ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ КІЛЕМ ОЮ-ӨРНЕКТЕРІНДЕГІ ТАРИХИ ИНТЕГРАЦИЯЛАР МЕН ҰҚСАСТЫҚТАР


Перизат СЕРІКБАЙ
Қазақ Ұлттық Өнер университетінің магистр-оқытушысы, Астана/Қазақстан

Ержан Бураханұлы АУЕЛБЕКОВ
Педагогика ғылымдарының кандидаты Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Данагүл КАМАЛ
студент
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркістан/ Қазақстан

Түркі халықтары тарихының, мәдениетінің белестерін ақтаратын болсақ, ең көне қолөнер бұйымдарының ішінде кілем бұйымдары ерекше орын алатындығы анық. Таулы Алтай өлкесі Пазарық қорғандарынан табылған көне кілем қазба қалдықтары б.з.д. IV-III ғасырларға жататындығы анықталған. Бұл кілем бүкіл түркі дүниесі қолөнерінің асыл қазынасы болып табылады. Тарихи деректер бойынша Пазырық кілемінің алдынғы бөлігінде үлкен мүйізді азиялық бұғылар, орталығына крест тәріздес бейнелер, салт аттылар және соңғы бөліктеріне қолтаңбалы мөрлер салынған. Бұл кілем қосарланған немесе қой жүнінен иірілген түркі түйінінде жіптерімен орындалған. Әлемнің көптеген шеберлері кілем тоқу өнерін игерген тарихи кезеңдерде бейнелеу өнерінің аса үздік дүниелері – кесте, кескіндеме, мүсіндермен қатар бағаланатын таңғажайып тоқыма бұйымдарын жасаған. Кілемдік тоқыма белгілер мен нышандар, ондағы символдар мен ою-өрнектер өте ерте заманнан бері сақталып келе жатқан ерекшеліктер болып есептеледі. Кілемдердегі ою-өрнектер оны жасаған халықтың рухани, мәдени, эстетикалық өмірінің материалдық және символикалық образын білдіреді. Элементтердің нышандары, ою-өрнектердің иірімдері мен композициялық көріністері ертедегі ресімдерге, діни, өмірлік әсерлерге байланысты болып ерекше өзіндік мағына беретін түрде бейнеленген[1].

Тоқу немесе тоқыма өнері қазақ халқының төл қолөнері ғана емес, бүкіл түркі халықтарының ерекше мағынадағы, кең қолданылған сәндік қолөнеріне айналған. Қазақ, қырғыз, өзбек, түрік, қарақалпақ, тіпті украин халықтарының арасындағы қолмен тоқу өнерінің көптеген түрлері бір-біріне ұқсас болып келеді. Бұл осы елдер арасындағы мәдени қарым-қатынастық ертеден қалыптаса бастағанын білдіреді. Халықтар арасындағы мұндай жақындық бір ғана қолөнерінде ғана емес, тіпті ағаш өңдеу өнерінде, тастан ойып қашау, былғары илеу, зергерлік қолөнер істерінде де байқалады. Әшекейленіп жасалған сәндік қолөнер бұйымдары — өнердің баға жетпес туындылары ғана емес, сонымен бірге түркілік дүниетанымның, өмірге көзқарастың, мәдениеттің айнасы болып табылады.

Қазақ халқының асыл қазынасының бірі болып саналатын қолөнерінің шығу тарихы мен жасалу жолдары халқымыздың мақтанышы болған белгілі. Тарихымыз бен өнерімізді, мәдениетімізді терең зерттеген ғалымдарымыз Ә.Марғұлан, С.Мұқанов, О.Жәнібеков, А.Арғынбаев, С.Қасиманов, Ұ.Әбдіғаппарованың, сол сияқты Таксин Парлак т.б. түрік ғалымдарының өнертану, көркемдік білім беру, педагогика ғылымы саласындағы зерттеу еңбектерінде де көп орын алған. Әсіресе түркі халықтарының кілем өнеріндегі ою-өрнектердің пайда болу интеграциясы айқын байқалатындығын зерттеушілер анықтап берген[2].

Кілем жалпы шығыс жұртының, оның ішінде қазақ халқының көнеден келе жатқан дәстүрлі қолөнерінің бірі. Кілем тоқуда ұлтымыздың ғана емес, сонымен бірге көптеген түркі халықтарының қолданбалы қолөнеріндегі дүниетанымы, дүниеге көзқарасы, қажырлы еңбегі, тоқу шеберліктері мен әдістері айқын көрінеді. Дәстүрлі кілем тоқу өнерінің қазіргі кезеңде жастардың ой-өрісінің кеңеюіне, көркемдік өнерді қастерлеуге және өнерге құштарлығын арттыруда өз үлесін қосары сөзсіз. Кілем – сәнді тоқыма жиһазы. Ол негізінен сәндік, бөлме жылылығын сақтау, дыбысты бәсеңдету мақсатында қолданылады. Қазақ кілемдерінің әртүрлі елдердегі көп бейнелі ою-өрнегі өзінің таңғажайып әдемілігімен және ою-өрнектерін құрастырудағы қатаң тепе-теңдігімен, ырғақтық заңдылықтармен ерекшеленіп, халықтың көркемдік әлемді қабылдауын бейнелейді.

Түркі халықтарының көпшілігінде түкті және түксіз кілемдер, кілем өнімдері көшпелі тұрмыстың және мал шаруашылығымен айналысқан халықтардың ең қажетті бұйымдары болған. Түкті кілемдер түркі халықтарында, әсіресе қазақтарда жоғары бағаланған және киіз үйдің керегелеріне екі жағынан, құрметті орындарға, яғни төрге, кіре беріске қарама-қарсы ілінген, ал олардың саны киіз үй иесінің дәулет-байлық көрсеткіші және ұдайы сәттілік символы ретінде қабылданған[3]. Кілемдер қабырғаға ілінген және едендерге де төселген, төсектерді, сандықтардың бетін жапқан, киіз үйдің ағаш қаңқаларын бекіткен. Әртүрлі қабырғаға ілінетін дорбалар мен қапшықтарды, қоржындарды, көпшіктерді, киіз үй бауларын, аяққаптар мен түсқаптарды, керегеге тұтқыштарды т.б. үй іші төсеніш-жабдықтарын дайындағанда кілем тоқу техникасын қолданған. Түксіз ою-өрнекті кілемдерге басқұр, терме, алаша және тақыр кілемдер жатқызылған, олар киіз үйдің керегесін сәндеген және еденге төселінетін болған. Жолақтардың ою-өрнегін және әртүрлі орындау техникасы бойынша тоқылған басқұрлар киіз үйдің сырғауылдары мен керегесін біріктіріп тұратын жерлерді жауып тұрған.

Ою-өрнектік тоқымада таспалар, баулар және басқа да жолақтар –желбау, уық бау, шашақ бау, таңғыш, басқұрлар және т.б.киіз үйдің ағаш элементтерін бекіткен және киіз үйдің ағашын жапқан. Кілемнің үстінде намаз оқыған, жас сәби кілемнің үстінде дүниеге келген, сұлу да әдемі тоқылған кілемдерді қалыңдық күйеу жігітіне сыйлаған және соңғы сапарға адамды кілемге орап шығарып салатындығы тарихта белгілі. Бұл үрдіс көптеген түркі халықтарының мәдениетінде, наным-сенімдерінде әлі де сақталған. Яғни, кілемнің құндылығы да осында, себебі, түркі халықтарының дүниетанымы мен нанымдарында кілем адамның барлық жақсылықтары мен дәулетін білдіретін символ болып табылады.

Кілем тоқылу ерекшелігіне байланысты түкті және тықыр болып екіге бөлінеді. Олар тоқу әдіс-тәсілдерімен, құрамымен, ою-өрнек ырғақтарымен, мазмұнымен және сипатымен танымалы. Түкті бірнеше қабат жіптерден тұрады. Түкті атауы көне түркі тілінде қалың деген мағынаны білдіреді. Түкті кілем туралы жинап жүрген деректер бойынша ғалы, қалы деп парсы тілінде аталады. Зерттеуші ғалым, түркология ғылымының белгілі өкілі О.Жәнібеков қазақ тілінде осы атаулар кілем бұйымдарымен бірге кірме сөз деп, әрі көне түркі таным, ұғымдарымен тікелей байланыста екендігін дәлелдеп көрсеткен[4].

Көптеген түркі халықтарының (қазақ, түркімен, әзербайжан, ноғай, қарақалпақ т.б.) кілемдердегі нышандар мен ою-өрнектер, ондағы элементтердің орналасу тәртібі бойынша өте ұқсас болып келеді және ертедегі шеберлердің көркемдік икемділігін қуаттайды. Көне нышандардың белгілері ретінде шеңбер, шаршы және крест ерекшеленіп көрсетіледі. Мәселен, шеңбер ғарыш әлемінің болмысы мен мәңгілігін, тұңғиығын, шексіздігін білдірген.

Кілемдер үшін басқа техникалық тәсілдер арабы кілем тоқу Қазақстанның оңтүстігінде кеңінен таралған.Түрлі-түсті көлденең арқау жіптерді шеберлер кілемнің анықталған сурет телімдеріне салып, оларды негізгі жалпы жіппен немесе өзара біріктіреді. Арасында қалған саңыраулар осындай тоқыма түрлі-түсті шекараларда арабы кілемнің белгісін сипаттайды. Арабы кілемдегі өрнектер әртүрлі, әрі тігінен орналыстырады және түрлі-түсті жолақтармен шектестіріліп тоқылады. Арабы кілемдерінің басты ою-өрнек композициялары алабас мотиві қарға тұяқ өрнегі, ботагөз өрнегі басым болып келеді. Арабы кілемде өру, жолақ тоқу, терме, кежім теру, орама сияқты әртүрлі техникалар үйлестіріліп қолданылады.

Кілемдердегі гүлдер өрнегінің үшеу немесе төртеу болуы да кейбір белгілер, символдар мен нышандарға байланысты. Мәселен, төрт саны алғашқы элементтерде (жер, ауа, су, от) жыл мезгілдеріне, өмірдің кезеңдеріне сәйкес келеді. Сол сияқты үш саны бұл жетілдіру бейнесімен (құбылыстың үш кезеңділігі т.б.) байланыстырылса, ислам нышанында ол жан, рух пен дененің өзара байланысын бейнелейді. Бұл ерекшеліктер Әл-Фарабидің, Жүсіп Баласағұнның, Абайдың, Шәкәрімнің ой-тұжырымдарында да кездеседі.

Ұ.Әбдіғаппарованың айтуынша ою-өрнектердің мәнін білген адам, сол ою арқылы халықтың дүниетанымын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тыныс-тіршілігімен танысып, сол халықтың тапқырлығына, даналығына, білімдарлығына, эстетикалық талғамына көз жеткізеді[5].

Кілемдердегі шаршы өмір сүріп жатқан жердің символы болып бейнеленеді, дүниенің төрт жағы және жыл мезгілінің ауысуы белгіленген.

Әсіресе көп кездесетін ирек немесе толқын – кілем ою-өрнектерінің кең тараған түрі. Оны ер (от) және әйел (су) символдарымен немесе өмірдегі қиылыстардың қарама-қайшылығымен байланыстырып көрсететін болған. Кілемдердің ою-өрнектік элементтері — бұл өрнектердің бөлінбейтін бөлігі және аяқталған композиция болып саналады. Кілемдердегі элементтер мен мотивтер өрнектің ерекшеліктеріне мынандай түрлерге бөлінеді:

өсімдік тектес, яғни, гүл, жапырақ, ағаш т.б.

жануарлар тектес, яғни құстар мен жануарлардың іздері, ботакөз, мүйіз (қошқар, бұғы, сынық, сыңар т.с.с.) және т.б.

зат тектес, яғни сырға,тарақ, тұмарша т.б.
космогониялық, яғни, жұлдыз, айшық, күн.
геометриялық, яғни, шаршы, шеңбер, кереге бас, ирек.

сәндік немесе көмекші геометриялық денелер, яғни, төртке, алты бөлікке бөлінген шеңбер, шаршы[6].

Қазақ халқының түкті кілемдерінің композицияларында көпшілік түркі халықтарының кілемдері сияқты орталық алаңды (қазық) нақтылап көрсету, шеткі жиектерге қоршау жүргізу дәстүрлі тәсілдері көп кездеседі. Ертедегі кілемдердің композицияларында орталықта әлем жаратылысын, яғни тікбұрыш (тартылған шаршы) және дөңгелекпен үйлестіріп отырған. Сол сияқты сызықтық өрнектер, шаршы немесе тікбұрыш сызылуы қайталанып, қорғаныстың, сақтанудың мәнін білдірсе, шеңбер қозғалысты білдірген.

Л.И Ремпельдің пікірінше, көне түркі тайпаларының (оғыздар, қарлұқтар және т.б.) тоқыған кілемдерVI-VII ғасырда жоғары бағаланған. Түркілер және Иран өнерінде өзара байланысы негізінде қалыптасып, кейіннен көне Қыпшақ даласындағы қазақ, қырғыз, қарақалпақ, далалық өзбек,оғыз-түркмендер сияқты халықтардың өзара тұрақты байланысы олардың тоқыған кілемдерінің ою-өрнектеріндегі мәніне, элементтеріне, түстік құрылымына, көркемдік тәсілдердің ұқсастығына барынша ықпал жасаған[7]. Сол сияқты, кілем тоқуда қолданылған крест бейнелі және мүйіз бейнелі ою-өрнектердің белгілері қыпшақ тобына жататындығын ғалымдар дәлелдеп берді. Алтыбұрышты фигуралар, қырлы ромбылар, крестер, мүйіздер, жұлдыздар, дөңгелектер мен гүлдердің әртүрлі белгілері көшпелі ортаға тән екендігі айқындалған. Осыған ұқсас қиыстырмалы шаршылар, иілген гүлдер, т.б. Орта Азия халықтарына тән болып келеді.

Түркі халықтарының түкті кілемдерінің оюларында шаршы адамзаттың жабық бейнелеріне жатады деп анықталынса, сегізбұрышты жұлдыз құдайшылықты, аспанды білдіретіндігі көрсетіледі, ал ала жіп өмірдің ақ-қарасының ою-өрнектік түрі мен баламасы немесе аспан мен жердің байланысының нышаны деп зерттеушілер айқындай түседі.

Міне, түркі халықтарының кілем ою-өрнектерінің тарихи байланысын, интеграциясын, табиғи ұқсастығын біле отырып, біз көптеген түркі мәдениетіндегі, тарих кезеңдеріндегі тығыз байланысты байқаймыз. Демек, түркі халықтарының ұлттық қолөнердің түрлеріне, олардың мазмұндық сипатына мән бере отырып, түбі бір түркі мәдениетінің кеңдігіне, тығыз байланыстылығына тағы да көз жеткіземіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *