ҚАЗАҚ ОЮ-ӨРНЕКТЕРІНДЕГІ ТҮРКІЛІК ДҮНИЕТАНЫМ НАҚЫШТАРЫ

Ержан Бураханұлы АУЕЛБЕКОВ
Педагогика ғылымдарының кандидаты
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Шахсанам ДАУТОВА
студент

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
Түркістан/ Қазақстан
Aron-2005@mail.ru

Кез-келген халықтың тарихы мен мәдениетін, дүниетанымын, саяси-әлеуметтік құрылымын, ондағы тіршілік ағымын біртұтас дүние деп қарастырсақ, сол халықтың қолонерін зеттегенде де оған осы тұтастық негізінде қарау керек. Өйткені халықтың өнері – даму тарихын, мәдениетін, дүниетанымын өз бойына сіңіретін және оны қайталап бейнелейтін бірегей құбылыс болып табылады.

Дүниетанымның барлық жүйесінің негізін философиялық көзқарас пен сенім құрайды. Дүниетаным адам, қоғам, табиғатқа деген философиялық, ғылыми, саяси, адамгершілік, эстетикалық көзқарастарды білдіреді.

Әлемдегі екінші ұстаз атанған ғұлама ғалым, түркілік тегі бар Әбу Насыр әл-Фараби адамзатқа дүниетанымын арттыру үшін мынадай алты текке бөлінетін денелерді білу керектігін көрсеткен: аспан, ақыл-парасатты жануарлар, ақыл парасатсыз жануарлар, өсімдіктер, минералдар, төрт негіз (күн, жер, су, ауа). Жанның басты бөлшектері мен күштеріне нәрлендіру, түйсіндіру, елестету, ұмтылу, ақыл-парасатты жатқызады [1, 148].

Дүниетаным құрылымын, оның басты қарастыратын объектісін қоғамдық сананы саралау арқылы түсіндіру М.Орынбеков, Ә.Н.Нысанбаев, Д.Кішібеков, Ж.Әбділдин, Ә.Тұрғынбаев т.б. философтардың пікірінде кең орын алады. Олар дүниетанымды тұтас дүние ретінде, ондағы адамның орны жайындағы түсініктер мен пікірлердің жиынтығы ретінде салыстырмалы түсініктер береді. Дүниетанымның ішінде көркем дүниетаным әдебиет пен өнердің негізінде қалыптасатын дүниетаным түрі болып табылады. Көркем дүниетаным эстетикалық көзқарастың қалыптасуымен тікелей баланыста өрбіп дамиды.

Қазіргі таңдағы эстетикалық көзқарас ерте және орта ғасырдың алғашқы кездерінде–ақ қазақ халқының рухани саладағы жетістіктері сол замандағы мәдениетпен сабақтас және байланысты болды. Көне түркі мәдениетінің «Диуани хикмет», «Хибатұлы Хаконик» сияқты үздік үлгілері қазақ халқының құралуы кезінде оның эстетикалық мәдениетінің қалыптасуына зор ықпалын тигізді. Сол заманның ойшылдарының ішінде Әл–Фараби ерекше орын алады. Ол Платон мен Аристотельдің еңбектеріне сүйене отырып эстетиканың кейбір мәселелерін талдап, эстетикалық және өнер мен поэзияның мәселелерін қарастырды[2, 86].

Көркем дүниетаным сұлулық пен жексұрындық, сатқындық пен ұждансыздық, қуаныш пен қайғыға қатысты барлық қабылдаулардың, түсініктер мен сезінулердің ықпалдасуын анықтайтын қоғамның эстетикалық санасының құрамдас бөлігі болып табылады. Қоғамдық сананың осындай кең және қоғамдық-тарихи тәжірибеде, өнерде, табиғатта көрінетін сұлулық заңдары, сұлулық түсінігі мен сезімі туралы орталық бекет болып табылады. Көркем дүниетаным адамдардың барлық тіршілік өміріне енеді. Көркем мәдениеттің барлық мұрасымен байытылған көркем дүниетаным адамның жан-жақты дамуы ретінде, дүниенің сұлулық заңдары арқылы қайта құрылуы ретінде өмір тәжірибесінде белсенді және әрекетшілдікпен жүзеге асырылады [3, 92].

