Сапарбек ЕРГӨБЕК
филология ғылымдарының кандидаты Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті
Түркістан/Қазақстан
Ғалым Немат Келімбетовтің ғылыми шығармашылығына арнайы нысан болған тақырыптардың бірі – кітаби ақындар шығармалығы, нәзира дәстүрі. Сол шығармашылық иесінің бірі – Шәді Жәңгірұлының шығармашылығын арнайы зерттеген ғалым Н. Келімбетовті ерекше атауымыз керек [1,2,3,4,5]. 1974 жылы ғалым «Шәді ақын» деген атпен өзінің зерттеу еңбегін жарыққа шығарды. Бертін келе Қаратау шайырлары – Майлықожа, Мәделіқожа, Мұсабек Байзақұлы, Құлыншақ мұраларын жинап, халыққа танылуына күш салған ғалым Ә.Оспанұлының еңбегін де атап айтуымыз қажет.
Қазақ әдебиетінің кәсіби сыншысы ғалым М. Қаратаев: «Кітаби ақындарды көпке дейін дұрыс түсінбей келдік. Тіпті, оларға қырын да қарап келдік. Сондағы уәжіміз — әлгілердің бәрін «діншілдер» деп теріс түсіну еді. Ал бұл жиырмасыншы жылдары пролеткультшілдердің «Пушкинді тарих кемесінен лақтыру керек» дегені сықылды сорақылық болатын» [6, 172 б.], – дейді.
«Кітаби» деген атаудың өзі шартты термин. Бұл жайында ғалым Немат Келімбетов: «Біздіңше «кітаби ақын» деген терминнің өзі әдебиеттану ғылымында, әсіресе XX ғасыр басындағы қазақ ақын-жазушылары сөз болғанда дұрыс қолданылып жүрген жоқ. Өйткені «кітаби» деген атау ақын-жазушылардың көзқарасын, не көркем әдебиеттік бағыт-бағдарын аңғартпайды. Тек кәсібін, кітап бастырып шығарумен айналысқанын ғана көрсетеді» [4, 391 б.] деген ойы бұл ақындарды идеялық көзқарасы мен ақындық шеберлігіне, ұстанған бағытына карай бағалануы керектігін алға тартады.
«Қиссашыл ақындарды тек қана ауыз әдебиетін жинаушы деп қарамай, шығыс сюжеттерінің қазақша варианттарын жасаған жазба ақындар деп қараған жөн бе деп ойлаймыз» [7, 78 б.], – дейді белгілі ғалым А. Қыраубаева өзінің зерттеу еңбегінде.
Бұл айтылған пікірлердің бәрі орынды, бәрінің астарында шындық бар. Осы айтылған пікірлердің, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқан қазақ әдебиеттану ғылымының білгірі, ғалым Б. Кенжебаев кітаби ақындар шығармашылықтарының ерекшеліктеріне кеңірек тоқталып, олардың әдеби мұрасын жоғары бағалап: «Шығармалары табиғатына орай ағартушы, ақын-жазушылар бұрын ескішіл, феодалшыл, діншіл, кітаби ақындар деп бағаланып, аталып келді. Бұл мүлде әбес. Әлгі айтқан, бұлар өз кезінде өздерінің алдындағыларға, өз замандастарына қарағанда озық, ілгерішіл, жаңашыл болды. Жаңаны (жаңа идеяны) ағартушылық идеясын жақтады», –десе, ал оларға таңылып жүрген «кітаби» деген сөздің терістігін былай түсіндіреді: «Кітаби» деген атау ертеде христиан діндарлары арасында діни кітап – «Інжіл» ережелерін бұлжытпай орындауды жақтаған, уағыздаған адамдар жөнінде қолданылған. Оны біздің XX ғасыр басындағы ақындарымыз жөнінде қолдану мүлде орынсыз. Кітаби ақын жазушы деген атау біздің ғалымдарымыз бұл топқа жатқызып жүрген ақын-жазушылардың идеялық көзқарастарын, не көркем әдебиеттік бағыт-әдісін аңғартпайды, кәсібін кітап бастырып шығарумен айналысқанын ғана аңғартады» [8, 27 б.] – дейді. Ғалымның пікірінше «кітаби ақын» деген бұл ақындарды ұлттық әдебиетімізден шеттету үшін айтылған атау екендігін терең үғынып, бұл топтағы ақындарды “ағартушы ақын жазушылар” деп атауды ұсынады. Бұл ақындардың рухани мықты, діни білім ордаларында білім алғанын, дүниетанымы ислами тұрғыдан болатынын ескеріп, былай деп жазады: «Алды топ ақын–жазушылар адамгершілікті, оянушылықты, ағартушылықты ұран етті, феодальдық тәртіпке, діни қараңғылыққа, надандыққа, ескі оқуға-Хадимге қарсы шықты. Аты оқуды, халықты әйтеуір оқытуды, оятуды арман етті. Жаңа оқуды-жәдітті жақтады, ел арасына жайды, замандарындағы жаңаны жақтады, солар үшін күресті, еңбек етті. Нағыз мағынасында гуманист, ағартушы болды» [8, 27 б.]. Міне бір ғасырдан аса уақыт бойы кітаби ақындарға берілген теріс көзқарасқа, әдебиетіміздің шын жанашыры, белгілі ғалым әдебиет жанашыры Б. Кенжебаев осындай толымды, әділ бағасын беріп, осы аталған ақындар шығармашылығының мақсаты ағартушылық екенін дәлелдеген. Жалпы қазақ әдебиетінің Шығыс әдебиеті мен байланысын, шығыс сарындарына құрылған қисса-дастандарды зерттеп, насихаттауда Б.Кенжебаевпен, оның қалыптастырған ғылыми мектеп өкілдерінің еңбектерін ерекше екенін атап айтқанымыз жөн.
Бұл ақындардың ұстанған қағидасы — ағартушылық, сүйенген ілімі – ислам. Сондықтан халықты қараңғылықтан оянуға, өздері тұнығынан мейірлене сусындаған ар ілімін халыққа жайып, ұрпақты тазалыққа, имандылыққа, ізгілікке, оқу-білімге, мейірімділікке насихаттайды. «Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалауда діннің, оның тарихын, өткен оқиғаларын уағыздайтын ақын, шайырлар мен кітаби ақындардың еңбегі зор», — деп тұжырымдайды ғалым Қ.Саттаров [9, 8 б.].
Шығыстық қисса дастандарын арнайы зерттеген ғалым Алма Қыраубаева: «Бодандық ұлттық оянушылығының бір көрінісі ретінде XIII-XIV ғасырлардағы нәзира дәстүрі қайтадан жедел дами бастады. Нәзиралық әдеби тәсіл мен машықтың негізгі жанры – қисса-дастандар болып жалғасты. Ұлттық оянушылықтың жан-жақты дамуының бір басында Абай бастаған, ұлттық сананы жаңаша дамытудың бағыты тұрса, екінші жағында қазақи салт-сана мен имандылықтан айрылып қалмаудың жолын ескілікті дәстүрлерден іздеген ақындар тобы жинақталды. Олар қазақтың ежелгі жазба әдеби үрдісін жақсы білетін, мифтік сюжеттер мен Құран хикаяларын, «Қисса Жүсіп» пен «Қиссас-ул әнбияны» оқып көрген, «Мың бір түн», «Тотынама», «Шаһнама» оқиғаларын жаттап өскен ақындар еді. Үлгі алған оқыған мектебі дәстүрлі классикалық түрік, араб- парсы әдебиеті болған» [10, 41 б.],-дейді.
Шәді – көп жазған ақын. Әрі оның жазған шығармаларының басым бөлігі өзінің көзі тірісінде Орынбор, Қазан, Ташкент қалаларында жарық көріп отырған. Немат Келімбетов: «Оның жүз мың жолдай өлең-жыр жазып, соның жетпіс бес мыңдай жолының ақынның көзі тірісінде түрлі қалаларда басылып шыққан» [11, 86 б.],– дейді.
Ақынның баспа көрген бір қатар кітаптарымен әлі жарыққа шықпаған шығармалары Қазақстан Республикасы академиясының орталық ғылыми кітапханасы мен М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы. Сондай қолжазбалардың бірінде Шәді төре Жәңгірұлының баспадан шыққан кітаптары мен баспаға берілген қолжазбаларының тізімі берілген. Баспадан шыққан еңбектерінің қатарында «Назым Сияр Шәриф», «Назым Чаһар дәруіш», «Шайхы Барсиса», «Беташар», «Қамарзаман», «Атымтай» сияқты жалпы саны он үш кітаптың аты көрсетілсе, «Хәзірет Ескендір», «Тарихи Абылайхан», «Ибраһим Халиулла», «Мұса Перғауын хикаясы», «Әһуал қиямет» тәрізді тоғыз шығарманың баспаға берілгені айтылады [12].
Ал, Шәдітанушы Немат Келімбетов ақынның баспа көрген еңбектері жайында – «Шәді Жәңгіров үлкенді-кішілі он сегіз дастан-поэма қисса хикаят, бір сыпыра өлең-жыр жазып, бастырған», – деген дәйек келтіреді [11, 86 б.].
Шәдінің шығыс әдебиетіне, оның ішінде ислами әдебиетке ықылас бөлген кезі Ташкент, Бұқара медреселерінде оқып жүрген кезі болса керек. Өлең өнерімен бала кезінен қабілеті бар ол бертін келе төселе түседі. «Шәді Бұқарада болған кезінде Шығыс үлгілі әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын көп құмартып оқыған сияқты. Ол араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған әдеби шығармаларымен еркін танысып, солардан көп үлгі-өнеге алған» [11, 10 б.].
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Шәді Жәңгірұлының шығармашылығына жеке тоқталып, арнайы зерттеген Шәдітанушы Н.Келімбетов ақынның өмір тарихына және оның әлеуметтік көзқарасына көңіл бөлген. Н.Келімбетов өзінің зерттеу еңбегінде Шәді ақын өмірінің қымбат кезеңдерімен қоса, оның шығармашылық жолының даму, қалыптасу процестері арқылы көрсете білген. Ғалым Шәдінің бес дастанын: «Назым чәһар дәруіш» («Төрт дәруіш»), «Хикаят Уәрәқа-Күлше», «Қисса Бәрсиса», «Россия патшалығындағы Романов нәсілінен хұқмыранлық қылған патшалардың тарихтары һәм ақтабан шұбырыншылық заманынан бері қарай қазақ халқының ахуалы» дастандарын терең, әрі жан-жақты талдаған. Сондай-ақ, ғалым ақынның қолжазба күйінде сақталған «Тарих-нама» дастанын да зерттеу нысанына алған. Шәді шығармаларын, оның ақындық өнері мен тілін зерттей келе, ғалым шайырдың ақындық деңгейін молырақ тануға, оның шығармашылық зертханасына кіруге мүмкіндік береді.
Н.Келімбетовтің зерттеуіне арқау болған Шәдінің «Төрт дәруіш», «Орқа-Күлше» дастандары бүкіл шығыс халқына мәлім, түрік тілдес халықтарға да көптен белгілі көне хикаялар. Бұл тақырыпта талай ақындардың шығармалары да жазылған. Ғалым осы жағынан бірнеше фактілер келтіре отырып, шығыс әдебиетінде бұрыннан бар, белгілі желі, сюжеттерді пайдалана отырып өзінше дастан жазған Шәдінің еңбектеріне әдеби талдау жасайды. «Біз Шәді ақынның тек араб, парсы, шағатай әдебиетінің ықпалында болып, назира дәстүрін меңгерген ақын ретінде танып едік. Ал, Шәдінің орыс халқының ерлік тарихын жырлап, Қазақстанның Ресейге қосылуын зор шабытпен әңгімелейтін поэма жазғанын екінің бірі біле бермесе керек» [11, 37 б.], – дейді ғалым Н. Келімбетов. Шәді ақынның Дмитрий Пожарский, Кузьма Мининдерден бастап, Иван Сусанинды жырлап, Петрдің жеңістерін баяндап, өз ойын көрікті де, әсерлі ету үшін Пушкиннің «Мыс салт аттысы» мен «Полтава» поэмаларынан қазақшалап, ұзақ-ұзақ үзінділер пайдалану қазақ әдебиеті үшін үлкен де, соны жаңалық еді. Шәді ақынның 1910 жылы жазылған Ресей туралы поэмасы 1912 жылы Орынборда кітап болып басылып шықты.
Н.Келімбетов – Шәдінің теңеу, сөздер мен образдарды шығыс поэзиясынан қалай қабылдағанын, оған өз жанынан не қосқанын да түсіндіреді. Шәдінің Қазан, Орынбор баспасынан шыққан кітаптарында араб, парсы сөздері сирек кездессе, ал Ташкентте шыққан кітаптарында жиі кездеседі. Тілтанушы, ғалым М. Балақаевтың сөзіне сенсек бұл әріден келе жатқан, бір кезде қазақтардың да ата- бабаларына ортақ болған, ортаазиялық әдеби тілдің (түркі немесе шағатай тілінің) ізі, сарқыншағы немесе ықпалы деп тануымыз керек. Сөз жоқ, Н.Келімбетов Шәді шығармашылығын зерттеп, бізге барынша құнды, тың жаңалықтар ашқан зерттеуші ғалым. кеңес дәуірінің кезінде-ақ Шәдінің еңбектерін зерттеп, зерделеп, содан кандидаттық диссертация қорғап, Шәдіні жарыққа шығарған ғалымның еңбегін ерекше бағалап, мақтан етуіміз керек.
Шәді — Ислам тарихын жетік білген ақын. Әрі оның діни дастандары Алланың қасиетті Кітабы Құранмен, Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінің желісіне құрылған. Ақынның қаламынын туған «Хайбар» дастаны соның айғағы.
