ҒAЛЫМ Р.СЫЗДЫҚ ЖӘНЕ ТАРИХИ ЖAЗБA ЕСКЕРТКIШТЕР ТIЛI

Нағима ҚОШАНОВА
филология ғылымдарының кандидаты

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік
университетінің доценті

Түркістан/Қазақстан

Қазақ тіл білімін зерттеудегі өзекті мәселелердің бірі – тарихи жазба ескерткіштер тілі. Бірнеше ғасыр бұрынғы қалпын көрсететін жазба ескерткіштер тілін зерттеу қажеттігі даусыз және осы тұста зерттеуші назарға ұстарлық ұстанымдар мен қағидалар жетерлік. Жазба мұралар тілін зерттеуде тіл білімі тарихында бұрыннан қолданылып келе жатқан дәстүрлі әдістермен (салыстырмалы-тарихи, сипаттамалы т.б.) қатар, жекелеген зерттеушілер еңбектерінен байқалатын жаңаша сипаттағы тәсілдер де кездеседі. Өйткені ескерткіштердің жазылу себебі мен мақсаты, орны мен дәуірі сияқты жалпы белгілермен қатар, шығарма авторы өмір сүрген ортаға тән тарихи, мәдени, діни, саяси ахуалды сипаттайтын факторларды назарда ұстаудың берері көп. Жазба мұраларды әдеби тілдің бастау алар қайнар бұлақтары ретінде қарастыратын тілші ғалымдарымыздың бірі – академик Р.Сыздық. Ғылымға ден қойған Р.Сыздық ХҮІ ғасырда өмір сүрген, жалайыр тайпасынан шыққан тарихшы Қадырғали Қосымұлының «Жамиғ-ат тауарих» атты жылнамасы тілін зерттеуге арналған көлемді еңбегі – ескі түркі жазба ескерткіштері тілін зерттеудегі өзіндік бір белес [1].

Орта ғасырлардан қалған түркі жазба ескерткіштерінің жанрлық сипаты әр түрлі болып келеді: бірқатары поэзия түрінде, енді бірсыпырасы проза түрінде ұсынылған философиялық, дидактикалық, тарихтық туындылар. Осындай тарихқа арналған шежірелік жазбалардың бірі – ХҮІ ғасырдың соңында жазылған «Жамиғ-ат тауарих» деп аталатын түркілік шығарма, авторы – қазақтың жалайыр руынан шыққан Қадырғали би Қосым баласы. Ғалым Р.Сыздық бұл еңбекті «түркілік» деп атауының өзіндік себептері бар: Қадырғали шығармасының дені ХІҮ ғасыр тарихшысы Рашид-ад диннің парсы тілінде жазылған осы аттас шежіресінің аудармасы. Бірақ дәлме-дәл аударма емес, шежіренің басындағы арнау сөз бен соңындағы баяндаулар – автордың өз туындылары. Сол себепті де жазба ескерткішті төлтума шығарма деп қарауға болады. Қазақ тарихшысы бұл еңбегін өзі қарашысы (ақылшысы) болып, тәрбиелеген сюзерені (хан иесі) Оразмұхамет ханзадаға қамқорлық жасаған орыс патшасы Борис Годуновқа арнайды, мадақ сөзін жазады. Содан соң барып, Рашида-ад дин шежіресі бойынша Шыңғыс ханның өзінің, арғы аталарының, бергі ұрпақтарының тарихын баяндайтын баптарға көшеді. Автор Шыңғыс ұрпағына жататын Оразмұхаметтің ата-тегін қуалап барып, мәртебесін көтеруді көздейді, сондықтан Қадырғали тарихшыға шығыс халықтарының Рашид әд-дин баяндаған барлық хикаясы емес, тек қана Моңғол империясының тарих көшін баяндау қажет болды. Шыңғыс әулеті билеген ел-жұрттың Рашид әд-диннен кейінгі тарихын өз көрген-білгендері, оқыған-түйгендері бойынша жазады.

Өткен ғасырларда Қадырғали шежіресін алғаш тауып, мәтінін жариялап, ғылымны нысанына енгізген орыс ғалымдары И.Н. Березин, Н.И.Ильминский, В.В.Вельяминов-Зерновтар болса, өткен ғасырдың алғашқы ширегінде шежіре қолжазбасының екінші нұсқасын тауып, ол жайында құнды пікірлер айтқан татар ғалымы Али Рахим (1922) болды. Шоқан Уәлиханов та бұл ескерткішті зерттеу үстінде жоғары бағалап, оның тарих ғылымы үшін де, түрік тілдерінің тарихын зерттеу үшін де мәні зор еңбек екенін айтқан болатын. ХХ ғасырда қазақ тарихшылары Ә.Марғұлан, Е.Масанов, К.Жүнісбаев, Ә.Жиреншиндер бұл мұраны зерттеп, кеңінен сөз етті, сондай-ақ татар ғалымы М.Усманов Қадырғали шежіресіне үлкен көңіл бөліп, арнайы зерттеді. Бұл шежіре тек тарих ғылымы үшін ғана емес, түркі жазба әдеби тілдерінің тарихы үшін де баға жетпес ескерткіш, сондықтан қазақ тіл мамын Т.Қордабаев пен татар зерттеушісі З.Хисамиева шежіренің грамматикалық құрылысын талдады.

Ортағасырлық түркі жазба ескерткіштерінің тілін қазіргі түркі тілдеріне қатысын зерттеп, таныту – өзекті мәселелердің бірі. Березин, Вельяминов-Зернов, Уәлиханов, А.Рахимдер Қадырғали шығармасын сол заманда көптеген түркі халықтарына ортақ жазба әдеби тіл – шағатай тілінде (ортаазиялық түркі деп те атайды) жазған деп таныса, енді бірқатар ғалымдар Ә.Марғұлан мен Е.Масанов бұл шежіре шағатайша-қазақша тілде жазылған дейді. К.Жүнісбаев, Ә.Жиреншин, Т.Қордабаев оны қазақ тілінде жазылған деп санайды, ал татар ғалымдары М.Усманов, З.Хисамиева Қадырғали жазбасын ескі татар әдеби тілінің ескерткіші деп санайды. Ғалым Р.Сыздықтың көрсетуі бойынша, ескерткіш тілін тек бір ғана қаттауының көрінісіне, айталық, грамматикалық тұлға-тәсілдеріне немесе фонетикалық-орфографиялық сипатына, я болмаса лексикалық құрамына қарап, пәлен тілдің мұрасы деуге болмайды. Алдымен, бәрін тұтас алып талдап, олардың осы ескерткіш тілінде осылайша көрінуінің себебін іздеу керек, сондай-ақ белгілі бір тілдің осы ескерткіштен кейінгі екі-үш ғасырлық ауызша-жазбаша әдеби шығармалардың тілімен салыстырып шығу қажет, шығарманың жанрлық сипатына қарай стильдік ерекшеліктерін тану қажет. Шығарма тіліндегі көркемдеуіш амалдардың көрінісі, ғылым тілімен айтқанда, сигнификациясы, яғни образдар дүниесі белгілі бір тілдің өзіне тән ұлттық, дәстүрлік белгілерін танытатын құбылыс болуы тиіс. Осы тұрғыдан салыстырғанда, Қадырғалидың ана тілі – қазақ тілі екенін, қазақтың дәстүрлі шешендік өнерін жақсы меңгерген адам екенін «Мадақ сөздің» өрнегінен көруге болады [2, 15-б].

Р.Сыздық Қадырғали Жалаиридің «Жамиғ-ат тауарих» тілін зерттеу арқылы қазақ халқының және жалпы түркі әлемінің рухани мұрасын байытты. «Жамиғ-ат тауарих» тіліндегі сөз саптаудың түптамыры қазіргі қазақ тілімен сәйкес түсіп жататынын тілдік деректермен айғақтады. Ғалымның бұл еңбегі халық руханиятының қайнар бұлағын көрсеткен аса құнды ғылыми зерттеу екенінде дау жоқ. «Язык Жaми’ aт-тaуaрих Жaлaири» моногрaфиясында тaрaқ тaңбaлы жaлaйырдaн шыққaн Қaдырғaли бидiң жылнaмaлaры турaлы aрғы-бергi кезеңдердегi зерттеулерге сын көзiмен қaрaғaн aвтор бұл ескерткiштiң лексикa-грaммaтикaлық құрылымынa тaлдaу жaсaй отырып, aлдымен ондaғы оғыз, қыпшaқ тiлдерiне ортaқ элементтердi сaрaлaйды, оны туыстaс тiлдердiң дерегiмен сaлыстырaды. Ескерткiш тiлiндегi әртектi тiлдiк белгiлердi тaлдaй келiп, қaзaқ хaлқының тұрмыс-тiршiлiгiне, сaлт-дәстүрiне орaй қaлыптaсқaн, өзге туыстaс тiлдерде қaйтaлaмaсы жоқ қaзaқы сөз өрнектерiн aйқындaйды. Олaр негiзiнен тұрaқты сөз тiркестерi мен бейнелi сөз орaмдaры болып келедi. Сондaй-aқ ғaлым ескерткiштен қaзiргi қaзaқ тiлiнде мүлде қолдaнылмaйтын, бiрaқ XV-XVIII ғ. қaзaқ aқын-жырaулaрының тiлiнде aктив жұмсaлaтын элементтердi тaбaды. Сөйтiп, ғaлымның, бiр жaғынaн, «Жaмиғ’aт-тaуaрих» тiлiнен қaзiргi қaзaқ тiлiмен үндес белгiлердi көрсетуi, екiншi жaғынaн, XV-XVIII ғ. қaзaқ aқын-жырaулaры тiлi мен осы ескерткiш тiлiне тән ортaқ белгiлердi, жaрыспaлы құбылыстaрды aшуы aтaлмыш зерттеудiң aсa бiр бaғaлы жaғы деуге болaды. Сонымен, бұл еңбекте Қaдырғaли Жaлaйыридың «Жaми’aт-тaуaрихы» тiлдiк жaғынaн дa, рухaни мәдениет жaғынaн дa қaзaқ хaлқының бaйырғы дәуiрiнен қaлғaн мұрa екенi ғылыми тұрғыдaн жaн-жaқты дәлелденедi.Сондaй-aқ Р.Сыздықтың тaрихшы-ғaлым М.Қойгелдиевпен бiрге жaзғaн «Қaдырғaли би Қосымұлы және оның жылнaмaлaр жинaғы» (1991) деген кiтaбы жaрық көрдi. Студенттер мен aспирaнттaрдың, iзденушiлердiң пaйдaлaнуынa лaйықтaп жaзылғaн бұл еңбекте XVI ғaсырдaғы қaзaқ aвторының шығaрмaсы тaрихи және тiлдiк тұрғыдaн кеңiнен бaяндaлaды. Екi кiтaптың екеуiнде де ескерткiш мәтiнi aрaб жaзуынaн қaзiргi қaзaқ жaзуынa көшiрiлiп берiлуiн де ерекше бaғaлaу қaжет. Бұл – ескерткiштiң 140 жылдaн кейiн екiншi рет 1854 жылғы Қaзaн университетiнiң профессоры И.Н.Березин жaриялaғaн қолжaзбa нұсқaсынaн кейiн жaрық көруi болды. Р.Сыздық Березин нұсқaсын кейiн тaбылғaн екiншi қолжaзбa мәтiнiмен сaлыстырып берген.

Р.Сыздық түркi тiлдерiнiң, оның iшiнде қaзaқ тiлiнiң тaрихынa хронологиялық тұрғыдaн әрi қaрaй жылжып, көп жылдaрдaн берi Қожa Aхмет Ясaуи (XII ғ.) мұрaсының «Сaмaрқaнд немесе Зaлемaн нұсқaсы» деп aтaлaтын қолжaзбaсы бойыншa оның тiлiн лексикa-грaммaтикaлық, көркемдiк және текстологиялық тaлдaу тұрғысынaн зерттеп шықты. Әлеуметтiк мәндiлiгi aсa жоғaры бұл еңбек Aқпaрaт және қоғaмдық келiсiм министрлiгiнiң қолдaуымен 2004 жылдың қыркүйек aйындa «Яссaуи хикметтерiнiң тiлi» деген aтпен «Сөздiк-словaрь»бaспaсынaн жaрық көрдi.

Қоғамдық қоғамының әлеуметтік, саяси, идеологиялық ахуалының өзгеруі ұлттық сананың, жеке адамдардың рухани дүниесінің, жалпы адамзаттық қасиеттердің жаңа сатыға көтерілуіне, жаңа белгілерге ие болуына алып келді, яғни коммунистік идеология мен тәрбие ығысты, орнын басатын жаңа рухани, мәдени сұраныстар өтеле бастады: ислам дініне бет бұрылды, Құран Кәрім басылымдары көбейіп, қазақ тіліне аударыла бастады. Осындай еңбектердің бірі – ХІІ ғасырда өмір сүрген түрік халықтарында діни-идеологиялық ағымның негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауидің қызметі мен шығармашылығына ерекше назар аударылып, «Хикметтер» аталатын поэтикалық мұрасы қазақ тіліне аударылып, тілдік ерекшеліктері зерттеле бастады.

Қожа Ахмет Ясауи мұраларын зерттеу түркі жұртшылығына алғаш кеңірек таныстырған түрік ғалымы проф. Мехмет Фуат Көпрүлүнің «Ахмет Ясауи мен оның шағатай әдебиетіне ықпалы» деген мақаласынан бастау алады. М.Жармұхамедов, Р.Бердібаев, М.Шафиғи, Ө.Күмісбаев, С.Дәуітов сияқты әдебиетшілер тарапынан бірқатар мақалалар жазылды. Бұл ғалымдардан бұрын М.Дулатовтан бастап, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев сынды әдебиеттанушылар мен Қ.Жұбанов, Ә.Құрышжанов тіл мамандары Ясауидің мұрасының зерттелу жайы мен зерттеудің мақсат-мұраттары сөз етілді.

Ясауи мұрасының тілдік ерекшеліктері, атап айтқанда, фонетикалық-грамматикалық құрылымы мен көркемдік-стилистикалық бітімі жеке монографиялық деңгейде ғалым Р.Сыздық еңбегіне («Яссaуи хикметтерiнiң тiлi») дейін зерттелген жоқ.

Р.Сыздық Ясауи мұрасының тілдік тұрғыдан талдануының басы Қ.Жұбановтың пікірлері екенін көрсетіп береді: «Ясауи кім?» дегеннен бастап, оның хикметтерінің бірі 95-толғауының идеясын сөз етеді. «Хикметтердің» жалпы мазмұнын таныстыра келіп, «Тілі туралы бірер ауыз сөз» деген 1-2 беттік жалпы пікір айтады. Аса білімдар ғалым проф. Қ.Жұбанов Ясауи мұрасына 20-жылдардың соң кезінен бастап назар аударғанымен, оған түбегейлі кірісе алмаған, яғни үлкен зерттеудің беташарын бастап, аяқтай алмаған. Әйтпесе «Хикметтер» тілінің таза лингвистикалық, лингвостилистикалық талдауын бір адам жасай алса, ол проф. Қ.Жұбанов болар еді. ХХ ғасырдың 30-жылдарынан 80-жылдарына дейін «коммунистік идеологияға жат» мұраларды сөз ету, зерттеу дегенге жолдың тар болғаны мәлім» [2, 6-7бб].

Соңғы жылдардағы ғылым кеңістігінде Ясауи мұрасының жеке тақырыптыр бойынша, мысалы, ескерткіштегі септік жалғаулары сияқты, ізденістер болды, алайда «Хикмет» сияқты көлемді, көне жәдігерліктің тілі мен стилінің сипатын толық көрсете алмайды. Ғалымның аталған ғылыми еңбегі тілдік-стильдік тұрғыдан зерттеген бүгінгі күннің талабына сай қажетті еңбек болды. Ясауи тілін зерттеудің бүгінгі күннің талабына сай қажетті мәселе деп атап көрсетеді:

«Ең алдымен, Ясауи хикметтері барлық параметрі жағынан қазіргі түркі тілдерінің қайсысына жақын келеді деген «патриоттық» проблеманы анықтау үшін қажет. Бұл қажеттік соңғы жарты ғасыр барысында түркі халықтарының әрқайсысы Ясауи мұрасын өзінің мәдени жәдігерлігі санап, оның тілін, айталық, өзбектер өзбек әдеби тілінің бастауы, түрікпендер түрікпен әдеби тілінің атасы деген сияқты «иеліктер» танытып келе жатқан кезеңде қатты сезіледі.

Екіншіден, Ахмед Ясауи түркі халықтары арасында жалпы исламды уағыздаушы емес, осы діннің бір ағымы – суффизмнің ұраншысы, оның түркі тілдес тармағының негізін қалаушы деп танысақ, бұл жолда сопының қызмет етуге жұмсаған құралын, амалын іздестіруге мәжбүрміз. Ол құрал – поэтикалық дүниесі – хикметтері мен мистикалық сопылар мектебі. Демек, Ясауи өлең жазғанда, өзінің «құдай берген» ақындық құдіретін таныту емес, сол дарынды сопылық қызметке жеге білу мақсатын көздеді. Сол себептен осы поэзияның жергілікті бұқара халыққа түсінікті болуын, сезімдеріне тиетін әсерлі, әдемі болуын қарастырған. Демек, бұл түсініктіліктің, әдеміліктің сырына үңілу үшін оның тілін талдап-тану қажеттігі туады.

Үшіншіден, Ясауи хикметтері – белгілі бір дәуірдегі және ортадағы әдеби тілдің үлгісі. Мысалы, Ә.Нәжіп оны қарлұқ-ұйғыр жазба тілінен өзгеше қалыптасқан екінші аралас тіл – қыпшақ-оғыз әдеби тілі деп санаса, Н.А.Баскаков хикметтерді оғыз-қыпшақ диалектісінің негізінде жазылған, хорезм әдеби тілінің нормаларын көрсететін тіл деп табады [3, 48]. Екі ғалымның танымы бір-біріне қайшы келіп жатыр. Түрік ғалымы Ф.Көпрүлү: Ясауи Исфиджаб тұрғыны болғандықтан, арғу тайпасына жататын болу керек, ол күнде Ясауи тілі «Құтадқу біліктің» тіліне жақын келетін шығыстүркістандық әдеби тілге жатады, негізі қарлұқ диалектісі деп табады. Демек, Ясауи тілінің негізі қарлұқ-қыпшақ-оғыз тілдік деген де болжам-анықтаманың барлығы байқалады.

Осындай пікірлер қарама-қайшылығын шешу үшін, алдымен, Ясауи тілі жеке қалыптасқан әдеби тіл дәстүрі ме, болса қай тілдер тобының негізінде пайда болған, оның сол кезеңдерде, өз тұсында және бұдан кейін де өріс алған әдеби тіл үлгілерінен айырым белгілері қандай деген проблемаларға бару керек. Бұл орайда да Ясауи тілін зерттеу қажеттігі даусыз.

Төртіншіден, «Хикметтер» — белгілі бір поэтикалық дәстүрдің үлгісі, ол дәстүр түркі халықтарының сол кездегі ауыз әдебиеті үлгілеріне негізделе ме, араб пен парсы поэзиясының әсерін қабылдады ма, кейінгі жеті ғасыр бойына өзгеріске ұшырады ма, ұшыраса қай поэтикалық мектептің ықпалына түсті деген сияқты түркі өлең-сөзі тарихына үңілетін проблемаларды шешу де Ясауи мұрасына назар аударып, оның тілдік-эстетикалық сипатын зерттеуді күн тәртібіне қояды.

Бесіншіден, Ясауи поэзиясы соңғы сегіз ғасырға жуық уақыт ішінде ауызша да, жазбаша да түрде қыпшақ даласын, Еділ мен Жайық бойын, Қырым түбегі мен Кіші Азияны мекендеген түркі тайпалары арасында кеңінен тарап, біздің күндерімізге жетіп отыр. Демек, ол осы тайпалардың поэтикалық дүниесіне, әсіресе жазба поэзиясына әсер етпей, ізін қалдырмай тұра алмаған. Ол жөнінде тиіп-қашты айтылып та келеді. Бірақ нақты фактілермен жүйелі түрде жүргізілген талдаулар жоқ. Ясауидің поэтикалық дәстүрінің іздерін қазақ өлең-жырларынан табу үшін де Хазірет Сұлтанның даналық сөздерінің көркемдігін зерттеу қажет. Соңғы орайда ізденістер Ясауи мұрасына ортақ өзге түркі тілдері бойынша да жүргізілсе, соның нәтижесінде барлығы салыстырылып, дәстүрлі элементтерінің кімде (қай тілде) көп, кімде аз, кімде ашық, кімде жанама түрде кездесетіндігі айқын көрінер еді. Сірә, бұл – ясауитанушылардың барлығына ортақ шаруа болмақ. Ол үшін әуелі, әрине, хикметтердің өз бойындағы көркемдік-эстетикалық элементтерді, олардың сипаты мен тілдік көрінісін (тәсілдерін) айқындап алу қажет.

Алтыншыдан, хикметтер тіліндегі араб пен парсы элементтерін талдап-тану осы тілдердің түркі тілдерімен қарым-қатынасын тарихи тұрғыдан зерттеуге алып бармақ.

Жетіншіден, Ясауи өлеңдері халық арасына кеңінен таралғанын білеміз және тек жазба түрде емес, ауызша да таралып отырған. Сірә, бірқатар қолжазбалар ауызша тараған варианттардың хатқа түскендері болуы мүмкін. Демек, әдеби мұраның ұрпақтан-ұрпаққа ауызша таралуы, тіпті қолдан-қолға көшіріліп отыруы – оның тіліне өзгерістер енеді деген сөз. Әр орта, әр дәуір өзіне жат, түсініксіз болып келетін сөздер мен тұлғаларды түсінікті варианттарымен алмастырып отыруы немесе өзінің дәстүрлі-эстетикалық талғамына қарай ішінара тексті өзгертуі және заңды [2, 8-9бб].

Ғалым Р.Сыздық Ясауи хикметтерінің тілін жан-жақты талдап, мынадай тұжырым жасайды: «Қорыта айтқанда, Ясауи хикметтерінің сөздік қазынасы мен фонетика-морфологиялық бітімі бір ғана түркі тілін былай қойғанда, бір ғана қыпшақтық немесе оғұздық, я болмаса қарлұқтық тобына жатпайды, мұнда өзге де түркі жазба ескерткіштері сияқты, бұлардың барлығының да үлгілері (бірліктері, элементтері) орын алған, бірақ Ясауи тілінің сүйегі қыпшақтық, оның ішінде J тобына (йақын, йоқ, йаман) жататын тіл, сонымен қатар оғыз элементтері мықты араласқан, көп ретте қыпшақ-оғұз қатарлары жарыса қолданылып отырады, сондықтан Ясауи тілінің негізі қыпшақ-оғұз әдеби тілі деп бізден бұрын айтылған тұжырымды (Ә.Нәжіптің) біздің талдауларымыз да қуаттайды» [4, 3-11-б].

Қорыта айтқанда, ғалым Р.Сыздықтың «Ясауи «Хикметтерінің» тілі» деп аталатын аса көлемді еңбегі оның түркологиядағы орнын биіктете түспек, әрі түркология ғылымына қосқан үлесі орасан.

Зерттеуші «… құлпытастардағы Күлтегін, Тоныкөк, Білге қағандар жайындағы жазу-сызулардағы жоқтау, мадақ ретінде айтылған шешендік сөз үлгілері, өлеңдік ұйқастар, мақал-мәтелді тіркестер болғандықтан, қазақтардағы ақын-жыраулық дәстүрдің кейбір нышандары орхон-енисей ескерткіштері тілінен байқалатынын» [5, 44 б], қазіргі қазақ әдеби тілінің тарихы сол кезден тамыр алатынын және олардың рухани сабақтастығы әлі үзілмей келе жатқанын басты назарда ұстайды. Зерттеуде ғалым ежелгі әдеби жәдігерлердегі көркемдеуіш-бейнелеуіш тәсіл-құралдарды, оның бүкіл қолданыс аяларын қарастыра келіп, олардағы фонетикалық, грамматикалық, лексикалық және көркемдік ұқсастықтардың қазіргі қазақ әдеби тілінде дамып отырғанын нақты көркем мәтіндегі мысалдармен түсіндіреді. Академик Р.Сыздық ХҮ ғасырдан шешендер мен жыраулар өздеріне дейінгі поэзия дәстүрін, ХІІІ-ХІҮ ғасырлардағы Алтын Орда мен Ақ Орданы мекен еткен болашақ қазақ, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, Еділ, Қырым татарларын құраған тайпа одақтарының сөз өнерін әрі қарай жалғастырушылар, дамытушылар болғанын, қазақ тілінде сөйлеген ру-тайпалар сан ғасыр бойы өмір сүріп келген және жақсы дамыған ауызша көркем әдебиет дәстүрі болғанын айта келіп, қазақ әдеби тіліне халықтың ауызекі сөйлеу тілінің, ауыз әдебиеті үлгілерінің тілі («Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар», «Қорқыт ата хикаясы», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» т.б., Орхон-Енисей ескерткіштерінің тілі (Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған), ортағасырлық ескерткіштер тілі («Оғуз-наме», «Құтадғу білік», М.Қашқари «Диуани лұғат ат-түрік», Ахмет Йүгнеки «Ақиқат сыйы», Қожа Ахмет Ясауи «Хикметтері», «Хосрау уа Шырын», «Мухаббатнама», Сейф Сараи «Гүлстан», Жүсіп-Злиха» т.б.) қазақ әдеби тілінің негізі, қайнар көзі болғандығын нақты мысалдармен, тілдік деректермен дәлелдейді.

Қорыта айтқанда, ғалым Р.Сыздықтың библиографиялық көрсеткішіне зер салсақ, ғылыми зерттеу еңбектерінің көпшілігі дерлік тарихи жазба ескерткіштер тілінің тарихи лексикасын, грамматикалық ерекшеліктері мен стильдік сипатын ашуға арналған. Қазіргі лингвистика ғылымы диахрондық, синхрондық талдауда ғалым Р.Сыздық тұжырымдарына сүйенері анық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *