АЙТБАЙҰЛЫ Ө.
филология ғылымының докторы, профессор,
ҰҒА-ның академигі, А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері,
Халықаралық «Қазақ Тілі» қоғамының президенті
Алматы/Қазақстан
«Йоллығ қаған, Йамы қаған, Бұмын қаған үч қаған олурмыс. Екі йуз йил олурмыс…». Ел-етміш Білге Турайын қағанның біздің заманымыздың 753-ші жылы орнатқан Теркін тас ұстынының ең бірінші жолына осылай деп мәңгілікке қашалып жазылған асыл сөз 1300 жылдан бері Көктүріктер Қағанатының атажұртында әлі күнге дейін желдің өтінде қасқайып бізге қарап тұр. Бұл Иоллығ, Яама, Бұмын қаған әулетінің 200 жыл, яки 544-744 жылдары ел билеп, айбынды мемлекет, Қағанат-империя құрғанының мәңгілік айғағы. Ал сол заманның «Күлтегін» жазбасындағы «Барлығы 25 рет жорық жасап, 13 рет соғыстық. Тізеліні бүктірдік, басы барды жүгіндірдік», «Інім Күлтегін екеуміз ақылдастық. Әкеміз, ағамыз құрған халықтың аты өшпесін деп түрік халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым» немесе «Жалаңаш халықты тонды, кедей халықты бай қылдым. Аз халықты мол қылдым» деген жолдарын дәп қазір Тәуелсіз Қазақстанның мектеп табалдырығын тарыдай болып аттап кіріп, таудай болып шығатын әрбір жас өрені білмек керек. Осыдан ширек ғасыр бұрын мұндай асқақ мұратты, асыл рухты, ғұмыры мәңгілік жорық жырлары мынадай биік мінберден оқылмайтын; оны көпке естіртіп, дауыстап айтудың өзі мұң болатын[1]. Ал бүгінде сол мәңгілік «Күлтегін» жыры ана тілімізде былайша төгіледі:
«Алтай тауым
Бесік болып тербеткен,
Жарқылдаған от пен
Сарқыраған судың ішінде
Ержеткен –
Көк тәңірінің оғландары
Бүкіл түрік жұртының
Арландары мен қабыландары,
Бумын қаған мен
Істемі қаған атқа қонды.
Елімді ел етемін деп,
Жерімді көгертемін деп
Оттай асау,
Оқтай ұшқыр
Атқа қонды».
«Түрік халқының аты
Құмға сіңген судай
Құрымасын деп,
Асып тұрған айбыны
Шөптей жұлынбасын деп
Әкемді қаған,
Шешемді
Ханша еткен Тәңірі
Мені де қаған етті.
Мен
Атағы асқақтап жатқан
Елге
Қаған болғам жоқ;
Байлыққа батпақтап жатқан
Елге
Қаған болғам жоқ.
Мен
Киерге тоны жоқ,
Ішерге асы жоқ,
Шығатын жолы жоқ
Жәутік елге қаған болдым.
Інім Күлтегін екеуміз
Әкеміз бен ағамыз
Ел еткен елді,
Жер еткен жерді
Сақтап қаламыз деп
Түнде ұйықтамадық,
Күндіз отырмадық.
Қызыл қанымызды төктік,
Қара терімізді жүгірттік.
Сеңдердей сатырладық,
Сарыаяздай сақылдадық.
Күлтегін екеуміз
Өліп-өшіп жүріп,
Дұшпанның қанын
Белуардан кешіп жүріп
Елді – қайтадан
Ел еттік,
Жерді – қайтадан
Жер еттік.
Елімді
Суға батырмадым,
Отқа күйдірмедім.
Ешкімге
Бастарын идірмедім!
Азды көп қылдым,
Кедейді бай еттім.
Қазаным құтқа толды,
Ел-жұртым бұтқа толды».
(Жырдың еркін әдеби нұсқасын жасаған ақын Темірхан Медетбек).
Ресми күнпарағымыздың өрмегін өзгерткен биылғы жыл еліміз үшін ерекше оқиғаларымен есте қалатын жыл болмақ. Оның ең бастысы – Елбасы бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығы мемлекеттік өреде еліміздің барлық өңірінде кең көлемде аталып өтуі. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде ауқымды-ауқымды талай шаралар атқарылып, аталып өтіп жатыр ғой. Ал Қазақ мемлекеттілігінің бастауы болған Қазақ хандығының атаулы күнінің арнайы мерекеленуі – ерекше мәнді, ишаралық нышаны бар құбылыс болды деп білеміз. Сондықтан осы орайлы сәтті пайдалана отырып, баршаңызды осынау атаулы мерекемен және тойланып өткен ең ұлық, жалғыз да дара мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен тағы да бір құттықтауға рұқсат етіңіздер!
Адамзаттың өркениет тарихын қарап отырсақ, бүгінде іргелі мемлекет болып отырған азулы елдердің өзінің мемлекет ретінде ұйысып, іргесін бекіткендері бертінде ғана. Ғұн, Сақ, Көк түріктер дәуірінен тартып, жарты әлемге билігін жүргізген Алтын Орданың тікелей мұрагері ретінде он бесінші ғасырда оңаша отау – Қазақ хандығының шаңырағын көтерген Қазақ елінің бұл тарихи мерейтойын атап өтуіміз қандай жарасымды болды.
Әлбетте, кез келген мемлекеттің негізгі өзегін құрайтын, табан тірер тұғыры болатын басты-басты белгілері бар. Мемлекеттілік мәселесін зерттейтін ғалымдар олардың қатарына елдің біртұтас жерін, ортақ тілін, қорған болар қуат-әскерін, рухани өзек – дінін жатқызады.
Мен осы мәселеге «Халықаралық Қазақ тілі қоғамының» төрағасы райында, тілші ғалым ретінде Қазақ хандығының мемлекеттілігін нығайтқан, күш-қуатын арттырған қазақ тілі тұрғысынан келсем деймін.
«Дүние дүние болғалы баршаның бастауында СӨЗ тұрмақ!». Иә, адам баласын алға оздырған, адамды Адам қылған осы СӨЗ, оның ТІЛІ емес пе?!.
Адамзаттың сөз-лебізі, қандай да бір ұлт пен ұлыстың тілі – ешқашан қайталанбайтын, бір жоғалса орны толмас, қайтып орнына келмес, теңдесі жоқ дара құбылыс, феномен! Сөзі жоғалмаған жұрттың өзі жоғалмайды. Сөзі, тілі мәңгілік елдің – ғұмыры мәңгілік!
Бір қуанышымыз һәм мақтанымыз – қазақ тілінің тылсым тарихы тым тұңғиық тереңде, Адам затының жаратылуымен, жер-жаһанда саналы тіршіліктің орнығуымен бірге жасасып келе жатыр десек, тым асыра айтқанымыз емес. Бүгінгі өркениетті дәуірдің айқындаған барша ілім-білімінде, жер бетіндегі ең көне саналатын жазбалардың қай-қайсысында да қазақ тілінің, оның ата тілі мен баба тілінің із-сорабы, тарих шаңына көмілген, кілтін тапқан талаптыға жарқырай көрінер жауһар пішім-порымы бар.
Біз ілкі сөзімізді елін, жерін һәм тілін сүйетін әрбір Алаш азаматының көкірегіне нұр, рух боп құйылар, баршамыздың көкейіміздегі арман-мұратымызды тап басып тасқа таңбалаған, сонау адамзат өркениетінің балғын кезіндегі V-VІІІ ғасырлардан оның шексізге қол созған мәңгілік көкжиегіндегі 25-ші, 50-ші, 100-ші … ғасырларындағы ұрпақтарына аманаттаған өшпес мәңгілік жыр жолдарымен бастаған едік. Ғылым тілінде оларды «руналық жазу», яғни құпия жазу деп атайды. Көне түркі тілінің бар болмысын, грамматикасы мен сөздік қорын алақанға салғандай жарқырата көрсеткен, Орхон мен Енесай һәм Талас бойынан табылған (ал алып Еуразия кеңістігінде олардың жойылған, сақталмағаны қаншама!!!) бұл мұраларды 1893 жылы 25 қараша күні дат ғалымы Вильгельм Томсен кілтін тауып, сол жылдың 15 желтоқсанында Дания Корольдық Ғылым академиясының Алқа жиынында баяндағанша және заманының ұлы түрколог ғалымы В.В.Радлов 1894 жылы 19 қаңтар күні Петербургте Ресей Ғылым академиясының ғалымдары алдында жария етіп, оқып шыққанға дейін кімдер оған таласып, кімдер иелік етпеді десеңізші?!. Орыстар, финн халқы, тіптен алыс аралдағы ағылшындарға дейін оны өзінің төл мұрасы деп жариялау жолында жарғақ құлақтары жастыққа тимей, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Тас жазудан әлемді таңғалдырған «Тәңірі», «Түрік» сөздерінің оқып-танылуы олардың өркениетті, өзгені отарлау жолымен мәдени кембағалдықтан құтқарамыз деген астамшылық кеудесін су сепкендей басып, есеңгіретіп тастады…