Шәдінің Ескендірді қай тұрғыдан суреттегені бізге белгісіз. Оның бұл шығармасы қолға түсе қойған жоқ. Осы орайда ғалым Немат Келімбетов: «Шәді Жәңгіров көп жазған, кітаптары көп басылған ақын. Оның кітаптарын түгел жинадық деп айта алмаймыз. Ақын өзінің «Назым Чәһар дәруіш» және «Хикая Харун ар-Рашид» деген кітаптарының соңында енді баспадан беріледі деген кітаптарының ішінде «Ескендір Зұлқарнайын», «Ахмад Жәми», «Әмір Хамза-Сақипқыран» деген сияқты бірқатар дастандары да аталған. Бұл шығармалар бізге әлі белгісіз» [11, 22 б.], – деп жазуы біздің ойымызды нақтылай түседі.
Шәдінің ауыз әдебиетіне жақындығы фольклорлық жанрлар аясында шығарма тудыруынан көзге түседі. Оның беташар, айтыс жанрларына қатысын осы тұрғыда қарауға болады. Ақынның беташар өлеңі 1915 жылы «Келіннің бетін ашатын терме» деген атпен Қазан университетінің баспаханасынан жарық көрген болатын. Бұл шығарманы автордың фольклордағы беташар жанрының канондық белгілерін негізге алып шығарғаны көрініп тұрады. Ақынның шығарма атына «терме» атауын қосуы да тегін емес. Терме – ғұрыптық фольклорға жатпайтын, өз алдына дербестігі бар жанр болғанымен, оның беташармен ортақ сипаттары да бар.
Шәді Оңтүстік өңіріндегі өзімен замандас, исі қазаққа белгілі ақын-жыраулардың бәрімен араласып тұрған, кейде олармен әзілдеп айтысып та жүретін болған. Н.Келімбетов оның Майлықожамен осындай әзілдесуінен мысал келтіреді: «Бір жолы Майлы ақын әзіл-шынын араластырып:
Шәді төре келеді жорғасымен,
Құдай артық жаратты ол басынан,-
дей бергенде, жас Шәді өзіне айтылған бұл әзіл шумақты әрі қарай жалғастыра түсіп:
Пұл емес, өлең жиған дорбасымен,
Әр сөзі құйылғандай қорғасыннан,- деген екен [11, 13-14 бб.].
Бірде, Оңтүстіктің бірнеше ақындары Шәдіге хат жолдап: «Қартайып барамыз. Жасымыз келген сайын бойымыздан күш-қуатымыз кеміп барады. Сіз көпті көрген, көп білетін, оқыған адамсыз. Осы жастықты ұстап тұрудың қандай амалы бар? Біз өзімізше ақылдаса келіп, төсек жаңғыртып, жүйрік атқа мініп, тазы жүгіртіп, құс салып, аңға шығып, серілік етсек, қысы-жазы қымыз ішіп, қазы-қарта жесек мүмкін пайдасы болар деген ойға келіп, сізден кеңес сұрап отырмыз», — депті. Сонда Шәді оларға былай деп жауап қайтарады:
Бір сұрақ беріпсіздер сіздер бізге,
Берейін тапсақ жауап сөзіңізге.
Ағарар сақал мен шаш бейнет көріп,
Көрместік пайда болар көзіңізге.
Жігітке жиырма бес жас ақыры отыз,
Қырықта қылау депті кәрия сөзі.
Елуде көктем өтіп айналар күз,
Алпыста ақылы бүтін аң ауламас,
Атсам деп ойлап тұрар көрінсе көз.
Жетпіс жас қалайда да ерге еңбек,
Кетіріп бет ажарың бүгілер тез.
Сексен жас оралмайтын қара қазан,
Немене айтып, айтпай тоқсан мен жүз.
Сарқылып аққан теңіз біткеннен соң,
Пайдасыз жал мен жая, қымыз бен қаз [13].
Қазақта сондай қартайған шағында ер жасын ой елегінен өткізіп, өзінің салиқалы ой-пікірін жыр жолдары арқылы беріп отыратын дәстүр болған.
Жырау жүз жасқа жетудің өзі оңай шаруа емес екендігін айтады.
Қорыта айтқанда, ғалым Н.Келімбетовтің Шәді Жәңгірұлының шығармашылығын зерттеудегі еңбегі — ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің қалыптасуындағы теңдесі жоқ маңызды еңбек. Н.Келімбетов қазақ әдебиетінің қай саласындағы жасаған еңбегі болсын әр зерттеу еңбектің нысаны болуға лайық еңбектер.