Ерден ҚАЖЫБЕК
филология ғылымдарының докторы, профессор Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Алматы/Қазақстан
president@inturcology.org
Географиялық “таластар” толастау қажет.
Отандық тарихымызда орта ғасырдың алғашқы кезеңі адамзаттық, әлемдік өредегі ұлы даңғайыр тұлғаларға өте бай заман болған. Осы орайда, бірден басынан басын ашып алуды қажет ететін маңызды мәселе – бүгінгі жағрафиялық картамызды тарихымыздың әр қилы ұрымтал тұстарына байланысты түрлі өзге тарихи карталарымен салғастыра берудің ешқашан нәтижелі ғылыми тұжырым бермейтіндігі. Мұндай ойдың жосығы, әсіресе, Әл-Фараби − Жүсіп Баласағұн − Қожа Ахмет Йасауи − Абай дәуірлеріне байланысты тақырыптарға ден қойғанда нақтылана түседі. Дәлірек айтсақ, кейбір өзге ұлт және қазақ ғалымдарының ғылыми зерттеу мақсаттары осындай келеңсіз сарындарға ауытқи бастағаны, құптарлық тірлік емес дегіміз келеді. Ұзына бойы тарихымызға көз жүгіртіп көрсек, ата-бабаларымыздың бүкіл ұлы империялары барша маңайдағы туыстас түрік (және түрік емес) тайпа-елдердің басын біріктіріп ірі бірлестіктер күйінде өмір сүргенін көреміз. Басқасын былай қойып, ғұн, карталарына назар салсақ, жеткілікті.
Түптеп келгенде, барша түрік (бұл жерде және бұдан кейін – түркі мағынасында) мемлекеттердің ежелден − түп- (прото-)түрік және тек- (пра-) түрік, байырғы ғұн, көнетүрік қағанаттары, Дешт-і Қыпшақ, Ұлы Түркістан, Алтын (және басқа ордалары) Орда, Осман империясы, бертіндегі Түркістан Республикасы мен Шығыс Түркістан, ж.б. жалпытүріктік құрылымдарда, әрдайым – жері де, мемлекеттік құрылысы да (саяси жүйесі), тілі де (бұл жерде біз әдеби және ресми тілін айтып отырмыз; әлбетте, әр заманға лайық қатар дамыған мол төл халықтық “тілдері”, “диалекттері” болғаны дау тудырмас мәселе), әдет-ғұрып, мәдени кеңістігі де, басқа атрибуттарының бәрі де (біріктірілген салық жинау жүйесі, тұрақты түрде өткізіліп тұратын санақ жұмыстары, қатаң тәртіпке бағындырылған байланыс құру [ежелгі пошта нұсқасы] және түрлі рұқсаттар беру нұсқаулықтары [байырғы кеден түрлері], ж.б.) – міндетті түрде, ортақ жалпыұлттық, жалпыұлыстық сипатта болған.
“Ұлы тұлғалар бір жерде туылып, көп жерде өледі”.
Сейхұн мен Жейхұн – бабамыз өмір сүрген өңірдегі Әму мен Сыр дариялары бағытын өзгертпей сол бұрынғы арнасымен ағып жатқанынына қарамастан – Қорқыт атаның мазарлары Түрікменстанда, Әзірбайжанда, Түркияда да табылып, зиярат орнына айналғаны белгілі. Бұл заңды нәрсе. Осындай фактілерге бола бас ауыртудың қажеті жоқ, керісінше, оларға қуанған абзал. Мысалы, Қожа Ахмет Йассауиді еске алғанда “ұлы тұлғалар бір жерде туылып, көп жерде өледі” деген нақыл сөз ойға оралады. Осы пайымға тоқтаған болсақ, мысал үшін айтайын, мына көрші қырғыздарымызда тағы да бір көне Арыстан баб мазары бар екеніне таңданбауымыз керек.
Ақиқатында, шын ғалымдар осындай фактілерге сүйене әрі сүйсіне ғылыми тұрғыдан қарап, оларды біздің ортақтығымыздың, туыстығымыздың, бірлігіміздің нышаны деп танығаны абзал. Ұлы бабаларымыздың барша ұрпаққа бірдей жақын, бірдей ыстық, бірдей мақтаныш екенін әсте бір сәтке де ұмытпағанымыз – әдістемелік тұрғысынан ең дұрыс жол.
Әл-Фараби.
Әл-Фарабидің «Әл-Мәдина Әл-Фәділ» ─ әділ шәһар, саналы қала қағидаты, ғалымдар егжей-тегжейлі зерттеп жан-жақты дәлелдегендей, ғасырлар өте талай ғұлама ойшылдардың, өркениетті елдердің ең озық ілімпаздардың жетістігіне айналды. Атап айтсақ, ұлы бабамыздың пікірін жалғастырғандар Еуропа өркениетінің интеллектуалдық іргесін қалаған ─ Френсис Бекон, Томас Акуин (Аквинат), Бенедикт Спиноза, Жан-Жак Руссолар…
Ал Шығысқа келсек, былтыр Біріккен Ұлттар ЮНЕСКО деңгейінде мың жылдығы кең тойланған Жүсіп Баласағұннан бастап ─ Қожа Ахмет Йасауи, Ибн-Сина, Ибн әл-Араби, ж.б. ─ бәрі Әл-Фарабидің мұрасынан сусындаған.
Еуропа ренесансының да басты себептерінің бірі ─ әл-Фараби мұрасы екені мамандарға мәлім факт.
Леви Стросс мектебі мен ғылыми бағытының да бастау көзі, ғалымның өз пайымдауы бойынша, ─ ұлы дана бабамыздың іліміне саяды..
Фараби ғылымының артықшылығы – үш басты ерекшілігіне саяды:
а) Құдайға сене әрі құдай сөзіне сүйене зерттеу атқарылған;
ә) Сол заманның бар ғылым түрлері мен оларға қоса – “құпия” (қазір оларды “экстрасенсорикалық”, “парапсихологиялық”, “паранормалдық”, “медитация” ж.б. атайды) ғылымды терең меңгерген;
б) Кешенді зерттеу нәтижесінде ғұлама – ақиқатқа көз жеткізе білген.
Сайып келгенде, әрі-беріден соң, әл-Фарабидің рухани құндылықтарды материалдық дүниеден әлдеқайда жоғары қоятын ұстанымы ─ мирасқор түрік халықтарының, оның ішінде біздің де еліміздің басты принципіне айналғандай.
Мұны қазақ қысқа да нұсқа қайырған формуласы: «Малым ─ жанымның садағасы, жаным ─ арымның садағысы».
Жүсіп Баласағұн және Махмұт Қашғарлы.
Бұл ретте, Жүсіп Баласағұн мен Махмұт Қашғарлы еңбектерін ерекше атаған жөн.
Екеуі де – таза филологиялық еңбектер жазған. Әрқайсысы да өз саласы бойынша ірге қалаушы, бағыт-бағдар сілтеуші қасиеттерге ие туындылар.
Екеуі де, екі автор, бір материалмен жұмыс істеген, іргелес, бірдей немесе бір-біріне жақын көрші өңірлерді аралаған, ортақ ортада өмір сүрген.
Екеуі де сол заманның ғылымы мен білімінің тілі, арабша мен парсышаны терең меңгергеніне қарамастан, біреуі – қазіргі тілмен айтсақ, этнография-жағрафия-этнология-өлкетану-лингво-диалектологиялық сөздігін, екіншісі – энциклопедиялық алып дастанын – тайға таңба басқандай қылып, үлкен, бұрын-соңды дүние жүзінде еш болмаған хәлінде, тәптіштеп жазып, болашақ ұрпаққа өздерінің ана тілінде – туған түркі тілінде сыйлады.
