А.БАТЫРБЕКОВА
Түркістан Ахмет Ясауи кәсіби колледжінің қызметкері Филология магистранты Түркістан/Қазақстан
Мақал-мәтел – әрі қысқа, әрі нұсқа айтылған сөз мәйегі, ой маржаны. Мақал-мәтел бір ғасырдың ғана жемісі емес. Олардың алғашқы үлгілері есте қалмаған, өзінің қалыптасу, даму, өсу процесінде әр түрлі қоғамдық, таптық тілектерге сәйкес өзгеріп, жаңарып отырған. Мақалдар мен мәтелдерде айтылмайтын, сөз болмайтын өмір саласы жоқ десе де болады. Мақал-мәтелдерден халықтың ой-санасы, дүниеге көзқарасы, ақыл- өнегесі мол көрініс тапқан. Мақал-мәтелдер ой дәлдігімен, мазмұн тереңдігімен, түр жағынан ықшамдылығымен ерекшеленеді. Онда өмірдің сан алуан салалы құбылыстарына баға беріліп, ой түйінделіп, халықтың ғасырлар бойғы тәжірибесі негізінде пікір айтылады. Халық терең ойды аядай қалыпқа сыйғызып, шебер беруге тырысқан. Сөйтіп, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» жинақтап, қорытып береді. Онда халық тарихы, әлеуметтік тіршілігі, ақыл-өнегесі кең көрініс тапқан.
Мақал-мәтелдер құрылысы жағынан сырттай ұқсас болып келгенімен, олардың мазмұнды түйіндеуінде, ойды шешуінде өзіндік ерекшеліктері, айырмашылықтары бар. Ол айырмашылықтар мен ерекшеліктер мақал-мәтелдің ойды түйіндеу жағынан да, құрылымы жағынан да байқалады. Мақал дегеніміз — өмір құбылыстарын жинақтайтын бір немесе екі бөлімнен құралып,алдыңғысында жалпы пайымдау, соңғысында қорытынды пікір айтатын, өте ықшам, бейнелі халық нақылы. Мақалдар аяқталған ойды білдіретін жай немесе құрмалас сөйлем болып келеді, құрамындағы сөздер өзінің дербес мағынасын сақтайды. Бір мысал талдап көрелік: «Тоқпағы күшті болса, киіз қазық жерге кірер» деген мақалды алсақ, бұл екі жай сөйлемнен тұрады. Мұнан мақалдар көбінесе екі бөлімді болатынын көреміз. Оның үстіне мақалда ой тиянақты болып келеді. Алдыңғы ой екінші түйінді пікірдің шарты түрінде келеді. Киіз қазықтың жерге кіруі тоқпағының күшті болуына байланысты екендігі анық айтылып тұр. «Мезгіл жетсе, мұз да ерір» деген мақалдан да осыны байқауға болады. Мақалда бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар мен нәрселер салыстырылып, шендестіру арқылы ой-пікірді айқындау тәсілі басым болып келеді. Ал мәтел құрылысы жағынан мақалдан өзгешерек. Мәтелде қорытынды ой, түйін айтылмайды, тұспал ғана болады. Бейнелі сөз айшығы арқылы берілген ойды тыңдаушы өзі топшылайды, тұжырым жасайды. Мысалы, «Көппен көрген – ұлы той» дегенде тұспал ғана бар. Бұл жерде мағынаны тыңдаушы өзі қорытуына тура келеді. Мәтелде дәлелдеу де, тиянақты тұжырым да болмайды, мағына ашық емес, қорытынды пікір жоқ [1. 45бб].
Жастарға өнер-білім, тіл үйретуге, жан-жақты тәрбие беруде мақал-мәтелдің мән-маңызы өте зор. Білім мен өнер еңбектің бір түрі болса, аз сөйлеп, көп тыңдаған, көп оқып, білімін байытқан бала ғана өмірден өз сыбағасын алып, өз орнын таба алатыны сөзсіз.
Көптеген ғалымдарымыздың ғылыми зерттеу еңбектерінде сөз болған мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні жөніндегі пікірлеріне көңіл аударып көрелік. Мысалы, Балтабай Адамбаев «Халық даналығы» деген еңбегінде: «Әр халықтың мақалы мен мәтелі – сол халықтың өзі жасап алған логикалық формуласы, ережесі. Ол кез-келген оқиғаның, мәселенің тұсында еске түседі, тілге оралады. Сөйтіп, көп ойлануды, ұзақ баяндауды керек ететін қиын нәрсені жеп-жеңіл, оп-оңай, бір-ақ ауыз сөзбен түсіндіреді, ұғындырады» деп, мақал-мәтелдердің мінез-құлық мәдениетіне, өнерге, әдебиетке, деген негізгі талаптарын тұжырымдауға болатынына тоқталады.
Ұлы жазушы, ғұлама ғалым М.Әуезов – қазақ мақал-мәтелдерінің алғашқы зерттеушілерінің, оның ішінде ең беделді ғылыми пікір айтқандарының бірі. Ол «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген еңбегінде халық шығармашылығының бұл түрін жеке дербес тарау етіп алып, талдаған. Мақал-мәтелдердің басқа халықтарда да барын ескере келіп, М. Әуезов: «Мұның қазақтағы түрінің өзіндік ерекшеліктері мол. Қазақ мақал-мәтелдерінің, жұмбақтарының дені өлең түрінде келеді. Және сондағы сөздердің өзара үндесіп, ассонанс, аллитерациялардың мол болатындығына қайран қаласың. Мағына, мәні де мейлінше терең болады», – дейді. Сөйтеді де, «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» сияқты мақалдардың ішкі ұқсастықтарының күштілігіне жұртшылық назарын аударады.
Зерттеуші қазақ халқының ғасырлар бойы қорланған қазынасынан жиналып, қағазға түскенінен, әлі күнге дейін ел ішіндегісі, хатқа түспегені көп екенін айта келіп, оқырман қауымға соларды жинау, жалпақ елдің жан-жақты игілігіне айналдыру парыз екенін де ескертеді.
«Қазақ мақал-мәтелдерінің екінші бір ерекшелігі, – деп көрсетеді М.Әуезов, –оларда халықтың мал баққан тұрмысына байланысты образдар мен сарындардың мол ұшырасатындығы. Үй хайуанаттарының қылығын айту арқылы адам мінезіне ишара, тұспал жасау соншалықты әсерлі де мәнді болып шығады». Автор бұл пікіріне дәлелді, нақты мысалдар келтіреді Алайда қазақ фольклористикасының негізін салушылар мақал-мәтелдердің кейбір ерекшеліктерін анықтап, оған жоғары баға бергенмен, олардың жанрлық табиғатына тоқталмайды.
Халықтық мәдени тәрбие беру ғасырлар бойы жинақтаған бай тәжірибесі, балалар арасындағы тәрбие жұмыстарының мақсаттары, міндеттері мен тәсілдері бір-бірімен байланысты жинақталған. Сондықтан тілімізге мемлекеттік мәртебе берілуіне, республикамыздың тәуелсіздік алуына байланысты тарихымызды, мәдениетімізді, бүкіл адамгершілік рухани қазынамызды ғылыми жүйеге келтіріп, оны ұрпақ тәрбиесіне орынды пайдалануымыз керек. Бұл салада мұғалімдердің алдында күрделі де жауапты міндеттер тұр [2 121бб].
Қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы ұлы ақын Абай Құнанбайұлы ұлтымыздың ауыз әдебиетінің асыл қазынасы мақал -мәтелдердің шығу тегін терең зерттеп, құнды пікірлер айтты. Мысалы, Жиырма тоғызыншы қара сөзінде: Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар.
Әуелі «Жарлы болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүрген құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса, ол — ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек — ол арлы адамның ісі.
«Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деген — ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпенен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой.
«Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат? «Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол» дейді. Тәңірге жазып, мінбей-түспей арып, шөмеңдеп диуаналықпен бір күн болған буралық неге жарайды?
«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны. «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар. Бұлардың бәрінен де қымбат ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек.
«Біздің қазақтың мақал-мәтелдерінің көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтыны да бар» дей келе, «Қалауын тапса, қар жанады, сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ», «Атың шықпаса жер өрте», «Ата-анадан мал тәтті, алтын үйден жан тәтті» деген мақал-мәтелдердің сұрамсақтық, пәлеқорлық, дүниеқоңыздық, қулық-сұмдық, алаяқтық сияқты жат мінездерді уағыздайтын, мағына-мәні қайшы мақал-мәтелдер екенін дәлелдеді. Сондай-ақ, Отыз үшінші, Отыз алтыншы сөздерінде «Өнерді үйрен, үйрен де жирен», «Өнерліге тоғыз өнер де аз», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «Аз араздықты қуған көп пайдасын кетірер», «Ағайынның азары болса да безері болмас», «Жол қуған қазынаға, дау қуған пәлеге жолығады», т.б. халықты өнерге, бірлік-берекеге, достыққа шақыратын мақал-мәтелдердің мәніне баға берді [3. 121-122бб].
Тарихи қалыптасқан тұрақты сөз тipкестеріне идиомалық тіркестермен қатар ғасырлар бойына coзылған ұзақ дәуірдің өмір тәжірибелерінен екшеліп алынған сөзі ұйқасымды, мағыналары тұжырымды болып келетін халықтық мақал мен мәтелдер де жатады. Тілдегі қолданылып жүрген әрбір мақал, мәтелдер ауыздан-ауызға беріліп, талай ғасырларды көктей өтіп, тілде сақталып, өңделіп қолданылып келе жатқандықтан, мақал мен мәтелдегі сөздер де, белгілі дәрежеде тұрақталған, қалыптасқан тіркесте айтылады: Еңбек қылсақ ерінбей, тояды қарның тіленбей; «Ырыс алды — ынтымақ»; «Ел үмітін ep ақтар, ep атағын ел сақтар» деген қазақ мақалдарының құрамына енген сөздер белгілі тұлғада, белгілі орында тұрып қалыптасқан. Олардың көпшілігінін морфологиялық тұлғасын не қалыптасқан орнын өзгертсе, мақалдардың мағынасы бұзылады.
Мақал мен мәтелдің идиомалық тіркестегі сөздерден мына сияқты ерекшеліктері бар: идиомалық тіркестегі сөздер өздерінің жеке турғандағы мағыналарын сақтамай, сол тіркес күйінде; бір ұғымды білдіріп, жігі ажырамай бір логикалық топ ретінде жұмсалса, мақал мен мәтелдердің құрамына енген сөздер өздерінің бастапқы мағыналарын сақтап, синтаксистік қарым-қатынасы жағынан мүшеленіп тұрады. Мысалы: «өнер білсең, өлмейсің»; «Өтірікшінің шын сөзі зая» деген мақал мен мәтелдердегі әрбір сөз өз мағынасында колданылып, әрқайсысы сөйлемнің белгілі мүшесі түрінде айтылып жүр [4. 15бб].
Тұрақты сөз тіркестеріне фразеологиялық, идиомалық тіркестер және мақал мен мәтелдер ғана еніп қоймайды. Сонымен қатар, екі, кейде одан да көп сөздердің белгілі дәрежеде қатар айтыла келіп, бастапқы мағыналарын сақтай отырып, бір ұғымды білдіретін тіркес ретінде қалыптасқандары да тілде жиі кездеседі. байлау, жан қалта, төс қалта, қол сағат, бет орамал, қол орамал, аяқ, киім, бас киім, темір жол тағы сол сияқты алуан түрлі сөздер де жатады. Мақал-мәтелдің бір алуаны басқа бір нәрсеге қаратыла сілтенген болып адамға да арналғаны мәлім.Мәселен: «Иттің бажасы көп, құдасы жоқ», «Қасқыр қорыққан төбетіңнен қаншық қорықпайды…», «Ойы жаман өгіз бұзаумен бірге жайылады», «Келсап құрыса, келі керектен өзі-ақ шығады», «Буаз бие сүзеген сиырды көзінен таниды», «Есек есекті несиеге қасиды», «Бір есек қырық түйені жетелеп жолдан шығарып әкетеді» деген сияқтылар. Сондай ақ, бір ділмардың біреуді түйреп айтқан мақалына қарсы айтылатын шешендік түріндегі мақал-мәтелдер бар.Мысалы: бір шешен енді бір шешенді сөзбен жықпақ болып оның сиырларын сынау арқылы тиісіп: «өгіз мүйізді сиырдың сүті болмайды, сиыр мүйізді өгіздің күші болмайды», сиырың арбақ мүйіз ал өгізің шыбық мүйіз екен. Мал иесіне тартады деген осы екен-ау! Өзіңнің де қырыстанғаныңда қоймайтын кежірлігің бар еді. Елде жоқтың саған келіп біткені сол шығар!-дегенде анау: -Жақсы айтасың іздегенің сол болса менде айтайын. «Еркек дауысты әйелдің ұяты болмайды», «Әйел дауысты еркектің қуаты болмайды», қатының ата қаздай барқылдақ, өзің ұрғашыдан арман шіңкілдексің! Сол сиқыңмен кенедей қадалып қайтпексің!-деп іреп салады. Тап сол сияқты өзімен құрдасм молдаға бір болыс: « құнарлы жерде бұқа семіреді, құнарлы жерде молла семіреді» деген. Басты сен ал,- дегенінде ділмар молда: -Сөзді семіргеннен қозғасаң, жақсы айтасың. «Аурулы жерде бақсы семіреді, даулы жерде жақсы семіреді», маңайында жер бөлігі, жесір дауы болып жатыр екен. Олай болса, дәл биыл сенің де арықтан өле қоятын жылың көрінбейді, осы басты өзің-ақ алып бүйіріңді шығар!- деп тілін қырқып сөйлетпей тастайды. [5. 97-98бб]
Мақал-мәтелдердің ұлттық-мәдени, ұлттық-дүниетанымдық мақсатта қолданылған сөздердің халық тарихын, салт-санасын танып-білудегі рөлі ерекше.
Қорыта келгенде, тіліміздегі мыңдаған мақал-мәтелдер тіл байлығымыздың сүбелі саласы, көркем сөз шеберлігін шыңдай түсуге, тілдік мүмкіншіліктердің өрісін кеңейте түсуге қажетті, әсерлі де әсем, бейнелі де айшықты сөз өрнегі болып саналатынына көзімізді жеткіздік.