ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ҚЫПШАҚ ТІЛДІ ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ТАРИХИ ДЕРЕККӨЗ ТҰРҒЫСЫНАН ҚАРАСТЫРУДАҒЫ КЕЙБІР ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР

Анарбаев Қайрат САПАРХАНҰЛЫ
Тарих ғылымдарының кандидаты, ОҚМПИ доценті м.а.,  Шымкент/Қазақстан


Түркітану ғылымының белді саласы – Қыпшақтану. Қыпшақтанулық бағыттардағы ғылыми зерттеулер бүгінге дейін әртүрлі дәрежеде жүргізіліп келеді. Соның ішінде кешегі орыс империясы мен Кеңестік дәуірде де қыпшақтану саласында біршама қомақты, әрі іргелі жұмыстар жүргізілді. Алғашқы кезеңдерде көшпелі халықтар жайлы деректердің шашыраңқылық сипатта кездесуі, жүйеге түспегендігі, ең бастысы көшпелілер туралы нақты ғылыми концепциялардың жоқтығынан бұл бағыттардағы ғылыми зерттеулер мардымды жүре қоймағаны белгілі. Дегенмен қыпшақтану саласы түркітанудың бір тармағы ретінде тарихнамалық жағдайда күннен күнге өзінің нақты зерттеу нысанын белгілеп, ғылыми бағыты айқындалып ғылымның жеке саласы болып қалыптаса берді. Қыпшақтанудың дамуында орыс түркітанушыларының үлесі ерекше.

Тарихи жағдайда қыпшақтанудың ғылым саласы ретінде қалыптасуына түрлі жағдайлар әсер еткен. Соның ішінде орыс тарихи санасын қалыптастырудағы Киев Русі тарихын жазуда ғалымдар қыпшақ мәселесін аттап кете алмағаны анық. Ал кейін Ресей империясы құрамына башқұрттар, татарлар мен қазақтар, өзбектер, қарақалпақтар, Алтайлықтар және солтүстік Кавказдағы халықтар саяси бағынышты жағдайға түскен соң қыпшақ тарихына қызығушылықтар арта түскен.

Қыпшақтану саласында тарихи дереккөздер ретінде ортағасырлық орыс жылнамалары мен этнографтар, тарихшылар мен жиһангездердің, әскерилердің, демографтар, картографтар және жергілікті жерлердегі билікке қызмет етуші т.б. жазбалары алынды. Оның өзінде негізінен екі сипаттағы дереккөздер басым болғанын Шығыстанушы ғалым В.А. Гордлевский еңбектерінен байқалады. Ғалым пікірінше, олардың бірі қыпшақтарды орыстардың мәңгілік дұшпаны санатында көрсететін шіркеулік жылнамалар болса, екіншісі халықтардың өзара ықпалдастығын көрсететін саяси, шаруашылық, сауда, мәдени, туыстық т.б. байланыстар туралы мағлұматтар беретін түрлі дәрежедегі жазба деректер [1, 487 б.].

Тарих ғылымында сол деректерді шынайы ғылыми зерттеу нысаны ету де оңай шаруа болмағаны тағы бар. Оған түрлі жағдайлар әсер еткен. Соның ішінде біріншіден, ғылымға сырттан «қысымның» болуы еді. Мысалы, Кеңес дәуірінде Кавказ аумағы түріктер тарихына қатысты бірқатар саяси тұрғыдан «шектеулер болғанын» сол В.А. Гордлевскийдің 1940 жылы жарияланған «Государство Сельджукидов Малой Азии» деп аталатын еңбегінің бірінші басылымының алғы сөзінде: «В течение этого времени я иногда вновь пересматривал работу; она дополнена, кое где подправлена, но, может быть, и перегружена мелочами…» деп қиналыспен жазғанынан да байқалады [2, 32 б.]. Яғни, шындықты айтқысы келген ғалымдардың «шындығын айта алмай» осылай қиналуы саяси идеологиялық қысымның болғандығын айқындап тұр. Екіншіден, сол империялық саясаттың әсерінен қыпшақтанулық бағытта, әсіресе тарихшы-деректанушы мамандарды әзірлеуге онша құлықтылық танытпағаны анық. Нәтижеде ғалымдардың көбі Компартия мен заводтардың тарихына ойысып, тек аздаған ғалымдар ғана ебін тауып түркітануға кіріге алды. Отандық қыпшақтану саласында, оның ішінде қыпшақтар тарихына санаулы ғана ғалымдардың (Ә. Марғұлан, Б. Көмеков, С. Ақынжанов т.б.) қалам тербеуін осымен түсіндіруге болатын шығар.

Қыпшақтану саласы дегенде ең алдымен қыпшақ тілді жазба ескерткіштер ойға оралады. Ортағасырлық қыпшақ тілді жазба ескерткіштер саны да біршама. Олар ғылыми айналымға енгеннен бері олар көп жағдайда филологиялық тұрғыдан зерттеу нысаны болды. Оларды тарихи дереккөз ретінде қарастырған еңбектер жоқтың қасы еді. Дегенмен кейбір филолог мамандар өз еңбектерінде сол жазба ескерткіштің дәуірін анықтау мақсатында, яғни тарихи кезеңді сипаттауда ескерткіштердегі мағлұматтарды ішінара болса да пайдаланған тұстары болған.

Ортағасырлық қыпшақ тілді жазба ескерткіштер арасында көлемі мен көнелігі жағынан ең маңызды жәдігер саналатын «Кодекс Куманикус» (одан ары «КК») материалдары біздің зерттеулерімізде тарихи дереккөз ретінде біршама қарастырылды. Алайда, бұл және өзге де жазба ескерткіштердің тарихи қайнаркөздік маңызына кешенді тұрғыдан келу бүгінгі қыпшақтанудың өзекті мәселелерінің бірі деп қарастыруға болады. Әсіресе «КК» материалдарының дереккөздік әлеуеті өте бай. Ондағы тарихи лексикалық қордан ортағасырлық қыпшақтардың шаруашылығы мен саяси құрылымы, этнографиясы мен діни түсініктері, фольклоры мен астрономиялық түсініктері және мәдениетіне қатысты мол мағлұматтар сақталып қалған [3].

Біздіңше, ендігі жерде сол зерттеулерді негізге ала отырып, барлық қыпшақ тілді жазба ескерткіштердің тарихи лексикасының тарихи дереккөздік маңызына маңызына назар аударудың кезегі келіп отыр. Өйткені тәуелсіздік жылдары елімізде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында біршама игілікті істер атқарылды. Соның ішінде ортағасырлық қыпшақ тілді жазба ескерткіштердің мәтіндері де көпшілікке біршама қол жетімді бола түсті. Ендігі міндет оларды ғылыми сараптаулардан өткізе отырып, елдің игілігіне айналдыру міндеттері тұр.

Аталған жұмыстарды өз деңгейінде атқару үшін бірнеше маңызды мәселелердің бар екені байқалады және оларды ескермесе болмайды. Бірінші кезекте қыпшақтану саласында еліміз ішінде және халықаралық деңгейлерде де мамандар әзірлеуді қолға алу өзекті мәселеге айналып отыр. Әрине, маман әзірлігі әрбір адамның жеке қызығушылығына да тікелей байланысты. Алайда ЖОО-да арнайы деректанушылардың, оның ішінде қыпшақтанушылардың халықаралық талаптарға сай әзірлігіне үнемі назар аударып отыру керек. Ол үшін оларды қызықтыратын, олардың ғылыми зерттеулерінің бағыттарына дем беріп отыратын ғылыми институттар мен орталықтардың жұмысын жүйеге түсіру өзекті іс. Әрине соңғы уақыттарда қыпшақтанушы мамандарды әзірлеу бағыттарында да сең қозғала бастағандай. Алайда сылбырлық жоқ дей алмаймыз. Өйткені ғылыми әлеуетті жіктеп, мемлекеттік тапсырыстарды ортақ үйлестіріп отыру бағытында бірізділіктер бары байқала бермейді. Сондықтан қыпшақтар тарихына қатысты өзекті мәселелерді халықаралық деңгейлерде үйлестіріп отыратындай ғылыми орталықтар, мысалы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанында ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д. Б.Е. Көмеков жетекшілігіндегі халықаралық Қыпшақтану институты сияқты мекемелер мен еліміз көлемінде осы бағыттарда жұмыс жасап отырған өзге де ғылыми мекемелердің жұмысына бағдарлар жасауды отыратын орталықтың керектігі байқалады.

Екіншіден, қыпшақ тілді жазба ескерткіштерге қатысты бүгінге дейінгі зерттеулерде кеткен методологиялық олқылықтарды ескере келе, ендігі жерде сол жазба мұралардың иелері тұрғысынан зерделеу өзекті мәселеге айналғанына күмәніміз жоқ. Өйткені, дереккөздердегі материалдарды түсінуде жат жерліктердің пайымдаулары бәрібір сол мұраны жасаған халықтардың бүгінгі төл ұрпақтарының пайымдауларымен әрдәйім сәйкестік таба бермейтіні тағы белгілі. Үшіншіден, түркілік тұтастық пен Дала өркениеті деген ұғымдарды аршып қарау үшін қыпшақ тілді жазба ескерткіштердің маңызы ерекше. Өйткені қыпшақ тілінің қолдану аясы сол дәуірде геосаяси жағынан алғанда өте кең қолданыста болуы мен көне түркілік мемлекет басқару жүйелерін ұзақ сақтаған халықтар ретінде де қыпшақтар өз тарихына ерекше назар аударуды қажет етеді. Кезінде академик В.В. Бартольтың өзі «қыпшақтарда біртұтас мемлекеттік болмаған» деген қате тұжырымын осындай мемлекеттік басқару жүйелерін нақты түсінбегендіктен айтқаны ғылымға белгілі. Ал М. Тынышпаевтың тарапынан орыс зерттеушілерінің «басты әлсіздігі де түріктерді біртұтас ел деп қарамауында» екені туралы айтқан пікірлерін біз де қуаттаймыз [4].

Төртіншіден, қыпшақтануға, оның ішінде қыпшақ тілді жазба ескерткіштерге ғылыми кешенділікпен келу өзекті мәселенің бірі. Өйткені, ғылым салаларының барлық жетістіктерін пайдалану, оның ішінде тарихи дереккөз ретіндегі қырларына ғылыми зерттеу әдістерінің кешенді қолданыстары арқылы үңілумен олардың ғылыми құндылықтарын айқындай түсеміз, әрі шынайы тарихқа жақын келеміз. Солар арқылы ғылымдағы еуропацентристік көзқарастар арқылы қалыптасқан көшпелілердің «адамзаттық мәдениетті қиратушылар ретіндегі» түсінік стеротиптерден арылып ұлттық рухымызды сақтай аламыз. Отандық тарихтың тарихи дереккөздерінің саны мен сапасы арта түседі.

Бұл орайда ортағасырлық қыпшақтардың дүниетанымы мен дінінің мәселелерімен тікелей айналысып келе жатқан американдық ғалым П. Голденнің: «Қыпшақтардың тарихы мен мәдениетінің мәселелері сан түрлі, әрқилы. Көшпелі өмір салтын ұстанған олардың көршілес отырықшы елдермен экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени байланыстары өте күрделі жағдайлармен сипатталады. Біздің білетініміз олардың дұшпандары қалдырған мағлұматтар….» —

деп жазғанының астарында талай мәселердің бар екені байқалады [5]. Ал керісінше академик К. Мусаев сияқты ғалымдардың зерттеулерінде жалпы қыпшақ атаулы елді ежелгі сақтармен байланыстыра қаралатыны, бұл атаудың өзі «қыпсақ», яғни сақтардың бумасы (бірлестігі, жиынтығы) сипатында түсіндіруге болатыны туралы соны пікірлерге де ғылыми жауаптар беруге ерекше назар аудару керек екенін түсінеміз [6, 6 б.]. Ғалымның түрік-қыпшақ атауларының ортағасырларда синонимдік тұрғыдан қолданылғаны туралы айтылған бұрынғы пікірлерге қолдау білдіруі ойлануға жетелейді. Бұл пікірлерден «қыпшақтану дегеніміз- түркітанудың белді саласы» деген ой түюге болады.

Енді сөзіміз дәлелді болу үшін «КК»-те келтірілген тарихи лексикаға назар аудара отырып осы тұжырымдарды растайтын мағлұматтар алудың мүмкіндіктері туралы қысқаша тоқталғанды жөн санаймыз. Мысалы жазба ескерткіштегі бақсы, шаман, қамлық сияқты терминдер батыс еуропадағы ортағасырлық құман-қыпшақтардың монотеизмге дейінгі наным-сенімдері туралы мағлұматтар береді. Ертедегі түріктерде адамдардың құдайлық күштермен «қарым-қатынасындағы» аралық міндеттер қоғамдағы ерекше топтың — шамандардың қолында болды, ал шамандар ертедегі түрік мәтіндерінде қам деп аталған. Шамандар, сәуегейлер, емшілер, «құдайдың қалауын» жариялаушылар болған. «КК»-тегі қам, «қам, ол қатын дір» деген тіркестер кейінгі дәуірлерде бақсылық, шамандықты негізінен әйелдер жасаса керек деген тұжырымға әкеледі. Сонымен бірге ескерткіштегі құмандардың салт-дәстүрінен хабар беретін «сығыт»-қайғы, қасірет, «тул»-тұл әйел мағынасында айтылған сөздерді осы тұрғыдан алғанда маңызды деп санауға болады [7, 118, 129 — бб.]. Көне түркіде Күлтегін ескерткішінде «сығыт» — жыры туралы айтылады [8, c. 505]. Бұдан оларда қайғы-қасіретте сығыттау немесе жоқтау айту дәстүрі, ал ері қайтыс болған әйел тұл атанғаны байқалады. Ортағасырлық Лаврентьев жылнамасында Игорь жорығы кезінде половец даласында «құстар шулап, аңдар ақырып, аққудың қаңқылы естілгені» туралы айтылған [9, С. 75]. Осы деректер олардың (құмандардың, қыпшақтардың) тек тотемдік нанымдарынан ғана хабар беріп қоймай, жау шапқан елдің жылап-сығтағанын, яғни өлгендеріне жоқтау айтқанын байқатады. Жоқтау айту дәстүрі қазақ халқында осы күнге дейін сақталған. Бұл дәстүрдің Алтай халықтары арасында да бар екенін Л.П. Потапов еңбектерінен көреміз [10, С. 267].

Қорыта айтқанда, ортағасырлық қыпшақ тілді жазба ескерткіштерді кешенді түрде тарихи дереккөздік тұрғыдан зерделеу бүгінгі түркітанудың өзекті мәселерінің бірі. Ортағасырлық қыпшақтардың өздері қалдырған немесе солардың тілінде жазылған жазба ескерткіштердің тарихи дереккөздік маңызы айқындала түскен сайын елдің рухани қуаты да арта береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *