Дудариша Қараханқызы САРТБАЕВА
филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Жадыра МЫРЗАҚҰЛОВА
Магистрант Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
Түркістан/Қазақстан
zhadyra.myrzakulova@mail.ru
Қазақ әдебиеттану ғылымында қазақ әдебиеті тарихы мен сын мәселелерін зерттеуге басшылық жасап, ғұмырын арнаған, өзінің мектебін қалыптастырған ғалым – Б.Кенжебаев. Осыған дейінгі ғалым жайында жазылған зерттеу мақалаларда оның тарихи мектеп қалыптастырудағы орнына ерекше мән беріліп келеді. Сондықтан Бейсембай Кенжебаевты осындай еңбегіне қарай – әдебиет тарихын зерттеу мектебі бар ғалым деп атаймыз. Оның бұл саладағы еңбегі бүгінде айырықша жоғары бағаланып келеді.
Қай кезде де Б.Кенжебаев концепциясы кейде сыналып, кейде қолдау көріп, әдеби жұртшылық арасында әңгіме болып отырғаны мәлім. Көзі тірісінде қазақ әдебиеті тарихы жайындағы көзқарасы көп мойындала қоймағаны да шындық. Б.Кенжебаев еңбектері жөнінде пікір, мақала, рецензия жазылды. Ол аз болса ғалым жайында әділетсіз фельетон, пародия да жарық көрді. Көрнекті ғалымның көзі тірісінде жарияланған, жарияланбаған да бірсыпыра материалдар бар. Әдебиет сыншысы, публицист ретінде Б.Кенжебаев жөнінде баспасөз бетінде портреттік мақалалар жиі көрінді. Мұндай пікірлер жүйесі жиырмасыншы жылдардан басталады. Бүгінде жарияланып жатқан Б.Кенжебаев туралы Қ.Ергөбектің айтулы еңбектерін қоспағанның өзінде ұлы жазушы ойшыл М.Әуезовтен бастап, Ә.Тәжібаев, С.Мәуленов, Т.Кәкішев, Р.Бердібай, З.Қабдолов, Т.Қожакеев, Р.Нұрғалиұлы, Б.Майтанов, Ж.Дәдебаев, Х.Сүйіншәлиев, Н.Төреқұлов, К.Сейдеханов, өзбек ғалымы Н.Маллаев, қырғыз ғалымы Қ.Артықбаев, татар ғалымы М.Ғайнуллин, башқұрт А.Харисов секілді көп қаламгерлер Б.Кенжебаев жөнінде әр кез пікір айтып отырған.
Б.Кенжебаев әдеби сынға – 1923 жылдан араласып, қашан көз жұмғанша (1987 ж) қол үзбей, алпыс жылдан астам қалам тартқан сыншы. Әдеби сынның «заметка-сын», «сын-жарнама» секілді шағын жанрынан бастап, рецензия, әдеби шолу, жанрлық талдау, проблемалық мақала, әдеби портрет, естелік, әдеби очерк, монографиялық очерк секілді шалқар мүмкіндігі бар, тынысты жанрларына дейін қалам қарымын байқаған сыншы.
ғасыр басындағы діни ағартушы-демократ жазушылар Ақмолла Мұхамедияров, Әбубәкір Кердері, Нұржан Наушабаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шәді Жәңгірұлы, Мақыш Қалтаев, Жүсіпбек Шайхысләмұлы, Көкбай Жанатаевты ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі бір ағым өкілдері ретінде қарады. Зерттеуші бұлар жөнінде: «… шығармаларында демократтық-ағартушылық бағыттан кейде феодалдық, буржуазиялық-ұлтшылдық, буржуазиялық-либералдық көзқарасқа ауытқып жүрген ақын-жазушылар…»[1.41] – деп анықтады. Бұл Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы»[2.1-4] қаулысының зәрлі ызғырығына байланысты тартына бағалау, сақтанған қалпы еді. Кейін уақыттың жұмсаруына орай аталған ақын-жазушыларды ағартушылық бағыт өкілдері ретінде қарады. Аталған ақындардан Жүсіпбек Шайхысләмұлы, Көкбай Жанатаевтан өзгелерін жеке-жеке портрет етіп зерттеді.
Б.Кенжебаев арнайы қарастырған қаламгердің бірі – Спандияр Көбеев. Ол аталған қаламгер өмірі мен әдеби мұрасын жан-жақты қарастыруды мұрат тұтпайды. «Біздің мақсатымыз қазақтың ХХ ғасыр басындағы демократ ақын-жазушылары деген жалпы тақырып ішінде Спандиярдың өмірі мен шығармалары туралы қысқаша мәлімет беру, өз пікірімізді айту болады»[1.243] – дейді.
Талдауға Спандиярдың «Үлгілі тәржіме», «Үлгілі бала», «Қалың мал», «Орындалған арман» деген еңбектерін алады. Бұл шығармалар бұрын да талданған. Ал, Б.Кенжебаев осы шығармалар арқылы өз ойын айтады, өзінше пікір өрбітеді.
Жазушының тарих алдындағы еңбегін әділ бағалай отырып, оның творчестволық тағдырына көбіне сынай қарайды. Бүгінгі талаппен қарамайды, кезіндегі өз ортасы, өз деңгейімен қарайды.
И.А.Крылов мысалдарын аударудағы еңбегін «Спандияр Крылов мысалдарын ақындық өнер көрсетейін деген мақсатпен аударған жоқ. Жазушының оларда айтқан ой-пікірі, оның мақсаты идеясы бойын да, ойын да билеп, аудармасқа амалы болмағандықтан және халыққа жаңа, тосын пікір айту мақсатымен аударды»[1.245] – дейді. Дұрыс пікір. ХХ ғасыр басындағы аударма еңбектің дені олардағы ой-идея. Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік жағдайы тұрмыс ахуалына сәйкес келді. А.Байтұрсынұлынан бастап мысал аударушы ақындар ол туындыларды тәржімалағанда қазақ бұқарасын оятуға насихаттық құрал ретінде пайдалануды көздеуі. Тіпті түпнұсқадан ауытқып, мазмұнын қазақыландыра баяндап кететіні, түрнұсқаға жақындата аударса өз жанынан бірер шумақ өлең қосып, халықты оянуға үгіттей түскені белгілі. Солардың арасында Спандияр Көбеев аудармасы да бар.
Аударма сапасы қандай деген сұраққа ғалым: «…ол Крылов мысалдарын, Абай сияқты зор ақындық талантпен, шабытпен, асқан шеберлікпен аудара алған жоқ, кейде еркін, кейде дәлме-дәл етіп аударып, көбінше олардың мағынасын ғана беріп отырды»[1.245] – дейді.
«Үлгілі бала» оқу кітабын Л.Н.Толстойдың «Новая азбука», «Русская книга для чтения», К.Ушинскийдің «Детский мир», Ы.Алтынсариннің «Мактубат», «Киргизская хрестоматия» секілді кітаптары үлгісінде құрастырғанын айтады [1.247].
«Қалың мал» романында талдап өтеді. Бірақ, Е.Ысмайылов зерттеуіндегідей «Қазақтың тұңғыш романы» деген пікір айтпайды. Өзі көзін көрген, «Еңбекші қазақта» бір кабинетте қатар отырып қызмет істеген Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романына қиянат жасағысы келмеген шығар.
«Қалың мал» романын тиісінше бағалай отырып бірсыпыра кемшілігін көрсетеді. Романда жетпіс шамалы кейіпкердің аты аталып, бірақ іс-әрекетке қосылмайтыны, образ болып тұлғаланбайтыны [1.250], кейіпкер әрекетін (Тұрлығұл. Д.С), оның елге көрсеткен зәбірін айтумен шектеледі, бейнелеп көрсетпейді [1.253] – деген секілді сын пікірлер айтады.
«Орындалған арман» романының алғашқы екі тарауының («Балалық шақ», «Мен оқытушы» Д.С.) дұрыс, көркем жазылғанын айта келіп, соңғы тарауларының сыдыртпалы шыққанын сынайды [1.260-261].
Бұған қарап Б.Кенжебаев Спандияр Көбеев шығармаларын түкке алғысыз етіп тастаған екен деген пікір тумауы керек. Біз жоғарыдағы жайларды айтқанда Б.Кенжебаевтың кімді болсын, кімнің қандай шығармасын болсын нақты талдап, әділ бағалауға тырысатынын аңғартқымыз келеді. Әйтпесе ол Спандияр Көбеевті: «… артына бірсыпыра маңызды әдеби мұра қалдырды. Оның «Қалың мал» романы мен «Орындалған арман» мемуары, бірқатар кемшіліктері бола тұрса да, қазақ әдебиеті тарихында маңызды орын алуға тиісті» [1.263] – деп жоғары бағалайды.
Қазақтың ескіше оқыған, шығыс дәстүрін дамытуға тырысқан бір шоғыр ғұлама оқымысты ақындарын қазақ әдебиетшілері «буржуазияшыл», «ұлтшыл», «кітаби ақындар» — атап, сыртқа тепкені белгілі. Бүгінгі түсіністікпен қарағанда жылы естілетін ол анықтауыштар кезінде өте ызбарлы, зәрлі шығатын, таңылған ондай жарлықтан соң олар әдебиет тарихынан сызылып тасталатын. Бірақ ғалым Б.Кенжебаев уақыт ағымы, саясат қалауына қарай біртіндеп ілгерілетіп, «ағартушы ақын-жазушылар» классификациясына әкелді.
Жиырмасыншы жылдары М.Әуезов мақалаларында есімі ұшырайтын Нарманбет ақын қырқыншы жылдары Е.Ысмайылов тарапынан жақсы зерттелді. Көлемді алғысөз жазып 1939 жылы ақынның жыр жинағын жариялатқан да Е.Ысмайылов [3]. Ысмайылов оқулығы жабылған соң Нармангбет әдеби мұрасына ешкім арнайы барып зерттеген жоқ. Тек Б.Кенжебаев өзінің докторлық диссертациясында [4.96], «Қазақ хандығының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» монографиясында [1.66] аздап сөз етті, есімін еске салды дерлік аз зерттеуді кейін оқулыққа қоспады. Шамасы тәуекелі жетпеді.
Есесіне, бұрын сөз болмай келген Бекет Өтетілеуов, Әкірам Ғалымов есімдерін әдебиет тарихына әкелген Б.Кенжебаев. Кейін әдебиетші Төкен Әбдірахманов зерттеген [5] ақын-жазушылар Б.Кенжебаев тарапынан таныстыру дәрежесінде әңгіме етілген [1.60-62]. Ал, Ж.Шәйхысләмов пен К.Жанатаев есімдерін ағартушы ақындар санатында атағаны болмаса, олар жөнінде ғалым кең тоқталмаған. Докторлық диссертациясында да, монографиясында да солай.
Ағартушы ақындар жайында айтқанда ғалым, зерттеуші ретінде Б.Кенжебаевтың еңбегі – әрқилы бағаланып келген қаламгерлердің тарих, қоғам алдындағы еңбегін бағалап, әдебиет тарихына енгізуі, «ағартушы» биігіне көтеруі дер едік.
Бұрынғы зерттеушілер, әсіресе Е.Ысмайылов өзінің 1941 жылғы оқулығында «Демократияшыл әдебиет» атап, арнайы тарауда М.Ж.Көпеев, С.Көбеев, С.Торайғыров, С.Дөнентаев шығармашылығын қарастырған еді. Б.Кенжебаев демократияшыл әдебиет ұғымын мейлінше кеңейтіп, бұл сапқа Нарманбет Орманбетұлы, Бекет Өтетілеуұлы, Мұхаметжан Сералин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әріп Тәңірбергенов, Сәбит Дөнентаев, Спандияр Көбеев өмірі мен шығармашылығын жатқызады.
Демократ ақын-жазушылар – Б.Кенжебаевтың ұзақ зерттеп, тыңғылықты нәтижеге қол жеткізген саласы. Б.Кенжебаев полемист сыншы ретінде ұлы Абай мұрасын таза сақтаудан бастап, әдебиеттің әралуан мәселелері жөнінде айтысудан бір танған емес. Әсіресе, Абайдан кейінгі асқар биігіміз, ұлы ақын – С.Торайғырұлы өмірі, әдеби мұрасы, көзқарасы жөнінде көп айтысты. Айтыса жүріп «Сұлтанмахмұттану» ілімін қалыптастырды. Б.Кенжебаев әділін айтар, адалын сөйлер сыншы. «Көп айтты – көнді, жұрт айтты – болды» Б.Кенжебаев үшін принцип емес. Өз көзқарасы, өз пікірі бар, соны ғана айтар сыншы. Жұрт жақтаған «Сұлтанмахмұт» трилогиясын – сынаған да Б.Кенжебаев. Ол уақыт ағымымен емес, уақыт ағымына қарсы жүзген, уақыт идеологиясы ағымын ұстанбай, әдеби процесс ағынымен жүрген сыншы. «Жиырмасыншы жылдардағы қазақ совет әдебиеті» (1961 ж) кітабына әдеби процесті жүдетпеу үшін Ж.Аймауытұлы, С.Сәдуақасұлы секілді Алаш өкілдерін қоса қарастыруы осының көрінісі.
Ғалым кеңес дәуірінде, тоталитарлық режим тұсында өмір сүрді, еңбек етті. Соған қарамастан, кезеңдік саясат талабына бағына бермей, саясат талабына келісе бермей, көптеген еңбек жазды. Соның ішінде, кеңес дәуірі әдебиетін жазып отырып-ақ уақыттан озған, көрегендік көзбен қараған ойлы пікірлерін айтудан танбады. Әдеби мұрасына, күнделік жазбаларына қарағанда Б.Кенжебаев белгілі бір ақын, жазушыны зерттегенде ерінбей ауылына барып, туған туыстарымен әңгімелеседі, арнайы архивтерде жұмыс істеп, материал жинайды. Әсіресе, Мұхаметжан Сералин, Сұлтанмахмұт Торайғыровты ол осылай тыңғылықты зерттеген.
«Қазақ» сынды атын атауға болмайтын газеттерді де сынаған болып, баспасөз тарихына енгізген – Б.Кенжебаев болатын. «Тұрмыш» секілді қолжазба журналды таратып түрлі бағыт ұсынған да – Б.Кенжебаев. Сонымен қатар, 1920-1985 жылдар аралығында баспасөзге ұдайы атсалысқан, басшы (бас редактор, орынбасар, жауапты хатшы Д.С.), қосшы журналист еді. Сондықтан қазақ баспасөзі деңгейін толық таныды. М.Сералин публицистикасының сол ортадағы тарихи ролін дұрыс танытты. «Тырнақ астынан кір іздеген» лайсаң саясат үстемдік құрған кезеңдерден журналист басын, мұрасын кір шалдырмай алып шықты. Осының өзі үлкен ерлік еді. Әйтсе де, Мұхаметжан Сералин бай-құлақ ретінде тәркіленіп, әдеби мұрасы жоғалып, ұрпағы Арал теңізі өңіріне жер аударылған ғой.
Ал саясат қыспағынан аман алып шығып уақыт ұту үшін М.Сералиннің ұлтшыл сөзін жасырып, бұхарашыл сөзін ғана көрсету патша сөзін сөйлеген («Юбилей туралы»), түрікшілдік ойын айтқан (И.Гаспринский, Ш.Маржани) мақалаларын өңін айналдыра, қоғамға иіп келтіруге тура келетіні белгілі. Б.Кенжебаев та сөйткен. Кеңестік қоғамға келіп кіріп кетпегенімен ниеттес, тілектес етіп көрсету керек болды. КОКП қатарынан шығарылған журналисті партия сапында тұрған сарбаз етіп көрсету керек болды. Ғалым солай етті. Мысал келтірейік: «Кейбіреулер Мұхаметжан Сералин мемлекеттік Дума туралы мақалаларында, әсіресе «Юбилей туралы» деген мақаласында патша өкіметіне дұрыс көзқарастьа болды – дейді. Бұл дұрыс емес. Өйткені, «Юбилей туралы» мақалаға қол қойылмаған. Оның Мұхаметжандікі болмауы да мүмкін. Бола қойғанда да одан патша өкіметіне деген жақсы көзқарас көрінбейді [6.32] – деп жазады ғалым. Думаны айтып, юбилейге өтіп кетіп, «қол қойылмаған, оныкі болмауы мүмкін» деп шырылдап отыр. М.Сералиндікі екенін де, көзқарасын да біледі. Уақыт желіне орай осылай сөйлеуге мәжбүр.
Енді бүгінгі күн өресінен қарағанда ғалымның кезінде жасаған бұл «трактовкалары» қалай қабылданады? Түсініп қабылдауымыз керек. Дұрыс түсіне отырып, әрі қарай, бүгінгі күн рухына сай, дамыта зерттеуге тиіспіз. М.Сералин мәселесіне келгенде С.Ергөбек арнайы зерттеп, кандидаттық диссертация қорғағанын айтамыз [7]. Салыстырып қарағанда, ғылыми зерттеуде, журналист мұрасын Б.Кенжебаевтың саналы түрде атамай, айтпай, ашық тастап кеткен (жоғарыда айтқан) сәттерін ашып, анықтап түсіндіріп береді.
М.Сералиннің «Гүлкәшима», «Топжарған», «Рүстем-Зорап» аталатын үш поэма, дастаны бары әдеби жұртшылыққа мәлім. ХХ ғасыр басында кітап болып басылған бұл шығармалар Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, Т.Нұртазин, Ә.Дербісәлин, Т.Әбдірахманов тарапынан әр кез әңгіме болған.
«Гүлкәшима» жайында әдебиетші, ғалымдар пікірі өзара үндеседі. ХХ ғасыр басында әйел теңсіздігін көтерген ғашықтық дастан, реалистік-романтикалық поэма деген пікірге тоқтайды десе де болады. «Бірінші бөлімі – жазушының көрген, білген бір оқиғасы, екінші бөлімі – Гүлкәшима мен Баймағамбеттің ғашықтық әңгімесі; Үшінші бөлім – авторлың қорытындысы» [1.74]. Бұл Б.Кенжебаевтың поэма құрылысына зер салу, назар аударту мақсатында жүйелей бастауы. Талдай түсіп, түйінін былай түйеді: «Жоғарыда көрдік, Мұхаметжан «Топжарған» поэмасының сюжеті мен композициясын қисынды, қызықты етіп, орыс әдебиетіндегі реалистік роман, поэмалардың сюжеті мен композициясы сияқты етіп келтірген еді. Тегі Мұхаметжанды шығарманың сюжеті мен композициясын құруға шебер ақын деуге болады» [1.80].
Б.Кенжебаевтан өзге әдебиетшілер шығарманың ішкі жүйесіне, әсіресе композициялық құрылысына зер сала бермейтін. Көбіне әңгіме тақырып, мазмұн төңірегінде болар еді. Бұл – Б.Кенжебаевтың ілгерілеу басқан қадамы, зерттеу ерекшелігі деуге болады.
«Рүстем-Зорап» жөнінде де осындай ой түюге болады. Өзге ғалымдар М.Сералиннің осындай аударма поэмасы бар екенін айтумен шектеледі. Б.Кенжебаев поэманың қай нұсқадан аударылғаны, аударманың қандай жолмен жаслғанына дейін тәптіштеп айтады, салыстыра талдайды. Б.Кенжебаев зерттеуінен біз «Рүстем — Зораптың» атақты «Шахнаманың» Жуковский аударған орыс тілді нұсқасынан еркін тәржімаланғанын [1.80-82] білеміз. Әсіресе соңғы монографияда алдындағы зерттеу очеркіне қарағанда «Рүстем-Зорап» жайындағы талдауын кеңіте түскенін көреміз.
Әріптес ғалымдармен пікір қайшылығы «Топжарған» поэмасының төңірегінде келіп шығады. Поэма – Кенесары, Наурызбай қозғалысы жөнінде. Кенесары, Наурызбайды мадақтаған поэма, дастандар уақытында көп болған. Соның бірі – «Топжарған». Елуінші жылдары ғалымдар М.Сералинді Кенесары-Наурызбай қозғалысын мақтап жазды деп сынады. Сондағы алға тартқаны «Топжарған» поэмасы. Айналдырған үш поэманың бірінен, тіпті Мұхаметжан Сералиннен айырылып қалуға болмайтын еді. Егер «Топжарған» ұлтшыл шығарма аталса шаруа біткелі тұр. Содан Б.Кенжебаев «Топжарған» — Кенесарыны мақтайтын шығарма емес, оның іс-әрекетін сынайтын сыншыл реализм рухындағы шығарма деген ыңғайда сөйледі.
«…Мұхаметжан поэмасында, бұрынғы, өз тұсындағы кейбір ақындар сияқты, Кенесарыны батыр еді, халықтың қамқоршысы еді деп дәріптемейді. Қайта оны сынап-мінейді, әшкерелейді. Кенесары тобы – оның өзінің туғандары, руластары, төлеңгіттері, тағы басқа онан қашқан, мұнан қашқан бұзық, ұры, қу адамдар еді, бәрінің де кәсібі ел тонау, мал-мүлік жинау, құл, күң ұстау, ойын-сауық құру еді дейді» [6.16]. «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ ақын-жазушылары» аталатын монографиясында да осындай көзқараста. Ал, монографияның оқулық ретіндегі соңғы басылымында (1993) уақыттың өзгеруіне орай жоғарыда келтірілген жарғы секілді түйінді пікірді алып тастаған [8.72]. Есесіне «Топжарған» поэмасының тақырыбы қазақ халқының өмірінде ХІХ ғасырдың отызыншы, қырқыншы жылдарында болған оқиғаға (Кенесары, Наурызбай бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа Д.С) байланысты [8.72] – деп түйді. Бұрын монорхиялық қозғалыс ретінде қаралатын Кенесары-Наурызбай көтерілісін ұлт-азаттық қозғалыс ретінде бағалауы, ащы түйінді алып тастауы – Б.Кенжебаев көзқарасын аңғартқандай. Демек, Б.Кенжебаев «Топжарған» поэмасын сақтап қалу үшін оны Кенесары- Наурызбай қозғалысын сынаған шығарма ретінде бағалады. Бұл – кезіндегі саяси ахуалдан қаймыққан, авторды да, оның шығармасын да жабылып қалудан сақтаған әрекет еді.
Б.Кенжебаев қазақ әдеби сынының тарихына да еңбек еткен ғалым. Бұл туралы Р.Бейсенбаева өз еңбегінде «Б.Кенжебаев алыптар тобының алығ сапында тұрған бес тұлға жөнінде де жазды. Алдындағы ағалары жайында жазғандары әрине үлкен, қомақты, монографиялық зерттеулер емес. Көбін көзімен көрген ағалары, жанымен сезген, шындықпен суарылған, шеберлікпен жазылған еңбектер болғандықтан олар жайында ойын сыншы ретінде сабақтады» [9.102] – деп, ғалымның сыншылық сипатын нақтылай түседі.
Ойымызды түйіндей келе айтарымыз, Б.Кенжебаев уақытпен бірге есейген, уақытпен бірге әдеби процесті бақылап, қадағалап өскен сыншы. С.Көбеевтің «Қалың мал», М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романынан бастап, эпикалыық жанрдың табиғаты, тағдырын талдап, талқылауда М.О.Әуезовтің «Абай жолы» секілді ұлы туындысына дейін қамту-қарымы еркін жеткен қарымды сыншы. Бұған ұлы туындының туар бастауында, суық көздер қадалып, суық сөздер кірісіп, тоқтатпақ болғанда, басын бәйгеге тіге жүріп, «Абай» романын 1942 жылы жарыққа шығарып жіберген рухани ерлігін қосыңыз. Әдеби сын әдебиет тарихымен қатар өмір сүретіні сияқты Б.Кенжебаев та ғұмырын қазақ әдебиетінің тарихына арнаған сыншы-ғалым.