МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВТЫҢ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ

Жанар АХМЕТОВА
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 2-курс докторанты Түркістан/Қазақстан

Қазақ халқының Абайдан кейінгі ұлы ақыны, педагог, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен әдеби-қоғамдық қызметін зерттеуші ғалым Ш.Елеукенов үш кезеңге бөліп қарастырады. Бірінші кезеңі деп ақынның туғанынан бастап 1912 жылға дейінгі кезеңді алады. Бұл кезеңге ақынның алғаш хат танып, білім алған қайнар көздері, алғашқы ой-өрісіне әсер еткен қоғамдық жағдайлар, алғашқы өлеңдерін жазуы, жазып қана қоймай, алғашқы өлеңдер жинағы «Шолпанның» жарық көруін жатқызады. Екінші кезең ретінде 1913-1924 жылдар аралығындағы кезең алынса, үшінші кезеңін әрі соңғы кезең деп атап, 1924-1938 жылдар аралығын қарастырады.

Осы хронологиялық-биографиялық ретке сүйенсек, біздің қарастырғалы отырған кезең Түркістан автономиясының орталығы Ташкенттегі кезеңі екінші кезеңге сәйкес келеді. М.Жұмабаев 1922-1923 жылдары Ташкент қаласына қызметке ауысып келеді. Оны Ташкентке шақырған Сұлтанбек Қожанов болатын. Ақын Мағжан мұнда Қазақ-қырғыз институтында орыс және қазақ тілдері мен әдебиеттерінен дәріс берген. Ақын шығармашылығын зерттеуші ғалымдардың көпшілігі осы Ташкенттегі кезеңін аса бір өнімді кезең деп есептейді. Осы кезде ол өлеңдерімен қатар қара сөзге де ден қойып, өзінің терең психологиялық туындысы «Шолпанның күнәсін», сонымен қатар «Батыр Баян» және «Қорқыт» пен «Қойлыбайдың қобызы» атты поэмаларын жариялайды. Осы Ташкент қаласында «Мағжан өлеңдері» деген атпен С.Қожановтың алғысөзімен өлеңдер жинағы жарық көреді.

Академик Р.Бердібай «Ақын шығармалары оқыған сайын тұңғиық мағынасы ашыла, ғажайып сырлары анықтала түсетін өзгеше әлем. Тіпті Мағжан туындыларының асыл мұратын түсіну үшін оқушының өзі де ақын арманының деңгейінде тұруы керек секілді» [1, 275], — деп жазғанындай, өз замандастарынан Мағжан ақын арман-мұратының деңгейінде тұрарлық тұлғалардың аз болуы ақынның мұң-зарының бірден-бір себебі деп ойлаймыз. Ташкенттен Мағжан ақынның туындылары, мақалалары, өлеңдері мен поэмалары шығып тұрды. 1923 жылы «Мағжан өлеңдері» деген атпен өлеңдер жинағы басылып шықты. Бұл шығармаларының барлығы дерлік ұлттық рухта, қала берді түріктік рухта жазылғаны сол кезеңдегі төңкерісшіл қаламгерлердің ой-пайымына сәйкес келмегені анық. Отаршыл патша өкіметінің заңды мұрагері болған Кеңес үкіметі өздері бұратана санаған халықтарды қанаудың жаңа, кеңестік, «мәдени» түрлерін 70 жыл бойы іске асырып келгені бүгінде ешкімге жасырын емес. Өздері жылдар бойы, ғасырлар бойы езілген кедей-кепшіктен шыққан сауаты әлі таяз қазақтың алғашқы қаламгерлері қолдарына теңдік туы берілгенде сол теңдікке жеткізген төңкерісшілердің айтқанын бұлжытпай орындауды ғана білді. Ал «Мағжан мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның тегінен асқандай, сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай…» [2, 294] деп кемеңгер жазушы М.Әуезов бағалаған М.Жұмабаев сынды аса білімді, табиғатынан асып туған Алаштың ұлдары азшылық болғандықтан да жиырмасыншы жылдардың орта тұстарынан бастап осындай көпшілік болған қаумалаған сауаты төмен «асыра белсенділер» тарапынан қудаланып, соңы қанды қырғынға ұшырағаны мәлім. М.Жұмабаевтың төңкерісшілер алдындағы кінәсі – оның ұлтшылдығы, түрікшілдігі, күйреуіктігі және де төңкерісті, оның жеңісі мен нәтижесі Кеңесті жырламауы болатын.

Әбдіраштың Жарасқаны «Мағжан Жұмабаев» атты ақынға арнап шығарған өлеңінде сол «күнәларды» былайша келтіреді:
…Алдында жазықтысың Заманыңның,

Астары белгілі еді амалыңның!
Алдында Қоғамыңның жазықтысың,
Ойладың кірлемеуін Ақ арыңның!
Арасын өлшеп-біліп оң-терістің,
Алаштың арманы үшін тер төгістің!

Құранын Мұсылманның қасиеттеп,
Ұранын ұнатпадың Төңкерістің!

Күн көсем Ленинді жырламадың,
Жырладың қаһарлы хан Абылайды!


Емессің «халық жауы» қаны тамған,

Кеңестің анық жауы болдың бірақ! [3, 82]

«Мағжанды күйректікке ұрындырған алғышарт Абайдан асып түспесе кем емес еді. Өйткені ол аса ірі тұлғалы – түршіл, Абайдан шыққан шыншыл ақын. Сондықтан ол көбіне шындықты жырлады, пайғамбар жүрек сезген «сұмдықты» жырлады. Ендеше кезіндегі саясаткерлердің одан оптимизм іздеп, ұран-үндеу талап етіп, «советтік шындықты» жырламадың деп жазалауы – ұр да жық сынның үлесі» [3, 41] болатын. Академик Р.Нұрғали сөзімен айтқанда: «Ақынның күнделікті, мезгілдік, науқандық, тіпті, анығын айтқанда таптық күрестер талабына орайлас елгезек, үгіттік, насихаттық шығармалар жазудан бойын мүлде аулақ салуы таңғалдырады; тақырып таңдау, өлең объектісіне келгенде ерекше талғампаздық, өзін-өзі саналы түрде шектеуді көреміз, әлем поэзиясындағы ұлы шайырлар үнемі жыр еткен мәңгілік тақырыптар, мәңгілік образдар, мәңгілік сарындар, түркі тұтастығы, тарихи сана, ұлт тағдыры қазақ ақынының жанын мазалайды… күнделікті іс-әрекет, талап-тілек, уақыт сұранысы өнер атаулыны өзіне қызметші етіп алған, публицистикалық, саяси ұрандар, ұғым-категориялар, байлам-тұжырымдар әдебиеттің барлық саласына ентелеп кірген уақыттардың өзінде Мағжан поэзияның сеңгір көкпен, тәңір пайғамбармен, мәңгілікпен тілдескен заңғар шыңындай болып, таза ақындықты сақтады, бір тақырыптың, бір кезеңнің, бір халықтың, тіпті бір таптың жыршысы болып кетпей, уақыттар желі құлата алмайтын алтын діңгек, әлемдік, планетааралық әуез-сарындармен тамырлас өлмес туындылар берген ұлттық ақын, ғажайып суреткер болып қала берді» [5, 137-138]. Ол қазақты бай мен кедейге бөліп-жармай, негізінен жалпы қазағын, ұлтын сүйді. Себебі, «ол кедейдің ақыны емес, ұлт ақыны. Ел ішінде бай, кедейдің арасында қиянатты, теңсіздікті көрмеді. Ұлтты жалпағынан алып қарайды. Ол түрікшіл, санашыл, уайымшыл, өзімшіл ақын, …сыршыл, суретші, сөз ұстасы, түршіл, романтик, мәдениетшіл, отаршылыққа, жауынгерлікке қарсы күншығысшыл…» [6, 430] болды.

Мағжан Жұмабаевтың түрік бірлігі рухында жазылған қай өлең-дастанын алып қарасаңыз да, оның тарихтан, түбі бір түріктердің ежелгі төркінінен, сонау Алтай қауымдастығы дәуірінен бастап білетін білімдарлығына қайран қаласыз. Оның басқа өлеңдерін айтпағанда, бір ғана «Түркістан» өлеңі осы сөздерімізге дәлел бола алады:
Ертеде Түркістанды Тұран дескен,

Тұранда ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен, [7, 173]-

деп ежелгі Тұран жерінің «қасиетті бабаң бейіттерінің» жатқан жерлері екенін тарихи тұрғыда дәлелді суреттесе,

Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?
Түрікке адамзатта ел жеткен бе?
Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,

Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?! [7, 174] – деп даңқты түрік тұлғаларын, олардың бірегей қасиет-қызметтерін айту арқылы өз халқының жігерін жанып, рухын көтеруді мақсат етеді, азаттық идеясын көтереді. Ақынның осы қызметін ғалым Р.Бердібай ерлікке балайды, ақынның осы кезеңнен кейінгі тағдырын есепке ала отырып, біз де бұл пікірдің дұрыстығына шәк келтірмейміз. Яғни: «сан ғасырлық отаршылдық зардабы халықты мәңгүрттендіріп, тарихын ұмыттырып, жақсы қасиеттерін жоғалтып, кіріптарлық тіршілікке көндіктіре бастаған, азаттық үшін күрестер жеңіліс тауып, елдің байырғы келбеті өзгеруге бет алған шақта «бізде осындай да ұлылықтар болған» деп ірі сөйлеп, қауымның рухын көтеруі ақынның ерлігі десек артық емес» [1, 279]. Осы идея ақынның Түркістандық кезеңінде жазылып, басылған поэмаларында да негізгі идея болып табылады.

Мағжан Жұмабаев таза реалист емес, романтикалық бағыттағы қаламгер. Ол өзі өмір сүріп отырған заманның шындығын ұлы Абай секілді тек таза реалистікпен суреттемейді, ол оған романтикалық, символистік бояу қосып суреттейді. Сүйікті алашының бүгінін өткенді суреттеп, дәріптеу арқылы береді. Дәлірек айтқанда, ұлтының бүгініне деген көңілінің толмауын, өз арман-мұратының асқақтығын халқының өткендегі даңқты күндерін қоғам санасында жаңғырту арқылы ұлттық санаға қозғау салуды көздейді. Сол кездегі бірыңғай жалаң ұрандар кейпіндегі қоғамдық идеяларға қарсылығын «Батыр Баян», «Қорқыт», «Қойлыбайдың қобызы» поэмалары арқылы жеткізеді.

Бұл поэмаларға ақын аңызға айналған тарихи тұлғалар мен оқиғаларды өзек еткен. Өйткені ол өзі айтқандай, бұрынғыға иек арту тіл де кісендеулі шақта өз арман-мұратын жеткізудің жолы деп білген:

Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,

Сұм өмір абақты ғой саналыға.
Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп жанады да.

Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң,
Толғанып қарауым сол баяғыға.

Ойлайды, күңіренеді, толғайды ақын,
Күрсініп көзіне жас алады да.

Ақында адамзаттан дос болмайды,
Жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына [7, 232].

«Қорқыт» поэмасында бостандықты аңсау идеясы болса, «Қойлыбайдың қобызында» сұм заман, кер заманға деген наразылығы негізгі өзек болып тартылады. «Батыр Баян» поэмасындағы Баян батырдың ішкі монологтары, психологиялық жай-күйін талдауы, сонымен қатар «Шолпанның күнәсі» повесінде суреттелетін Шолпанның психологиялық портреті, сана ағымы Мағжан Жұмабаевтың психологиялық талдауды жақсы меңгеріп, ХХ ғасырдың басында-ақ жеткен үлкен табысы болып табылады. Ш.Елеукенов былай деп баға береді: «Батыр Баян» поэмасы – Мағжан Жұмабаевтың психологиялық һәм парасаттылық тәжірибесінің кемеліне жеткендігіне, жомарттығына, сарқылмас байлығына айғақ» [8, 299].

Осы кезеңде жазылып, екі рет: бірі Орынборда, екінші рет Ташкентте басылған еңбегі «Педагогика» – М.Жұмабаевтың шебер ақын ғана емес, сонымен қатар шебер оқытушы, педагог болғанының дәлелі. Мағжан ақынды ұстаз тұтып, өмір бойы құрметтеп өткен ғалым Б.Кенжебаев өзінің ұстазына арнап жазып кеткен «Ұстаз» атты естелігінде бұл жайлы былай дейді: «Мағжан ғалым, тәжірибелі шебер оқытушы, асқан методист-педагог еді. Педагогика жайында, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқыту жайында жарияланған кітабы, мақалалары болушы еді. Осыдан болу керек, ол бізге қазақ тілі мен қазақ әдебиетін тамаша оқытты: сабақ үстінде лекциялық, практикалық әдістерді ретімен қатар қолданар еді. Мейлі лекциялық сабақта болсын, мейлі практикалық сабақта болсын ол қағазға, кітапқа қарамайтын. Сөз арасында келтіретін мысал өлеңдер мен әңгімелерді түгел жатқа айтатын. Декламация оқып тұрған тәрізді барлық нәшін, сипаттайтын қимылын келтіріп айтатын» [2, 301].

Жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында Мағжан Жұмабаев Ташкентте табысты әрі жемісті еңбек еткен. Ташкентте шығатын «Шолпан”, «Сана” журналдары мен «Ақ жол” газетінде де қызмет атқарып, осы басылымдарда біраз туындыларын, мақалаларын жариялайды. Осы кезде өзінің тәжірибелері мен орыс педагогикасының озық үлгілерін негізге ала отырып дайындаған «Педагогика» оқулығы шығады, қазақ әдебиетіндегі психологиялық, романтикалық поэма жанрының алғашқы үлгісі ретінде бағаланатын поэмалары мен «Шолпанның күнәсі» повесі жазылған, «…ол Ташкентте тұрып, тынысы тарылмас, кең құлашты, қарпуы мол дарқан дарын иесі, дүлдүл ақын екенін танытты» [9, 23]. Демек, Түркістандық кезең Мағжан Жұмабаевтың шын мәнінде жемісті, өнімді, дарыны мен қуатын жан-жақты жұмсай алған жылдар болған. Ол бұл кезде өзінің ақындық қуатын ұзақ өлеңдер – поэмалар жазуға жұмсаса, ағартушылық бағытта, яғни жас ұрпаққа білім беруде де бар қажыр-жігерін жұмсады, ғылыми-педагогикалық еңбегін жарыққа шығарды. Осы арқылы М.Жұмабаев педагогика саласындағы алғашқы түрен салушы болды. Осы жылдары Мағжан Жұмабаев өзінің Ақан сері, Базар жырау туралы мақалаларын да жазып, «Сана» журналы мен «Ақжол» газетінде жариялаған.

Ғалым Б.Кәрібаеваның: «Бүгіннің көзімен бағаласақ, алдында Абайдай классик тұрғанда Мағжанның кешікпей туа қоюы қазақ өлеңінің бақыты іспетті» [10, 76] деген сөзін еске алып, Мағжан Жұмабаев шын мәнінде қазақ өлеңінің де, жалпы қазақ халқының маңдайына біткен бақыты, ұлттық мақтанышы екенін бағалауымыз керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *