БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫНА ҚЫСҚАША ШОЛУ

Б.Б.ЕРТАЕВА
Магистрант
Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университет Шымкент/Қазақстан

Қай халықтың да ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан ұлттық дүниетанымы, өзіндік философиясы, фольклорлық мұралары, бір сөзбен айтқанда, өзіне тән рухани әлемі болатыны мәдениет тарихынан жақсы белгілі. Ұлттық руханият қазынасына мейлінше бай халықтардың бірі қазақ халқы екендігі әр уақытта дәлелденіп келеді. Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесіне жақсы көңіл бөлген. Ұрпақ тәрбиесінің бастауы қазақ халқының тәлімдік мәні зор бесік жырларында, батырлық эпостарында, ертегілері мен аңыздарында, мақал-мәтелдерінде, шешендік сөздері мен айтыс термелерінде жатыр. Бала біткенің бәрі де ес білгеннен бастап білсем, көрсем, естісем, ұстасам, алсам деп әрекет етуге ұмтылады. Оны үйретіп, өнегелі сөзбен тәрбиелеуші ата-ана. «Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры», «Бала – адамның бауыр еті», «Адам болатын бала алысқа қарайды», «Кісі болар баланың кісесінен белгілі» — деген қазақ мақал-мәтелдері халқымыздың өз ұрпағын жақсы қасиетке, оқу-өнерге құмар болуға тәрбиелеуінің айғағы. [1, 71]. Ал, ұлы Абай мен Ыбырайдан бастау алатын жазба әдебиет фольклорға саналы түрде барды, қажетті дәрежеде арқа сүйеді. Әдебиет пен фольклордың байланысы — әлем мәдениетінің дамуындағы басты заңдылықтардың бірі. Жер жүзіндегі қай халықтың әдебиетін алып қарасақ, оның бастау алған көзі – фольклор екенін көреміз.

Бұл тұжырымның бір айқын көрінісі — қазақтың жазба балалар әдебиеті. Жазбаша прозаның алғашқы қарлығашы ретінде Ы.Алтынсариннің көркем әңгімелерін алуға болады. Бұл шығармалардың көркемдік-идеялық қуаты, танымдық-тағылымдық мазмұны туралы өз кезінде орнықты, дұрыс пікірлер айтылып, әдебиет тарихында лайықты бағасын алды. Қазақтың жазба әдебиеті, шын мәнінде, балалар прозасынан басталады десек, асыра айтқандық емес. Осы арада қазақтың ұлы қаламгері М.Әуезовтің «Бүгінгі ағаның ертеңгі үміті — шәкірт, ұрпақ осыны терең сезіне білуі керек» [2, 365], – деген тұжырымды пікірін балалар жазушыларының туыңдыларын талдау барысында дәйек етуге болады. Әдебиеттің бұл саласының міндеті туралы айта келіп: «Балалар әдебиеті — қиын әдебиет. Оның бірталай өзіндік ерекше сипаттары бар. Балалар кітаптарында әрекеттің нактылығы мен образдың көрнектілігі, лириктік сезімталдық, характерлер мен оқиғаның динамикалық түрде дамуы, тіл тазалығы мен тартымдылығы аса кажет. Бала ойы мен ұғымы абстракциядан гөрі нақтылықты сүйеді» [3, 142], – деген болатын академик С.Қирабаев.

Қазақ балалар прозасында 60-жылдары бой көрсеткен жекелеген ұнамды ізденістер 70-80 жылдарда күрт көбейіп, қазақ балалар әдебиетін жаңа көркемдік табыстармен байытты. Осы жылдардағы прозалық шығармалардан байқалып отырғандай, бұл жанрдағы тың талпыныстар – әңгіме, повестердің сан алуан мәселелерге құрылуы, бұрын-соңды көріне қоймаған соны образ-характерлердің жасалуы, балғын кейіпкерлердің өз арасындағы, сондай-ақ ересектермен қарым-қатынасындағы қақтығыстар мен әрекеттерде әлеуметтік-философиялық мән-маңыз тереңдей түсуі, тақырыптық аясының кеңеюі, көркемдік бейнелеу құралдарының молыға-толыға түсуі, өмірдің нақты шындығынан тамыр тартқан көркемдік-суреткерлік концепциялардың өрнектелуі, сол арқылы балалар қаламгерлерінің өмірді зерттеу белсенділігінің арта түсуі, интеллектуалдың өресінің биіктеуі соның жарқын мысалдары. Бұған қоса жанрлардың іштей салаланып, бұрынғыдай тек повесть, әңгіме, мысал ғана емес, шырғалаң оқиғалы, таңғажайып оқиғалы, натуралистік проза, ертегі-әңгіме, ертегі-повесть, фантастикалық әңгіме, фантастикалық повесть, деректі, мемуарлық проза деп тармақталуы да қаламгерлер қауымының жемісті әрекетін көрсетеді. Бұл жылдардағы айтылуға тиіс сипаттардың бірі — аталған кезеңде балалардың әр буынына арналған шығармалардың молаюы. Мәселен, бұрын балабақша жасындағылар үшін жазылған туындылар санаулы болса, бертінде бұларға да назар аударылып, Қ.Толыбаевтың, Қ.Омаровтың т.б. көптеген ертегі, әңгімелері, мысалдары жарық көрді. Сондай-ақ балдырғандар мен жеткіншектерге арналған алуан сипатты шығармалар қатары жаңа туындылармен молықты. Бұрын жасөспірімдерге бағытталған дүниелер көп кездесе бермесе, жаңа кезеңде С.Асылбековтің, Ә.Көпішевтің, М.Сүндетовтің т.б. балалардың ересек буынына қатысты мәселелер көтерген шығармалары көркемдік жаңалықтарымен, бірегей сипаттарымен жұртшылық назарын аударды. Жинақтап айтқанда, 70-80 жылдардағы балалар жазушылары енді балалық шақты, көңілді мектеп өмірін, ауыл тіршілігі мен тұрмысын, жан-жануарларды суреттеумен шектелмей, болмысты кейіпкердің өзіндік адамгершілік мұраттарына орай туындайтын талап-ұмтылыстарымен тығыз бірлікте таразылауға, сұлулық пен сиықсыздық, адамгершілік пен азғындық, адалдық пен қараулық, ізгілік пен қаныпезерлік секілді көптеген эстетикалық-этикалық категорияларды образдар арқылы бейнелеуге күш салды. Сондықтан өмірдің өзекті шындығын бейнелей алмайтын жекелеген кездейсоқ деректер «қызықтылығына» қарамастан көркем шығармаға талғаусыз пайдаланыла бермейтін болды. Қаламгерлеріміздің шеберлік, интеллектуалық деңгейі биіктеп, көркемдік шындық болмысты байыптау мен бейнелеудің өзіндік жүйесіне, өмірдің аналитикалық, образды шежіресіне айналды. Көркем әдебиеттің негізгі зерттеу объектісі– өмір шындығы болса, осы өмір шындығы, адам образы арқылы көрініс табады. Өйткені: «Адам – әдебиеттің жүрегі, адам өмірін бейнелеу – әдебиеттің түбегейлі мақсаты. Дүние-жүзі әдебиетінің бұрын-соңды жасалған оңды үлгілерінен реалистік көркем туындыға үнемі өзек болған адам өмірін, адам образын көреміз. Сондықтан әдебиеттің дүниетанытқыш және тәрбиелік құны адам өмірін қаншалықты толық, терең, нәзік суреттеуімен өлшенбек [4]. Жалпы балалар әдебиетінің қалыптасу, даму тарихын терең зерттеп іргелі еңбектер жазған белгілі академик Ә.Марғұлан, академик-жазушы М.Әуезов, зерттеуші-ғалымдар М.Ғабдуллин, Б.Шалабаев, Ш.Ахметов болса, балалар әдебиетінің жай-күйі Б.Кенжебаев, С.Қирабаев, З.Серікқалиев, Қ.Ергөбек, Б.Ысқақов, Б.Ыбырайым секілді әдебиетші, сыншы-ғалым еңбектерінде әңгіме болып келеді.

70-80-жылдардағы қазақ балалар әңгімесі мен повесінің жекелеген елеулі сыр-сипаттары — ой толғау, ұлттық ерекшелік, көркемдік шындық жасау, адамгершілік мұрат айқындау, образ сомдау принциптері қарастырылды. Мәселен: Қ.Омаровтың «Байтілеу момын», «Байкен арбакеш», «Ұялғаным-ай», «Қорқақ» [5], әңгімелерінде ауыл балалары өмірінен қызықты ситуациялар көркемдік объектіге айналған. Ешкім елемей момын деп жүрген Байтілеудің сын сәттегі шешімталдығы, суға кетіп бара жатқан Қайсарды «кекілінен ұстаған күйі жүзіп» алып шығуы, Байкен арбакештің аңқылдақтығы мен батылдығы балғындарға өмірлік жағдайға, адам табиғатына байсалды, сын көзімен қарауға бастаса, «Айнұрдың көкесі» тәрбиелік сырымен мағыналы.

М.Байғұтовтың «Интернаттың баласы» [6], атты кітабына енген әңгімелері шымырлығымен, бояуы қанық, дараланған характерлерімен, бітім-болмысы айқын образдарымен, қылаудай жасандылығы жоқ, табиғилығымен тартымды. «Варвараның көмбесі», «Дауыстың түсі», «Айып » сияқты әңгімелері өмір көріністерін, түрлі мінез бен тағдыр иелерін бұлжытпай бедерлеген.

Ал Қ.Омаровтың «Қызыл қораз» [5] әңгімесінде, ауылдан қалаға көшіп келген Жеңіс деген баланың көп қабатты үйде қоразды бағуы, ақыры қызыл қораздың басқа бір жер үйге қашып кетуі айтылады. Қораздың ішкені – алдында, ішпегені – артында дегендей қарны тоқ, қамсыз өмір еді. Оны қашуға мәжбүр еткен – өлшеулі, мөлшерлі, аядай ғана қапас. Қапасқа шыдай алмаған қораз ауласы бар үйдегі еркіндікке, алшаңдап адымдайтын, алаңсыз шақыратын қолайлы орынға қашты, бостандыққа ұмтылды. Бала да болса Жеңіс ойлап-ойлап келіп осыны сезеді.

Айтылуға тиіс сипаттардың бірі – аталған кезеңде балалардың әр буынына арналған шығармалардың молаюы. Мәселен, бұрын балабақша жасындағылар үшін жазылған туындылар санаулы болса, бертінде бұларға да назар аударылып, Қ.Омаровтың т.б. көптеген ертегі, әңгімелері, мысалдары жарық көрді.Олар: «Қоңыраулы бесік», «Әке», «Бала балапандар» повесттері. Ондағы кейіпкелер балалар үшін өте ұнамды кейіпкерлер. «Әке» повестіндегі кейіпкерлер Ханбүркіт, Жасқанат, «Бала-балапандардағы Әсем мен Алтынай [7].

Қорыта келгенде, қазақ балалар прозасының ең алғашқы негізін қалаушысы Ыбырый Алтынсарин мен Абай Құнанбаев салған сара жолды балалар әдебиетінің негізгі қаламгерлері тұрақты түрде жалғастырды. Атап айтқанда, олар — М.Мағауин, Т.Нұрмағамбетов, С.Сарғасқаев, Қ.Омаров, М.Байғұтов, М.Дүйсенов, П.Дүйсенбин, С.Асылбеков, М.Гумеров, Р. Әбілқадырова, Н.Дәутаев, Қ.Түменбаевтар болды. Қазақ балалар әңгімесі мен повесінің жекелеген елеулі сыр-сипаттары — ой толғау, ұлттық ерекшелік, көркемдік шындық жасау, адамгершілік мұрат айқындау, образ сомдау принциптері мен қазіргі кезеңдегі балалардың көркемдік қабылдау ерекшеліктері, бүгінгі көркемдік ой тұрғысынан қарастырылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *