Роза Пернебайқызы ЖАЗДЫҚБАЕВА
Еуразия технологиялық университеті Алматы/Қазақстан
Әр ұлттың болашақ өскіні өзінің ұлттық танымы мен ұлттық руханиятының мәйегіне қанып өсу үшін бірнеше мәдени факторды жүрегіне көктеуі, санасына сіңіруі тиісті. Ол ана тілі, музыкасы, әдебиеті секілді маңыздылықтар болса, бұлардың қатарында ұлт тарихы да ерекше аталады. Тілі жоқ ұлттың болмайтынындай, тарихы жоқ ұлт та болмайды.
Кеңес одағы билігі орнаған мезеттен бастап жұмылған жұдырығының ішіндегі ұлттардың тарихи-танымын естен шығаруға белсене кірісті. Сол қатарда қазақ тарихы, біздің зерттеу тақырыбымызға өзек болған әдебиет тарихы да бар еді.
Ұлтының атын атауға жұрт қорқатын уақытта тарихын зерттеп, зерделеу ісі аса қиын мәселе тұрғысынан қаралды.
Сан ғасырдан бері жасап келе жатқан халықтың тарихы, осынау мағыналы тарихымыздың бастауында тұрған түркілік танымымыз мүлдем естен шықты деуге де болады.
Қазақ әдебиеті кең арналы да, байтақ, бастауын өткен ғасырлар қойнауынан алатын үлкен қазыналы әдебиет. Өткен кезең барысын сөз ету бүгінгінің үлесінде десек те, осынау мәселе, яғни, қазақ әдебиетінің тарихы кеңес одағы тұсында өткенді қазбаламады, тіпті, өткеннің көрініп тұрған асылдарын да жоққа шығарып, қазақ әдебиетінің тарихын қазан төңкерісінен басталады деп қайырды. Бұл билік ығына қарай жығылған зиялыларымыздың ісі десек те, олар өткенін танымас халге жеткен жоқ еді, бұл ұлт тарихына біліп тұрып жасалған үлкен қиянат болатын.
Белгілі бір ұлт болып тарихта қалу үшін оның бірнеше факторлары іргетасын бұзбай сақталуы керек-ті. Олар салт-дәстүр, ана тілі, өнер секілді маңызды тараптарымен қатар, тарихы да осы санатта аталады. Бұл кезеңде әдебиет тарихына жанашырлықпен қарау – зиялыларымыз үшін қорқыныш болса, әдебиетіміздің тарихы кеңестік идеологияның өткір кездігімен шорт кесіліп қалуына қарсы тұрған бір тұлға бар. Ол – ғалым Б. Кенжебаев.
Ғалым Б. Кенжебаев өзінің ұлты алдындағы парызы үшін, осынау тақырыпты ілгерілету үшін қыруар істер атқарды. Олардың жартысынан астамы автордың осы саланы жандандыруға қатысты жазған еңбектері болып табылады. Бұл еңбектер заманымыздың ырғағына орай сан қырынан көрініп, нәтижесінде өз бағасын алып, иесін құрметке бөлеген дүниелер. Б.Кенжебаев шығармашылығының қуғынға ұшырауы түрлі себепкерліктен туындады. Бұл қатарда біз негізгі де, басты себептің бірі – билік тарапынан туындаған қысым еді деп пікірдеміз. Өткен ғасырдың 40-60 жылдары Қазақстан Компартиясының Орталық комитеті «буржуазияшыл-ұлтшылдықты» әшкерелеуге бағытталған көптеген қаулы-қарарлар қабылдады. Бұл қаулының діни сипатты өлең тудырған шығармагерлерге, шыққан тегі дәулетті болған қаламгерлерге арналып шығарылғандай болғаны баршамызға мәлім. Сондықтан да «діншіл», «бай» ақын-жазушылардың «зерттеушісі» деген айыппен сыналып, Б. Кенжебаев та осы айыптың «дәмін» айтарлықтай татты.