Кез-келген халықтың ою-өрнек өнерін сол халықтың тілін, этнографиясын, мәдениетін, тарихын білу арқылы ғана танып білуге жол ашылады. Ою-өрнектер біздің заманымыздан мыңдаған жылдар бұрынғы халықтарда да соншалық ескі дәуірден бері келе жатқан халықтық өнердің бір түрінен саналады. Ою-өрнекті көзбен көріп ғана әсерленбей, оның атауларының мазмұнын, шығу тарихын білудің, тұспалды ойын түсінудің маңызы зор. Тарихи және ғылыми деректерге көз жүгіртсек, қазақ халқының ою-өрнек өнері ежелгі замандардан бастау алып, қазақ жерін мекен еткен көшпелі тайпалар өнерінің ықпал әсерінен сан ғасырлар бойында қалыптасып, өзіне тән белгілі бір жүйеге келген. Сондықтан кез-келген ою-өрнекті, олардың нақыштары мен ырғақтарын, атауларын — өткен заманның хабаршысы мен шежіресі деп есептеуіміз керек. Қазақ халқының ою-өрнектері көне түркі халықтарының мәдениетімен тығыз байланысты болғандықтан, кең таралған оюлардың кейбір түркілік дүниетанымдық нақыштарын қарастыруымызға болады.

Осыларға сәйкес, кейбір белгілер мен символдардың анықтамасын беруде мынадай мысалдар бар: шеңбер – ақыл, оның айналымы – ойлау (Аристотель); тіршілік – от ұшқыны (Әл-Фараби); үш бұрыштың белгісі, катеті – жер мен күн, сүйір бұрышы – жұлдыз; Абай үшкілі – қайрат, ақыл, жүрек; ғаламда: ауа, күн, су – тіршіліктің көзі; гүл өсімдіктер сюжеті – ауызбіршілік белгісі; дүниені құраушы тектер – от, жел, су, жер, аспан, яғни дененің қатты, сұйық, тас, газ, плазма күйі т.б. [4].

Халқымыздың өнердегі озық үлгілері ою-өрнектермен өлшенген. Халқымыз қоршаған табиғат ортасынан нәр алып, көк әлем аспанын, су мен жерін, төрт түлік малын ою-өрнекке үлгі ете білген. Өрнектің орындалу тәсілі төрт саладан тұрады. Мысалы, шеңбер – шексіздік, қозғалыс, әлем дегенді білдірсе, ирек — өмір жолы, жақсылық пен жамандықты тең көрсетеді, ал қос тәрісздес орындалатын өрнек төрт құбыланы теңестіреді, тұмарша өрнегі үш әлемді біріктіреді, яғни аспан, жер, су[5, 7].

Ұлттық ою-өрнектер бейнелеу өнерінің ішінде маңызды орын алатын өнер саласы болып табылады. Қазақ халқының қол өнерінде халық қажетін өтейтін тамаша үлгілер бар. Өрмек тоқу (бауқоржын, алаша, басқұр) текемет басу, сырмақ сыру, түс киіз басу, ши орау т.с.с. Осыларға сәйкес қолданылатын ою-өрнектер топтарына тоқталсақ: ай, күн, жұлдыз аспан әлеміндегі өрнектер (айшық, шеңбер, жұлдыз, шитай, төртқұлақ, шұғыла т.б.); малға оның ізі мен мүйізіне, ерекше белгілеріне байланысты өрнектер (мүйіз, қос мүйіз, түйе табан, өркеш, түйе мойын, тай тұяқ);
құрт-құмырсқа мен аңдардың ізіне ұқсас өрнектер (өрмекші, ирек, омыртқа, төртқұлақ т.б.) құстар, жер, су, өсімдік, гүл жапырақ бейнелі өрнектер (ағаш, жапырақ, қаз мойын, үш жапырақ, өткізбе, шиыршық, гүл жауқазын т.б.)

Көне түркілердің түсінігі бойынша, құс – көктің, балық – судың, ағаш – жердің белгісі. Сол қазақ ою-өрнегінің мақұлық аты, нәубет аты, ғарыштаты, тіке сызықты, нышандық, танымдық т.б. сарындарының мазмұнын байыта түсті. Халқымыздың ғасырлар бойы мұра болып келе жатқан жүздеген оюлардың мазмұны мен нұсқасын танып-білуімізге болады.
Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа, бір шебердің ұсталық, іскерлік мәнерінен екінші біреуге үнемі ауыстырып отырғандықтан осы күні кейбір облыстардағы қошқар мүйіз өрнегі бастапқы бейнесінен өзгеріп кеткен. «Ырғақ», «сағат бау», «түйе табан», «жүрекше», «қаз табан» деп аталатын әдемі өрнектер де кейбір облыс шеберлерінің орындалуында олпы — солпы болып шығып жүр. Ертеден келе жатқан халықтық мұраны екшеп, тазартуды ойласақ, ең алдымен осындай бұрмалаушылықтан арылтып, оны әдемілігіне жеткізе жаңа түр, жаңа мазмұн бере дамытуымыз керек.

Түркі халқы ою-өрнекті ерекше қадірлеген халық. Туысқан халықтардың ою-өрнектерінің нақыштарында, аталуында кейбір ерекшеліктер болғанымен, негізінен тамыры бір екендігі байқалып тұрады. Мәселен, қырғыздардағы «кочкар муйуз», «теке муйуз», «толкун» оюлары қазақтың «қошқар мүйізі» мен «ирек» оюының баламалары іспеттес. Сол сияқты Анадолы кілемінде қораз пішіндес өрнектер кездеседі. «Айыр ағаш», «шақпақ», «сегіз бұрышты жұлдыз», U (y) және V (в) әрпі тәрізді ұсақ өрнектер де бейнеленген, олар бес уақыт намазды білдіретін өрнектер болып табылады [5, 10].

Парсылар өрнектер мен оюларды монументті құрылыста қолданып, өсімдіктер, жан-жануарлар сюжетін пайдалану арқылы жасап, табиғатпен тілдесу мағынасында пайдаланды. Үндістер болса ою-өрнектерді күміс немесе алтын фольгалардан жасап қолданған. Жапон халқы ою-өрнегінің өзіндік құпиялары белгілі, мысалы, тырна өрнегі – өркендеудің, ұзақ ғұмырдың, сәттіліктің белгісі, құстар, гүлге қонған көбелектер – махаббат пен бақыттың белгісі, апельсин – ұрпақ таратуды білдірсе, шие – нәзіктіктің символы болып табылады, лотос – пәктіктің, тазалықтың белгісін білдірген, жапондықтарға көктемде түскен шие гүлдері өмірдің мәңгі емес еске салып отырады екен. Шығыс Орта Азия халықтары араб өнерінде курсив жазуын ою-өрнек ретінде әрі құранды дәріптеу, насихаттау мақсатында қолданған.

Ә.Марғұланның, Қ.Ақышевтың т.б. еңбектерінде қола дәуірдегі бұйымдарда бейнеленген белгілер мен таңбалардың XVII-XIX ғ. қазақ халқының қолөнерінде кездесетін ою-өрнектерге өте ұқсас екендігі дәлелденген. Сол сияқты Ө.Жәнібеков аспан әлеміне байланысты ою-өрнектерді зерттеп, сақ дәуірінен келе жатқан дөңгелек, төрт құлақ, қосу, шимай ою-өрнектің пайда болуына негіздеме беріп, шеңбердің — әлемдік кеңістікті, төрт құлақ – төрт құбыланы, шимайдың — тынымсыз қозғалысты білдіретіндігін т.б. анықтады. Қазақ халқында шимай өрнегі өмірдің дамуын анықтап, оның ала түсті болуын қара қылды қақ жарған ақ әділеттің белгісімен және күн мен түннің тоқтаусыз алмасып отыруымен теңеді.

Ою-өрнектердегі бояу түрлерінің бір – бірімен үндесіп жарасымды табуын «колорит» дейді. «Колорит» көп боялы ою-өрнектерде жиі кездеседі. Ою-өрнектерде бір элементтердің қайталанып отыруын ритм ырғақ дейді.

Қазақтың қол өнері де өзінің төл – тума бітім қасиетімен, көркемдік мән мағынасымен шыне мәнінде халқымыздың ғасырлар талғамымен өткен асыл қазынасы. Бабалардан қалған қандай өнер қандай қазына бар. Оның бірі ою-өрнек. Ертеде халқымыз тұтынған нәрселерінің бәрін оюмен әшекейлеп безендірген.

М.Өмірбекованың еңбектерінде ою-өрнектердің геометриялық фигураларға сәйкес жіктелуін көрсетуі — оқушыларға ою-өрнектің математикалық, геометриялық жағынан дүниетаным қалыптастыруға қажетті пәнаралық байланыс материалы болып табылады. Мәселен, оюлардың үшбұрышты, төртбұрышты, ромб, бесбұрышты, сегізбұрышты, онбұрышты негізі арқылы түрленуін нақты симметрия заңдылығына, сызықтар үйлесімділігіне сәйкес жүзеге асырудың жолдары көрсетіледі[6].

С.Төленбаев тұңғыш рет екі мыңнан астам қазақ оюларының сабақтас түрін ашты. Оның «сызба ою», геометриялық ою-өрнектердің композициялынған тұтас түрлері – «дөңгелек», «қосалқа», «алқа», «үш, төрт, алты, сегіз, он, он екі бұрышты» оюлардың тұтас туындысын жасады. Сонымен бірге ол оюлардың еліміздің тарихи белес, кезеңдерінің көрініс элементтерін: зымыран, жұлдыз, бидай сабақтарын, орақ пен балға т.б. кіргізді[7].

Қазақтың ою-өрнек деген сөзі сәндеу, әсемдеу деген мағынаны білдіреді. Осы сәндеу мен өсімдік белгілері геометриялық және ғарыштық түрлердің үнемі ырғақты қайталанатын, орналасқан көркем өрісі ою болып табылады. Қазақ халқының түр – түсті танып білуде өзіндік таным-түсініктері болған. Мысалы: ақ – адалдық, ақ ниет; қызыл – оттың және күннің белгісі; жасыл – көктем және жастық белгісі; қара – жердің, берекенің нышаны; көк – аспанның белгісі.

Сәндік өнер түрлерімен, ою-өрнектермен таныстыру, әртүрлі материалмен жұмыс жасаудағы біліктілігі мен дағдыларын, көркем талғамын дамыту және халық дәстүріне баулу – қазіргі кезеңдегі ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді дамытудың алғышарттары болып табылады. Қолданбалы өнер түрлерін тандауға үлкен мүмкіндіктер беріледі: гобелен, ағашқа көркем оймыштау, керамика, ши тоқу, терімен жұмыс және т.б. оқу бағдарламасына қолданбалы өнер түрлерін енгізу осы саладағы қазақтың ұлттық дәстүрлерін зерделеуге, болашақ кәсіби бағдар тандауға мүмкіндік туғызады.

Сонымен, қолөнер халық тұрмысында жиі қолданылатын өнер жиынтығы болып табылады және әрбір халықтың өмірімен, қоғамдық тарихымен тікелей байланысты дамып отырған. Қазақ ұлттық ою-өрнек өнері – бейнелеу өнерінің, оның ішінде сәндік-қолданбалы өнерінің үлкен бір арнасы десек, өнердің түпкі бастауы халықтың қол өнерінен өрбігендіктен, оған қоса қазақ халқының ою-өрнектері ежелден-ақ түркі халықтарының қолөнерінің өркендеуімен сәйкес дамығандықтан, ою-өрнек өнері – халықтың сәндік-қолданбалы өнерінің, қолөнерінің негізгі саласы және тарихтың белестерінде қалыптасқан түркілік дүниетаным нақыштарына бай өнер түрі болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *