Сердар ДАҒЫСТАН
филология ғылымдарының кандидаты,
Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры
Қазақстан/Түркістан
serdar.dagistan@ayu.edu.kz
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғалы бері ғылымның өзекті мәселелерін көтеруде түркітану ғылымы да жаңа дамуларға ие болып келеді. Қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық түркітануорталықтарды құру бойынша бастамасы тарихи маңызды іс болып табылады. Түркі халықтарының ынтымақтастығын нығайтуға, жаһандану үдерісі кезінде рухани мәдениетін жан-жақты дамытуға мүмкіндік туғызады. Осы орайда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігімен құрдас аталатын түркі мәдениетіндегі орны бар Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті де бүгінгі күнде бүкіл түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеп әлемге танытатын білім мен ғылым ордасына айналды.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті 1991 жылы 6-маусымда Қазақстанның түркі халықтарының астанасы болған Түркістан қаласында ең алғаш ашылған халықаралық жоғары оқу орны. Түркі тілдес мемлекеттер арасында халықаралық мәртебеге ие болған білім-ғылым ордасы. Оқу ордамызда әлемнің 32 елінен келген жастар білім алуда. 1992 жылы 1 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Түркия Республикасының Премьер-Министрі Сүлеймен Демирелдің кездесуінде Түркістан мемлекеттік университетіне «халықаралық университет» мәртебесі берілді. 1992 жылғы 31 қазанда Анкарада Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы Үкіметтері арасында осы оқу орнын «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті етіп қайта құру туралы» келісімге қол қойылып, университетімізге түркі дүниесінің ғұлама ғалымы, әрі ойшылы Қожа Ахмет Ясауидің есімі берілді. Қос елдің Президенттерінің университетімізге бұл есімді беруіндегі негізгі мақсаты түркология саласы бойынша ғылыми байланысты кеңейту, осы бағыттағы зерттеулерді дамыту, әлемдік және отандық түркологияның болашағын бағамдау, түркі халықтарының рухани бірлігін нығайту еді. Бұл орайда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркістанды түркі дүниесінің ортақ білім шаңырағына айналдырады» деген пікірін атап көрсетуіміз орынды.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Филология» факультетінде түркітанушы мамандар білім алады. Факультеттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары сапалы мамандар дайындауға, зерттеу жұмыстарының нәтижелері оқу үдерісіне тиімді ықпал етуге бағытталып жүргізіледі. Профессор-оқытушылар құрамы университеттің ғылыми бағдарламасына сай ғылыми-теориялық, практикалық, оқу-әдістемелік жұмыстарын жүргізеді. Қазақ әдебиеті мен тілін шығыс елдерінің тілімен, әдебиетімен салғастыра, салыстыра зерделеу жұмыстарын жүргізуде түркітанушы ғалым М.Балақаевтың дәрісханасы жұмыс жасайды. Ұлттық рухани дүниетанымды арттыру мақсатында Бейсембай Кенжебайұлының Түріктану музейі, университетіміздің Ғылыми кітапханасында ұлы ойшыл Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын жеке оқу залы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Рахманқұл Бердібай атындағы «Түркология» оқу залы жұмыс жасайды.
Сондай-ақ, 1992 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанынан ф.ғ.д., профессор М.Мырзахметұлының бастамасымен «Ясауитану» ғылыми-зерттеу лабораториясы ашылған болатын. Осы лаборатория 1993 жылы ғылыми-зерттеу орталығы, кейін 1995 жылдан Қазақстан халықтарының тарихы мен этнофилология ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылды. 1997–99 жылдары штат санының қысқаруына байланысты коммерциялық негізде «Қазақстан тарихы» бөлімі болып, оны философия ғылымдарының докторы, профессор А.Әбуов басқарды. Ал 2000 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Сенатының шешімі (№4. 23. 06 2000 ж.) және Түркология ғылыми-зерттеу институты туралы бұйрығы (№ 1/661. 18.12.2000 ж.) бойынша «Қазақстан тарихы» бөлімі және «Археология» бөлімі негізінде Түркология ғылыми-зерттеу институты қайта құрылды. Институт директорлығына 2001 жылдың қазан айынан бастап ф.ғ.д., профессор М.Мырзахметұлы келді. Институтта «Тарих», «Ясауитану» және «Түркология» бөлімдері жұмыс істеді. 2003 жылғы қыркүйек айынан 2007 жылғы наурыз айына дейін ф.ғ.д., профессор Ш.Ибраев, 2007 жылы сәуір айынан 2008 жылғы қыркүйек айына дейін т.ғ.д., профессор С.Мадуан, 2008 жылғы қыркүйек айынан 2012 жылғы қыркүйек айына дейін ф.ғ.д., профессор Д.Кенжетай, 2013 жылғы қыркүйек айынан бастап ф.ғ.д., профессор Қ.С.Ергөбек, 2016 ж. сәуір-қазан айы аралығында док., проф., М.Куталмыш директор міндетін атқарды.
Институттың негізгі бағыты — түркі мәдениетінің сабақтастығы: түркі халықтарының дүниетанымы мен тарихын, тілі мен әдебиетін, түркология ғылымының қалыптасу кезеңдерін, археологиялық мәдениеттердің сабақтастығын, тілдік байланыстарды, түркология ғылымының қалыптасу кезеңдерін теориялық-әдістемелік аспектілерін зерттеу.
Институттың алға қойған негізгі қызметтері төмендегідей:
– Гуманитарлық ғылымдар саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу;
– Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін Thomson Reuters және Scopus компанияларының базаларындағы индексі нөлден жоғары импакт-факторлы ғылыми басылымдарда жариялау;
– Ғылыми кеңестің ұсынған проблемаларына байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, өзге де отандық және шетелдік ғылыми орталықтармен өз жұмыстарын үйлестіру;
– Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үрдістеріне басшылық ету, қорытынды нәтижелерін жоғары деңгейге жеткізуге мүмкіндік беретін тиімді әдістемелерін енгізу, ғылыми кадрларды даярлауға, жас ғалымдардың ғылыми-шығармашылық жағынан өсіп, жетілуіне тұрақты түрде көңіл бөлу;
– Институттың алдына қойған маңызды проблемалары бойынша пікірталас ұйымдастырып, конференция, конгресс, семинарлар және кеңестер өткізіп тұру;
– Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесін насихаттау мақсатында еңбектерді топтап, қажет дегендерін бастырып, таратып отыру;
– Шетелдік іргелі ғылыми-зерттеу институттарымен байланыс орнату, түркологияға қатысты қолжазбалар мен материалдарды орталыққа алдыру, Институт архив қорында сақталған араб-парсы, қазақ тілдерінде жазылған қолжазбалармен жұмыс жүргізу; шағатай, араб, парсы тілдеріндегі көне қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптардың ғылыми сипаттамасын дайындау және оларды зерттеу нысанына айналдыру;
– Институт ғылыми-зерттеу жұмыстарын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етіп, экспедиция мен жолсапар қаржысымен қамтамасыз ету;
– Түркі халықтарының мәдениеті мен әдебиеті, тарихы мен этнографиясы, тілі, діні, фольклорлық туындылары мен шежіресін, қоғам және өнер қайраткерлерінің рухани мұраларын жинақтау, насихаттау, оларды бүгінгі заман талабына сай қарастыру, түркі халықтарының болмыстық, рухани т.б. барлық құндылықтарын кешенді түрде зерттеу;
– Әлем түркологтарының басын қосу мақсатында және бүгінгі таңдағы түркологияның өзекті мәселелерін айқындап отыру үшін Халықаралық Түркология конгресін 2 жылда бір рет өткізіп тұру;
– Екі айда 1 рет шығатын халықаралық Түркология журналын үзбей шығарып отыру, журналды импакт-факторлы журнал деңгейіне шығару;
– Халықаралық, республикалық, аймақтық ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, өз зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен таныстырып отыру;
Әлемдік түркологтардың басын қосу мақсатында және бүгінгі таңдағы түркологияның өзекті мәселелерін айқындап отыру үшін Түркология ғылыми-зерттеу институты Халықаралық Түркология конгресін 2 жылда бір рет өткізіп тұрады. Бүгінге дейін Түркология ҒЗИ 7 конгресс өткізді:
2002 жылдың 9–11 қазан айында «Қазіргі заманғы түркология ғылымының өзекті мәселелері және алдағы міндеттері» атты І Халықаралық Түркология конгресі ұйымдастырылды. Оған әлемнің көптеген елдерінен екі жүзге жуық ғалымдары қатысқан.
2004 жылдың 6–9 қазан аралығында «Қазіргі заманғы түркология: теория, практика, перспектива» атты ІІ Халықаралық Түркология конгресін өткізіп, конгресс материалдары жинақ болып басылып шықты. Конгреске шетелдік және отандық түркологтардан жүз жетпіс ғалым қатысып баяндама жасаған.