Кезінде Түркияның ұлты татар классик ғалымы Рәшит Рахметі Арат байқағандай, Махмұт Қашғарлы ел мен жерді аралап, талай түрлі тайпаларды сипаттап, мемлекет сыртындағы жапсарлас халықтарға, кең жайылған жағрафияға назарын аударса,
Жүсіп Баласағұн, керісінше, өзі отырған елін, халқы мен мемлекетін сырттан емес, іштен көркем суреттеп, баяндайды.
Үстірт шолу жасап көрген жағдайда, Жүсіп шығармасы, негізінен, ресми ұлық-биліктің мемлекет басқару жүйесіне байланысты жәйттерге арналғандай болып көріну мүмкін.
Сөйте тұра, мұқият зер салған ғалымға оның еңбегінің сол замандағы барша қоғам, түрлі әлеуметтік және этникалық топтар туралы қыруар мол мәлімет бергеніне көз жеткізу қиын емес Жүсіптің еңбегінде “кәміл инсан”, яғни толық, жан-жақты дамыған адам концепциясы және басқа осы типтес бағдарламалы ұстанымдарымен қатар, тағы да әр деңгейдегі түркі әлеміне тікелей байланысты және өте маңызды сан түрлі құнды деректері, әдет-ғұрып, этнографиялык фактілері көрінісін табады.
Атап айтсақ, олар:
оқу міндеті;
білім жолын қуу маңызы;
сауатты жазуды меңгеру және – жәй жазуды емес ! – әсем, көрікті, әдемі жазуды үйрену;
бүкіл [sic! – Е.З.] бар әліпбилерді тану;
бүкіл [sic! – Е.З.] тілдерді білу;
өлең-жыр жаза білу, оны да жәй емес – ең жоғары дәрежеде әсерлі етіп шығару;
шешендік өнерін бойға сіңіру;
математиканы (есеп-қисапты) және геометрияны [sic! – Е.З.] білу;
астрономиядан [sic! – Е.З.] хабардар болу;
медицинаны меңгеру;
түс жоруды, т.б. сол заманға лайық ғылым мен білім салаларын терең білу – осының бәрі өзін сыйлайтын азаматқа парыз деп қорытады Баласағұни. Сонымен бірге, мұнымен шектелмей, түркі өміріне тән аң аулауды, бұған автор қосымша – бүркітпен (құспен) аң аулауды да әдейілеп қосады; ер жігіт міндетті түрде оқ ата білу керек, чөген және шахмат ойындарын шебер ойнауы тиісті дейді.
Осы орайда чөген деп көрсетілген ойын атауына келейік.
Қазіргі заманның ең өркениетті деп саналатын елдерінде, Еуропада “патшалар ермегі” деп аталатын, ағылшын ханзадалары оны “британша әуестену” деп мақтан тұтатын, ақсүйек адамдардың, қалталылардың, аристократияның ең сүйікті ойыны боп есептелетін бұл ойын – кәдімгі “атты поло” екен. Атқа мінген екі топ адамдар қолдарына ұзын сойылшаларын (клюшка) алып футбол ойнағандай болып бір допты қуалап кәдімгідей шауып жүріп ойнайтын ойын.
Қазақ спорт зерттеушілері бұл ойынның түпнұсқасы біздің көкпарға саяды деп жазып жүр. Алайда, бұл қате пікір. Ең ғажабы, осы “атты полоның” айнымаған көне түрі – түрік (түркі мағынасында) сахарасында IX-X ғасырлардың өзінде-ақ кең тарап, барша халықтың жақсы көретін ойынына айналғаны туралы дерек көп. Мұның ең бірінші керемет және бұлтартпас дәлелдерінің бірі – Жүсіп Баласағұнның “Құтадғу білік” ескерткішінде осы ойынды атап көрсеткені болып табылады. Бұл ойын оғыз түріктерде чөген түрінде де, чевган вариантында да әлі күнге дейін жақсы сақталған.
Бір шындықтың басы ашық, түркі халықтарының көкпары да, чөгені де уақыт сұрыптауынан өтіп, ежелгі замандардан бертінге дейін сол қалпында өзгермей жеткен ұлы түрік (түркі мағынасында) мәдениетінің жанға да, тәнге де, сәнге де жарасты, көз тартатын (зрелищный) ұлттық спорт, ойын-сауық түрлері.
Фараби – Баласағұн.
Осы жерде арнайы атап, болашақ зерттеу жоспарларына кірсін деп, баса назар аударғым келіп отырған маңызды проблема – Жүсіп Баласағұн мен әл-Фарабидің өзара дүниетанымдық, рухани, идеялық байланысы туралы.
Қос бабамыздың арасында тығыз байланыс бар екенін, кезінде, жоғарыда аты аталған танымал түрік ғалымы Рәшит Арат жорамалдап айтып көрген еді. “Құтадғу білікті” бастан аяқ оқып шыққан зерттеушіге автордың ісләм әлемінің алғашқы философтарының бірі, әмбебаб ғалым, әрі оның өзінің қандасы Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұрасымен таныс болғаны – еш күмән келтірмес мәселе.
Шынтуайтына келсек, Жүсіп Баласағұн ұлы ұстазының ілімін, дінмен байланысты пәлсапалық қағидаларын, логика қисындары мен дүниетанымдық қағидаттарының (категорияларының) тереңдігі мен жан-жақтылығын – біздерден, мына осы бүгінгі зерттеуші ғалымдардан – әлдеқайда жетік әрі толыққанды білгеніне ешкім дау айта алмас деймін.
Әл-Фарабиді Жүсіп Баласағұн біз сияқты сөздікпен немесе аудармадан оқымаған. Біздерге ұқсап, дінді сырттан бажайлап, тиіп-қашып, еркін бойлай алмай жүрген кейіпте ұққан емес – іштен зерттеп, жүрегімен және зердесімен қабылдап, кәусар бұлақтан сусынын төте қандыруға болмысы мен дайындыгы, өресі толық мұрсат берген. Оған жеткілікті дәлел – қолымыздағы алып шығармасы.
“Құтадғу біліктің” тағы бір ғажап қыры – ол жалпы адамзат қоғамына арналған, адамдардан құралған әр заманғы қоғамға тікелей қатысы бар сипатта жазылған, көкейкесті дүние.
Ойымды сәл ашыңқырай түссем, Жүсіп Баласағұн өзінің уақытын қатты сынға алады. Замандас тұлғаларынан, олардың ой-пікір дәрежесі мен нақты іс-әрекеттерінен қатты қаймығып, ұялып, өкінгенін жасырмай, ашық айтады.
Зарзаманның сарындары іспеттес, пәс, ұсақ, қараңғы пиғылдар шайырды қатты қажытып, ауыр күрсіндіреді. Ұлы ата-бабаларын еске алып ойшыл ақын ағынан жарылады.
“Олардың [ата-бабалардың] нағыз адам болғанына шүбә жоқ қой. Қиыны, солардың қасында мына бүгінгілерді кім деуіміз керек? Оларды да, мейлі, адам қатарына енгізсек, Ата-бабаларымыз олардың жанында періште болмай ма?” – дейді Жүсіп.
Осы сұрақ өткенге де, мына біздің бүгінгі осы заманымызға да қатысы толық бар сияқты емес пе, ағайын.
Қайталап айтайық, Фараби, Жүсіп, Махмұттардың ұлы қасиеті мен артықшылығы – олардың шын мәнінде және толықтай дінге берілгендігінде. Оның есесіне, олар жәй діндарлар емес еді. Олар, шын мәнінде, – сауатты діндарлар, көзі ашық діндарлар, ғалым діндарлар болды. Керек болса, көп ғасырлардан кейін, кезінде Ньютон, Энштейн сияқты құдайға сенген адамдар іспеттес, солардың деңгейіндегі шын діндар болды. Мына біздер (жалпы заман сипаты мағынасында айтып отырмын) сияқты болған жоқ. Шынайы діндар парасаты, Жүсіп Баласағұн айтқандай, “оның жақсылығы – жамағатқа көрсеткен игіліктерімен ғана өлшенбек”. “Адамның асыл мұраты – жақсы атпен, сыйлы-абыройлы болып өлу. Және өлгеннен кейін де, ел ішінде жақсы атты болып қалу” – дейді Жүсіп.
Осындай ғана мақсатты алдына шамшырақ етіп жаққан қоғам мен мемлекет қалаған байлықтарына қол жеткізеді. Біздің, мәңгілікке ұмтылған бағдарламаларымызға да жетіспей тұрғаны осындай сындарлы баптар емес пе…
“Құтадғу білік” екі дүниенің мәнін, адам, қоғам және биліктің арақатынасын, осы үштіктің әр сатысының – пенденің, қоғамның, патшаның уазипалары мен міндеттерін, өлім мен өмірдің мазмұнын, еңбек пен ғылым-білімнің, адалдық пен имандылықтың қасиеттерін егжей-тегжейлі мол мысал келтіре жан-жақты суреттеп сипаттайды.
Осы баға жетпес туындының ата-бабаларымыздың кіндік қаны тамған жерінде жазылғаны бұлтартпас шындық болса да, өкінішке орай, әлі де бұл ғажап феномен-фактіні, біздер, тікелей сабақтасып өрбіген ұрпағы, өзіне тиісті қайтарымын, жан-жақты монографиялық зерттеу деңгейінде, әр сыры мен қырына байланысты арнайы зерттеулер топтамасы түрінде – жеке тілін, сыни нұсқатануын, этнографиясын, жағрафиясын, дінтануын, фәлсафасын, ел басқару ғылымын, этикасын, поэтикасын, тарихын және басқа тақырыптарын, Баласағұн тумасы Жүсіптың өмірбаяны мен оның ортасы туралы жоспарлы әрі жүйелі түрде еңбекті жазуды – түрік мемлекеттер алдындағы, олардың ғалымдары мен зиялы қауымы алдындағы кезек күттірмейтіп міндеті деп білеміз.
Әсіресе, Қазақстан мен қазақ зерттеушілеріне, қырғыз ағайындармен бірге – бұл тікелей перзенттік парызы, дереу ортақтаса қолға алынар ізгі ісі.
Осындай игілікті жұмыстың кішкентай бастамасы іспеттес жәй үстірт, тереңіне бармай-ақ, “Құтадғу біліктің” тіліне ғана аздап, екі тілдік салыстырма жасағандай болып, түрікше мен қазақшаға назарларыңызды аударып көрелік. Кейбір ерекше жақын тартып тұрған тұстары қыпшақтанушы ғалымдарға ой салары айқын. Тіпті, қазақ тілімен (қыпшақ тілдерімен) жақындығы соншалық, сөздердің сыртқы фонетикалық пішімінде де, мағынасында да – арада мың жылдық көне тарих жатса да – туыстығы, тұтастығы, бірлігі, егіздігі айқын менмұндалап тұр.
Атап өтсек, Жүсіп Баласағұнның оғұзша (түрікше, әзірбайжанша, түрікменше, т.т.)
зенгин демей, таза қыпшақша (қазақша, қырғызша, татарша, т.б. деуге әбден болады) бай деуі,
дәл сондай-ақ, кадеһ демей – ыдыс,
чанак демей – аяқ (шыны аяқ мағынасында),
кұрт демей – бөрі,
синек демей – шыбын,
башлык демей – бөрік,
йоксұл демей – шығай,
чок демей – көп,
өтүшмек демей – сайрау,
пынар демей – бұлақ,
кағыт демей – қағаз,
зәлім демей – өктем,
иш демей – жұмыс (йұмұш),
оянық демей – сақ,
жимри демей – сараң,
тедави демей – ота,
ажымак демей – есіркеу және осылар сықылды басқа көптеген, кемінде, мың — бір жарым мыңдық жасы, көнелігі бар мысалдар – қыпшақ тарихи грамматикасы үшін таптырмайтын құнды деректер.
