«Садақ» журналы алғаш жарық көрген кезде, «Қазақ» газетін үлгі тұтып, ұлтшылдық бағытты ұстанғаны байқалады. Бұл туралы ғалым Қайыржан Бекхожин: « «Садақ» журналы Уфа қаласында шығып тұрды. Сондағы Ғалия медресесінде оқитын қазақ жастары Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға жете қанық болып отырған жоқ. Оның үстіне ол дәуірде шығып тұрған алашордашылардың «Қазақ» газеті және басқа сондай баспасөз органдары олардың басын ұлтшылдықпен уландырды. Жалпы ұлт-азаттық қозғалысымен рухтанған Ғалия шәкірттері қазақ ұлтшылдарының буржуазиялық ұлт автономиясын құрмақ болғанын жақтап қателесті»[10, 107-б], — деп көрсетеді. Әрине кешегі Кеңес кезеңіндегі қате деген жолдың енді дұрыс болғанын, тіпті дұрыс қана емес ең озық жол болғанын өткен тарауда айтып кеттік. Олай болса, «Садақты» шығарушы жастардың да қателеспегені анық. «Садақта» саяси мәндегі мақалалар негізінен жарық көрмеген. Көбінесе әдеби шығармалар, әдеби сындар, өлеңдер жарық көрген. Шындығында «Садақтың» 1- санынан бастап, соңғы 15-санына дейінгі аралықта екі жыл қатарынан новелла тәрізді қысқа әңгімелер, көлемді повестер, очерктер, ысқақ, этюдтар, жас ақындардың өлеңдері, сын пікірлер, қазақтың ауыз әдебиетінің нұсқалары молынан жарияланған. Бұған себеп журнал редакторы Ж.Тілепбергенов авторларға талап қоя білгіш, іскер басшы болған. Ол материялдармен мұқият танысып шыққан соң, құнсыздарын ешкімнің көңіліне қарамай, авторларына қайтарып беріп отырған. Мысалы, ол бір авторға: «көп ойланып жазсаңыз да, сөзіңізде көрініп тұрған кемшілік бар. Келісті сөздер жазсаңыз, келесі санға кіргізерміз» десе, «Ертеңгі жазушыларға да» «Еріккенге ермек деп, елдегі жоқты жаза бермеңіз» деп ескерту жасаған. [22, 45-б] Бұл қолжазбаның қазақ елінде емес, Уфа қаласында шығып тұруы, әрине, ондағы Ғалия медресесінде оқитын қазақ жастарына елдегі болып жатқан түрлі оқиғалардан толық мағлұмат бере алмады, алайда олар халықтық бағыт ұстанған партиялар мен осы партиялардың «Қазақ», «Бірлік туы», «Сарыарқа» сияқты органдарының оң істерінен хабардар етті. [22, 46-б] Біз «Садақтың» «Қазақ» газетін үлгі еткенін жоғарыда айттық. Және де «Ғалия» шәкірттері Омбыдағы Алаш жастарымен де тығыз байланыста болғаны айтылады. «Садақ» пен «Балапан» журналын шығарушы жастар өзара мүдделес, пікірлес болған. Бұл туралы «Садақтың» 1917 жылғы 18 декабрьдегі 4-нөмерінің соңғы бетінде басылған бір хабарда Омбыда оқитын қазақ жастары «Бірлік» атты жаңа қауым ашыпты, басқармаға орысша басылған уставы келді, қауымның мақсаты – халық арасында білім тарату, сонымен бірге халық әдебиетін жию екен делінген. Бұл қауымның жұмысына игі тілек білдіре келіп, басқарма «мұндағы шәкірттердің ағза (мүше) болып жазылуы оң, уставты оқып көруге береміз» деп мәлімдеген. [10, 108-б] Осыдан аңғарылғандай, «Бірлік» ұйымының құрамына «Ғалия» медресесінен де жастар тартылған. Бұл әрине Ахмет Байтұрсынов бастаған аға буынның жол көрсетуі бойынша болған деп білеміз. Өйткені «Қазақ» газетінде жарық көріп тұрған медресе туралы мәліметтер мен ішінара кезігіп қалатын жастардың мақаласы екі қаладағы жас буынның бірін бірі тануына, өзара араласуына себеп болған десек артық айтқандық емес.
Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/31797/
© e-history.kz