Мәлике Бердiбайқызы ШАЙХЫСТАМОВА
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нiң PhD докторанты, Түркология ҒЗИ-ның кіші ғылыми қызметкері Түркiстан/Қазақстан
Көрнекті ғалым Бейсембай Кенжебайұлы қырқыншы жылдары қазақ хандығы тұсындағы әдебиетті зерттеп, қазақ әдебиеті тарихи материалдарын жинап, тұлғаларын түгелдеді. Ғалымның хандық дәуір әдебиетіне байланысты ізденіс-зерттеулері дерек-дәйегі молдығы мен талдау-зерделеулерінің құндылығы көрсетілгенімен хандық дәуір кезінде жинақтаған фольклорлық мұрасы айтыла бермейді.
Ғалым Бейсембай Кенжебайұлы қазақ халқының ауыз әдебиетін жинау ісін алғаш рет ғылыми негізде сөз еткен ғалымдардың бірі. Қырықыншы жылдары «Қазақ әдебиеті тарихының» томдықтарын шығару қолға алынады. Осы кезде «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы фольклор тарихына арналды. Редакциясын басқарған ғалым М.Әуезов болды [1, 12-13 б.]. Б.Кенжебайұлы бірінші томның І, ІІ, ҮІІІ бөлімдерін жазады. Бірінші бөлімі «Фольклор және ол жөніндегі советтік ғылым» (кіріспе), екінші бөлімі «Салт өлеңдері», сегізінші бөлімі «Тарихи жырлар туралы түсінік» деп аталады. Бірінші бөлімде фольклор ғылымы туралы және оның совет дәуіріндегі даму тарихын баяндайды. Ауыз әдебиеті үлгілерін көркем әдебиеттің негізі деп дәлелдер келтіреді. Сонымен қатар, осы бөлімде «Қазақ фольклорын зерттеу тарихынан» деп арнайы тарауша беріп, қазақ фольклорын жинаған Ш.Уәлиханов, В.Радлов, Г.Потанин, Ә.Диваев және М.Көпеев секілді ғалымдардың өмір жолдарына, сіңірген еңбектеріне тоқталып өтеді.
1974 жылы халық мұрасын жинаушы ғалым Нысанбек Төреқұловтың «Профессор Бейсенбай Кенжебаевтың творчестволық өмірі» атты кітапшасы шыққан. Осында Н.Төреқұлов қазақ хандығы тұсындағы әдебиетті ауыз әдебиеті дей келе, Б.Кенжебайұлы зерттеп жүрген үлкен бір сала деп көрсетеді. Бұл пікірдің айғағы ретінде, ғалымның «Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесі» деп аталатын проблемалық мақаласын атайды. Яғни, «1456 жылдары Алтын Ордадан Жәнібек, Керей хандығы бөлініп шығып, Шу, Ертіс жағалауында өз алдына хандық құрады. Осы кезден бастап үш жарым мың жылға созылған қазақ хандықтары тұсындағы әдебиет өсіп қалыптасады. Ол әдебиеттің Асан, Сыпыра, Бұхар жыраулар сияқты атақты өкілдері болады. Ғалым еңбегінде осы ақын, жыраулар творчествосы кеңінен қарастырылғандығын айтады.
Зерттеудің екінші бөлімінде ақын, жыршы, жырау деген ұғымға және олардың бір-бірінен ерекшелік, ұқсастықтарына анықтама береді. Осы анықтама төңірегінде бұрын-соңды жазып жүрген жазушы, ғалымдармен пікір таластырады. Ақында кенеттен сөз тапқыштық, импровизаторлық қасиет болады. Жыршы, жырауларда да сондай ақындық өнер болуға тиіс. Егер ол ақын болмаса, жыршы да, жырау да бола алмайды. Аузының ебі бар, өлең шығаратын, оны өзі мәнерлеп орындайтын өнерпазды жыршы, жырау деген. Ал, ақын деген сөз жазба мәдениет нәтижесі. Хат біле бастағаннан бермен қарай ақын деп аталған. Б.Кенжебайұлының бұл пікірлерінің қазіргі тұжырымдарға сәйкес келмейтін жақтары бар. «Қазақ әдебиетінің тарихында» (1964) жыршы, жырауда ақындық өнер болмайды. Олар тек басқа ақындар жырын жаттап алып жырлаушы ғана делінген. Ал, «Ақын» деген атау ежелден бар, ақын, жыршы, жырау бұл үшеуі үш түрлі өнер деп қорытылған.
Ғалым еңбегінде хандық дәуірдегі әдебиеттің бірқатар ерекшеліктерін атап көрсетеді. Ол кездегі әдебиет нұсқалары түгелдей дерлік поэзия өлең, жыр, толғау, дастан түрінде ауызша таралды, ауызша жетті бізге, яғни ол кезде жазба әдебиет, проза жанры болмады.
Хандық дәуірдегі әдебиеттің бәрі хан сарайының әдебиеті емес еді. Ондағы ақындар өзінің өлең, толғауларын көбінше бұқара халыққа арнады. Асан ел қамын ойлап шарық ұрып, толғанды. Бұхар еңбекші халық мұңын, хан-бектер мінін сол хандардың бетіне тіке айтты. Олар туған елін, мекендеген жерін шапқыншы жаудан қорғауды, сол айқас, шайқаста ерлік көрсеткен батырларын мақтан етіп жырлады. Міне, осының бәрінен ол кездегі поэзияның түгелдей (ертеректе кейбір әдебиетшілер айтқандай) хандарды үстем тапты ғана дәріптеген туынды еместігін көреміз [2, 48-49 б.].
ХV ғасырдың басында Алтын Орда мемлекеті ыдырап, орнына жеке-жеке шағын хандықтар құрылды. Солардың бірі Қазақ хандығы деп аталды. Қазақ ру тайпалары Қазақ хандығы құрылғаннан бастап халық болып қалыптасты. Қазақ хандығы тұсында да халық қоғамдық тұрмысына қарай, өз мәдениетін, әдебиетін, өзінің халықтық әдеби тілін жасады.
Осы орайда профессор Б.Кенжебайұлы қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрлі ауыз әдебиеті, көбінесе бұрынғы әдет-ғұрыпқа, қоғамдық тірлік, шаруашылыққа байланысты әр кезде туған салт өлеңдері, кәсіп жырлары, батырлық дастандары бар екендігін айта келіп, олардың тағы дамып, қазақ хандығы тұсында «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» сияқты эпостық жырлар, «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» секілді салт жырлары жасалды. Сонымен қатар, осы дәуірде қазақтың Асан Қайғы, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири сияқты ойшылдары, тарихшылары: Сыпыра жырау, Шалгез, Қодан тайшы, Қазтуған, Доспанбет, Марқасқа, Ақтамберді, Жиенбет, Тәтіқара, Үмбетей, Шал, Бұхар сияқты ақындары мен жыраулары болған. Осыған қарағанда, бұл дәуірде көшпенділік жағдайға байланысты, қазақ халқының ауыз әдебиеті, соның ішінде эпостық, салттық жыр-дастандары, ақындық, жыраулық өнері молырақ дамығаны байқалады [3, 18-19 б.] — дейді.
Ұлттық фольклорымыздың даму жолдарын көрсету, оның жекелеген жанрларының туу, қалыптасу, өркендеп-өзгеру үдерістерін айқындау барысында қай жанрдың болса да пайда болған мезгілін дәл осы уақыт деп кесіп айту қиын. Сондықтан бір жанр бір дәуірде қарастырылса, ол нақ сол кезеңде туған деп түсінбеу қажет. Өйткені, ол жанрдың бастауы бұрыныраққа барады, ал қалыптасуы, өркендеуі сол қарастырылып отырған кезге келеді. Қазақ хандығы тұсындағы фольклорда да кейбір жанрлар тап сол заманда тумаған, олар ертеректе пайда болып, хандық кезінде өркендеп, көркем фольклорға айналғанын көреміз.
Осындай жанрлардың бірі тарихи жырлар. Ғалым Б.Кенжебайұлы зерттеулерінде тарихи жырларды тарихи шындықтармен салыстырып отырады. Ғалым жоғарыда айтылған «Тарихи жырлар туралы түсінік» туралы бөлімінде: «Халықтың ауыз әдебиетін дұрыс та терең ұғу үшін оның тарихы қандай қажет болса, тарихын дұрыс жете, толық білу үшін ауыз әдебиеті сондай қажет деуге болады» [1, 300 б.] дейді.
Тарих пен ауыз әдебиетінің бірдей еместігін де ескертеді. Тарихшы болған оқиғаны нақтылы жазады. Онда қоспа болмайды. Ал, ақын, жыршылар сол тарихи оқиғаларды бейнелеп, пернелеп, әрлеп, әсерлеп жырлайды. Мұнда тарихи нақтылықты сақтау бола бермейді, қиялға, шарықтауға ерік беріледі деп түйеді.
Ертеден жазба мәдениеті болмаған қазақ халқының тарихы ел жадында ауызша сақталып келді. Ол көбінесе аңыз, әңгіме хикая жыр түрінде таралды. Сондықтан бізде тарихи жазбалардан гөрі, ауызша айтылып жүрген аңыз жырлар мол. Қазақ тарихының бірқатар мәселелері сол аңыз жырлардан шығатыны белгілі. Осыған орай тарихымыздың кейбір түйінін шешіп беретін аңыз, әңгімелерді, өлең жырларды әлі де жинай түсуіміз керек деген ұсынысын да айтады.
Бұл тарауда тарихи жырлардың ең көп тараған үлгілері деп, Аблай, Сырым атына байланысты жыр, дастандарға арнайы тоқталады. Шоқан Уәлиханов жазып қалдырған «Аблай жырын» мазмұндап, оған ғылыми дәйектемелер келтіреді.
«Аблай туралы дастанның композициясы тартымды құрылған. Жыр Сабалақ баланың ерлігінен басталып кетеді. Жұрт ол кім деп сұрай бастағанда барып оның ата-тегі, балалық шағы суреттеледі. Осы сюжет аңызда бар. Бірақ Аблайдың шешендігі мен тапқырлығы жырдағыдан гөрі аңызда айқынырақ көрінеді» [1, 300 б.] дейді.
«Аблай» туралы жыр ел арасында көп екендігін, Аблайдың Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Олжабай, Барақ, Жанатай сынды батырларының әр қайсысының жорық, жеңістері жөніндегі қисса, дастандарының сол кезде әлі де жинақтап үлгерілмей жатқанын да өзекті мәселе етіп көтеріп отырған.
Сондай-ақ, ғалым Б.Кенжебайұлы қазақ халқының 1783-1797 жылдардағы көтерілісін бастаушы Сырым батыр туралы аңыз, әңгіме, өлең, жырлардың көп болғанын, бірақ, олардың сол кезде әлі толық жете қоймағаны да жазылған. Сырымның Бұқара, Үргеніш, Хиуа хандарымен сөз сайысына түсіп, оларды жеңіп кеткенін аңыз ете отырып, Сырымның Оның тек қана батыр емес, «Қара қылды қақ жарған» әділ төреші, әрі шешен екенін көрсетеді.
Б.Кенжебайұлының 1939 жылы «Әдебиет және искусство» журналында «Қазақтың халық эпосы туралы» [4] мақаласы жарияланған. Осы мақаладан кейін 1940 жылы «Едіге батыр» жыры туралы» [5], «Қобыланды батыр туралы» [6] мақалалары да жарияланады. Осы мақалалары жөнінде ғалымның жанашыр ұлына айналған сыншы ғалым Қ.Ергөбек осы жылдарды халық дастандарын зерттеген еңбектерге тиым салынып, қылышынан қан тамып тұрған кез еді дейді. Тәуекелшіл ғалымның халық игілігі үшін жасаған осы тәуекелді әрекеті кеңестік идеологияның «қырағы» назарына іліккенін, беріге дейін тартыста келгенін айтады [7]. Тағы бір осындай жағдай Б.Кенжебайұлының «Аблай» (1941) деген кітапшасын белгілі тарихшы Р.Сүлейменов сұратты дейді. Сұрататын себебі кітап қолданыстан алынып, кітапханаларда пайдалануға тиым салынған. Біршама уақыттан кейін тарихшы ғалымның (Р.Сүлейменов) Аблай жөнінде зерттеу кітабы жарық көреді, бірақ дереккөздерінде Б.Кенжебайұлының кітабы көрсетілмеген дейді. Сыншы ғалым (Қ.Ергөбек) ашумен кітапты қайтартуға барғанда, Р.Сүлейменов еңбекке сілтеме бергенін, бірақ «көрсетуге рұқсат жоқ» деп алып тасталғанын айтады [8]. Фолькорист ғалым Б.Қорғанбеков те Б.Кенжебайұлының қазақ эпосына қосқан үлесін, ғалымдар тарапынан бағаланып зерттелуін айта келіп, жоғарыда аталған ғалымның зерттеу мақалаларының 1929-1937 жылдардағы репрессия құрбандарының көбі эпос мәселесімен айналысқанын, халық дастандарын зерттеген еңбектерге тиым салынғандығын, сол үшін аталмыш мәселеге санаулы ғана ғалымдар барды деп, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев. С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаевтардың атын атап көрсетеді [9].
Б.Кенжебайұлы зерттеулерінде эпос теориясына барлау жасап, тарихи жырлармен салыстыра отырып ол жөнінде тиянақты қортынды жасап отырған. Мысалы, «Тарихи жырларға түсінік» деген мақаласында «Эпостық жырлар мен тарихи жырлардың бұл айырмалары «Қобланды батыр» жыры мен Аблай туралы жырды салыстырсақ айқын көрінеді. «Қобланды батыр» жырының оқыйғасы, Қобландының өзі дәл қай кезде, дәл қай жерде болғаны жырда да, тарихта да көмескі айқын мәлім емес; Қобланды әкесі Тоқтарбай мен шешесі Аналықтың Қорасанға қой, әруаққа ат айтып, дүние кесіп, әулиелерге түнеуі, құдайға жалбарынуы арқасында жаралады және ол күн санап өседі, тез ержетеді, Қобландының аты Тайбурыл адамша сөйлейді, айшылық жерді алты-ақ аттайды. Ал, Аблайдың қай жылы туып, қай жылы өлгені, Қалмаққа қарсы қай жылы, қай жерде соғысқаны, қай жылы хан сайланғаны, не істегені жырда да, тарихта да айқын, дәл көрсетіледі. Осыған сай жырда оның өзі, аты өмірдегі, кәдімгі көп адамның, көп аттың бірі сияқты болып, белгілі заманның, белгілі бір орталықтың адамы болып суреттеледі дей келе, тарихи жыр тарихтық фактыларға, бір тарихи оқыйғаның сүрлеуіне сүйеніліп жазылады. Сондықтан ол қанша әсерлесе де тарихтың шеңберінен шығып, ұзап кете алмайды. Ал, эпостық жыр адамның хыйал дүниесі бойынша жазылады, адам баласы хыйалының жемісі, тарихтың жас, әлі ержетпеген кезіндегі хыйалының жемісі» [10] секілді нақты тұжырымдармен көрсетеді.
Н.Төреқұлов Б.Кенжебайұлының эпос туралы зерттеулерін талдай келіп, ойын былай жеткізеді: «Халық өмірінің диалектикалық даму жолдары сол халықтың әдебиетін, өнерін, дәлірек айтқанда, эпикалық жырларын ертек аңыздарын туғызады. Өнердің бәрі өмір тәжірибесінен алынады. Әрбір халықтың тарихы күрессіз өтпеген. Сол күрес жолында халық ішінен қол бастайтын батырлар, ел бастайтын қамқорлар, сөз бастайтын шешендер шығады. Олардың күрес жеңісін, алғырлық тапқырлығын халық аңыз, жыр етеді. Міне, ғалымның толғануынша эпос осылай туады. Демек, эпос әрбір халықтың алғашқы дәуірінде жасалады екен. Кейін экономикасы, мәдениеті өркендеген соң эпосты туғызу саябырсиды. Кейбір елдерде тіптен тоқталады. Оның орнын әдебиет пен өнердің басқа түрлері роман, драма басады. Автор бұл ойларын дәлелдер кезінде Белинский қағидаларына арқа сүйейді. Сөйтіп, қазақ эпосының шежіресінен сыр тартады» [2, 47 б.].
Қобыланды батыр туралы зерттеуінде [6] Қобыландыны тарихта болған ба, болса қай заманда деген сұраққа жауап іздейді. Қобыланды Ақсақ Темір мен Тоқтамыс хан тұсында (14-15 ғ) өмір сүрген. Оған дәлел: Тоқтамыспен егескен Едіге батыр Ақсақ Темірге барып қолбасы болғанда оның артынан кері қайтаруға тоғыз кісі жіберіледі. Соның бірі Қарақыпшақ Қобыланды болыпты дейді. Екіншіден, қазақ хандығы құрылған кезде Қобыланды мен Дайырқожа би Әбілқайыр ханның қадірлі адамдары болған. Б.Кенжебаевтың бұл сөзі академик Қ.Жұмалиев пікіріне дәл келеді. Қ.Жұмалиев та сол кездегі бір мақаласында «Қобыланды батыр 14 ғасырдың ішінде Түркістан маңында хандық құрған Әбілхайыр ханның кезінде болған» дейді [2, 47 б.].
«Едіге батыр» жыры туралы [5] мақаласында басқа эпостарға қарағанда «Едіге жырының» тарихи деректерге жақын келетінін атайды. Жырдағы Тоқтамыс 1380 жылдары Ақ ордаға хан сайланған. Ол орданың орталығы Сығанақ шаһары болған. Бұл кезде монғол басқыншылары арасында алауыздық туады. Тоқтамыс Алтын орданы билеп тұрған Мамай ханға шабуыл жасайды. Жырдағы Сәтемір хан деп отырғаны – Ақсақтемір еді, дейді ғалым.
Едігенің тарихта болғандығын кезінде Шоқан Уәлиханов та дәлелдеген. Темірлан мен Тоқтамыстың тарихта болғаны анық болса, Едіге де солай. Ол Ұлытауды мекендеген. Сарыарқада «Едіге тауы», «Едіге обасы» деген жер аттары бар деп жазыпты Шоқан. Профессор Мелиоранскийдің «Едіге мен Тоқтамыс туралы ертектер» аталған еңбегінде Едіге Тоқтамыс ханның қолбасшысы болады. Кейін Тоқтамыс пен Едіге егесі басталады. Араздықтың бас себебі, қарадан шыққан Тоқтамыс өз адамдарын төңірегіне топтастырады. Оған төре тұқымынан шыққан Едіге наразылық көрсетеді. Ақыры Едіге Тоқтамыстан бөлініп, өз алдына хандық құрмақ болады. Екеуі талай рет соқтығысады. 1406 ж. бір соғыста Тоқтамыстың баласы Қадірберді Едігені мерт қылады. Осының бәрі болған оқиғалар деп түйеді ғалым.
Едіге туралы жырдың бір ғана бізде емес, қарақалпақ, татар, башқұрт, құмық, ойрат, қырым татарлары арасында да бар екенін айтады. Б.Кенжебайұлы Едіге жырының аңыздық, мифтік сырларын да ашады. Оның әртүрлі нұсқада кездесетінін, бірақ, соның бәрінің қазақ топырағында жырланғанын да айтады [2, 47 б.].
Осы дәйектемелерден ғалым Б.Кенжебайұлының хандық дәуір әдебиетін зерттеумен қатар әдебиет тарихының даму барысында хандық дәуір фольклорына да көп еңбек сіңіргенін көреміз. Халық мұрасын жеткізуде бар ғұмырын арнап, туған халқының әдебиетін, тарихын, рухани мәдениетін жеткізіп отырғанына да көз жеткіздік.