Қасым-Жомарт Тоқаев

Ел қуатты болса, қуа­ныш тұрақты болады. Ғасырларды уа­қыт ұр­шығында иір­ген мың­жылдықтар тоғы­сында Ұлы дала төсінде жаңа тұрпатты жас мемле­кет құрылды. Атасы Алаш, керегесі ағаш қа­зақ­тың зар заманда жо­ғалтқан құндылықтары қайтарылды, бары бү­тінделді, азаттықпен бірге сәулелі сәттерге толы шуақ­ты шежіресі түзіле бас­тады. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті Осы бір мерейлі миссияны орындау мемлекетіміздің негізін қалаушы ұлы перзенті, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маң­дайына жазыл­ғаны – әлемде аумағы жағынан алып елдердің алғашқы ондығына енетін, ұлан-байтақ жерінің асты да, үсті де табиғи ресурстарға бай, кешегі Кеңес Одағынан ірге бөліп шыққан кезде қолында жалын атқан от қаруы бар стратегиялық маңызы зор елге уақыттың өзі сыйлаған ерекше бағы. «Ақылды басшы алдырмас» деген, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары әлем картасында орын алған тектоникалық үлкен сая­си өзге­ріс­тердің салмағын саралай отырып, Қазақстанның ұлттық мүд­­десін сыналап енгізе білген Ел­басы осы бір отыз жыл­дың ішін­де жас мемлекетті әлемнің дамыған 30 елінің қа­тарына қосу мақсатымен көш бастады. Көшіміз көлікті болды. Ұлтымызда «Бас болмақ оңай, бастамақ қиын» деген сөз бар. Бұл орайда Қазақстан – қалыптасқан қоғамдық құрылыстар ауысқан алмағайып кезеңде кемеңгер басшысын таба білген ел. Тарих жолы тақтайдай тегіс, түзу бола бермейді. Бұрылысы мен қалтарысы жиі кездесетін дәуірдің сыншысы да көп. Ал нақты әрі батыл іс-әрекетке бара алатын адам­дар сирек. Мұндай тұлғалар та­рих­ты түзеді, жаңа заманды алға жетелейді. Міне, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы – осындай айрықша ерік-жі­герімен ертеңгі көкжиекке батыл қарай білген бірегей реформатор, әлем мойындаған мемлекет қайраткері! Ол – тәуелсіз елдің төл тарихын өз қолымен жасаған тегеу­рінді тұлға! Елбасымыз әлем­­нің ең азулы елдерінің басшылары мен саяси қайраткерлері құрмет тұтатын биік­ке көтеріліп, еліміз халықаралық қоғам­дастықтың белді де беделді мүшесіне ай­налды. Бұл – күрмеуі қиын күр­делі кездерде халықты ауызбір­шілік пен татулыққа жұмыл­дырып, ескі түсініктен нарықтық қоғам­ға өт­кізген және әлемдік экономи­ка­ның белсенді қатысушысына айнал­дырған Нұрсұлтан Назарбаев феномені. Менің Елбасын алғаш көр­геніме де 35 жылдың жүзі болып­ты. Нұрсұлтан Әбішұлы 1985 жыл­дың қыркүйегінде Қазақ КСР Ми­нистрлер Кеңесінің Төрағасы кезінде Қытайға келген еді. Ол кезде елшілікте жұмыс істейтінмін. Сон­да Үкімет басшысының қы­тай­лық­тар­мен келіссөздер барысында бай­қалған мол біліміне, тоталитаризм тұсын­да қа­лып­тасқан жайлар жөніндегі батыл ойларына, сөзінің жүйелілігіне бәрі­міз қатты разы болғанбыз. Елшілік қызмет­керлерімен бас-аяғы екі жарым сағатқа созылған бейресми әңгімеден кейін бас қос­қанымызда мен әріптестеріме қарап: «Те­гінде, біз Қазақстанның болашақ бас­шы­сымен сөйлескен шығармыз» дедім. Арада бес жыл өткенде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бас­­шы­лығына келді. Қазақстанның Тұңғыш Прези­дентінің тәуелсіздік таңындағы алғашқы кадрлық шешімдерінің бірі менің де тағдырымды ай­қын­дап берді. «Беласу» атты кіта­бымда: «Бұл үлкен жүректі адам менің қабілетіме сенді, сенді де оны өзім туып-өскен Қазақ­стан игі­лігі үшін аямай жұмсауыма жол ашты» деп жазған болатынмын. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хат­­шы­­сының орынбасары бол­ған жылдарымда әлемге әйгілі саясат­кер­лердің Нұрсұлтан Назарбаевқа биік ба­ға берген сөздерін талай ес­­­ті­­дім. Халқымыз үшін мерей­лен­дім. Елдің Президентіне ғана емес, емірен­ген етене перзентіне айнала білген Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев қара­пайым еңбек адам­дарының отбасында дүниеге келді, қазақ мектебінде білім алды, еңбек жолының бастауында шойын қоры­тып шыңдалды. Өзі туып-өс­кен Алатаудың асқақ шың­дарын­дай асқаралы арманына ерте қол созды. Жастайынан жұрттың жа­йын ойлады, өзі де домбыра шер­тіп, халық мұрасын жақсы білген­діктен, зиялы қауымға жақын болды. Ұйымдастырушылық қабі­леті мен еңбекке деген ерен сүйіс­пен­шілігі жас жетекшіні басқару жүйесінің ең биік шыңына алып келді. 1989 жылы маусым айында ол Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­тетінің бірінші хат­шысы болды, ал 1990 жылы сәуір айында Жоғарғы Кеңес оны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті етіп сайлады. Осылайша, сол кез­дегі әлемдік геосаясаттағы ең ықпалды елдің бірі саналатын КСРО көлеміндегі ең жас әрі ықпалды басшы ретінде көзге түсті.

Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/31783/
© e-history.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *