Б.Қ. ОМАР
филология ғылымдарының кандидаты, доцент Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты
Шымкент/Қазақстан
Етістік категориясын танып, оны меңгеру мен меңгерту барысында шешімі қиындық туғызатын мәселелер баршылық. Соның бірі – көмекші етістікке байланысты. Көмекші етістік табиғаты, әсіресе оның грамматикалық семантикасы толық әрі түбегейлі зерттелді дей алмаймыз. Оның грамматикалық семантикасы мен түрлену жүйесіндегі, функционалді қызметіндегі зерттеуге сұранып тұрған мәселелер әлі де жеткілікті. Көмекші етістік функционалді көмекшілер тобына жатады. Бірде толық мағыналы етістік қызметінде қолданылса, бірде көмекші сөз қызметінде жұмсалатын мұндай етістіктер жалпы етістік тобында үлкен орын алады. Мысалы, мен орындыққа отырдым деген мысалдағы етістік отырдым не істедім? деген сұраққа жауап беріп, сөйлемнің дербес мүшесі қызметін атқарып толық мағыналы сөз ретінде қолданылып тұрса, мен үйге қарай жүріп отырдым деген сөйлемдегі отырдым етістігінде бірінші сөйлемдегідей отыру қимылы жоқ, мұндағы негізгі қимыл жүр етістігінде. Отыр етістігі көсемше тұлғалы жүр етістігінің жетегінде келіп, жүру қимылының созылыңқылығын білдіретіндей мән жамап тұр.
Сонымен көмекші етістік деп өзінің лексикалық мағынасынан кейде жартылай, кейде бүтіндей айырылып, өзі тіркескен негізгі етістікке әр түрлі грамматикалық мағына үстеп, негізгі етістікпен қосылып оның грамматикалық сипатын, атап айтқанда, іс-әрекет қимылдың орындалу барысындағы нәзік мағыналық реңкін, қызметін, түрленуін білдіретін етістікті айтамыз деген анықтамалар көптеген зерттеуші ғалымдар еңбегінде айтылады.
Түркітаным тарихында көмекші сөздер аз зерттелмеген. Қазақ тіліндегі көмекші етістіктер табиғаты морфологиялық бағытта біршама зерттелгенімен, оның аналитикалық етістік құрамындағы қызметі, бірде жетекші, бірде көмекші етістік болып жұмсалуы, сан түрлі семантикалық реңктерді білдіруі төңірегінде зерттеуге сұранып тұрған мәселелер баршылық. Соның бірі – көмекші етістіктің аналитикалық етістік құрамындағы бай грамматикалық семантикасы.
Өткен ғасырдың орталарында түркі тілдерінде көмекші етістіктер әртүрлі бағытта зерттелінді. Бір топ ғалымдар, Ы.Маманов, А.Хожиев, С.Акбаров сынды ғалымдар тарапынан көмекші етістіктерді жеке алып, олардың мағынасы мен тұлғалық ерекшелігін сөз етеді. Ал И.Ұйықбаев, А.И.Харисовтар көмекші етістіктерді сипат категориясымен байланысты қарастырса, А.А.Юлдашев, А.Ысқақов, Н.Оралбай, М.Оразов т.б. ғалымдар тарапынан көмекші етістіктер аналитикалық етістік құрамында аналитикалық формантпен байланыстыра зерттелінді. Шындығында, көмекші етістіктердің саны аз болғанымен, тілімізде атқаратын қызметі орасан зор. Олардың көмегі арқасында, мағыналары қаншалықты олқы бола тұрса да, мағынасы толық, дербес сөз арқылы білдіре алмайтын неше алуан, өте нәзік семантикалық, грамматикалық абстракты мағыналар жасалып я беріліп отырады. Мысалы, шаршап кеттім және шаршап қалдым, итеріп жіберді және итеріп тастады, айта салдым және айта қойдым, жығылып кете жаздадым және жығылып қала жаздады деген етістіктердің бір-бірінен ерекшеленетін нәзік реңк мәндерін тек көмекші етістіктердің жетекші етістіктерге үстейтін мағыналарынан ғана ажырата аламыз. Мысалы, Қабағын түйіп, екі көзі жалт етіп, жақтырмай қарағаны болмаса, Абай Майбасардай ағаға қатаң жауап айта алмады. Оспан екі аяғын тайдың қос қолтығына тығып ап, шалқалап жатып алды деген сөйлемдердегі айта алмады, жатып алды аналитикалық формалы етістіктер істі істеушінің айту, жату қимылын орындай алатын, не орындай алмайтын қабілеті, мүмкіндігі бар не жоқ екендігін көрсетеді. Бұл мүмкіндік мәні -а -ал, -ып -ал аналитикалық форманты арқылы беріліп тұр. Аталған мағынаны –а және -ал; -ып және ал форманты жеке тұрып бере алмас еді. Демек, көмекші етістіктің аналитикалық етістік құрамындағы қызметі де, мағынасы да, қолданылуы да, аналитикалық формантпен байланысты. Қазақ тілшілері тңілімізде отызға тарта көмекші етістіктер бар деп есептейді [1, 2, 3, 4, 5]. Қазақ тілінде көмекші етістіктер Ы.Мамановтың 1966 жылы жарық көрген еңбегінде сөздік мағынасын бірде сақтап, бірде сақтамай қолданылатынын айта келіп, созылыңқы және аяқталған сипатпен байланыстыра түсіндіреді [1,56-78]. А.Ысқақовтың ЖОО арналған морфология оқулығынан аналитикалық етістік, аналитикалық форма, аналитикалық формант, көмекші етістік пен аналитикалық формант, көмекші етістіктің түрлері және олардың аналитикалық етістік жасаудағы орны жайлы толық мағлұмат алуға болады [2, 240-259].
Аналитикалық етістік, аналитикалық формант мәселесін өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Н.Оралбаева өз зерттеулеріне арқау етті. Оның екі бірдей еңбегі осы тақырыпқа, аналитикалық формалы етістікке арналған. Сондай-ақ ғалым қазақ тілінде есім сөздердің де аналитикалық формасы бар екенін, оның әлі зерттелмей жатқанын айтады [3, 4]. Қазақ тіл білімінде етістік семантикасын алғаш зерттеген ғалым М.Оразов көмекші сөздерге, соның ішінде көмекші етістіктерге арнайы тоқталып, көмекші етістікті мағынасына қарай: 1)амалдың өту сипатын білдіретін; 2)рай категориясымен байланысты қолданылатын; 3)модаль мағынасын білдіретін көмекші етістіктер деп үш топқа бөліп және етістіктерді морфологиялық түрлену үлгісіне қарай толымды көмекші және толымсыз көмекші етістік деп қарастырады [5, 48-49]. Көмекші етістіктің қалыптасып, қолданылуы, білдіретін грамматикалық семантикасы тек аналитикалық етістікпен, аналитикалық формантпен байланысты. Көмекші етістіктер аналитикалық формант құрамында қолданылғанда, түрлі грамматикалық мағыналарды білдіреді. Атап айтсақ, амал-әрекеттің орындалуының мезгіл-мезетін, шалағайлығын, созалаңдығын, асығыстығы мен жайбарақаттығын, қайталануын, сылбырлығы мен ширақтығын, созылыңқылығын, тосындығын білдіретіндей көптеген мағыналық реңк үстейді. Қазақ тіліндегі аналитикалық етістік мәселесі, ондағы көмекші етістіктердің орны С.Маралбаева, А.Алтаева, Ж.Масалиева, М.С.Жолшаевалардың зерттеулеріне де арқау болған [6, 7, 8, 9]. Жалпы түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде әрі толық мағыналы, әрі көмекші етістік қызметінде өте жиі қолданылатын отыр, тұр, жүр, жатыр қалып етістіктері. Қазақ тілшілерінен А.Ысқақов аталған төрт етістіктің көмекші болғандағы семантикалық реңктері жетекші етістік пен көмекші етістіктің араларындағы дәнекерлерге де байланыстылығы, қарап отыр мен қарай отырдың семантикалық дәрежелерінің бірдей еместігін айта келіп, -п тұр, -й тұр; -п жүр, -й жүр; -п отыр; -п жатыр, -й жатыр сияқты аналитикалық формант құрамындағы айырмашылықтарын көрсетеді. Ең алдымен, бұл төрт етістік (отыр, тұр, жүр, жатыр) өзді-өздіне тән түпкілікті лексикалық мағыналарын толық сақтап, барлық парадигмалық (морфемалық) формаларда түрленіп, дербес синтаксистік қызметін түгел атқарып отыратын негізгі етістік есебінде де (ат қорада тұр, сіз жүре беріңіз, сәби бесікте жатыр, үлкендер есік алдында отыр) сонымен бірге бұл етістіктердің аналитикалық тіркесте жәрдемші (көмекші) етістік ретінде жұмсалатынын да (күн жауып тұр, қырықтықшылар қой қырқып жатыр) түсіндіре келіп, аталған төрт етістіктен құралған аналитикалық форманттарды көрсетеді [2, 259-265].
М.Оразов 1980 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тіліндегі қалып етістіктер» деген монографиясында қазақ тіліндегі отыр, тұр, жүр, жатыр қалып етістіктерінің лексика-семантикалық және грамматикалық ерекшеліктеріне толық тоқталып, түркі тілдеріндегі қалып етістіктерінің қолданылу жиілігі мен қолданылу аясы бір дәрежеде еместігін, қазақ тілінде аталған төрт етістіктің төртеуі де бірдей қалыптық және шақтық мағына білдіретінін, олардың шақ мағынасында да айта қаларлықтай айырмашылық жоқ екенін, дегенмен олар бірінің орнына екіншісі қолданыла беретін, кез келген контексте синоним бола алатын да сөздер еместігін айтады. Олардың бірінен екіншісінің айырмашылығы – категориялық мағыналарында емес, өздерінің лексикалық мағыналары мен валенттілік қасиеттерінде дей келіп (бара тұр, отыра тұр; айта отыр, айта жүр; бара жатыр, айтып жатыр (айта жатыр емес), егер әр етістіктің мағынасын жеке-жеке алатын болсақ, олардың бірі екіншісінен мүлде өзгеше екендігіне көз жеткізуге болады. Сонда бұлардың басын біріктіріп тұрған элемент түбірге сіңіп кеткен «-ыр» қосымшасы емес пе? Соңғы пікірді дәлелдеу үшін тіл тарихына және қазіргі түркі тілдерінің материалдарына жүгіну керек, — деген ойын ортаға салады [10, 31-32]. Соңғы уақытта жас ғалымдардан М.Жолшаева қимылдың өту сипаты категориясын аспектуалды семантика аясында қарастырып, қалып етістіктерінің тіркесімділігі мен семантикалық құрылымына компоненттік талдау жасайды [9, 98-150].
Толымды көмекші етістіктерге жататын отыр, тұр, жүр, жатыр көмекші етістіктері арқылы көбінесе аяқталмаған іс-әрекет мағынасы беріледі. Отыр және тұр етістіктері -а, -е, -й көсемшелі етістіктен кейін жол-жөнекей жасалған аяқталмаған қимылды (айта отыр, сөйлей отыр, баяндай отыр), -ып, -іп, -п формалы етістіктен кейін қимылдың ұзақтығын (ұшып отырды, жүріп отырды), -қалы, -келі, -ғалы, -гелі формалы негізгі етістіктерден кейін белгілі бір қимылды жасауға әзір тұрғандығын (айтқалы тұр, жүргелі тұр) білдіреді. Мысалы, Бұл дүлейлер тағы бір мол бәлені шақырып отыр ғой. Сол жат қылықтың бетін бүркеу үшін жаңағы жалған шуды басымдатып отыр. Жұмағұлдардың арттарынан қуып отырып, жаңа кешке, аналар Күшікбайға түсіп, шайға аялдағанда, ілгері өтіп кеткен. Мысалы,… ағайынның обалына қалғалы отырған Тәкежанға болыспасын.
Тұр көмекші етістігі қысқа мерзім ішіндегі қимылдың орындалу үстінде екенін білдіреді: жауып тұр, жүріп тұр. Тұр көмекші етістігі -а, -е, -й көсемшелі негізгі етістікпен тіркескенде іс — әрекеттің уақытша орындалғанын (оқи тұр, отыра тұр, көре тұр) білдіреді.Мысалы, Әншейінде қаншалық қиян-кескі араз боп жүрсе де, «торқалы той, топырақты өлім» дегенге келгенде, араздық ұмытыла тұратын . Осы естігеніңнің бірде-бірін Айғызға айтпай тұра тұр.Отыр көмекші етістігінен ерекшелігі тұр етістігінің барлық қимылға, яғни адамға қатысты емес қимылға да қолданыла беретіні байқалды. Мысалы, Балағаздар осы күндерде Қарашаштың ауылына күндіз-түн кісі жіберіп, хабар-ошар алып тұратын….. Жүр
көмекші етістігі -а, -е, -й көсемшелі етістіктен кейін келіп, қимылдың жол-жөнекей болғанын немесе ұзақтығын көрсетеді. Мысалы, таба алмай жүрмін, келісе алмай жүрмін. Жеңіл , жортпа, шаншу өлеңдерді айта жүретін. Ол Базаралыға арнап киім тіккізе жүрді. Бір жағынан Құнанбай болса, екінші жақтан Майбасар жақтар да өз сабақтарын Тәкежанның құлағына құйып жүрді. Әкесі Нұрғанымды тоқалдыққа алғалы, Абай тіпті қашықтап жүр. Жүр етістігінің семантикалық құрылымының өте күрделі екендігін айта келе, М.Жолшаева сегіз топқа бөліп көрсеткен [9, 140].
Жат (жатыр) көмекші етістігінің -а, -е, -й формасы негізгі етістіктен кейін келгенде істің ұзақтығын, -ып, -іп, -п көсемшелі етістіктен кейін сөйлеп тұрған уақыттағы іс – әрекетті; -ғалы, -гелі, -қалы, -келі жұрнақтарынан кейін келіп, белгілі істі жасауға дайындық жұмысының болып жатқанын байқатады. Мысалы, Төлепберділер үздік-создық келе жатқан. Жау алыста деп еркін шауып келе жатқан. Аягөз, Тарбағатай, Алтай наймандарына да жетіп жатты. Анада Базаралы айтып кеткен сөз бен Балағаздардың қылықтары астасып жатыр.. Сонымен бірге жат көмекші етістігі белгілі уақыт ішіндегі қимылдың үзіліссіз орындалуын да білдіреді. Мысалы, ұйықтап жатқан, жылап жатыр. Заттың қозғалысын көрсететін негізгі етістікпен тіркесіп келгенде, іс-әрекеттің әр түрлі уақытта және түрлі жақтармен тізбектеліп орындалатынын (келіп жатты, қайтып жатыр, кіріп жатыр) білдіреді. Үлкен Семейге, Затонға, Жоламан жатағына ғана емес хабар тарап жатыр.
Қазақ тіліндегі қалып етістіктерін арнайы зерттеген М.Оразов қалып етістіктерінің аналитикалық формант құрамындағы қолданылу өрісі бірдей болмайтынын, грамматикалық семантикаға өте бай екенін, олардың нақты мағынасының сөйлем ішінде анықталатынын ескертеді [5, 134].
Қорыта келгенде, қалып етістіктері грамматикалық семантикаға өте бай. Біз бұл шағын мақалада аталған қалып етістіктерінің сөйлем ішінде білдіретін грамматикалық семантикасына толық тоқтала алмадық. Көмекші етістіктің аналитикалық формант құрамында қолданылып, сөйлем ішінде берілуінің алуан түрлі мағыналық реңктерде жұмсалатынын байқадық. Көмекші етістіктермен тіркесіп аналитикалық формант жасауға көсемшенің –ып, -іп, -п формалары өте өнімді қолданылатыны байқалды.