2009 жылғы 18–20 мамыр аралығында «Бүгінгі түркологияның өзекті мәселелері мен келешегі (ортақ тіл, тарих және әліппе)» тақырыбымен өткен ІІІ Халықаралық Түркология конгресіне жүзден аса түрколог-ғалымдар қатысты.
Осы конгресс аясында түркологияның қазіргі өзекті мәселелері, түркі халықтарының тарихы, әдебиеті мен тілі әлемдік рухани-мәдени құндылықтар аясында салыстырмалы тұрғыдан жан-жақты зерттелуде. Конгреске қатысушы ғалымдармен тұрақты түрде байланыс орнатылып, алдағы міндеттерді бірлесіп қолға алу мәселесі жолға қойылды.
2011 жылдың 13-14 мамырында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ІV Халықаралық Түркология конгресі өтті. Бұл конгрестің негізгі бағыты түркология саласын дамыту жолында мейлінше жас ғалымдарды көбірек тарту мақсаты көзделді. Түркология ғылымының дамуы үшін жаңа көзқарастар мен жаңаша ойлауды қалыптастыру үшін жұмыс жасалуы қажеттілігі көтерілді. Конгреске жиырмадан астам елден жүз оннан астам ғалымдар қатысып баяндама жасады.
2013 жылдың 19-20 сәуірінде «Мәдени ықпалдастық және өркениеттер бірлігі» атты V Халықаралық Түркология конгреске дүниежүзінің 16 елінен 120 баяндамашы қатысты. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Монғолия, Иран, Сирия, Кипр, Ресейдегі түркі халықтары мен Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Түркіменстан, Грузия, Болгария секілді елден келген ғалымдар қазіргі түркологияның өзекті мәселелері жайында өз толғаныстарымен бөлісті. Конгрестің қорытынды қарарында «Түркология» журналын келешекте импакт-факторлы журналға айналдыру, түркологиялық конгрестің аясын кеңейтіп, түркі халықтарының мәдениетіндегі ортақ мәселелерді біргелікте шешу мәселесі де талқыға түсті. Сонымен бірге келешекте осы салада атқарылар міндеттер де жан-жақты сөз болды.
2015 жылдың 23-24 қазан аралығында «Түркі тілдері тарихындағы аударма мәселесі» тақырыбында өткен VІ конгреске АҚШ, Германия, Кипр, Түркия, Босния, Иран, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен ғалымдар қатысты. Сондай-ақ, ғылыми жиынға елімізден белгілі қоғам қайраткерлері құрметті қонақ ретінде келді. Олар: Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Дербісәлі Әбсаттар қажы Бағысбайұлы, Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Абжанов Хангелді Махмутович, Халық жазушысы, ақын Шаханов Мұхтар Шаханұлы қатысты.
Түркология ғылыми-зерттеу институтында 2002 жылғы қазан айынан бастап тұрақты түрде екі айда 1 рет Халықаралық «Түркология» журналы басылып шығады. Журнал 2003 жылғы мамыр айынан бастап Париж қаласындағы халықаралық ISSN орталығында (ISSN 1727-060) және ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің мерзімді баспасөз басылымы және ақпараттық агенттігінде (Куәлік № 55-97-Ж 18.ІІ.2005 ж.) тіркелген. Онда отандық түркологтармен қатар алыс, жақын шетелдердегі түрколог-ғалымдардың ғылыми мақалалары 4 тілде – қазақ, орыс, түрік және ағылшын тілдерінде басылады. Мақалалар негізінен түркі халықтарының мәдениеті мен діні, тілі мен әдебиеті, фольклоры, тарихы, мәдениеті, өркениеті, этнографиясын бүгінгі заман талабына сай қарастыру, қазіргі түркі халықтарының арғы тарихын, көне түркі тілінің қалыптасып, дамуын, көне түркі этногенезін, түркі тілдес халықтарының шығу тегін, жалпы айтқанда, түркі халықтарын кешенді түрде зерттеуге арналған. Түркия, Ресей, Түркменстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолияның түрколог-ғалымдары мақалаларын жіберіп отырады.
Қазіргі уақыт талабына сай түркітанудың өзекті мәселелерімен ғылыми тұрғыдан айналысуға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің материалдық, ғылыми базасы жеткілікті. Келешекте «Түркология» журналын жоғары деңгейге көтеру жоспарға енгізілді. Бұл журналды беделді журналдар қатарына қосу арқылы институт мәртебесін көтеруге болады.
Нарық заңы қатал, қазіргі таңда ғылыми идеяларды да қажеттілікке жарату қажет, бұл есептен бөлек нарықтың заңдылығына сай қосымша тағы да көптеген ізденістерді табуды қажет етеді. Ол үшін институт ғалымдарының деңгейін көтеруді де қолға алған дұрыс.
Біріншіден институтта жұмыс істейтін ғалым жылына бір рет өзінің жазған мақалаларының кемінде біреуін халықаралық дәрежедегі импакт-факторлы журналдарға жолдауы қажет.
Екіншіден шетелде өтетін ғылыми конференцияларға қатысып, өзіңнің ғылым саласындағы ізденістеріңді шетелдік ғалымдармен өткен жарыссөзде баяндама жасауы, шетелдік әріптестерімен байланыста болуы керек. Бұл өзің қызмет етіп жатқан институттың абыройын жоғары көтеру үшін қосымша жарнама рөлін де атқаратын болады. Яғни, бұл екі фактор да жылдық есеп берген кезде ғалымның рейтингісіне әсер етеді, баллдық көрсеткіш бойынша жағынан жоғары есепке ие болатын маңызды көрсеткіштер қатарына жатқызылады.
Үшіншіден қазіргі таңда көптеген шетелдік қорлар өздерін толғандырған ғылыми салаларға арнап арнайы гранттық конкурстар жариялап жатады. Олардан бөлек көптеген дамыған елдердің университеттері де бірлескен ғылыми жобаларды қаржыландыруға әзір екендіктерін жарнамалайтыны белгілі. Осыған орай Түркология институтының ғалымдары да осындай бірлескен ғылыми жобаларды жеңіп алатындай қабілетке ие болулары шарт. Яғни, келешекте сырттан қаржы көзін таба алатын, отандық және шетелдік инвесторлармен жұмыс істей білетін қабілетті ғалымдарды қалыптастыру замана талабына жатады.
Бесіншіден әрбір ғалым өзі жеңген гранттық жобалармен жұмыс жасау барысында өзі зерттеп жатқан саласының мықты маманына айналумен қатар сол салада өз мектебін қалыптастыра алатындай деңгейде болуы қажет. Өзі тәрбиелеген шәкірттерімен бірлесе жұмыс жасай отырып, кез-келген шетелдік зерттеуші-маман, ірі ғылыми орталықтардың өзі белгілі түрколог-ғалымның қалыптастырып кеткен мектебімен санасатындай дәрежеге көтеріле алуы үшін бар қабілетін көрсетуге міндетті. Сондай жағдайда ғана Түркістанда жұмыс істеп жатқан Түркология ғылыми-зерттеу институты қалыптастырған ғылыми іргелі мектептердің іргетасы берік қаланатын болады, әрі ондай деңгейдегі ғалымдармен жұмыс жасауға көптеген мекемелердің өзі қызығушылық танытатын дәрежеге көтеріледі. Көптеген шетелдік мекемелердің өзі осы институт ғалымдарымен біргелікте жұмыс жасауға мүдделі болады. Бұл өз кезегінде институт шығарған продукцияның отандық және шетелдік оқырмандарға кеңінен таралуына жол ашылады.
Қазіргі таңда университет басшылары ғылыми-зерттеу институттарын оңтайландыру, өз бетінше әрекет етуге, сыртқы байланыстарды мейлінше дамытуға әрі ғылыми мекемелердің жаңа талапқа сай қайта жабдықталуына баса көңіл аударып отыр. Келешекте институтқа қойылған талапқа сай әрбір ғылыми мекемеде тек қана директор мен бір менеджер және бухгалтерге ғана айлық қарастырылады, қалған ғалымдар ғылыми мекеменің жұмысын жандандыруы үшін облыстық, республикалық және халықаралық жобалық гранттарға қатысып сырттан қаржы түсіруге жұмыс жасайды. Сол арқылы әрбір ғалым ғылыми мекемеге қосымша қаржы алып келуі тиіс. Бұл өз кезегінде институттың жұмыс істеу механизмі тек сырттан келетін қаржы көздеріне байланысты болатындығын көрсетеді. Гранты бар ғалымдарға ғана яғни, институтта тек қана нарық заңына икемделген, өз идеясын сыртқы спонсорларға өткізе алатын, қаржы көзін таба алатын әрі ғылыми потенциалын жарнамалай алатын пайдалы ғалымдар үшін ғана институттың есігі ашық болатындығын білдіреді.