«Ежелгі дәуір әдебиеті» деп аталатын тұтас құрылымды оқулыққа енгізіп, ғалымдарға мойындату ғалым үшін әсте оңай болған жоқ. Бұл жолда көп еңбек етіп, тер төкті. Жалпы, ғалым үшін ауыр болса да еңбек етіп, құжат ақтару – кейін еңбегінің жемісін көрер болса – аса иігілікті іс. Ал, Б. Кенжебаевтың өткен дәуірлерімізге қатысты әдеби құндылықтарды там-тұмдап жинап, ғылыми негіздеп, әріптестер ортасына салғанда биліктің өшпенділігі өз алдына, ғылым атаулының теріс көзқараспен қарап, сын тезіне алғаны – тек ғалым үшін ғана емес, қазақ әдебиетінің тарихы үшін ауыр іс еді.
Бейсембай Кенжебаев шығармашылығын сөз еткенімізде түркі халықтарына ортақ байланыстар мен әдебиетіміздің содан тартар тамыры туралы үлкен ерлік деуге саятын зерттеулерінен бастағанымыз орынды. Ғалым бұл жолда көптеген кедергілерге де ұшырады, дегенмен де, тыңғылықты зерттеу, оны дәлелдеу нәтижесінде қазақ әдебиетінің тарихын бірнеше ғасырға ұзартып, түркі халықтарына ортақ байланыстарымыз турасындағы өз мақсатына жетті де. Ғалымның хандық дәуір әдебиетін зерттеуі мен хандық дәуірге дейінгі ежелгі әдебиетті зерттеуі осы саланың зерттелініп, зерделенуіне қатысты жасалған сүрлеу тәрізді болды.
Шындығына үңілсек, қазақ әдебиеті тарихын зерттеуде сол кездегі қамшысының ұшынан қан тамшылап тұрған билік емес, ғалымға ең бірінші қарсы шыққандар қазақ әдебиеттанушылары еді. Ұлт әдебиетінің бастауында жалпы түркі жұртына ортақ — әдеби дүниелер тұр деп тұжыруы – көптеген ғалымдарымыз тарапынан теріс бағаға ие болды. Біз бұл тұстағы зиялыларымызды кінәламаймыз, өйткені, Кеңестік кеңістікте түркілік тек турасында сөз ету тұрмақ, ұлт турасында әңгімелеудің өзі аса қауіпті болып еді.
Қазақ тарихындағы өткен ғасырдың отызыншы, жиырмасыншы жылдарындағы жаппай қудалау мұнан кейін де тоқтаған жоқ, Зиялы қауым өкілдерін жаппай жазалау науқаны жалғаса келе, қырқыншы және елуінші жылдардың орта шеніне дейін өз күшінде болды. Бұлардың баршасы жеке басқа табынудан, атап айтсақ, Сталиннің жеке басына құлдық ұрудан туындаған әрекеттер болатын. 1949 жылы Қазақстан Коммунистік партиясының ІҮ сьезінде дүйім ел жабылып, коммунистердің бірінші делегаты етіп сайлайды. Содан бастап, оның үстемдігі жалпы халыққа орнай бастады. Осы жылдары партия істерінің бәрінде Сталинге деген құрмет, «ұлылығын асқақтатуға» деген құрмет, тіпті құлдық ұрушылық пен табынушылық орын алып еді. Бүгінгі күні бұл уақыттың сұмдығы мен шындығы ұмытыла бастағандықтан, халық арасында болған жеке басқа табынудың неше түрлі үлгісінің болғандығын сол кездегі тарих беттерінен көреміз. Қазақ журналистикасының тарихында сол кезеңде жарық көрген бір газетте «Ұлы Сталин» деген жолдың орнына «Улы Сталин» деп қате жібергені үшін журналисті бас редакторлық қызметінен босату жазасына тағайындағаны туралы да деректерді кездестіреміз.
Бұл жылдарда Ленин есімі көмескілене бастаған еді. Өйткені, соғыс жылдарына дейін және кейін билігі үстемдік құрған Сталин Ленин тақырыбын мүлдем естен шығару үшін жұмыстар атқарған болатын. Бұл әрекетті қудалау мен атып, асу арқылы жүзеге асырды. Бұл қатарда «Ленинград ісі», «Дәрігерлер ісі» деген секілді оқиғаларды мысалға алсақ болады. Мұның қатарында қазақ зиялылары өз ұлтының жауы ретінде қуғындауға ұшыраса, бұл әрекет бір-екі жылмен шектеле қойған жоқ, тіпті, екінші дүниежүзілік соғыс кезі мен майдан аяқталған соң жалғаса берді. Бұл арқылы Сталинге табынушылықты соғыстың өзі де тоқтата алмағандығын көреміз.
Бұл әрекеттер еліміз үшін қызмет еткен азаматтардың өміріне балта шауып, ұлт руханиятын құрдымға жіберу деп сол кезде ешкім айтпады, қайта бұл әрекетерді үлкен жиналыстарда «Жау элементтерді әшкерелеуді және талқандауды басқарушы» деп ұран тастаған болатын.
Осы әрекеттің шеңберіне көптеген заңдар мен қаулылар қабылданды десек, 1947 жылы ВКПБ-ның Орталық Комитеті идеология саласының тапсырмасымен жүзеге асқан «Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателіктер» деп аталатын жұмысы еді.
Қазақ руханиятын дамытушыларға жаулық көзқарасты таңған осындай басқосудың бірі ретінде Алматыда өткен Қазақстан Коммунистік партиясының ІҮ сьезінен кейінгі отырысты атаймыз. Мұнда ресми билік тарапынан шовинистік пиғылдағы адамдарды әшкерелеп, құртып, жоюды, Әлі де болса қоғамда өмір сүріп келе жатқан сондай ниеттегілерді оң жолға салу мәселесіне қатысты қатаң талап қойды.
Кеңес одағы тұсында ел мәдениетін дамытуда ерекше еңбек еткен жандардың бірі І. Омаров болғанын білеміз. Оның осы салада тындырған істері де мол. Әйтсе де, осы басқосу барысында сол кездегі орталық комитеттің идеологиялық секретары болып отырған І. Омаровтың өзі партия мен оның осы жолдағы әрекеттерін дұрыс әрекет деп көрсете сөйлегенін көреміз. Мұндай әрекетке І. Омаров амалы жоқтықтан, билік қысымының күштілігінен барды деп айтуымызға бүгінгі күні толық дәлеліміз бар. Осынау мақаласында ол ислам және ұлтшылдық секілді факторларды байшылық дәуірдің қалдықтары деп сөгуге дейін барады. Бірақ, ұлт зиялыларына жасалған қиянаттан І. Омаровтың тыс қалмағанын бүгінгі тарих беттерінен көреміз. Сол кездегі қатаң билік оны да «идеологиялық тексеру жүргізбеген, зиянды адамдарды таппаған және де Кенесары Қасымов туралы пікірлері Кеңестік билік көзқарасына мүлдем қайшы»[3],- деген жаламен оны да ұлтшыл-буржуазияшылдардың қатарына қосып қойып еді.
Осы 1947 жылдың 17-ші наурызында болған басқосудың салдары жөнінде белгілі тарихшы Талас Омарбеков былай деп жазады: «Осы сьезден кейін Б. Кенжебаевты, Т. Нұртазинді, Ә. Қоңыратбаевты, Е. Ысмайыловты айыптаған Қазақстан жазушылар одағының партия жиналысы болды. С. Омаров, Ж, Саин, С. Мұқанов жоғарыдағы қайраткерлерді ұлтшыл деп айтыптауда ерекше көзге түсті. Сондай-ақ айыптаушылар қатарында Т. Ахтанов, Д. Әбілов, М. Ақынжанов, С. Адамбеков, Т. Жароков және басқалардың болғанын қазір жасырудың қажеті жоқ деп ойлаймыз. Мүмкін, уақыт солай талап еткен де шығар. Бірақ, тарих тек фактіге жүгінеді»[3],-деп жазады.
Заманалар қойнауында қалған әдебиетімізді зерттеуге тиым салу, мұның себебін – хандық дәуір-ескіліктің салдары, мұны зерттеу де ескілікті көксеу болады деп түсіндіру расында ақылға сыймайтын жәйт еді. Кеңестік билік қалың бұқараның, көп халықтың ішіндегі азғантай билеушілер мен ақсүйектердің емес, сол қалың көпшіліктің жоғын жоқтаушысы тұғырында көрінді десек, хандық кезеңдерде де сол қарапайым көпшілік халық өмір сүрді, сол кездегі ауыз әдебиетін де бірінен соң біріне жалғастырып, дамытып әкетіп отырған да сол бұқара халық еді. Бірақ, ұлттың тарихи санасын қалай да жоққа шығаруға ұмтылған билік қазан төңкерісіне дейінгі тарих беттерін мүлдем бүркеп жауып тастады. Мұның сұмдық әділетсіздік екендігін Ресейде славян жұртының тарихын, мәдениетін, руханиятын зерттеу жүйелі түрде қолға алынып, бірақ, түркілер тарихын жоққа шығарумен-ақ көрсетуге болар еді.
Осы уақыттағы Б. Кенжебаев мақалаларында қазақ танымын Орхон жазуларынан бастап қарастыру мақсат етіп қойылғанына қарап, ғалымның көзсіз батырлығына тәнті боламыз. Орхон жазбасы тұрмақ, берідегі Абылай хан тұсындағы әдебиетіміздің өзіне тиым салынған заманда мұндай ой айту әсте мүмкін емес-ті. Сөйтсе-дағы 1941 жылы ғалымның «Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселелері», «Қазақ әдебиетінің тарихы туралы» деп аталатын мақалалары және «Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет» деп аталатын лекциялар жинағы жарық көруі үлкен тақырыпқа салынған соқпақ жол іспетті болып еді.
Қазақ руханиятында Б. Кенжебаевқа дейін түрік халықтарына ортақ тамырластықты зерттеу аз болды. Бұл тұста зерттеулерді сөз еткенде И. Гаспаралының түрік халықтарына ортақ әліп-би жасауы, Маржани жазбаларының жалпыхалықтық мәнге ие болуы мен Б. Кенжебаевтың «Орхон жазуы туралы» деп аталатын мақаласын ғана көрсете аламыз.
Сталиннің қанды зұлматында көз жұмған алаш азаматтарымен бірге түркілік тек турасында сөз қозғау де келмеске кетіп еді. Ал, бұл кездегі әдебиетте түркішілдік мақсат сарыны біршама М. Жұмабаев жырларында көрініс тапты. Одан кейінгі уақытта мұндай қауіпті тақырыпты сөз етіп, «пантүркис» деген жала жабылып, басын қатерге тігуді ешкім қаламады. Сондықтан да, қазақ әдебиетінен бұл тақырып турасында тек Б. Кенжебаев еңбектерін ғана кездестіре аламыз.
Бұл тұста ғалымды түркі халықтар әдебиетін жете зерттеуші, толық жүйелеуші деп айта алмаймыз. Ғалым атын осынау ортақ идеяны сақтап қалғаны үшін құрметтеуіміз қажет. Бүгінгі осы салада жазылған еңбектер Б.Кенжебаев шәкірттеріне тиесілі болғандығын, ұстаз идеясын шәкірттерінің жалғастырғандығын көрсетеді. Өйткені, дүйім түркі халықтарының әдебиетін бір адамның зерттеп, зерделеуі ақылға сыймайтын тірлік. Сондықтан да Б.Кенжебаевты күрделі идеяның бастауында тұрған күрделі болмыс иесі ретінде танимыз, осы ойдың жалғасуы – тек қазақ әдебиеті үшін ғана емес, жер шарының ауқымды бөлшегін иеленген түркі халық үшін үлкен жеңіс еді.
«Тарихшылар, әдебиетшілер еңбектерінде, оқулықтарда, түрлі құжаттарда, көркем шығармаларда, кинофильмдерде күні кешеге дейін партия, үкімет тарапынан қадағаланып, жоспарлы түрде бағытталып отырған арнаулы саясаттың салдарынан Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алашорда өкіметі туралы тарихы шындық бұрмаланып, қып-қызыл өтірік айтылып келді. Ең бастысы, Алаш қайраткерлері қазақ ұлтының қас дұшпаны болып көрсетіліп, олардың шығармаларына тиым салынды.
Кеңес өкіметі мен Компартия тартысы, саясат, шаруашылық саласында емес, ғылым, білім, идеологияның да тізгінін тартып ұстап отырды. Дәлірек айтқанда, марксизм-ленинизм ілімін темір тәртіпке айналдырып, бұра тартқандардың шапты, тлін кесті. Орасан зор мақсатты іске асыру үшін арнаулы ұйымдар құрылды. Партия, қауіпсіздік комитеттері өнер қызметін бақылап, бағыттап, тексеріп, жазалап отыратын арнаулы бөлімдер болды. Бұлар жазушы, әнші-күйші, суретші, композитор, сәулетшілердің жазған-сызған, жасағанын ғана емес, жүрген-тұрғаны, ішкен-жегені, ымдаған-сөйлегеніне дейін аңдып, жіпке тізіп отырды. Тап тартысы, орыс үстемдігі, коммунистік мұратқа көлеңке түсіретін сәл нәрсенің өзі қырқылып, өшіріліп, жойылды. Бұл үшін жоғарыдан қаулы-қарарлар түсірілді. Оларды талқылай жан беріп, жан алатын жиналыстарда «күнәһарларға» тас боран жасалды. Кеңестік идеология санасына әбден сінген, соған ұйып, Алланы ұмытқан, мұсылмандықтан безген, обал-сауапты, рахым-қайырды білмес қаныпезерлер әулеті қалыптасып, олар тарихын мансұқтап, отаршылар алдында шұлғып, ұлттық иігіліктерде безіп шыққандар ұлттық санаткерлер төбесіне әзірейіл қамшысын үйірді»[4].
Ғалымның жанкешті еңбегі турасында Бейсенбайтанушы ғалым Д.Сартбаева өзінің «Бейсенбай Кенжебаев – қазақ әдебиеті тарихын зерттеуші» деген еңбегінде: «Қазақ әдебиетінің түрік халықтарына ортақ ежелгі кезеңін қазақ әдебиеттану ғылымында тұңғыш мәселе етіп көтерген, оны айтыс — тартыста негіздеген көрнекті ғалым» [5.81]- деп жазды.
Бүгінгі жас ғалымдар Б.Кенжебаевтың әр мақаласын ұлтымыз үшін жасаған әр ерлік деп қарастырады. Қазақ әдебиетінің тарихын бір ізге түсіру осы күнге дейін жалғасын тауып келеді. Мұны әр ғалым өзінше топшылады. Бұлардың бастауында академик Қ. Жұмалиевтің жүйелеуі тұр. Қ. Жұмалиев «Қазақ әдебиеті» дейтін еңбегінде қазақ эпостары мен тарихы турасында пікірлерін жинақтай келе «…тарихта бірінші рет аты мәлім, шығармалары да бірінші рет өзінің атымен сақталған ақын — Бұқар жырау. Біз қазақ жазба әдебиетінің, әдебиет тарихының басы Бұқар жырау дейміз»[6.128.],-деп жазып еді.
Б.Кенжебаевтың ауыз әдебиетіміздің бастауын түркілерге ортақ әдеби ескерткіштерден бастап қарастыруы осы пікірден соң туындағандай. Қ. Жұмалиевтың пікіріне қарсы дүние — «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қазақ халқының жазба әдебиетінің тарихы қайдан, кімнен басталады?» деген тақырыппен жазылған Б.Кенжебаевтың мақаласы болды. Полемикалық дүниеде ғалым өз қарсылығын түрлі дәлелдермен көрсетіп
«… қазақ халқы жазба әдебиетінің тарихын, профессор Қ.Жұмалиев айтқандай, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан, Бұқар жыраудан емес, онан көп әріден, шамамен айтқанда, VІІІ-ІХ ғасырлардан бері қазақ жерінде, сонымен шектес жерлерде, кейбірін қазақ халқы құрамына енген рулар өкілдері, кейбірін қазақ жерін жайлаған басқа рулар мен халықтар өкілдері жасаған, қай-қайсысы болсын, бүгінгі қазаққа не түсінікті, не түсініксіз, бірақ бір кезде жаппай түсінікті болған, қазақ рулары қолданған тілдерде жасалған жазу-сызуларды, жазба әдебиет нұсқаларын қазақтікі деп айтуымызға, қазақ жазба әдебиетінің тарихына енгізуімізге әбден болады»[7],-деп тұжырымдады.
Бұқар жырауды жұртымыз жазба әдебиет емес, ауыз әдебиетінің өкілі ретінде қарастыратындықтан бұл ақиқатқа негізделген пікір еді.
Бұған қарсы жазылған сыни мақаланың авторы академик Қ. Жұмалиев болды. «Қате пікір қағидаға айналмасын» деген мақаласында Б. Кенжебаев пікірлерін мүлдем негізсіз деп танып, мақаласында бірнеше кемшілік тұрғысынан атап көрсетеді.
«- Б.Кенжебаев пікірі дәйексіз;
Б.Кенжебаев пікірі не ел тарихына, не әдебиет тарихына үйлеспейді;
Жазу тарихы мен әдебиет тарихын шатастырады;
Б.Кенжебаев ұсынып отырған шығармалардың тілі түсініксіз;
Әдебиет тарихына ену үшін үзілмес желі болуы керек. Б.Кенжебаев айтқан жазу-сызулар Абайға дейінгі әдебиетті желілеп әкеле алмайды;
Халық құралмай, оның әдебиеті болмақ емес;
Б.Кенжебаев ұсынып отырған «поэзия» үлгілері исламшылдықты уағыздайды;
Мектепте, жоғары оқу орындарында оқытуға келмейді»[8],-дейтін пікірлермен тұздықтайды.
Сонымен қатар, мақалада Б. Кенжебаев еңбегін мүлдем басқа арнамен түсіндіретін тұстары да мол. Аталмыш мақаласының бір тұсында: «Қазақ халқының жазба әдебиетінің тарихы қайдан, кімнен басталады» деген мақаласы не ел тарихына, не әдебиет тарихына, не ғылыми топшалауларға маңайласпайтын сәуегейлік долбар» десе, енді бір тұста «VІІІ ғасырдағы тасқа жазылған әлдекімнің өмірбаяны мен хан-сұлтандардың араларында болған жарлық, жазу-сызулардың жиынтығы әдебиеттің тарихын жасай алмайды»[8.],-дейтін жолдарды да кездестіреміз.
Сол замандағы биліктің әсері-дағы, сол әсер талай зиялыларымыздың көзін байлап, өз тегіне өзі қарсы сөйлеуге мәжбүрледі. Қ. Жұмалиев мақаласынан да осы мінезді байқаймыз: «Хисса сұл әнбие»
Адам атадан бастап, «Мұхаммед-мұстафа саллолаһи алиуссәләмға» дейінгі пайғамбарлардың тарихын баяндайды.
Бұл кітап әуелі Стамбулда, кейін Қазанда шығарылады, ислам дінін халыққа кең тарату мақсатымен әдейі жазылған діншілдердің бірден-бір мықты құралы. Қожахмет Ясауи ХІ-ХІІ ғасырдағы Орта Азияға аты мәлім — аскет, аты шулы панисламист, жарық дүниеден безіп, жер астын мекен етіп, құдайды, пайғамбарды, дінді дәріптеген поэзияның авторы. Ол барлық шығармасында өмірді емес, өлімді, бұл дүние емес, о дүниені жыр еткен мистик. Шығыстағы мистицизмнің қоймасы»[8],- деп қатқыл сөйлеуін бүгінгі күні авторды кінәлі санап емес, биліктің жойқын кесапатының салдары деп түсінуіміз қажетті.
Бұдан кейін осы басылым бетінде қос мақалаға жауап берушілер де болған. Полемикаға араласқан авторлардың бірі Қ. Жұмалиев пікірін қолдаса, бірі Б. Кенжебаев идеясына дем берді. Бұл қатарда тілші-ғалым М.Ақынжановтың «Халықтың құралуы – жазба әдебиеттің түп қазығы»[9],-дейтін мақаласын, Ә.Құрышжановтың «Кодекус куманикус» — ескі мұрамыз» [10],-дейтін мақаласын атай аламыз.
Осылайша көпшілік тарапынан ғалым айтқан жүйелі сөзге назар салынбады және де жалпылама сөйлегені болмаса Б. Кенжебаевтың ол кезде пікірін нақты дәлелдейтін аргументтері де болған жоқ. Сондықтан да, Қазақ ССР Ғылым академиясы жасаған Қазақ әдебиетінің тарихында»: «Бұқарға дейінгі әдебиет нұсқаларында Асан қайғы, Сыпыра жыраулардың да аттары айтылғанмен, олар тарихи адамнан гөрі де, аңызға айналып кеткен, тарихта қай кезде болғаны мәлім емес және олар айтыпты-мыс деген толғау сөздер әр жерде әр түрлі айтылуын еске алсақ, олар әдебиет тарихының басы бола алмайды»[11.95.],-деп жазылды.
Ғалымның қазақ әдебиеті тарихын дамыту турасындағы еңбектерінің екінші сипаты – тарихқа қатысты. Өз ойын әдебиетте негіздеу мақсатында тарихқа жүгінеді. «Лениншіл жас» газетінде жарияланған еңбегінде қазақ тарихы туралы айта келе: «Қазақ тілі мен әдебиетінің тарихы туралы» дейтін мақаласында «Ерте заманда Шығыс Түркістанда, Шығыс-Оңтүстік Сібірде, Орта Азияда, қазіргі Қазақстан жерінде, төменгі Еділ, Каспий бойында көптеген түрік текті рулар, тайпалар жасаған. Олар бір заманда түрік қағандары деп, бір заманда ұйғыр, қарлұқ, қыпшақ», «Алтын Орда» мемлекеті деп аталған»[12],-дейді.
Ғалым тарихта болған, мойындалған, дәуірлеген уақытынан қалған әдеби ескерткіштері де мол, архитектуралық ескерткіштері де жетерлік болған қағанаттар мен тайпаларды атайды. Хандық құрған, билік құрған кезеңі бірнеше ғасырларға созылған заманда олардың төл әдебиеті болуы мүмкін емес, егер бола қалған күнде ол өзге түркі текті ұлттардың ғана емес, қазақ халқының әдеби бастаулары болып шықпай ма,-деген ойды негіздеуге тырысқанымен, өз уақытында ғалым қолдау тапқан жоқ. Өйткені, мұны биліктен қорқу дегеннен де бұрын әріптестердің үлкен жаңалықты Бейсекеңе қимауы десек те болар еді. Немесе бұл пікір орыс әдебиеттануында әлдеқашан айтылды, мұны ғалымдарымыздың білмеуі мүмкін де емес еді. В.М.Жирмунскийдің «Огузский героический эпос» деп аталатын мақаласында қазақтың Қорқыт туралы аңыздары мен Оғыз қаған эпосын салыстыратын, тамырын байланыстыратын тұстар аса мол. Академик В.В.Бартольдтың (Соч.,5-том,с237.Дисс) түркімен жұрты мен қазақ жұртының ертегілері арасынан алшақтық таппай, екі ұлттың тамырын бір негізде қарастыратыны баршаға белгілі. Ғалымға өз жаңалығын жариялау мақсаты бірнеше жылдың жүзінде пісіп жетілді, көптеген жұрттың әдебиетіне сүйенді. «Бұл тұжырымға Бейсембай Кенжебаев бірер жылда, аяқ астынан келген жоқ, ұзақ жылдар көне әдебиеттер үлгісін зерттеу арқылы, бауырлас халықтар тәжірбиесіне сүйеніп, мың ойланып, жүз толғанып барып, халық тарихы мен әдебиет тарихы терең байланыста екендігіне көзі жеткен соң ғана барған еді» [13].
Б.Кенжебайұлы әдебиетіміздің күллі әлеуметтік және эстетикалық тарапына қалам тартып шықты. Нәтижесінде көлемі аз ба, көп пе, бірақ сапалы әдеби мұра қалдырып өтті. Б.Кенжебаевтың сын зерттеулері уақытында талқыға көп түсті. Тіпті арнайы қаулылар алынған кездер болған. Шығармашылығы көзінің тірісінде көбіне бағаланбаған, сыңаржақ социологиялық сынға көбірек ұшыраған. Қазіргі таңда Б.Кенжебаевтың әдеби мұрасы жоғары бағаланады.
Н.Төреқұловтың «Профессор Бейсембай Кенжебаевтың творчестволық өмірі», Т.Кәкішевтің
«Б.Кенжебаев тарихи мектептің негізін салушы», Р.Бердібайдың «Ұстаз, ғалым, азамат», Д.Сартбаеваның «Бейсембай Кенжебаев – қазақ әдебиеті тарихын зерттеуші», Р. Бейсенбаеваның «Б. Кенжебаев – қазақ кеңес әдебиетін зерттеуші» дейтін ғылыми еңбектері бұл саланы байыта түсті. Б. Кенжебаевтың ғылыми шығармашылығына арналған «Б.Кенжебаев және қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» деп аталатын халықаралық конференция барысы да осы саладағы зерттеулерге мол үлес қосты. Мұның қатарында Т. Қожакеевтың, Ә. Жұмабаевтың, М. Ғабдуллиннің, Б. Уақатовтың, С. Қирабаевтың пікір-тұжырымдарын да қоса атаймыз. Қ. Ергөбектің «Қайырымсыз уақыттың қайсар ұланы немесе профессор Бейсембай Кенжебайұлының ерліктері жайлы хикая», З.Бисенғалиевтың «Іргетас сәулетшісі» аталатын еңбектері кенжебаевтанудың көкжиегін кеңейте түсетін салмақты ғылыми зерттеулер деп білеміз.