Назиля Мухаммадгалиевна АБДУОВА
докторант Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті Қарағанды/Қазақстан
Қазақ даласына енген ислам әлемінің алғашқы қадамдарына да мың жылдан астам уақыт өтті. Бұл, әрине, аз мерзім емес. Мейлі ұғым болсын, мейлі әкерет болсын осыншама уақыттың ішінде ол ұлттық болмыспен толық түрде араласып, жонылып, жұмырланып, өңделіп, бейімделіп, сіңіп кетеді. Бұл бір ғана елге тән емес, баршаға ортақ сипат. Яғни, мұндай құбылысыты жаратылыстың заңдылығы десек те болады. Тіпті кірме сөздердің өзі де белгілі бір бейімделу сатыларынан өтеді. Бұл жайында ғалым Р.Бердібаев: «Әрбір тіл сырттан келген сөздер мен тіркестерді өзінің ішкі заңдылықтарына сәйкес қабылдайтыны бұрыннан белгілі. Араб, парсы тілінен ауысқан көптеген сөздер ғасырлар бойында «сүргіден» өтіп, өзіміздікі болып кеткен. Жер, адам, шаһар аттары да қазақ тілінің табиғатына етене сіңісіп, түбірін танығысыз халге жеткен» [1, 103] деп көрсетеді. Олай болса, тілдің өзі осындай құбылыстарды басынан өткеріп жатқанда, басқа бағыттағы алмасулар да дәл осы тектес сатыларды жүріп өтері хақ. Кез келген қлттың болмысын танытатын сипаттарыдың бірі – салт-дәстүр. Тіл қарым-қатынас құралы ретіндежиі қолданылатын болғандықтан, ондағы кірме сөздер де көзге түсетіндей көледе кездесуі мүмкін жәйіт. Ал, дәстүрде бұл жағдай өте сирек байқалады. Өйткені, ұлттық танымның негізінде туындайтын салт-дәстүрге кірме дәстүр еніп, орнығуы үшін, әлемдік деңгейдегі тарихи мән бар құбылыс әсер етуі керек және оны халық пейілімен қабылдауы қажет. Онсыз дәстүрге қатысты дүниелер жүзеге аспайды. Міне, қазақ халқының исламды қабылдауы тілге де, дінге де, салтқа да, санаға да айтарлықтай жаңалықтар әкелді. Бұл, біз жаңғы айтып кеткен ұзық жолдардың жемісі, ол әдебиетке де, мәдениетке де, күнделікті тұрмыс-тіршілікке де айтарлықтай әсер етті.
Біз ең алдымен исламдық діни қағидалар мен дәстүрдің ара жігінажыратып алуымыз керек. Діни қағида дегеніміз – исламда талап етілген заңдылықтар. Атап айтқанда бес парызды жатқызуға болады. Олар: иман, намаз, ораза, зекет, қажылық. Немесе, жаңа туған нірестеге азан шақырып ат қою, қайтыс болған адамның жаназасын шығарып жерлеу. Міне, мұндай қағидалар баршылық. Ал, исламдық негізде енген дәстүрлерді екі топқа жүйелеуге болады. Алғашқысы талап етілген міндеттердің негізінде енген дәстүр, екіншісі жалпы исламият жағдайында енген дәстүр.
Халық ауыз әдебиетіндегі лиро-эпостық жырлардың бір парасының оқиға желісі шығыстан келген аңыздардың негізінде шығарылған. Олар жай ғана келген жоқ, өздерімен бірге ислам дәстүріне тән құбылыстарды ала келді. Бұл жағдай қазақ халқының төл туындыларына да айтарлықтай әсер етті. Бұл туралы Р.Бердібаев былай дейді: «Кейде ғашықтық жырлар, енді бірде лиро-эпос деп аталып келген шығармалар шоғыры қазақ эпосында күрделі орынға ие. Шындығына келгенде осыншама бай рухани қазынаның санулылары ғана жиі сөз болып, көбі жұртшылық назарынан тыс қалып келген. Атап айтқанда «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Айман-Шолпан» ғана көпшілікке кеңінен танымал десек қателеспейміз. Мұның сыртында ғашықтық жырлардың тағы да екі үлкен тобы бар-ды. Олар: оқиғалық түбірі шығыс халықтарынан ауысып келген, іңкәрлік жыр-дастандар мен қазақ шындығынан туған үлкенді-кішілі лиро-эпостық поэмалар» [2,8]. Ал, «Болат-Жанат», «Құлқаныс-Зеберше», «Патшаның ұлы Әбділмәлім», «Қарқабат», «Асылбек пен Гүлшаһар» жан-жақты зерттеліп, зерделете қоймаған шығармалар болып табылады.
Эпикалық шығармалар сюжетке құралады. Яғни, сол арқылы белгілі бір кезеңнен тыныс-тіршілігі, тарихи оқиғалары, салт-дәстүрі, қарым-қатынасы суреттеліп отырады. Әрине, тұтастану құбылысы нәтижесінде уақыт жағынан жымдасып кететін тұстары да болады, сөйтсе де ұзақ уақыт қолданылып әдетке айналған әрекеттер қаз-қалпында берілуі де кездесіп отырады.
Ислам қағидалары негізінде енген дәстүрге айнлаған құбылыстың бірі – Ассалаумағалейкум деп сәлем беру. Дінде мұның үш түрлі қолданысы бар. Ғимран ибн әл-Хусайыннан (р.л.р.) жеткен хадистердің бірінде мынадай әңгіме бар: «Нәбиге (с.ғ.с.) бір адам келіп: «Әс-саламу-ғалейкум (Сіздерге Аллаһ Тағаланың сәлемі болсын)» — дейді. Нәби (с.ғ.с.) оған жауап бергеннен соң ол адам отырады. Нәби (с.ғ.с.): «Он» деп айтты. Осыдан кейін екінші адам келіп: «Әс-саламу-ғалейкум уа-рахматуллаһ (Сіздерге Аллаһ Тағаланың сәлемі мен рахметі болсын)», — дейді. Нәби (с.ғ.с.) оған да жауап берген соң ол адам да отырады. Нәби (с.ғ.с.) «Жиырма», — деді. Осыдан соң үшінші адам келіп: «Әс-саламу-ғалейкум уа-рахматуллаһи уа баракатуһ (Сіздерге Аллаһ Тағаланың сәлемі, рахметі мен берекеті болсын)», — дейді. Нәби (с.ғ.с.) оған жауап берген соң ол адамда отырады. Нәби (с.ғ.с.): «Отыз» деп айтты» [3,187]. Түсінігі бірінші адамға он сауап, екінші адамға жиырма сауап, үшінші адамға отыз сауап жазылды дегенді білдіреді. Міне, сәлемдесудің осы түрлерінің алғашқы нұсқасы ел ішіне кеңінен тараған. Сондай-ақ, ол көркем шығармалардың барлық түрінде кездесіп отырады. Мәселен, «Қыз Жібек» жырындағы Төлегеннің Қаршығамен жауаптасуы:
Ассалаумағалейкум, Қаршығаеке,
Мен едім Базарбайдың Төлегені,
Қозының ерте туған көбегені,
Қаршығаекем арыз ба еді бұрын маған.
Қасыма танып тұрып келмегені [4,578], —
деп басталады, Қаршыға да Төлегеннің жігіттеріне жолыққанда:
Ассалаумағалейкум, көп жігеттер,
Сыйлаған бәрін бірдей бек жігіттер.
Сыйланып шыға қапсыз тобыңызбен
Сөйлеп тұр сөзің болса, ей, жігіттер! [4,577], —
деп амандасады. Сондай-ақ, сәлем алу да талапқа сай берілген. Сәлем берген Төлегенге ауылдың ақсақалы:
Оғайлейкуассалам, жаным, балам,
Жүрыпсіз ат жарытып бәрің тәмәм.
Келіпсіз ат сабылтып алыс жерден,
Сөйлей тұр сөзің болса шырақ-панам [4,594] , — деп жауап береді. Жырдың өмірге келген кезеңі ХҮІІІ ғасыр [2,146] деп топшылайтын болсақ, сәлемдесудің көрсетілген түрі ұлттық болмаспен толық байланысып, кірігіп, дәстүрдің бөлінбес бөлшегіне айналғандығын аңғарамыз.
Ислам заңдылығына тікелей қатысты дәстүрдің бірі — қайтыс болған адамның жаназасын шығару.Яғни, денені үн-түнсіз апарып жерлей салмай, діни жолмен тірбиелеп барып, Қабірге жатқызу болып табылады. Бұл рәсім де дінде міндеттелген. «Мұқтасарда» былай дейді: «Жаназа намазы дүниеден өткен дін-мұсылман бауырластарымызға Алладан жарылқау тілеп, дұға оқу, оның үстіне бір парызды өтеу деген сөз» [5,124]. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында қайтыс болған Сарыбайды жерлеу үшін жаназа намазын оқуға дүйім жұрт жиналады. Жырда оны:
Жиылған жаназаға қанша жанды,
Бәрін де сый-сыйпатпен жөнелтті енді.
Ханым айтты: «Қайғысыз адам едім,
Бұл сықылды жалғанда жанды көрдім» [4,490], —
деп суреттейді. Немесе,
Ат шаптырып, ас берсең ерік өзіңде,
Билігін батыр Тайлақ саған бердім.
Қай адам ер Тайлаққа тең келеді,
Жиылған жаназаға көп ел еді [4,490], — деген өлең жолдарынан дәстүрлі көріністің сыр-сипатын байқаймыз. Қазақи болмыстың мазмұны мен маңызын айрықша айқындайтын бұл туындының рухани құндылыққа мол екендігі баршаға мәлім: С.Жапақов: «эпикалық жырлардың қай-қайсысы да халықтың тарихынан, дүниетанымы мен салт-дәстүрінен мол мағлұмат береді. Солардың ішінде халықтың тұрмыс-салты мен тыныс-тіршілігін шынайы түрде көрсете алатын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры түлдік ерекшелігі жағынан айрықша орын алады» [6,238] деп жазды.
Ислам әлемінен келген келесі дәстүр – бата беру. Қазақ халқында батаның түрі де, қолданылатын аясы да өте көп, жан-жақты дамыған салттың бір түрі. Мұны исламмен байланыстыратын екі түрлі жолы бар. Бірінішсі, атауы. Яғни, бата деген сөздің түп-төркіні «Фатиха» деген Құран Кәрімдегі алғашқы сүренің атауынан шыққан. Ислам әлемінде, көпшілігінде осы сүрені оқып барып, тілек тілейтін болған, дұға жасайтын болған. Ал, батаның да мазмұны тілектентұрады. Бұл екінші үндестік. Бата берудің көрінісі «Қыз Жібек» жырында жақсы көрінеді. Жібекті айттыру мақсатын жүзеге асыру үшін Төлеген үлкен дайындық жасайды: «Әлқисса, Төлеген айтты: «Олай десеңіз сізбен жеткен жерде сөйлесейін» деп, атының басын бұрып алып, қайтып келіп, Қаршығаны басшы қылып жүріп, екі жүз елу ат сатып алды, осының бірін бата аяққа берсем де құда болармын деп алдына салып айдап, ханның көшінің соңынан қуалап келе жатады» [4,593]. Мұндағы бата аяқ деп отырғаны асқа, дәмге жасалатын бата. Осы тектес көрініс Сансызбайдың сапарға шығар алдында аңғарылады. Мұндағысы жол-сапар батасы:
Баласына қол жайып,
Батасын берді Базарбай.
Тұра келіп қол жайды
Әумин деп Сансызбай.
«Бақытын ашқан аламның
Жаратқан Алла бір құдай.
Падишасы сен құдал,
Он сегіз мың ғаламның!
Ғарыш пенен Күрсінің
Лаух пенен Ғаламның
Жаратқан Алла жар болсын,
Бақытын ашқан баламның» [4,624].
Жырда осы батаға байланысты өте үлкен мән берілген. Батаның маңызын көптің санасына сіңіру үшін әсерлі де әдемі әрекет қосқанылған. Яғни, әкесінен бата алмай аттанған Төлегеннің жолы қандай болды, батасын алып аттанған Сансызбай жолы қандай болды? Бұл сұрақ тыңдарман қауымның әр қайсысының ойына оралары ақиқат.
Келесі бір керемет дәстүрге айналған құбылыс – құрбандық шалу. Бұл, әрине, өте көнеден келе жатқан әдет. Дегенмен, кейін келе ислам жолымен араласып, исламдық діни наным-сенімге ұласқан. Мұның да түрлері баршылық. Негізгі әрекет, тығырыққа тірелгенде, амал қалмаған жағдайдажүзеге асырылады. Мәселен, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында Қозы қиындыққа тап болғанда Тайлақ батыр құрбандық жасауды ұсынды:
Тайлақтай адам болмас асыл текті,
Не қылса да қылғаны сондай епті.
Мал айтыңдар жолына Қозының, — деп,
Халқына батыр Тайлақ жарлық етті [4,529].
Немесе,
Құдайым құр тастамас сірә көпті,
Дұға қылып тасаттық тарап кетті.
Құданың құдыретіне қарасаңыз
Жатқан жеріне бір үлкен керуен кетті [4,529].
Жырда құрбандық шалудың да маңызын дәріптеп, арттырып тұр. Яғни, мал шалғаннан кейін барып Қозының жолы ашылады, оңынан туады.
Ақиқатында, дәстүрге айналған діни әрекеттерді насихаттау, халықтық сапасына орнықтыру, немесе діни қағидаларды ұлттық дәстүрмен көмкере отырып, ұштастыру, сабақтастыру лиро-эпостық жырларда айтардықтай жүзеге асырған. Және бұған эпикалық шығармалар өте икемді болды. Өйткені: «Лиро-эпикалық шығармада оқиғалар тізбегі мен кейіпкерлердің әрекетінде білгілі бір мақсат болады. Ақын өз қаһармандарының ішкі әлемін даму, өсу бағытында бейнелейді. Мұндайда автор эпикалық жанрдың принциптеріне сүйенеді. Лиро-эпикалық туындыларда сюжетке енетін образдардан басқа лирикалық геройдың образы да айқын көрінеді» [7, 220].
Олай болса, ислам дінінің қағида-заңдылықтарын жетілдіре түсіндіруде, елдің жаппай қабылдауына, ықпал етуіне халықтық шығармалардың оның ішінде лиро-эпостық жырлардың рөлі өте зор болғаны деп бағалаймыз.