Басқасын былай қойғанда, ерте орта ғасыр деңгейінде айқын көрініс тапқан (бүгінгі “тірі” тілдердегі сыртқы пішіні мен ішкі мазмұнынан айнымаған кейіпте) байырғы қыпшақтық рудименттер, күмән жоқ, белгілі дәрежеде, яғни қомақты түрде, көнетүркілік дәуірде де, одан әрі – түп- (прото-) және тек- (пра-) кезеңдерде де жүйеленіп, реттелгенін осындай дәлелдерге сүйене отырып әбден пайымдауға болатынын назарларыңызға ұсынамыз.
Ең қызығы, төл (таза түрік) сөздердің дыбысталуы мен мағыналық жақындығымен шектелмей, “Құтадғу білікте”, оның есесіне, кейбір кірме сөздердің де транскрипциялануы да бүгінгі қазақ (қыпшақ) тілінің айтылуына өте жақын екенін көріп отырмыз. Яғни сол ерте орта ғасыр тұста дамыған таза мұсылмандық ғылым деңгейі, рух пен парасат-пайым өресі сол кездің адамзат жетістіктерінің ең биік нүктесі болса керек.
Басқасын былай қойып, тек қана мына бір фактіге назар аударып көрейікші. Қожа Ахмет Йасауи Йасы-Түркістан қаласында «Йасауия» тариқатын құрады. Тек қана өзі бар болған кезде ғана емес, бұл мәселеге ерекше ден қоюларыңызды сұраймын, өзі қайтыс болған соң да ең кемінде үш-төрт ғасыр уақыт көлемінде Қожа Ахмет Йасауи аты, оның ілімі, білімі, “Хикметтері” бүкіл Түрік Дүниесінің түкпір-түкпіріне дейін кең тараған.
Атап айтсақ, Қожа Ахмет Йасауи ұлағатты есімі һәм оның мыңдаған шәкірт-мүриттері – Орта (қазіргі Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан мен Тәжікстан) мен Орталық (Алтай Республикасы, Монголия мен Қытайдағы Ішкі Монголия) Азияда, Еділ бойында (Татарстан мен Башқортстан, бірталай көршілес Ресей жері), Қаптауда (Кавказда) орналасқан ноғай, құмық, қарашай-шеркес, малқар, ахыска, әзерилерде, Балқан түріктерінде, Қытай жарымы (Шығыс Түркістан) мен солтүстік Индияда (Бабыр нәсілі мен түрікше білген зиялы үндіс қауым арасында), Иран мен Иракта, қазіргі Ауғаныстан, Мысыр, Сүрия, Палестина, Алдыңғы Азия (Анадолы – Түркия аумағында) әрі Болгария, бұрынғы Югославия жері, Польша мен басқа Еуропа мен Америка (жаңсақтық жоқ, бұл расталған ақпарат) елдерінде – бұл барша аталған өңірде Йасауи беделі мен қадір-қасиеті әрі қалың бұқара халық арасында, әрі (бұл жәйт өте маңызды!) билік иегерлері – патша, хан, сұлтан, қаған, падишахтар арасында үнемі асқақтап тұрған.
Тіпті жер-жаһанды тітіреткен түрік ел басылары өздері жанындағы сопы ұстазына шәкірт-мүрит боламын деп ұмтылып, жан-тәнімен беріліп, өмір бойы ұстаздарын пір тұтып өткен екен.
Қожа Ахмет Йасауи бабасына белгі орнатып зәулім мазар салдырған Әмір Темірдің өзі сүйікті ұстазы Шейіх Мирсейіт Береке жатқан Гүр Әмір кесенесінде аяқ жағына жерленгені осының әдемі бір өрнегі.
Қайталап айтамын, бірнеше ғасыр бойы ондаған ірі-ірі елдерде, мыңдаған шақырымдар кеңістікте, миллиондаған жұрттар мен жүздеген “бір ұрты май, бір ұрты қан” ел тізгінін ұстаған ұлы ұлықтар үшін – баршаға бірдей күмәнсіз пір болу құбылысы – адамзат тарихында ең елеулі оқиғалардың бірі.
Қожа Ахмет Йасауи мүриттері, шәкірт дәріуіштері кең алқап Византия жерін түріктендіруде шешуші рөл атқарғаны тарихтан белгілі.
Олай болса, ата-бабаларымыздың адал рухына тағзым ету толастамаған жағыдайда олардың берген баталары қалған ұрпағына сарқылмас күш-қуат, бітпейтін бақ-береке, аласармайтын заңғар тау, таусылмайтын иман, білім қайнары бола бермек.
Ең ғажабы: Әл-Фараби Жүсіп Баласағұн Қожа Ахмет Йасауи
− ғылыми-сараптамалық ірі зерттеу мақалаларының сериясында,
− жатық жырмен қағазға түскен жан-жақты
энциклопедиялық монографиялық еңбегінде,
− діни, рухи, дүниетанымдық-идеологиялық дастан-
хикметтерінде және Абай-Шәкәрім поэзиясындағы –
Ой-жосығы, концепттік тұжырымдары, категория-пайымдары;
Мұрат-мақсат мазмұны және Талғам таразысы − құндықтар жиынтығы ғажайып жақындықты, сыңарлықты, біртұтастықты танытады, сабақтастықтың менмұндалап тұрған айқын көрінісін, ортақ мазмұндық бірлігін паш етеді.
Ғалам жаратушы Алла тағала сөзіне, Қасиетті Құран Кәрімге негізделген Әбу Насыр әл-Фараби Жүсіп Баласағұн ─ Қожа Ахмет Йасауи ─ Абай өсиеті, ілімінің тұжырымдары кеше де, бүгін де, ертең де өз өзектілігін жоймайды. Керісінше, олардың уақыт өте құны жоғарлай береді, көштүзеушілік қасиетттері молая береді, Адамға ─ Қоғамға ─ Ұлтқа ─ Мемлекетке ─ Адамзатқа пайдасы арта береді.
Айтқанымызды нақтылай түсейік.
Әл-Фараби ─ Жүсіп Баласағұн ─ Қожа Ахмет Йасауи ─ Абай ізденімпаздықты, сауаттылықты, білгірлікті, зеректікті, ақыл мен сананы басты адами құндылықтарға жатқызған. Және де білімнің сенімсіз, рухани өресіз, тәрбиесіз болуын ─ өрескел қателік деп білген.
Әл-Фараби ─ Жүсіп Баласағұн ─ Қожа Ахмет Йасауи ─ Абай пендеге парасаттылық пен инабаттылыққа өмірін бағындыру ─ бақытты болудың тура және жалғыз жолы екенін дәлелдеген. Және жеке тұлға аманшылығын жалпы ортаның, жамағаттың, елінің есендігінен бөле жармаған, біртұтастықта қарастырған. Адам бақытын ─ қоғам бақытымен тікелей байланыстырған. Осы пайымы ─ Түрік Елі мен Ерінің, қазіргі қазақ халқының тапжылмас қағидасы болып күні бүгінге дейін саф күйінде сақталғанын жақсы білеміз.
Бұл модель қоғамға да, жеке тұлғаға да, ұлтқа да, дара мемлекетке де, керек болса ─ бүкіл Әлемге де тікелей қатысы бар әқиқат. Адамның адаммен, қоғамның қоғаммен, елдің елмен қарым-қатынас жасауы ─ осы ұлы заңдылықтарға сүйенеді.
Олай болса, ең алғаш Адамға, Қоғамға, Мемлекетке, Адамзатқа дұрыс даму мен өркендеу бағытын сілтеген, сара жолы мен білім қайнары болған түрік халықтарының ұлы ата-бабалары Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Йасауилерден бастау алып қазақ халқының Абай мен Шәкәрімге дейін “толық адам” ілімі түрінде сақталған ежелден жүйелі, жан-жақты, сабақтас, бір-біріне жалғас, терең ғылыми пайымды, дәлелді, ақиқат парасатына негізделген, ой-жосықты, қисынды баға жетпес құнды мұрамызды зерделеу – келешек зерттеушілердің үлесінде деп үміттенеміз.