Иә, 550 жылдық жанкешті тарих… Осы айтулы датаны ұлықтау барысында біздер, әсіресе қоғамдық ғылым саласындағы қазақ ғалымдары тындырғанымыздан гөрі әлі атқарарымыз, қолға алар шаруаларымыздың шаш етектен екеніне көзіміз жетті. Бүгінгі таңда сырттан біреу келіп, біздің тіліміз бен тарихымызды, мідениетіміз бен өнерімізді зерттеп, ұшпаққа шығармасы анық. Сол себепті ғасырлап, 500 жылдап, мың-мың жылдап төл тарихымыздың, өркениет көшіндегі жүріп өткен жолдарымыздың тылсым сырларын ашу біздің қасиетті борышымыз. Және оны айқындап, аршып қана қоймай, орта және жоғары оқу орындарының оқулықтарына енгізу, ақиқатты қағидатқа айналдыру ісін жеделдету – бүгінгі жаһандану заманының заңды талабы.
Біздің ғалымдарымыз, әсіресе шекараның арғы бетіндегі қытайтанушы қандас әріптестеріміз соңғы онжылдықтарда көне Қытай жазбаларына сүйене отырып Ғұн империясы (б.з.б. 318 – б.з. 581 жж.) мен Үйсін Елі тарихын жүйеледі. Десекте өзіміз туған топырақтан табылған Алтын киімді адамдарымызды ту етіп көтергенімізбен ертеден бері ғылымда орныққан евроцентристік, тіптен үнді-евроцентристік ағымның жалауы іспетті – «сақтар иран тектес халық, олар иран тілінде сөйлеген» деген ешбір дәйек-дәлелі болмаса да әбден санаға сіңген тозығы жеткен көзқарас-пікірлерден құтыла алмай-ақ келеміз. Тілші ғалымдар, оның ішінде «Қазақ тілі» қоғамының белсенді оқымыстылары хатқа түскен көне ономастикалық атауларды (жер-су аттары мен кісі, ру-тайпа есімдері) зерттеп, зерделеу арқылы мұндай саяси-әлеуметтік маңызы жоғары әрі өте күрделі ғылыми мәселелердің түйінін тарқатуда өз үлестерін қоспақшы.
Әрине, бір баяндамада мыңдаған жылдық тарих-тағдыры бар Қазақ тілінің бастан кешкен қилы баспалдақтарын бажайлап шығу оңай емес. Бұл жерде біздің басты айтпағымыз – замана талабы, ширек ғасырлық соқпалы, соқтықпалы Тәуелсіздік жолымызды даңғылға айналдыру, зиялы қауым мойнындағы аманат жүкті, қарыз-парызды Қоғам боп жұмыла көтеру. Аяққа тұсау, ауызға қақпақ болған өткен замандағы тоқшылық-баршылықты аңсай бермей, жалғыз орыс тілі мен оның артық-кемісті ілім-біліміне ғана арқа сүйемей, әлем айдынан, ғаламат мүмкіндігі бар ғаламтордан өзімізге өте қажетті, ділгір інжу-маржанды ақпаратты сүзіп алып, мемлекеттік тілде балабақшадан бастап, орта мектепте өскелек ұрпақ бойына елім-жерім, тілім-ділім, мәдениетім мен өнерім деп еміреніп тұратын парасатты патриоттық қасиет, алашшыл азаматтых рух қалыптастыру.
Осы орайда ұлт десе, ұлтшылдық десе аза бойы қаза болатын кешегі кеңестік идеологияның қазақ қоғамтану ғылымының жолын кескен, бесігінде тұншықтырған зардап-зомбылығына бір мысал келтіре кетпекпін. Біз, лингвист ғалымдар көп уақыт қазақтың әдеби тілі – ұлы Абайдан басталады деп келдік. Осындай келте пікірді концепцияға айналдырушылар біздің қадірменді ұстаздарымыз еді. Әрине, олардың жалған сөйлеуіне, бұқпантайлануына заманы, кешегі кеңестік тар кезеңнің шаш ал десе, бас алатын коммунистік идеологиясы кінәлі еді. Тіптен бір классик ақынымыздың шаршы топтың алдында: «Мен совет өкіметінен арғы жерге аяқ баспаймын», – дегенін де жұртшылық ұмыта қойған жоқ шығар.
Сол қысаң кезеңнің өзінде уақыт, қатал саясаттан қаймықпай «Қазақтың әдеби тілі Абайдан басталмайды. Халық бар жерде оның мемлекеті болады. Мемлекеті бар жерде оның мемлекеттік тілі болады. Ол тілде халық сөйлейді, әдебиет жасайды, сырт елдермен қарым-қатынасқа түседі. Қазақ тілі Қазақ хандығы тұсында мемлекеттік қарым-қатынас тілі ретінде сараланған» – деп тың теория-пікір ұсынған проф. ұстаз Бейсембай Кенжебаев болатын[2]. Замана талабы дегеннен шығады, 1960 жылдары біз басымыздан «Жылымық кезеңі» деген дәуірді өткізген болатынбыз. Қазақ үшін уақыт баяғыдай жылжып аққандай боп көрінгенімен, ғылым-техника жетістіктері, космосты игеру, қоғамдық ғылымдардағы сапалық секірістер, әлемдік ақыл-ой, парасаттың жаңа құндылықтарды талдап-таңдауы дүниені өзгертпей, алға сүйремей тұра алмады. Осы толқынға үн қосқан қайсар қазақ, проф. Б.Кенжебаев Асан қайғы, Сыпыра жыраудың аттарын атап, Қазақ хандығының азаматтық тарихы, әдебиеті, қастерлі тілі – тұтас руханияты жайында мәселе көтерді. Азаматтық тарихымызды әрі қарай хандық дәуірі, тіпті Түрік қағанатына дейін ілгерілетейік деді. Бұл, жоғарыда айтылғандай, сол кезде шетелдік, тіптен орыс қоғамдық ғылымында әбден орныға бастаған тұжырым болатын. Әйтседе, көзіміз көрді, есітіп біліп жүрдік, ұстазымыз проф. Бейсенбай Кенжебаев ұлтшыл, алашордашыл аталып, есекке теріс мінгізілді. Қанша теперіш көрсе де Бейсекең пікірінен қайтпады. Ақыры замана тоңы жіби келе оның ой-пікірлері мойындалды, бастамаларына жол ашылды. Хандық дәуірді азаматтық тарихымызға, руханият тарихына кіргізу үшін күрескен М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Е.Бекмаханов сынды ұлы тұлғаларымызды мынадай тарихи сәтте еске алып, рухына бас иіп, тағзым етіп жүргеніміз абзал!
XV ғасыр – еліміздің тарихына орасан зор өзгерістер әкелген дәуір болды. Соның ішінде біз үшін ең ерекшесі – Қазақ хандығының құрылуы. Бұл ғасырдың орта шенінде Әбілқайыр хан ішкі-тысқы қиыншылықтар шырмауынан шыға алмай, елге тізесі бата бастаған тұста, оның қарамағындағы Керей хан мен Жәнібек хан Әбілхайырға наразы жұрттың көбін бастап шығысқа – Шу өзені бойына қоныс аударды. Осы кезде батыстағы Ноғай хандығы мен шығыстағы Моғолстан жеріне дейінгі кең- байтақ өңірде қоныстанған халық негізінен қазақ тайпалары болатын.
Бұған дейін төрт тарапқа бағынып келген қазақ тайпалары Қазақ хандығының арқасында бас біріктіріп, топтаса бастады. Бұл кезеңдегі ең үлкен жеңіс осы еді. Алаш Алаш болғалы Қазақ жеке-дара шаңырақ көтеріп, тарих сахнасында Қазақ мемлекеті пайда болды. Хандық құрған мемлекеттің ішкі-сыртқы мәселелерін реттеу үшін оның заңы, жарғысы, тәртіп жүйесі жасалуы керек. Ал мұның бәрі белгілі бір ұғым мен пайым-парасатқа тіреледі. Яғни әр мемлекеттің өз тілі болмақ. Тілсіз хандық қалай құрылмақ, тәйірі. Қазақ хандығы дәуіріне тән тілдік дерек, құжаттар аса көп бола қоймағанымен сол дәуірлерден жалғасқан ауыз әдебиет үлгілері, батырлар жыры, халық ертегілері және сан алуан дауылпаз жыраулардың, билер мен шешендердің сөз саптауынан қазақ тілінің қандай дәрежеде болғанын шамалауға болады. Қорқыт, Асан қайғы, Шалкиіз, Қазтуған, Төле би, Қазбек би, Әйтеке би, т.б. ұлыларымыз қалдырған мұралардан қазақ сөзінің ішкі рухани қуатын, мазмұн-мәнін бағамдаймыз. Осы ұлы тұлғалардың бір өкілін сөйлетіп көрудің реті бар сияқты.
Жәңгірдің баласы Тәукенің қазақтарға хан болған кезі. Уақытында Тәукенің беделі алыс-жақын елдердің бәріне мәлім болған екен. Оның мықтылығын бізге жеткен мына бір әңгімеден анық байқаймыз. Ол кезінде орыс патшасы Бірінші Петрге: «Менің башқұрттарыма тиісуші болма» деп хат жазады. Петр патша башқұрларға тиісуін тоқтатады. Сондай-ақ ноғай бауырларды тықсыра бастағанда «Оларға тиісуші болма» деп тағы да хатын жолдайды. Осыдан-ақ орыс патшасы Петрдың Тәуке ханмен санасып отырғанын көреміз.
Ол қазақ арасынан қалмай келе жатқан алауыздықты жойып, рулардың басын біріктіре түсті, қуат күшін мығымдады. Жоңғарлармен қарым-қатынасты жақсарту үшін Тәуке хан бір жолы Жоңғар ордасына Ғалдан Серенге елші жібереді. Елшілік басшысы Тайкелтір екен. Ол қалмақ ханы алдында көсіліп сөйлей алмайды:
Өлеңді өзгеге бердік,
Өрлікті төленге бердік,
Алдияр тақсыр, алдыңа келдік.
Берсең алдық,
Бермесең қалдық,
Сөзді өзіңе салдық, – деп тақпақ айтқандай елпелектейді. Қалмақ ханы Тайкелтірдің төменшіктей сөйлегеніне мерейі тасып:
– Олай болса, кешке дейін жауап қайтарармын, жауап қайтпаса, ат-тонның амандығында елдеріңе қайтқандарың теріс болмас, – деп сөзді кесіп тастайды. Сонда есік жақта елеусіз отырған жас Қазыбек орнынан атып тұрып, ханға жетіп барады да:
– Ерден ердің несі артық,
Ептестірген сөзі артық.
Малдан малдың несі артық,
Бір-ақ асым еті артық.
Жерден жердің несі артық,
Бір-ақ уыс шөбі артық.
Міндетке алған сөзден
Шегінген жігіттен аштан
Өлген аюдың өті артық, – дейді де. – Ел ебелек емес, ер кебенек емес, дат! – дейді. Сонда хан:
– Өй, өзің жөніңді айтшы, атың кім? – депті.
– Атым Қазыбек, әкем Келдібек, халқым қазақ.
– Дауысың қаз дауысындай қаңқылдап тұр екен, ал датыңды айтшы, – депті хан. Сонда Қазыбек:
– Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.
Сен қалмақ та, біз қазақ, қарпысқалы келгенбіз.Сен темір де, мен көмір, еріткелі келгенмін. Екі еліктің баласын, теліткелі келгенмін. Танымайтын жат елге, танысқалы келгенмін. Танысуға көнбесең, Шабысқалы келгенмін. Сен қабылан, мен арыстан, алысқалы келгенмін. Жаңа үйреткен жас тұлпар, жарысқалы келгенмін. Тұтқыр сары желіммін, жабысқалы келгенмін. Берсең жөндеп бітіміңді айт, бермесең тұрысатын жеріңді айт!
Осынау уытты да отты сөзден қалжырап қалған хан:
– Өзің сөз құдіретін білетін бала екенсің, отырған жерің қандай төмен еді, бері қасыма келші – дейді елпектеп.
Сонда Қазыбек: – Біздің қазақ әдетінде жасына қарай отырып, жағына қарай сөз сөйлей береді, өзімнен үлкен ағаларым төрде отырса, маған төбеде отырғанмен бірдей, – деп жалт бұрылып, орнына барып отырған екен[3].
Мен бұл үзіндіні бабаларымыздың қазақ сөзін қалайша құдіреттендіре білгенін байқату үшін еске алдым.
Бір ғажабы – ол кезеңде жауласқан бұл екі халық бірінің тілін бірі ешбір тілмашсыз-ақ түсінген түрі бар. Және сөздің мәні мен қуатын ұққандығы – соншама уәжге тоқтай білген. Қазақ сөзі, міне, осылайша ғасырдан ғасырға ұласа дамып біздің дәуірге жетті.
Ақиқатында қай заманда да құрылған хандықтың қолданған негізгі құралы тіл болған. Тіл болғанда да қазақ тілі болған. Бұл тілдің әу бастан иесі – сол хандықтардың құрылуына сеп болған қаңлы, қыпшақ, алшын, арғын, найман, қоңырат, керей, жалайыр т.б. ру-тайпалар сөйлеген тіл. Осы тайпалардың басын біріктіріп хандық құруға жеткізген осы тіл – қазақ тілі. Бұл хандық дәуірден әлдеқайда бұрын қолданыста болған тіл.
Қазақ тілінің дамып, қалыптасып, өркендеуіне әйгілі ақын-жыраулардың, би-шешендердің өлең жырлары, толғауларының ықпалы орасан зор болды.
XV-XVIII ғасырда өмір сүрген Асан қайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Жиембет, Марқасақа, Ақтамберді, Тәттіқара, Үмбетей, Бұқар жырау, Көтеш ақын, Шал ақындардың өлең-толғаулары болмаса біз ол дәуірлердегі қазақ тілінің қадір-қасиетін танып біле алмас едік. Бұлардың әрқайсысының сөз саптаулары, тіл қолданысы арқылы хандық дәуір болмысын айнықтесіз анықтай аламыз.
Қазақ хандығы дәуіріндегі өлең-толғаулар мен эпос-жырлардың негізгі тақырыбы – жаугершілік, ел-жер қорғау. Хандықты, жерді сақтап қалу басты міндет болған. Мұны Ш.Уәлихановтың «XV-XVIII ғасырларда азаматы аттан түспеген қан жосыған жылдар болды» деуі тегін емес. Сол кездегі сөз қолданысты саралап қарасаңыз, ұрыс-соғысқа қатысты жеке сөздер, сөз тіркестері жиі кездеседі. Киім-кешек, қару-жарақ, құрал-жабдық атаулары да тілдік деректерден хабар береді.
Жаугершілікке қатысты қимыл-әрекеттерді атайтын, сондай-ақ олардың орындалу амалдарын білдіретін сөздер көп. Мысалы: ту астында тұру (әскер қатарына келу), немесе соғысқа аттану дегенді білдіретін тұлпар мініп ту ұстау, тұтқынға түсуді пенде болу тәрізділер жыраулар поэзиясына тән қолданыстар. Мұның бәрі хандық дәуірде де қолданылғанымен, әдеби тіл одан әлдеқайда бұрын, жоғарыда ескерткеніміздей, пайда болып дамыған.
Дегенмен қазақ тілінің хандықты жариялау тұсындағы қызметі ерекше болғанын білеміз. Хандықтың тілге қызметі тіпті ерекше. Ең алдымен Хандық сол кездегі қазақ тілін сақтап, әрі қарай дамуына мүмкіндік жасады.
Қазақ Хандары сөз өнерінің иелері – жыраулар мен ақындарды бағалаған. Оларды өздеріне ақылшы, көмекші (сұрқылтайы) етіп отырған. Мәселен, Абылай хан Бұқар жырауды, Әділ хан Түбек жырауды ақылшы етеді. Ал XIX ғасырда Тезек төре Сүйінбайды «Сұрқылтайым менің деп отырған». Мұндағы сұрқылтай сөзі Шыңғыс хан заманынан бері келе жатқан ескі сөз. Бәлкім моңғолдар қолданысындағы сөз.
Осынау хандық дәуір барысындағы сөз қолданысын әңгімелей отырып, осыдан үш ғасыр бұрын елдің болашағын болжап күңіренген Мөңке би бабамыздың сөз саптауына да назар аударғанды жөн көрдім:
Қараңыз:
Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішінен шынтақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бежірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады.
Домалақ-домалақ түймедей дәрің болады,
Жастарға билігі жүрмейтін кәрің болады.
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен алып түсетін інің болады.
Ала шұбар тілің болады,
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады.
Бұхараны құм алады,
Төрткүлді су алады.
Халықтың қанын сорған надандар болады,
Қабағын түйіп қайыр тілейтін адамдар болады.
Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады,
Ит пен мысықтай ырылдасқан,
Еркек пен қатының болады.
Сарылып келіп тосасың,
Құны жоқ қағазды шашасың,
Осындай көресіні көресің
Көріп барып өлесің.
Сондықтан Қазақ хандығын сөз еткенде бұл хандықтың қазақ әдеби тіліне көрсеткен қызметі мен ықпалы өте жоғары болған деп бағалаймыз. Бұл дәуірдің тіл мұрасын түбегейлі зерттейтін кезең енді келді.
Жалпы билік, мемлекеттік құрылым табиғаты өте күрделі құбылыс ғой. Біздіңше, Қазақ хандығында: саяси элита – төре-сұлтандар; әскери элита – батырлар; кеңесші топ – би-шешендер, т.с.с. тұрақты институттар болған. Сөзді, сөз арқылы тілді қаузап отырған біздер үшін ең маңыздысы – осы би-шешендер мұрасы.
Көбік сөзден гөрі нақты іс-әрекет, игілікті шаруаны қолға алуды мақсат тұтқан «Қазақ тілі» қоғамы еліміздің әр өңірі, облысы бойынша ауқымды шара – өткен дәуірлердің рухани мұрасын жан-жақты, ең бастысы – заманауи тұрғыда, әлемдік деңгейде «Ұлттың ұлы мәдени-рухани құндылықтары» тақырыбында зерттеп, зерделеп, насихаттауды қолға ала бастады. Әзірше төрт тақырып бойынша облыстық әкімдермен келіссөздер жүршізілуде, оның екеуі бойынша өзара ынтымақтастық меморандумы жасалып, жұмыс басталып кетті. Осы орайда, мен ол мегажобалардың тақырыбын ғана айтып, сіздерді таныстыра кетпекпін:
1.Қожа Ахмет Яссауи ілімі – ұлағатты ұлттық ұстаным ұстыны.
2.Сыр бойы – Қорқыттан бастау алған жыраулық дәстүр эпицентрі.
3.Асан Қайғы – Мөңке би – Сырым батыр – Ұлы Дала ойшылдары.
4.Қазақ тілін асқақтатқан айтыс өнері: Сүйінбай мен Жамбыл.
Және осы тақырыптарға қосымша «Ноғайлы дәуірінің ақын- жыраулары», «Қырымның қырық батыры» жыры», күй және ән, сал-сері т.б. болашақта атұқарылар жобалар да бар.
Енді аз сөз «Ел саны және Елбасы» тақырыбы төңірегінде болмақ. Жақында бас газетіміз – «Егемен Қазақстан» бірінші бетінде сүйінші сұрап, Қазақстан халқының саны – 17 млн-ға жеткенін хабарлады.
Бізге қазір ең керегі – қазақтың санын көбейту. Және оның бәрі жанымен қазақ болуы. Ешкімге жалтақтамай балабақшаларды 100 пайыз мемлекеттік тілде білім беретін орын жасау – өз қолымызда тұрған шаруа. Сонда ғана біз – алға қойған мақсатты – орта мектеп қабырғасында әрі мемлекеттік тілді, әрі үш тілді түпкілікті біліп шығатын ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Сондай-ақ біршама уақыт тоқырап қалған қандастарымыздың көші-қоны қайта жалғасын табатыны үлкен қуаныш. Елбасына рахмет. Бұл да қазақтың санын көбейтудің, елімізді қазақыландырудың басты жолы.
Сөз соңында айтарым:
Болашағынан үміті бар мемлекет өткенін бағалап, келешегін болжайды, соған жетуге ұмтылады. Осы мақсатта Елбасымыз заманында Ұлы Далада Ұлы қағанаттар құрған, бастыны иілдірген, тізеліні жүгіндірген, Көк аспан мен Қара жер арасындағы халыққа билігін жүргізген Күлтегін, Бумын қағандардың «Мәңгілік ел» құру аңсарын алға шығарды. Алла алқап, аруақ жебесе, бұған да қол жетеріне сенім кәміл. Мәңгілік елдің ғана мемлекеттік тілі мәңгілік болмақ. Мәңгілік тілі бар ғана ұлт ғана Мәңгілік ел туралы армандамақ.