігімен көрінеді.