Тоты Иманқызы КӨШЕНОВА
филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қазақ филологиясы және журналистика кафедрасы
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ түрік университеті
Түркістан/Қазақстан
Қазақ өдебиетінің тарихында Абайдан кейін ақындық құдіретімен поэзия әлеміне өзінше түр қосып, жаңа өрнек салған, халықтың рухани ғұмырнамасында бай да асыл қасиеттерімен көмкерілген әдеби, тарихи дүниетанымды бойына сіңіріп, келешекке түрлендіре ұсынған Шәкәрім болды. Бұлай болмағы заңды да еді. Шәкәрім өмірінің алғашқы жартысын Абайдай кемеңгер ағаның, ұлы ақынның қасында өткізіп, оның рухани бесігінде тербетіліп, тәлім-төрбиесін алып өссе, өмірінің кейінгі кезеңінде өзі де М.Әуезов сынды болашақ ұлы жазушыға, ғұлама ғалымға рухани аға ұстаз бола білді. Ұстазы Шәкәрім жайлы шәкірт Мұхтар Әуезов «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласында Абайдың өз тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен ақындар туралы айта келіп: «Мұндай ақын — төртеу. Оның екеуі — Ақылбай, Мағауия; Абайдың өз балалары… Қалған екеуі — Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері, Абайдан аталық, ағалық, ұстаздық тәрбие алудан басқа, оның өлең мен қара сөздерін оқушы, әрі таратушы, бағалаушы, тұтынушы…» [1, 244] — деп бағалаған-ды.
Шындығында, Шәкәрімнің ақындық әлемі сан тарау мәселелерді қамтитын, кең де келелі зерттеулер мен пайымдауларды қажет ететін аса ауқымды да арналы тақырып. Бұл мақалада Шәкәрімнің «Ашу мен ынсап» өлеңінің Абай поэзиясымен сабақтастығы жайлы сөз қозғауды мақсат еттік. Туынды 8 тармақпен, 7-8 буынды өлшеммен жазылған.
Ақын «Ашу мен ынсап» өлеңінде шалыс ұйқастың өзгеше өрнегін жасайды. Екі төрт тармақты шумақта жұп тармақтарының дыбыстық сапасының үндестігі, буындар позициясының ұқсастығы бір шумақ етеді. Ұйқас суреті шумақ құрылымының сыртқы сипаты ғана. Сондықтан бұл тармақтарды шумаққа топтауда да тізгін ұйқаста емес секілді. Ішкі логикалық өрістің дамуы мен ой тиянақталуы осы сегіз тармаққа, олардың сабақтасуына орайластырылған.
«Ашу мен ынсап» өлеңінде сегіз тармақтың мағыналық біртұтастығы айқын, сегіз тармақтағы ой бір желіге тартылып, бір бағытта өрбіген. Әрі әр шумақтың мағыналық жігі айқын, логикалық өрісі тұжырымды.
«Білгенімді жазушы ем,
Бекем буып белімді,
Мінін айтып қазушы ем,
Түзетпек боп елімді.
Бұлдарлық ой менде жоқ
Бұған шыққан терімді.
Ұқтырарлық пенде жоқ
Қате басқан жерімді» [2, 47] ,-
Мәселен, алғашқы шумақта ақынның ақ ниеті, шын пейілі, жанашырлығы баяндалса, екінші шумақта елден талабы қайтып, көңілі қалған ақынның торыққан, жасыған, қажыған күйі беріледі. Мысалы,
«Күні-түні ойланып,
Жазудан да жалықтым.
Газет, кітап қолға алып,
Оқудан да талықтым.
Ел тіліме көнбеді,
Жыладым да қамықтым.
Үмітсіздік дендеді,
Зорықтым да шалықтым».
Бұл тармақтарды топтайтын мағыналық бірлік қана емес, ұйқасушы негіздердің грамматикалық параллель қатарлар түзуі, сөйлемдердің, синтаксистік единицалардың құрылымындағы ұқсастық. Дегенмен, бір шумақта шоғырланған тармақтардың синтаксистік сабақтастығын бір жүйеге түсіруі мүмкін емес. Мазмұн мен өлшем талабына орай синтаксистік единицалардың құрылымы түрліше құрылады.
Бір шумақ ішіндегі төрт құрылымның барлығы бірдей синтаксистік қатынаста бола бермейді.
Көбінесе, екі құрылымның синтаксистік сабақтастығы ұқсас болса, өзге екеуінікі бірыңғай болады.
Мәселен,
«Бәріне де хабар сал,
Рақым, Ұят, Ар қайда?
Қаруыңды жиып ал,
Құр ашудан не пайда?
Қайратың мен Сақтығың
Көріне ме маңайда?
Өлше істің ақтығын,
Ынсап бар ма оңайда»[2, 49].
Бұл өлеңнен өзгеше мәдениет, кең өріс, бедерлі өрнек танимыз. Және біздің тілімізде, ұлттық әдебиетімізде Абайдан соң ғана мүмкін болған ірі жетістік. Шәкәрімнің ашу мен ынсап, мораль, адамгершілік туралы толғаныстары ешқашанда уақыт таңдайтын, жас таңдайтын шығарма емес. Абай салған жолды Шәкәрім кеңейте, даңғылдандыра түсті. Ақын туған халқын жарық сәулеге үндеуді Адам бойындағы кеселді құбылыстарды ашады, алға жылжуға бөгесін болған жат қылықтардан аулақ болуды көксейді. Абай уақыттың саяси-әлеуметтік кескін-келбетіне зер салады, замана жайында толғанады. Сондай өлеңнің бірінде, Абай:
«Менсінбеуші ем наданды,
Ақылсыз деп қор тұтып.
Түзетпек едім заманды,
Өзімді тым — ақ зор тұтып» ,-
деп, халқының болашағын ойлайды. Міне, осы ойларды көңіліне терең ұялатқан Шәкәрім:
«Білгенімді жазушы ем,
Бекем буып белімді,
Мінін айтып қазушы ем,
Түзетпек боп елімді.
Бұлдарлық ой менде жоқ
Бұған шыққан терімді.
Ұқтырарлық пенде жоқ
Қате басқан жерімді» [2, 47] ,-
дейді. Шәкәрім бұл 25 шумақтан өрілген өлең-толғанысында сол кездегі адамдардың санасының қараңғылығын былай дейді:
«Айырмайды арасын,
Бұлдыр менен анықтың.
Енді қайда барасың
Түрі мынау халықтың».
Елін тіліне көндіре алмағанына налиды, жаңалыққа үрки қарағандығы үшін жұртына ренжиді, ақыры өз бойындағы «ойы мен қайратын» мұңдаса ақылдасуға шақырады. Айналадағы адамдардың бойында кездесер мешеу мінез, надандық қай заманда да прогресшіл ой-түсінігі бар азаматтарды толғандырумен болған. Шәкәрім сол кемшіліктерді көрумен ғана шектелген жоқ. Өз халқының мүддесін көздеген ақын оның бойындағы кеселдерін жұртқа жариялаушы ғана емес, солардың үкімін жұртқа айтушы да бола білді. «Ашу мен ынсап» өлеңіндегі айтылған ойлар шын мәнінде адамның ой-санасын топастандырып, рухани дамуға тұсау боларлық кемшіліктер. Шәкәрім бұл кемшіліктерді әшкерелеумен қатар өз үкімін де айтады. Басты мақсаты — қоғам мен адам бойындағы кемшілікті әшкерелеу. «Ашу мен ынсап» өлеңінде де келтірілген мысалдар, сыналған кемшіліктер нанымды. Дегенмен, «жартасқа барып, күнде айқай салып» өткен ұлы Абайдың жағдайы Шәкәрімді де айналып өтпейді. Айналасында оң сөзге түсінер қауым жоқ, алға басқан қадамы кері тартады. Жетелеген адамы жігерін құм етеді. Сол шақта ақынның лирикалық қаһарманы бір сәт мұңға да беріледі:
«Бағасы бір халқыма
Жабағы мен мамықтың.
Нанбайды рас антыма,
Қадірі мол танықтың.
Айырмайды арасын
Бұлдыр менен анықтың.
Енді қайда барасың
Түрі мынау халықтың» [2, 47],- деп, тығырыққа тірелгендей, тіршіліктен торыққандай болады. Ұлы Абайда өзінің «Сегіз аяғында» дәл осылайша күңіреніп:
«Ағайын бек көп,
Айтамын ептеп
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым, тап шыным»,- демей ме? «Алайда, ақын жүрегіндегі ерекше күй жеке адамның басындағы боркемік күйзеліс емес, бүкіл халықтың пешенесіндегі трагедиялық хал, қоғамдық мұң. Абайдың мұңы өмірден, шындықтан безген мистика емес, халықтың келешегі, қазақ елінің ел болуы жайындағы ұлы арман, ұлы жаңалық ойдың толқындары еді»[3, 89] ,- дейді профессор Е.Ысмайылов.
Бұл тұрғыдан келгенде, жоғарыда айтылғандай, Шәкәрім Абай ұстазымен тығыз сабақтасып жатыр. Оның өлеңдеріндегі элегиялық сарын да ақынның адам бойындағы күйзелістері мен әрекеттердің түп — тамырына терең үңіліп, қоғамдағы жекелеген құбылыстардың заңдылықтарын айқындап отыруға ұмтылудан тұрған. «Халықтың осының бәрін көрместен бойкүйездік танытып, бидің әділдігіне, олардың кәдімгі патриархалды праволарына сеніп, ескі санадан арыла алмай отырғаны ақынның жанын жегідей жеді»[4, 71] , — дейді М. С. Сильченко.
Абай дәстүрінің ұлағаттылығы мен өміршеңдігі, ең алдымен, ұлы ақынның өз айналасынан көрінуі заңды. «Абайдың өзі тікелей араласып, творчестволық байланыста болған әдеби орта жайлы шындық өз қалпында көрсетілмейінше, ұлы ақын бойындағы ақындық өнердің шешек атып гүлдену процесін көрсетудің өзі екіталай болар еді»,— деген филология ғылымының докторы М. Мырзахметовтың пікірі [5, 271] ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыстың беріктігін аңғартса керек. Осы ортадан тәрбиеленіп өскен, өз шығармашылығына Абайдың реалистік дәстүрін негіз еткен Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы да елеулі маңызы бар қазына екені анық.