Тымақ — ерлерге арналған бас киім, жаздық және қыстық болып бөлінеді. Жаздығы жеңіл, көбінде қара, қызыл елтірімен немесе пұшпақпен жұрындалып жасалады. Қысқы тымактын киізі қалыңырақ етіліп, түлкі, қарсақ, сенсең сияқты өскін жүнді аң немесе мал терілерінен жасалады. Сондықтан терісіне карай мұндай тымақтарды «елтірі тымақ», «түлкі тымақ», «пұшпақ тымақ», «қарсақ тымақ», т.б. деп атайды. Тымақ жасауда әр жүздің, ру-тайпаның, жергілікті орындардың өз үлгілері болады. Оларды жұрт «арғын тымақ», «найман тымақ», «керей тымақ», «жалайыр тымақ», «торғай тымағы», «семей тымағы» деп атайды. Қазақ ұғымында тымақ — қасиетті баскиім. Оны айырбастауға, жерге тастауға болмайды, оны іліп қою керек, оған аяқ тигізу, аяққа басу адам басын кадірлемегендік, әдепсіздік есептеледі. Әйгілі адамдардың тымағы, тақиясы атадан балаға мұра ретінде сақталады. Бөрік – қазақтың ертеден қалыптасқан ұлттық баскиімі. Оны бағалы аң терісінен және жас төлдің елтірісінен тігеді. Оның да жаздық және қыстық түрлері болады. Терінін түріне қарай бөрікті әртүрлі — құндыз бөрік, сусар бөрік, кәмшат бөрік, жанат бөрік, түлкі бөрік, елтірі бөрік тағы басқа деп бөлінеді. Оны ерлер де, қыздар да киеді. Тақия – ерлердің жеңіл баскиімі. Тақияның түрлері көп: биік төбелі, тегіс төбелі және үшкір төбелі тақия,т.б. Ерлер киетін тақияда теңге, моншақ, тана болмайды. Оның есесіне олар «мүйіз», «ат ерін», «шырмауық» сияқты өрнектермен кестеленеді. Айыр қалпақ – ерлердің киізден тігілген жеңіл баскиімі. Айыр қалпақ жұқа етіп басылған ақ киізден тігіледі. Ол негізгі екі бөліктен құралады. Олар қалпақтың төбесі және етегі (кейде қайырмасы деп те аталады). Сәнді болуы үшін қалпақ қайырмасының астыңғы жағы кейде қара барқытпен көмкеріледі. Қалпақтың төбесіне қара немесе басқа түсті шашақ тағып, төбесінің төрт сайы әртүрлі жібек жіптермен кестеленеді. Ақ Киізден тігілген айыр қалпақ әрі жеңіл, әрі сәнді, әрі салқын болып келеді. Соңғы кезде жергілікті өнеркәсіп орындары айыр қалпақты әр түсті киізден жасап шығарып жүр. Малақай (құлақшын) – ерлердің салқында киетін баскиімі. Оны құндыз, бұлғын, сусар, жанат, түлкі, қарсақ, суыр тағы басқа аңдар мен құлын, бұзаудың терісінен, қозы мен лақтын елтірісінен тігеді. Малақай мандайдан, екі құлағы мен артқы құлағынан және төбесінен тұрады. Малақайды ерлермен бірге әйелдер де киеді. Сәукеле — әйелдердің баскиімі. Оны ұзатылатын қыздар және оның жанына еріп жүретін құрбылары киген. Сәукеленің негізгі бөліктері — тəж, төбе, құлақбау және артқы бой. Сәукеленің төбесі қиық конус тәрізді болып келеді. Оның төбесінде «ТӘЖ» деп аталатын жартылай дөңгелек айдар болады. Оны асыл тас, алтын, күміс, меруерт, маржанмен өрнектеп, алтын жіппен әшекейлейді. Сыртын қамқа, дүрия. торғын сияқты асыл матамен тыстайды. Сәукелені әшекейлеу үшін оның тысының сыртынан зер жіптерден тоқылған оқаларды белдеулеп басады. Оның етегін мақпалмен не қара барқытпен әдіптеп көмкереді. Ал маңдай тұсына зер не жібек шашақтың шоқтарын тігеді. Шашақтың сәукелеге жалғасқан тұсын асыл тастан көз орнатқан алтын, күміс түйреуіштермен бекітеді. Сәукеленің ең сыртынан шашақты, әшекейлі жібек матамен төгілтіп жауып қояды. Ол көйлектің етегі сияқты жерге сүйретіліп жүреді. Сәукелеге ұзын құлақбау тағады. Оның шет-шетін шыр айналдыра зер, не жібек жіппен жалғап көмкереді. Түбіне сәнді түйреуіш түйреледі. Қазіргі кездерде кейбір жерлерде қалыңдықтың басына сәукеле кигізіп, ақ желек жабатындар да кездеседі.
Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/31800/
© e-history.kz