ТҮРКІ ТІЛДЕРІНДЕГІ ФОЛЬКОРЛЫҚ ОНИМДЕРДІҢ ТАРИХИ-ЭТНОМӘДЕНИ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Гүлжамал ҚОРТАБАЕВА
филология ғылымдарының кандидаты ТҮРКСОЙ кафедрасының доценті Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Алматы, Қазақстан
turki.alemi@gmail.com

Фольклорлық ономастиканың қайнар көзі жан-жақты сан қырлы бастаудан: миф, аңыз, ертегі, эпос, тарихи оқиғалардан туындаған тұрақты тіркес, қанатты сөз, нақыл сөздерден көрінеді. Тұрақты тіркес құрамындағы жалқы есімдердің уақыт өте келе нақтылық мағынасы солғындап, біртіндеп жоғалып, абстракт мағынасы, яғни жалпыға өту тенденциясы байқалады.

Алып Азия мен еңселі Еуропа сынды қанаттас қос құрлықты қатар жайлап, Солтүстік Мұзды мұхиттан Сахара шөліне, Қиыр Шығыстан Жерорта теңізіне дейінгі 14 миллион шақырымдық ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан түркі жұртының, түркі халықтарының тілінде оның басып өткен бүкіл ұзақ өмірінің өрнегі жатыр.

Мақаланың мақсаты – халықтың өзімен бірге туып, бірге жасасып келе жатқан түркі фолькорындағы бейнелер мен тарихи тұлғалар, яғни онимденген жалқы есімдер жайында болмақ: мақал-мәтел, қанатты сөз, нақыл сөз, тұрақты тіркес, бата сөз, ұлағатты сөз, жұмбақ-жаңылтпаш құрамында кездесетін жалқы есімдерді салыстырмалы-сипаттамалы түрде зерделеу.

Зерделенген, сараланған жалқы есімдерді түрлі тарихи оқиға, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, ұлттық бітім-болмысына қарай бірнеше топтарға бөліп қарастырдық:

Мифтік бейнелер: Адам Ата, Хауа Ана, Әзірет Әлі, Бабай түкті шашты Әзіз, Үш пайғамбар (Дәуіт, Мұса, Сүлеймен), Қыдыр ата, Нұқ пайғамбар т.б

Ел аузындағы есімдер: Аяз би, Алаша хан, Асан қайғы, Жиренше шешен, Қара қыпшақ Қобыланды, Құмырсқа батыр, Қорқыт ата, Тау көтерген Толағай, т.б.

Қасиетті пірлер мен әулиелер: Арыстан бап, Бекет ата, Бибі Фатима, Мұхаммед пайғамбар, Қожа Ахмет Ясауи, Ұмай ана, Зеңгі баба, Қамбар ата, Ойсыл Қара, Ойсыл қара, Шопан ата, Шекшек ата (төрт түліктің иелері мен киелері) т.б.

Тарихта болған тұлғалар: Еділ, Едіге, Абылай хан, Әз Жәнібек, Әбілхайыр хан, Есім хан, Қасым хан, Тәуке хан, Майқы би, Мамай батыр, Есет батыр т.б.

Басқа халықтан ауысқан аттар: Аплатон, Атымтай жомарт, Ескендір Зұлхарнайын, Қарынбай, Наушаруан, Ұлықпан хакім, т.б.

Ертегілерде кездесетін персонаждар: Мыстан кемпір, Қаңбақ шал, Шығайбай, Тоңқылдақ, Шіңкілдек т.б. [1]

Ендігі сөз тіліміздегі шұрайлы да құнарлы, бейнелі, астарлы сөз оралымдары айшықты тіркестер құрамында ұшырасатын мифтік бейнелер мен тарихи тұлғалар жайында болмақ.

Мақал-мәтелдер – халық даналығының мейлінше сұрыпталған, жинақталған «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні». Мақал-мәтелдер – халық даналығының қазына байлығы. Олар ғасырлар бойы қалыптасып, сол халықпен мәңгі бақи бірге жасап, біте қайнасып кеткен дүние. Сондықтан да оны жұртшылық жадына сақтап, өзінің күнделікті өмірінде, өзара қарым-қатынасында пайдаланады.

Түркі халықтарының мақал-мәтелдерінің бастау көзі сонау Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен бастау алады. XII-XIII ғасырлардан бізге жеткен жазба ескерткіштердің тілінде мақал мен мәтелдер баршылық. Мысалы: Орхон жазбаларында: «Бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген» («Күлтегін» жырынан), «Өлімнен ұят күшті» («Тоныкөк» жырынан) деген мақал-мәтелдерді кездестіреміз.

Түркі халықтарының өзінің өмір сүрген дәуіріне қарай, күн-көріс, түрмыс-тіршілігі, сол ұлтқа тән әдет-ғұрыптарымен салт-дәстүрлері, мәдениеті, тарихы бар. Осының бәрі әр халықтың ғасырлар бойы өзімен бірге жасаған тілінен көрінеді. Сондықтан да тілдегі қанатты сөздердің этнолигвистикалық сыр-сипатын ашу ұлттық дүниетанымның сыры мен ерекшеліктерін танып білуге септігін тигізеді.

*Еділ қатса, кім өтпес,
Едіге өлсе, кім кетпес

Бұл ел арасына тарап кеткен қанатты сөзді Тоқтамыс ханның нөкері, сегізінің бірі Қадырберді айтқан деседі, кейін ел ішіне мақал боп тарап кеткен.

Кавказ жотасының солтүстік баурайынан Волга сағасына дейінгі алапта тіл жағынан түркілерге жақын хазарлардың мемлекеті, Итіл қаласы болған. Волга, Еділ атаулары осы Итілден шыққан. Кезінде Гун хандығы қанатын кең жайып тұрғанда, бүкіл Сібірді, одан шыға Бүкіл Орталық және Орта Азияны қиялай, батыстан Еділ өзеніне дейін барған. Сол өлкенің батыры Еділ болған. Қазіргі Еділ өзені батыр есімімен аталады.

Еділ патша есімі Еуропада Аттила деген атпен танымал. Еділ патша 447 жылы Византияға шабуыл жасап, Балқан түбегін жермен-жексен етеді. Аттила Еуропадағы өзара қырық пышақ болып,

ұдайы соғысып жататын тайпалардың басын қосып, Еуропада бейбіт өмір орнатты. Рим империясында құлдық қауымды құлатып, ондаған мың адамды құлдық бұғауынан азат етті. Өз халқына қатыгездік жасаған әміршілерді қатал жазалап отырды. Сол үшін Аттиланы халық “құдайдың қамшысы“ деп атап кетті.

Профессор Н.Келімбетов «Аттила» дастаны туралы зерттеуінде: «Аттила (400-454 жылдар) есімінің түп-төркіні, түбірі Еділ (Волга) өзенінің атымен байланысты болып келетіні даусыз. Ежелгі түркі тілі бастауларының бірі саналатын ғұн тілінде Еділ өзені әркезде әртүрлі (Ател, Итил, Еділ, т.б.) аталып келгені мәлім», – деген болатын [2].

Римдіктердің езгісінен құтылған Еуропа халықтары “Эллада”, “Хильдебрант туралы жыр”, “Нибелунга жыры” тәрізді дастандар шығарып, атын аңызға айналдырды.

Едіге – Ақ Орданың әмірі, маңғыт әулетінен шыққан Құтлұ Қабаның баласы. Ноғай ордасының негізін қалаушы. Оның Дешті Қыпшақ әміршісі, Татария императоры, Ел билеген Едігей, Ер қамын жеген Едіге деген жанама аттары болды.

Алтын Орданы (1396-1411) да өзіне қаратты. Едіге Тоқтамысқа қарсы күресті және талқандады. Едіге Хорезмді басып алып, өзін Бұлғардың ханы етіп жариялады. 1408 жылы Руське жорық жасады, Мәскеуді қоршағанымен, оны ала алмады. Едіге тарих сахнасына Тоқтамыс ханмен қатар шықты. Оның ұлдары Нұраддин, Шадыбек көзі тірісінде
жеке аймақтарды билеуге қол жеткізді. Едігенің есімі Г.Н.Потаниннің жинағында кездеседі:
Эдіге деген эрь еді Едіге деген ер еді,
Эрдің қамын джер еді, Ердің қамын жер еді,
Эль четне ждау кельсе, Ел шетіне жау келсе,
Мень джабайін дерь еді. Мен шабайын дер еді.

*Яр итмәгән ярга Локман Хәким дә дәрман тапмас
Бұл татар тілінде кездесетін мәтелдің мағынасы жауапсыз махаббатқа Лұқпан хакім де

шарасын таппайды. Бұл мәтелдің түрік тілінде бірнеше нұсқасы кездеседі: Çaresiz derde Lokman neylesin // Шарасыз жерде Лұқпан не істесін Lokman Hekim gelse çare bulamaz // Лұқпан хакім келсе де дауасын таппас
Lokman Hekim bulurdu acele çare olursa // Лұқпан хакім дауасын табар болса, табатын еді ғой
[3].

Семантикалық тұрғыдан Лұқпанның Хакім есімі «даналық» сөзінің мағынасымен тікелей байланысты: «хикма» сөзі араб тілінде «даналық» деген мағынаны білдіреді.

*Аёз утган кунинг унутма, эски чориғингни куритма
Өзбек тілінен сөзбе-сөз аударғанда «Аяз, өткен күніңді ұмытпа, ескі шарығыңды құртпа».
Мұндай нақыл сөз қазақ тілінде «Аяз, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» түрінде кездеседі.

Аяз би, әліңді біл
Құмырсқа, жолыңды біл

Аяз Би Жаманұлы – данышпан, ақылгөй абыз, ертегі кейіпкері, атақты Майқы бидің қабырғалы биінің бірі болған. Бірде Құмырсқа батыр екеуі Майқы бидің алдын кес-кестей беріпті. Сонда Майқы би:

«Билер, бүгін Майқының алдын кесесің.
Ертен жұрттың төбесін тесесің.
Майқының да айтатын кебі бар.
Айтуға аузының да ебі бар.

Аяз би, әліңді біл;
Құмырсқа, жолыңды біл», — деген екен.

Бұл мақалдың мәні – қандай да болмасын биікке шыққан адамның бақ-дәулетке мастанбай, тура жолдан таймай, таза, анық жүріп, аңдып басуға үндейді.

*Ай, Танэрылар, Танэрысы,

Беним йарым анэысы?
Сырты мор минтаннысы,
Башы йешил шаллысы

Бұл гагауз тіліндегі частушкадан аударғанда былай болады: «Ей, Тәңірінің Тәңірісі, менің құдай қосқан қосағым ? Жеңсіз қоңырқай қамзолым, Басымда жасыл шәлі» [4]. Гагауз тіліндегі ‛минтан сөзі йун голсуз ъилет ‛жеңсіз қамзол дегенді білдіреді. Бұл сөз әзербайжан және түрік тілдерінде де кездеседі.

*– Кел, Къарачач, Къара Ташха барайыкъ,
Жиляй, жиляй Къара Ташны узунуна жарайыкъ.

“Мен да жарылама, сен да жарыл,
КъараТаш!” – деп, жиляйыкъ.

– Кел, Къарачач, Къара Ташдан Тебен таргъа къарайыкъ, Къаншаубийим келе эсе, Жюрюгенлеге сорайыкъ, Келмей эсе, жиляй-жиляй турайыкъ…” [5].

Қарашай-балқар тіліндегі махаббат поэмасынан үзінді, аударайық:
“Кел, Карашаш, Қара Тасқа барайық,

жылай-жылай Қара Тасты ұзынынан жарайық,
мен де жарыламын, сен де жарыл
Қара тас деп жылап айтайық,
Кел, Карашаш, Қара Тастан қарайық,
Төменгі менің Қаншаубиім келе ме

Жүргендерден сұрайық

Келмесе, жылай-жылап тұрайық

Бұл – қарашай-балқар лирикасындағы ең басты кең таралған символдық бейне. “Каншауби и Гошаях” поэмасын халықтың жырлағанына 150-дан астам жыл өтті.

*Көктә Күн ялғуз, йәрдә – һун

Бқл мақал ұйғыр тілінен алынды. Қазақша нұсқасы «Көкте күн жалғыз, Жерде ғұн жалғыз». Бұл мақалдың беретін мағынасы: Бүкіл Еуразиялық жазықтықта Ғұн империясы аспандағы Күн сияқты сонша елді жалғыз бір өзі билеп-төстеген еді. Осы мақалдың ұйғырша баламасына келетін болсақ, оның мағынасы мүлдем басқаша. Яғни «Көктә күн ялғуз, йәрдә — һун» деген бұл ғұндардың сымбатты келбеті, көріктілік сипаты туралы мәнге ие. Ұйғыр мақал-мәтелдерінің ішінде ғұндардың, Ғұн империясының соғысқұмарлығын, шапқыншылық саясатын паш ететін, қазақ тіліндегі осы мақалмен мағыналас, ұқсас балама мақал да қалыптасқан: Һұн йоқимиғунчә жаһан тинжимас (Ғұн жоғалмай жаһан тынышталмас) [6].

