АДАМ БОЛМЫСЫ – АҚЫНДАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДА

Назгүл КАТТАБЕКОВА
тарих ғылымдарының кандидаты А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
Туркістан/Қазақстан nkattabekova@mail.ru

Қазақ ақындары шығармашылығы, қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихына үңілгенімізде адам мәселесі, адамгершілік-этика, мораль (ахлах) тақырыбымен сабақтаса өріліп отыратыны байқалады. Адам, адамгершілік, мораль мәселесі қазақ ақындары шығармашылығында сонау жыраулар поэзиясынан желі тартып келе жатқан кең тынысты арна екенін аңғарғандаймыз. Қазақ ақындары, тіпті жыраулық дәуірдегі, тіпті оның арғы жағында көне түркі дәуірі поэзиясының өзінен тұнып тұрған ой-маржандарын, фәлсафаны кезіктіреміз. Бұл ретте философ ғалым, академик Ә.Нысанбаевтың: «Жалпы, Шығыстың бай философиялық және әлеуметтік ойы, оның ішінде қазақ халқының философиялық ойы Батыстағыдай қалыптасқан философиялық жүйелерде емес, поэзияда, фольклорда, музыкада, ауыз әдебиетінде, мифологияда, мақал-мәтелдерде, қанатты сөздерде жатыр. Әлемді, адамды, оның өзін-өзі тануын, тұлғаның өмірдегі орны мен рөлін философиялық және этикалық тұрғыдан жан-жақты зерделеуге айрықша мән беру қазақ философиясының ерекше сипаты болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде қазақ философиясы — шығыстық философиядағы, ең алдымен, толық, рухани жағынан жетілген адам болу рухын қастерлеу мен зерделеу дәстүрін жалғастыра отырып, оны өзіндік мазмұнмен байытқан философия»- [1] деген пікірімен келіспеу мүмкін емес. Бұл ойымызды “Қазіргінің талай елін қайран қалдырған осынау байтақ кеңістікті кернеген поэзиялық әлем,- деп атап көрсетті Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің “Тарих толқынында” атты кітабында, — тек қана сұлулық пен сезімнің шеңберінде шектелмеген. Ол жаңашылдықтың жалынын лаулата да білген. Содан да болар, қазақтың поэзиялық шығармашылығында мейлінше терең танымдық қасиеттер бар. Сондықтан да қазақтың дәстүрлі поэзиясы ұдайы философиямен шендесіп жатады”-[2] деген пкірі де қуаттайды.

Қазақ халқы ғасырлар бойы жазба мәдениеті болмас да өзінің ауызекі өлең-жыр дәстүрімен зор рухани қазына, даналық шығармалар қалдырды.

Терең философиялық мәнге ие қазақ ақындары шығармашылығындағы басты желі – адам, адамның болмысы, пайым-парасаты, кісілік келбеті кестелі өлең ырғағымен өріліп, ғасырлар бойы өз оқырманына рухани нәр беріп келеді.

Көне жыраулар поэзиясы — қазақ әдебиетінің төл туындысы, классикалық үлгісі, далалық, көшпелі тұрмысымыздың, мәдениетіміздің қайнары іспетті бұл жырлардан қазақ даналық ойының мәйегі деп танимыз. Осы орайда кең байтақ қазақ сахарасын аралап шыққан Асан қайғы (Хасан Сәбитұлы) өлеңдеріне үңілер болсақ. Жыраудың көкірегі ояу, көзі ашық, философиялық ой-кешуге бейімдігін аңғарамыз:
Таза мінсіз асыл тас

Су түбінде жатпайды.
Таза мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатпайды.

Су түбінде жатқан тас,-
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз

Шер толқытса шығады».[3] Асан қайғының қайғысы – жеке бастың қайғысы емес. Желмаясын мініп желдіртіп, қазақ сахарасын тұтас аралап шыққан дананың бүгінгі тіршіліктің, ертеңгі ұрпақтың қамын ойлағандықтан туған қайғы. Оның өлеңдерінің негізгі мотиві – халқына жайлы қоныс іздеу. Бақыт мекені «Жерұйғын» іздеу теориясы, т.б. шығармаларынан оның өз заманының көрнекті ақыны, сыншы, ойшылы болғанын айғақтайды.

Асанның қайғысы тек өз заманына қатысты емес, оны қайғыға салып отырған – болашақ туралы болжамдары, халық қайда бара жатыр, ертеңі қандай болады деген күрделі мәселелер. Асан Қайғы – түркі жұртының әйгілі ойшылы Қорқыттың дүниетанымын жалғастырушы.

Шал ақынның (Тілеуке Құлекеұлының) да біршама көңіл бөлген тақырыптарының бірі -ол адам. Адамның болмысы.
Шын ажалым жеткен соң,

Сызықтан мәлім өткен соң.
Айтпасам да жарандар,
Мен де бір күн өлем-ай,- деп толғайды.
Тағы бір өлеңінде:
Ойменен құтылмайсың қашсаң-дағы

Атадан арыстан туып ассаң дағы,
Алладан шыныменен жарлық келсе,

Жұлдыз да жерге түсер аспандағы,- деп дүниенің өткіншілігін айтып оны мәңгілікке, имани құбылысқа меңзейді.[3] Немесе, ақынның мына өлең жолдарына назар салсақ. Бұл жолдардан ақынның адам қоғамда көп жасағандығымен емес, бiлiмiмен, еңбегiмен бағаланады деп ұққанын пайымдаймыз:
Адамды жөн бiлетiн дана деп бiл,

Iстерiн жалқау жанның шала деп бiл.
Құр жасы елулерге келседағы,
Бiлiмсiз сондай жандар бала деп бiл, -дейдi.

Қазақ ақын-жырауларының шығармалары көшпелі болмысты, ата-қоныс, адам, қоғам, сол кездегі әлеуметтік жағдайларға, батырлық, көркемдік, адамгершілік, өмір мәселелеріне байланысты туады және терең мағыналы философиялық ойларға толы. Қазақ поэзиясындағы философиялық бағыттың негізін салушылардың бірі – Шалкиіз жырау Тіленшіұлының шығармасында философиялық ой кешу, жыр толғау әдістері ерекше. Жырау дүниеде тұрақты, мәңгілік ештеңе де жоқ деп тұжырымдайды. Ақтамберді Сарыұлы өз жыр-толғауларында елді ерлікке, бірлікке шақырады. Оның жырларынан қазақ халқының ой-арманы, мақсат-мүдделері, олардың бар болмысы, ерекшеліктері, дүниеге өзіндік көзқарасы аңғарылады. 18 ғасыр жыраулары ішіндегі аса көрнекті тұлға – Бұқар жырау Қалқаманұлы да дүниедегінің барлығы өзгеріске ұшырап отыратындығын атап көрсетеді.[4]

Қазақ философиясының тарихындағы ағартушылық бағыт ұстанған көрнекті ағартушылар Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлының еңбектерінен айрықша көрінді. Қазақ даналық ойының үш алыбының қай-қайсысы болмасын адам дүниетанымының философиялық мәселелерімен шұғылданып, тамаша үлгісін қалдырған. Әсіресе, бұл ретте Абайдың еңбектерін ерекше атап өтуімізге болады. Сонау орта ғасырлардағы сопылық поэзиядан бастау алған (Ахмет Ясауи) «хикметшілдік» даналық ойлар айту дәстүрі Абайдың заманына дейін үзілмей келді. Абай адам болмысын тануда тың да тосын дүниетанымдық ойлар айтты. Адамзатты Алла махаббатпен жаратқан, демек, махаббат адамға дейін болған, Алланың тек өзіне ғана тән құдіреті деп білген Абай Адам мен Алланың арасындағы қатынасты сүю деп атайды. Өзін махаббатпен жаратқан Алласын адамның сүюі парыз. Абай сүюдің үш түрін айтады, олар: Алланы сүю, оның жаратқан кереметі – адамды сүю және хақ жолы деп әділеттілікті сүю. Осы үш сүюді Абай имани гүл дейді. Осы тұжырымдардың негізінде Хакім Абай «толық адам» немесе кемел адам концепциясын жасады. Олар: нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат. Адамды толық ететін – ақыл, жүрек, қайрат. Абай сияқты Шәкәрім Құдайбердіұлы да қазақ елін қалай мәдениетті елдер қатарына қосамын деп талпынады. Шәкәрім Абайдың имани гүл ілімін «Үш анық» кітабында Ар(ұят) туралы ілімге айналдырды[5].

Абай қазақ әдебиетіндегі, жалпы, қазақ руханиятындағы болмысы бөлек дара тұлға. Абай ақын ғана емес, хакім (философ) тұлға. Ол көп қаламгерлер секілді өмірдің бар болмысы мен шындығын көркем бейнелеп қоюмен шектелмеген, өз шығармашылығы арқылы өзіндік танымын, адамгершілік ілімін жасаған ойшыл ақын.

Абайдың толық адам танымы Аристотель, Әл-Фараби негіздеген ақыл, жан, тәннен тұратын адам болмысы туралы тұжырымдарды еске түсіреді. Адам болмысын осы үшеуінсіз я үшеуінің бірінсіз елестету мүмкін емес. Тән Абайдың өзі жазғандай, жанға баспана болу үшін қажет, тәнсіз жан өзінің жасампаздық қызметін атқара алмай қалады. Ал жаны бар тән, дене әлі адам емес, жан-жануар, жәндіктер деңгейіндегі болмыс қана. Жан мен тәнге ақыл қосылғанда ғана адам болмысы пайда болады. Яғни ақыл, қайрат, жүрек немесе ақыл, жан, тән – үшеуімен адам болмысы түгел, толық болады. Тәні мен жаны бар айуаннан адамды биік ететін – ақылы. Сөйтіп, Абай өз өлеңдері мен қарасөздерін көп ізденіп, көп толғанып, байырғы төркінінен тартып ойлы, тамырлы, терең туынды етіп жазған. Нәтижесінде толық адам, жәуәнмәртлік, иманигүл танымдарын жарыққа шығарды. Абай қазақ әдебиетіндегі, жалпы, қазақ руханиятындағы болмысы бөлек дара тұлға. Ол көп қаламгерлер секілді өмірдің бар болмысы мен шындығын көркем бейнелеп қоюмен шектелмеген, өз шығармашылығы арқылы өзіндік танымын, адамгершілік ілімін жасаған ойшыл ақын. Абай шығармашылығындағы толық адам (кемел адам) концепциясы сынды іргелі танымдар абайтанушы ғалым М.Мырзахметұлының зерттеулері ғылыми өріске енді. Ғалым еңбегінің жалғасындай болып, оның шәкірті М.Әліпханның «Қазақ әдебиетіндегі адамгершілік ілімі» атты зерттеу еңбегі жақында ғана «Ұлағат» баспасынан жарық көрді. Абай атындағы Қаз ҰПУ-дің Абайтану ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, доцент М.Әліпханның бұл еңбегін ғылыми орта танымдық мәні зор жаңалық деп қабылдауда. Зерттеуші философиялық мәселенің әдебиет арқылы айтылуының ерекшелігіне де назар аударады. Осы тұрғыдан келгенде автордың философиядағы адам мәселесі, мораль, этика қағидаларын Ж.Баласағұндағы жәуәнмәртлік, А.Иассауидегі хал ілімі, Абайдағы толық адам танымы, Шәкәрімдегі ар білімі, ұждан анығы арқылы қарастыруына жол ашылады. Автор әлемдік ой биігі мен асыл ақиқатқа ізденіп жеткен ғұламалар санаулы ғана, осы руханиятқа қазақ әде-биетінің мақтанышына айналған ақындарымыз да жап-жақсы үлес қосқанын байқауға болады дейді. Ол тұжырымын автор былай жеткізеді: «Мәселен, Абайдың «толық адамы» бұрынғы-соңғы ойшылдардың әр дәуірде қарастырып келген ақыл, жан, тәннен тұратын тұтас адам болмысын ойға оралтады. Ал адам болмысының өзегі – адамгершіліктің негізі мен іргетасын Абай жәуәнмәртлік деп атаса, Аристотель калагогатия түрінде танытқан. Абайдың үш сүюі мен Шәкәрімнің үш анығы адамзат тарихындағы талай ойшылдың зерлі ізденісіне өзек болған. А.Иассауидің хикметтері адам болмысындағы ақыл мен жаннан туындайтын Құдай жолын дәріптеп, тәннен бастау алатын тоң-мойын, топас нәпсінің кесірін әшкерелей жырлауға құрылған. Ал «Құтты білік» дастанын адам мен қоғам, мемлекеттің жетіліп, кемелденуін көздеген практикалық философияның сөз өнеріндегі көрінісі, көшірмесі деуге келеді. Сөйтіп, біз қарастырған Ж.Баласағұн, А.Иассауи, Абай, Шәкәрім ақындар іргелі, абсолютті ақиқатты жырлау арқылы ойшыл ақындар тұғырына қонған таңдаулы тұлғалар. Олар ең биік, ең басты игілік – бақыттың – адамгершілік екенін танып, оны дәстүрлі терең төркінінен тартып әрі жаңашылдықпен жүйелі жырлай білген ақындар. Адамзат үшін ең құнды нәрсе өмір болса, сол өмірді мәнді де сәнді, ал өмір иесі адамды абыройлы да абзал, қадірлі де қасиетті ететін – адамгершілік»[6].Зерттеу еңбегі – адам, адам болмысы, адам болу мен адамгершілік туралы танымдық, тағлымдық мәні зор ойлар қозғайды. Зерттеуден түйгеніміз мына ойлар. Жаратушының бұрынғы-соңғы ойшылдар тұжырымдап, түйіндегеніндей, екі түрлі туындысы бар, олар – Әлем мен Адам. Әлемге барша аспан денелері жатады. Ал адам сол әлемдегі бір ғана дене – Жердегі тіршілік иелері. Сөйтсе де адам әлеммен қатарлас Жаратушының жинақтап келгендегі екі-ақ туындысының бірі. Сократ Абайдың 27-қарасөзіне негіз болған сұхбатында Жаратушының әлемді барша қажетімен түгел, толық етіп жаратқанын айта келіп, бір ғана нәрсені сол әлемге дарытпай сақтап қалғанын, сөй-тіп, оны адамға сыйлағанын айтады. Жаратушының өзгеге бермей, адамға ғана бұйырған артықша әрі аса құнды сыйы – ақыл. Әлем мен адамдар қауымындағы ең киелі, ең биік, ең асыл нәрсе – осы ақыл. Ақыл – Алла, Жаратушы иелігінен жеткен асыл қазына. Жаратушының тағы бір қазынасы – жан ақылдан кейінгі орында тұрады. Себебі, ақыл адамда ғана болса, жан жан-жануарлар мен өсімдік-терде де бар. Ойлап қарасақ, әлем болмысы мен тірлігінде ақыл мен тәртіп, үйлесім бар. Әлем мен ондағы тіршілік иелері күнделікті қолданбалы ақылы болмаған соң, тіршілігінде таңдау жасап жатпай, болмысына Жаратушы дарытқан дайын жолмен ғана жүреді. Ал адам болмысының бағы мен соры қатар көрінеді. Адамның бағы ақылы болса, соры – нәпсі жолын таңдап кетуі. Адам ақылымен хақ, тура жолды ұстанса, нәпсісі арқылы хақ жолынан бұра тартып теріс жолға түседі.

Адам болу мен адамгершілікті сақтаудың қиындығы мен күрделілігі – адам жаратылысының қоспа болмысы мен екі жолдың бірін таңдай алатын еркінің бар болуына байланысты. Сәби, бала кезінде адамның таңдау жасай қоюы қиын. Ақыл-есі кіре келе оң-солын танып, таңдай алатын дәрежеге жетеді. Шамамен «он үште отау иесі» дегендей, кезеңге жетіп, әр адам өз болмысына сай адам болуды ойлай бастайды. Бірақ адам болу кедергісіз даңғыл жол емес, бұл игі әрекеттің қабатында қарсыласып ылғи да нәпсі деген дұшпан жүреді. Адам үшін үлкен жау, зор кедергі – нәпсі. Ойшыл ақын Шәкәрімнің «Нәпсі үйінде байлаулы ынсап жатыр, ер болсаң, босатып ал сол зынданнан» деп жырлауы тегін емес. Ә дегенде нәпсі тәтті, рахат, жайлы көрінеді, әйтсе де ақылы асық, рухы биік адам нәпсіге берілмейді. Адам болу осылайша екі жолдың айырығында ақылы жеңіп, тура жолды таңдау, ұстанумен жүзеге асады. Ал адамдық, адамгершіліктің өзі – ең әуелі жақсылық пен қайырымдылық. Өзінің ғана жағдайын жасап, өзінің ғана қамын жеу айуанға тән болса, адам өзінен басқаның жағдайын жасап, жақсылықты, қайырымды болумен ерекшеленеді. Алла бәрін де жаратқан әрі бәрінің де несібесін беріп жарылқаушы. Ең үлкен қайырымдылық, жақсылық жасаушы – Алла. Алла туындысы – адам да Иесінің жолымен жақсылық жасау жолында болғаны жөн.

Адамгершілік ілімін еуропалықтар этика деп атаса, түркілердегі кісілік қалыбы жәуәнмәртлік делін-ген. Осы жәуәнмәртлік ұғымы тұңғыш рет Абайдың 38-сөзінде кездеседі, ал ол ұғымды ғылыми айналымға енгізген – абайтанушы ғалым М.Мырзахметұлы. Жәуанмәртлік қарапайым тілмен айтқанда қайрымдылық. Қайрымдылық түбі –жомарттықтан негіз тартады. Ойшылдар тәпсірлеуінде қайырымдылық – екі шеткі кемшіліктің орта тұсы. Осы орта тұсты сақтап, қайырымды болу оңай шаруа емес. Таразының бір басына тасын, екінші басына затты қойып, екеуінің дәл тең тұсын табудың қиындығы секілді, жан деңгейіндегі халдің қайырымдылық күйін сақтау да оңай емес. Мысалы, мырза, жомарт болу оның қайырымдылық халін қадағалап, мұқият сақтаумен келеді. Әйтпесе осы жомарттық қайырымдылық шегінен асыңқырап кетсе, ысырапқорлыққа, кеміп кетсе, сараңдыққа ойысып кетеді. Ойшылдар негіздеген қайырымдылықтардың орта тұсы жайлы Шәкәрім өлеңдерінде кездеседі:

«Ат болсын, киім болсын, мінез болсын,
Құба төбел істі қыл жарасымды.
Артық алу,
Не кем салу

Қапы қалу жарамас» [7].

Әлемдік асыл ойдың атасы Аристотель адамзаттың ұмтылып, өмірінде тұтынатын барша игі-ліктерін үш-ақ топқа бөліп, олардың арасынан ақыл мен өзге әр түрлі қайырымдылықтарды бәрінен де артық асыл, биік санаса, Абай да өмірде ұшырасар көп қызық, игіліктер ішінен үшеуін ғана сүюді насихаттады. Хәкім Абай оны Иманигүл деп атағанын жоғарыда да айттық:

«Махаббатпе жаратқан адамзатты
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,

Және хақ жолы деп әділетті» [8]. Ұстазы Абайдың осы теориясын Шәкәрім ақын да өзінше дамытып, адамгершілікті ұждан анығы, ең дұрыс тура жол деп есептеген:

«Әлемдегі діндердің түп мақсұты,
Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:

Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын»[8].

Алла – барша болмыстың бастауы. Алла өзі мәңгілік, жоғалмайтын бар болмыс. Адам да сондай уақытша, өтпелі болмыстың бірі. Яғни Алладан өзгенің бәріне де қиямет күні келеді. Алладан бастау алып, бұйырған өмірі бітіп, қиямет күніне тап болатын адамзаттың осы екі аралықтағы оңды, мәнді, тура жолы – ұждан, яғни адамгершілікті болу дегенді тәпсірлейді Шәкәрім ақын. Шәкәрім Құдайбердіұлының мораль ілімі, «Үш анық» концепциясы жөнінде шәкәрімтанушы ғалым Салтанат Ізтілеуова былай дейді: «Шәкәрім Абайдың «толық адам» концепциясын дамыта отыра «шын таза жан», «түзу адам» концепциясын ұсынады. Ол адам үшін ұждан керек дейді. Ал ұжданды адам өз ісінде ынсапты, әділетті, мейірімді ұстанады. Осы сапаларды ақ жүрек пен адал еңбек нәрлендіріп қозғалысқа түсіреді. Бұл құндылықтар адам бойында біріксе, ол нәпсіні жеңеді. «Айқын» газеті тілшісіне берген сұхбатында ғалым қызық та өрелі ұсыныс-пікір білдірген: «Қазіргі қоғам үшін халыққа Шәкәрімнің «шын таза жан», «түзу адам» концепциясын түсіндіру, насихаттау және тәрбие жұмысының тірегіне айналдыру маңызды. Шәкәрімнің тәрбиелік мұрасын, Абайдың рухани мұрасымен біріктіріп жалпымемлекеттік тәрбие беру концепциясын жасауға әбден болады.. Адам тәрбиесін мемлекеттік мақсат дәрежесіне көтеріп жұмыс істесек, рухани дамыған тұлғаны қалыптастыруға әбден болады. Адамды жөндеу арқылы мемлекетті де, қоғамды да жөндейді. Яғни, Шәкәрім күн тәртібіне қойған «ар ілімін» оқыту, насихаттау және тәрбие жұмысының тірегіне айналдыру қоғамды құтқарады» — деп Абай, Шәкәрімнің рухани мұраларын мемлекеттік идеологияға айналдыруды ұсынады [9].

Қорыта айтқанда, қазақ ақындары шығармашылығында адам мәселесі сонау түрік дәуірі әдебиетінен бастау алып, жыраулар поэзиясында желі тартты. Жыраулар поэзиясының көрнекті өкілдері Асан қайғы, Шалкиіз, Доспамбет, Шал ақын т.б.ақындар шығарамаларының өзегі адам, адамның болмысы, дүниенің өзгермелілігі, ел мен жер тақырыптары болып өріліп отырды. Орта ғасырлық сопылық поэзияның белді өкілдері Ж.Баласағұни, А.Югнаки, Ахмет Ясауидің хикметтерінде адам, иман, мораль тақырыбы дәстүр салды. Қазақ философиясында ағартушылық бағыттағы ойшылдар Шоқан, Ыбырай, Абай шығармаларының басты желісі – адам. Әсіресе, ұлы ойшыл, гуманист хәкім Абай еңбектерінде, оның шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларының арқауы – адам мәселесіне айналды. Бұл тақырыпты далалық даналықтың қос алыбы да биік шыңға шығарып, жетілдіріп, философиялық концепцияға айналдырды. Адам мәселесі
– қазақ ақындары шығармашылығының үзілмес желісі, алтын арқауы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *