Жаңагүл Шыңғысханқызы САМЕТОВА
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіның оқытушысы, PhD докторант,
Қазақстан/Алматы, janagul-85@mail.ru,
Қоғам мен адам, табиғат пен кейіпкер проблемасы қашан да қаламгердің дарын мен парасат бірлігін сақтайтын әдебиеттің рухани өзегі. Табиғат пен адамның қарым-қатынасы бірінші кезекке шығып, ауқымды міндеттерді шешуге араласатыны барда, бұл жайттың қоғам тынысын яғни адам мен қоғамның қарым-қатынасын айналып өтпейтіні мәлім. Белгілі әдебиеттанушы-ғалым Б.Майтанов: «Кез келген қаламгер атаулы, ең алдымен айналадағы тіршілік суретін ой назарына алумен ерекшеленеді. Пейзаж әр қаламгер шығармашылығында әр алуан сипатта суреттеледі. Көп нәрсе жазушының көркемдік-дүниетанымдық бағдарына, талант ерекшелігіне байланысты» — деп жазады [1, 4б.].
Көркемдік кеңістіктегі Түркістан өлкесінің табиғаты, жері мен суы, халқы мен тіршілігі қазақ тарихи романдарының ішінде Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», Софы Сматаевтың «Елім-ай» шығармаларында толық көлемді полотно түзеді. Осы шығармалардың өлкелік заңды жалғасы іспетті шығарма – «Түркістан өлкесіндегі ойран». Шығарма арқауы 1916-24 жылдар аралығындағы еліміздің оңтүстік өңірінде орын алған тарихи оқиғалардың әлеуметтік әсері мен өту сипатына құрылған. Шығарманың көркемдік тұрғыдан танымды да шынайылығына әсер етуші әдеби факторлардың бірі – пейзаждық суреттемелер. Түркістан өлкесінің пейзаждық көркемдік семантикасы адам мен табиғат, қоғам арасындағы байланысты яғни адамның қоғамдағы мекеншақтық орнын, сол қоғамға, қоршаған ортаға, сол өлкеге, сол өлкенің табиғатына деген психологизммен астасқан көзқарасымен шебер астасып жатады. Осы сипаттағы саралаудың бір үлгісі – Момбек Әбдіәкімұлының 2016 жылы жарыққа шыққан «Түркістан өлкесіндегі ойран» тарихи романы.
«Түркістан өлкесіндегі ойран» тарихи романында Момбек Әбдіәкімұлы 1916-1937 жылдардағы Ташкент пен Шымкент өңірінде орын алған оқиғаларды архивтерде сақталған деректерге сүйене отырып жазған. Зерттеуші Шерияздан Елеукенов «Тарихи роман — прототипсіз» дегендей [2, 91б.], бұл романның бас кейіпкер Мамажан Сартаев – аталмыш жылдардағы қиын-қыстау кездердің барлығын басынан өткерген, сол шақтағы қазақтың көрнекті тұлғаларымен аралас-құралас болған, өзі де сталиндік репрессияның қан шеңгеліне түсіп, одан аман шыққан оңтүстіктің айтулы қайраткері. Романда Мамажан Сартаевтан бөлек Мұхаметжан Тынышбаев, Бақытжан Қаратаев, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқаев т.б. тұлғалардың аттары аталады.
Романда көркемдік кеңістік келбеті шығарманың идеялық-көркемдік тұрғыда көрініп автордық шығармашылық мәнерін танытады. Шығарманың уақыт бедері жиырмасыншы ғасырдағы қазақ тағдырындағы тауқімет жылдармен байланысты болғандықтан, сол мезгілдегі табиғат суреттері де барынша сүреңсіз бедерленеді: «Сол шапқаннан екеуі ұзақ шапты. Айнала тұлдыр. Кей жерлері кішкене толқынды төбешікті, кей жерлері жазық құмнан басқа көзге ілігер ештеңе жоқ. Қызылқұмның дәл осы тұсында құмшөп пен сексеуіл де өспейді. Тақыр шағылды. Аң-құс, жәндік атаулы да сирек. Автор-кейіпкер арасындағы қосүнділік сарыннан желі тартатын пейжаздық сурет қазақ ауылындағы жоқшылықпен үндес. Пейжаздағы бұл үндестіктің бояуы «ештеңе жоқ», «сирек», «өспейді» сияқты тілдік бірліктер арқылы күшейе түскен. Суреттеудегі «аң мен құс, жәндік атаулы да сирек» қалыптағы көрініс «де» шылауы арқылы табиғат суретін өзара салыстыру арқылы күшейтіп, жоқшылық мәнін өзектейді. Автордың табиғат суретін баяндау стилиндегі сөйлем құрылымының ерекшелігі де суреттеліп отырған кеңістікпен үйлесім тапқан. Пейжаздық суреттемедегі келесі детальдар кеңістіктік ұғымдарға символикалық астар үстейді:
Мезгіл күз ортасы болғансын, күн райы салқын тартқан. Шығыстан баяу самал есіп тұр. Әгәрәки жет қатты соқса, құм көшіп аласапран кезең басталады. Құм ортасында туылмаса да, шөлейітті саналатын өзен-бұлақсыз ауылда дүниеге келіп, сонда ержеткен Мамажан біледі, бұл далада қатты желдің әп-сәтте көтерілетінін…» [3. 9-10б]. Баяндаудағы пейзаждың шартты рай тұлғасындағы динамикалық кейіпке көшу мүмкіндігі табиғат суретінің ел арасындағы аласапыранға символикалық белгі мәнін көшіреді. Мамажан кейіпкердің танымдық-тәжірибелік деңгейіндегі табиғат суреттері бар (шөлейтті саналатын бұлақсыз ауыл) сөйлемдегі стилистикалық апозиопезистік амал табиғат суретіндегі динамиканың болу, я болмау мүмкіндігін ғана емес, суреттің символикалық мәнін өзектеу қызметін атқарып тұрғандай.
Тарихи романдағы Түркістан өлкесінің қазақ өміріндегі урбанизациялық сипаты жазушы назарынан тыс қалмаған. Атасы екеуі Арыстың стансасына жеткенде жан-жағынан көзін алмай, қатты таңданды. Шағырдағы станса мұның жанында түк емес екен. Мұнда бірнеше рельсті жолдар бар. Жолдарда жүрмей тұрған төбелері ашық һәм бөшкелі вагондар әр қатарда тізіліп тұр. Станса ғимараты да керемет – еңселі, іші кең, төбесі биік. Шағырдағы стансада бір басшы және үш-төрт-ақ жұмысшы жүреді. Ал Арыстағыда адам мол. Стансаның алдында да, артында да базар мен дүкендер көп. Аталы-балалы екеудің таңданыс көзімен берілетін осы суреттеме қазақы ұғым үшін жаңалыққа толы. Жаңалық жазушының тілдік жүйесіндегі жаңа сөздер – станса, рельс, вагон сияқты жаңа заманның неологизмдері мен ғимарат, дүкен сияқты сипатты сөздермен өріледі.
Бір тамның бұрышына арқа сүйеп, отыра кетті. Ұзақ отырды һәм ұзақ ойланды. Алдымен жаңағы ұсталған балалардың хәлін ойлап, қатты қамықты. Одан соң өз жайына ойысты. Енді не қылмақ? Қайда барып күн көрмек, қалай өмір сүрмек? Енді анау озбырлардан кек алмақ тұрмақ, Арыста жүрудің өзі мұң. Стражниктер аяқ бастырмайды. Мектептегілер мұны нағыз бұзақы етіп көрсетіп қойған. Біруақтан кейін әлгі көшені бойлай біраз сенделді. Тар көшенің борпылдаған топырағы тобықтан асады. Арыстың топырағы осындай бос, үнемі құм сияқты борпылдап жатады. Мезгіл күздің аяғына таяп бара жатса да, биыл жаңбыр аз. Мамажанның дәл мынадай жағдайына күн райының осылай қарасып тұрғаны да жақсы. Жазушы ұсынған көркемдік кеңістіктегі қала дала қазағына соншалықты жат, суық көрінсе де, жақсылық үміті «күн райының қарасып тұрғанымен» байланысты бедерленеді. Көркемдік кеңістіктегі қалаға тән суреттер тек жаңашылдық сипатымен ғана емес, шығыстық қалалық мәдениетттің үлгі бедерлерімен де қабат өріледі. Кеңістіктегі «борпылдап жататын бос топырақты» көшелер мен «арқа сүйеп отыра кететін» тамдар шығысқа тән көне мәдени болмыстан хабар береді.
Қала мәдениетіне қатысты далалық танымның кереғарлығы мен құндылық мәніндегі айырым белгілері келесі бір диалогтық репликаның мазмұнына арқау болып тұр: «Таяқ жеуден бұрын топтанған жүгәрмектердің екі-үшеуін сұлатар. Сөйтсе, кеуденсін тырнаған өкініштің табы аз да болса басылар. Басына осындай ой келген Мамажан да ірі сөйледі:
Қатындыққа салынып, бәрің бірдей жабылып кетпесеңдер, бір-екеуіңе бой бермеспін. Ал араларыңда өзін мықты санайтын біреулерің табылса, шықсын жекпе-жекке! Осы жолы шын төбелесем!».
Реплика кейіпкердің ішкі танымы мен құндылықтарын айқындап, кейіпкердің өсу, мәдениетаралық трансформациялануының детальдық көрсеткішіндей әсер қалдырады. Мұнда даланың еркін де, арға, намысқа адал ұлының даралық қасиеттері қаланың қара көлеңке көшелерінің тасасынан шыға келуімен ассоциацияланатын бұзақы балалардың тобырлық әрекеттеріне қарсы қойылады.
Тарихи романда суреттелетін Түркістан өлкесі шығарманың көркемдік кеңістігі аясында барша ерекшеліктерімен толыққанды қамтылады. Түркістан аймағының шығармадағы оқиғалар уақытындағы пейзаждық суреттемелері көбіне кейіпкер көзімен суреттелгендіктен, кейіпкердің психологиялық болмыс, сезіністерінің жай-күйіне тәуелді болып отырады. Осы себепті де шығармадағы дала суреттері мен қалалық ландшафт көбіне-көп кейіпкер санасындағы контрастық ұғым-құбылыстардан хабар береді. Авторлық баяндаудағы пейзаж шығарманың идеялық ұстанымымен сәйкестендіріліп алынып отырады да, Байырқұм, Арал, Қарақалпақ, Қызылқұм, Шардара, Арыс,Ташкент, Шымкент, Алматы, т.б. атаулар арқылы нақтылана түседі. Түркістан өлкесінің түркі жұртындағы орны мен маңызы, тарих қойнауларынан жеткен аңыз, оқиғалардағы көрініс-қалпын автор оқырманға кейіпкер арқылы интермәтіндік сипатта дарытады да, романға арқау болған тарихи оқиғалармен шебер астастырады.