Нақыл сөздер – мақал-мәтелдер секілді даналықтан туған, өсиет мәнінде айтылатын әсерлі, ой-түйіндері, тек айырмашылығы ел арасына тарай білуінде. Үлкен ой, терең пікірге құрылған нақыл сөздердің шығуына талай аты аңызға айналған, даңқы жер жарған, өмірде болған, елге ерекше еңбегі сіңген тарихи тұлғалар негіз болған.

*Түркістанда – түмен баб,

Самарқанда – сансыз баб,

Отырарда – отыз баб,
Бабтардың басы – Арыстан баб

Заманында Отырар – ғұлама абыздар жиналған діни, мәдени, ғылыми орталық нағыз шығыс қаласы болған. Қай халықтың болмасын танымында сандардың киелілік қасиеті бар деген түсінік қалыптасқан. Көне тылсымдардың бірінде «Ел басқарған Темір есімді тұлғалардың қайсыбірі Отырар санын атап қойса, өте үлкен қатерге ұшырайды» деп жазылған екен. Атақты Әмір Темір абайсызда Отырар санын ауызға алып қояды. Бүкіл ғұламалар аяғынан тік тұрып, қатердің алдын алуға әрекет жасайды. Ғалымдар тылсым санның амалын тапқанын, яғни «806 жылдың қатерлі, сондықтан Ұлы Қытай жорығына 807 жылы аттану керек» дегенді айтады. Қатерлі деген 806 жыл өтіп, Әмір Темір 807 жылы Отырарда көз жұмады.

Күмәнді сұраққа арада бір ғасыр өткеннен кейін Отырар атты абыз жауап береді [7]. Алдыңғы ғұламалар есепті арабтың АБЖД (абжад) тәсілімен шешуге тырысқан, бірақ, оқиғаны тудырушы нүктелерді дұрыс ұштастыра алмаған. Отырар абыз бұл жерде ең керекті екі нүктені анықтайды: 1. Әмір Темір. 2. Апат алаңы – Отырар. Абжад есебі бойынша Темір хадид деп аталады:

=8,д=4,и=10;8+4+4+10=26.

Бір қызығы, Д. И. Менделеев таблицасында да темірдің саны – 26. Ежелден Отырар саны 31 деп есептеліп келген, Отырарда – отыз баб, түп негізі – Арыстан баб, яғни отыз бабқа бір бап қосылады: 30 + 1 = 31. Сонымен Темірдің саны – 26. Отырардың саны 31-туыс, аттас сандар, яғни 31-ді екі еселесе, 31 х 2 = 62 шығады. Бұл санның терісі – 26. «Аттас зарядтар бір-бірін тебеді» дейтін заңдылық бар, олай болса, мұның сыры – қатер уақыты 806 жыл дегенді мегзеп тұр. Қатер себепшісі Отырарда абжад есебімен санын тапса тығырықтан шығуға болар еді. Отырар: 0 = 6, т = 400, р = 200, = 1, яғни 6 + 400 + 200 + 1 + 200 = 807. Демек, қатерлі сан 807 жыл біздің жыл санауымыздағы 1405 жыл болған

*Чыҥыс хаан ыйааҕа, Одун хаан оҥоһуута

Бұл мәтел сөз саха тілінен алынды. Аударсақ, «Шыңғыс ханның әмірі мен Одун ханның шешімі», беретін мағынасы «сол себептен де ешкім ештеңе істей алмайды». Ертегілер мен жырларда кездесетін бұл мәтел оңтүстік якуттардың шығу тегінің айғағы болып табылады. Егер де якуттар Якутияның ежелгі аборигендері болмаса, онда оларға Шыңғыс хан, Темірлан / Темір Лыбырдаан, Арслан Далай / Арсан Дуолай есімдері таныс болмас еді. Дегенмен, Шыңғыс хан, Одун хан якуттармен араласқандығын мынадан біліп болжауға болады: ертедегі Танха хан және Дьылҕа хандар сияқты тағдырдың киесі болып саналатын есімдермен салыстырғанда, татар хандары болуы мүмкін деп болжам жасайды зерттеуші А.Е. Кулаковский [8].

*Бол ак хаз кар, битисли хаз йамғур, сатыр хаз кини Шавотнун Қарайым тілінен сөзбе-сөз аударғанда, «Қар секілді ақ, жаңбырдай жомарт, Шавот мейрамындағыдай көңілді бол» дегенді білдіреді. Бұл қарайымдардың – өздерінің жақсы көретін жандарына айтатын жақсы тілектерінің бірі. Ал Шавот – халықтық көңілді ерекше мейрамдардың бірі. *Кацан ходза йарлыны кыстайд, булут Куйасны каплайд Бұл мақалдың аудармасы «Бай жарлыны қыстаса, бұлттар Күннің көзін жабады [9].

*Кун харагы эршдйрбес,

Куннш чылии чызытпас

Хакас тілінен аударғанда, Күн нұры ұйықтатпас, Күн жылуы жоғалтпас. Күннің нұры – сәуле шашып тұрған күн, яғни бүкіл тіршілікті қыздырып, жарқырап тұрған планета. Түркі халықтарының ұлттық дүниетанымымында Күнге байланысты аңыз-әңгімелер, ырым-жоралғылар, табу мен тыйымдар этномәдени ерекшелікті танытады. Түріктердің басты құдайы – Көк Тәңірі. Оның рақымымен елді билеген қағандар «Аспанда туған және Күнмен, Аймен безендірілген» деп аталған.

*Су енесі Сулай-Каан

Түркі халықтары суға тағзым етіп, бұлақ атаулыны қастерлеген. Олардың нанымы бойынша судың да тәңірі болады, су иесі – Сүлеймен деп қадір тұтқан. Мәселен, «Су иесі Сүлеймен», «Су иесі Пайғамбар», «Су Сүлеймені», «Суын ішкен құдыққа түкірме» деген сөйлемдер судың қасиет-киесіне байланысты айтылған. Су иесі Сүлеймен ұғымы моңғолдарда мүлде жоқ, бірақ алтай бақсыларының «алкышында» кездесетіні қызықты:

Балык сууда Палай-Каан,
Тал таптылу Талай-Каан,
Суу-энези Сулай-Каан [10].

Су енесі Сулай-Каан деген сөздің түбірі «су» деген сөзден өрбіп, су анасы (енесі) деген мағынаны береді. Хакастарда «Су иесі – Суғдай-хан, жел иесі – Чилдей-хан» деген сөз бар. Омбылық татарларда Ертіс пен Сүлеймен әлемді жаратушылар, екеуі бірігіп орманды, жын-періні, адамды жаратқан соң ұсқыны жаман Сүлеймен өзеннің тереңіне жасырынып, елге көрінбейтін болған деген аңыздау бар. Бұл сюжетте де Сүлеймен судың рух-иесі ретінде көрінеді. Хакастарда «Су иесі Суғдай-хан, жел иесі – Чилдей-хан» деген сөйлем бар [11]

Су иесін, су культін яғни су құдайын құрметтеу көне түркі ру-тайпаларымен бірге жасасып, әлі жалғасын тауып келе жатқандығын, сол наным қырғыз халқының арасында бүгін де сақталып тұрғандығын С.М.Абрамзон зерттей келіп: «Бұл құдайға құрбандық шалу әрекеті жаңбыр жаумай, құрғақшылық болғанда ұйымдастырылады. Онда әр шаңырақтан бір қой немесе жеті күлше алып өзеннің жоғары жағына барады», – деп тұжырымдаған [11].

Ал, түрік халықтарына кең таралған бір жұмбақтың татар тіліндегі нұсқасы былай: Тауда Талайман курдем, Суда Сөләйман курдем. Шешуі: аю мен балық. Ғалымдар мұндағы Сүлеймен сөзінің араб тілінде ‛балық деген мағына беретінін де жазады.

Халық даналығындағы аңыз бен ақиқаттай боп жеткен осы фолькорлық бейнелер, тарихи тұлғалар, мифтік бейнелер ел аузындағы есімдерде біртұтас халық тарихы, психологиясы, географиясы, этнографиясы, мәдениеті жатыр деуге болады.

Онимдер біріншіден, өз белгісін сақтай отырып, екіншіден апеллятивке (жалқы есімнен жалпы есімге) айналып, нақтылы мағынасын жоғалтып, абстрактілі мәнінің күшейе түскенін байқауға болады. Бүгінгі түркітануда түркі тілдерін бір-бірімен салыстырмалы бағыттағы зерттеулер, сөз жоқ, түркі тілдерінің өзара байланыста одан әрі дамуына, салыстырмалы фолькордың салалана ілгерілеуіне мол мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

Қорыта келгенде, түркі тілдес халықтардың о бастағы тарихи және генетикалық бірлігі кейінгі дербестену үдерісіне қарамастан, жойылып кетпегені осы, күні бүгінге дейін түркі тілдерінде ортақ айтылып келе жатқан ортақ түркілік фольклорда сақталған фразеология мен паремиологиядан байқалып отырады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *